Ф.Голощекин: Убрать 10, чтобы замолчали 100

Сайт Әкімшілігі - 29.05.20201972

  1929-1931 жылдардағы  халық көтерілістеріне – 90 жыл


                                   Ой қорытудағы өзгерістер

     «1929-1931 жылдары Қазақ елінде советтік билікке қарсы 372 халық көтерілісі орын алып, оларға 80 мыңнан астам адам қатынасты» деген ресми мәлімет бар. Бұл, әрине, толық мәлімет емес. Көтерілістер елдің түрлі аймақтарында бытыраңқы түрде басталып, қарусыз халық жойқын әскер күшіне ұзақ қарсылық көрсете алмастан аяусыз басылды.

         Дегенмен мұндай қару асынған кәсіби әскер күшіне ең соңында 25 мыңдық ең мықты деген аңшы мылтығымен қарсы тұру (Қарақұмда) бұл, әрине, билікке халық наразылығының соншалықты үлкендігінен хабар берсе керек. Тарихи тұрғыдан алғанда, 1929-1931 жж. көтерілістер халық тарапынан империялық күштерге ашық қарсы тұрудың көрінісі болса, ресейлік билік тарапынан қазақ жерін кезекті рет жаулап алудың нақты өзі болды.

         Осы жылдардағы көтерілістер мен халық наразылықтарына қатынасқаны үшін тек сол кездегі саяси полиция (ОГПУ) органдарының шешімімен 5551 адам сотталып, олардың 883-і атылды. Көтерілістерді қарулы күштер арқылы басу барысында мыңдаған адам оққа ұшты. Олардың есебін алған ешкім болған жоқ. Көтеріліс соңы қоғамдағы жаппай аштыққа ұласты. 1 млн 130 мың адам босқын ретінде жақын және алыс елдерге жан сақтау үшін үдере көшті. Осы аталған фактілік материалдар биліктің өз халқымен соғыс жағдайында тұрғандығын көрсетсе керек.

         Тәуелсіздік жылдары халық көтерілістерін түсіндіру ісінде, әрине, түбегейлі бетбұрыстар жүрді. Зерттеу ісіне жаңа көзқарастағы адамдар келді. Жаңа фактілер мен талдаулар ғылыми айналымға түсті. Соңғы онжылдықтарда бұл мәселені түсіндіру ісінде советтік кезеңде орныққан көзқарас жалғыз «тура» ұстаным болудан қалды. Мәселен, советтік тарихнама Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыған халық наразылығын большевиктер өкіметінің жүргізген  «ең озық өзгерістеріне» қазақ байлары мен имам-ишандарының ұйымдастыруымен болған шаруалар қарсылығы ретінде түсіндірсе, жаңа методологиялық ұстанымдағы зерттеушілер аталған көтерілістерді Совет өкіметінің халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салтын күйретіп, жеке отбасылар көтере алмайтын қисынсыз салықтар жүйесінің енгізілуіне, соған байланысты төніп келе жатқан қоғамдық апатты болдырмау үшін қарапайым халықтың лажсыздан бас көтеруі ретінде қарастыруы кең өріс алды.

         Мұндай көзқарастың өмірге келуі, әрине, біріншіден, мемлекеттілік дербестіктің орнығуы, соған байланысты ғылымдағы идеологиялық диктаттың жойылуына байланысты болса, екіншіден, ұлттық дербестік халыққа адамгершілігін, ұлттық сезімін, абырой мен ар-намысын сақтаудың мектебі болғанының көрінісі еді.

        

                    Дерек: халық не дейді?


      1929-1931 жж. халық көтерілістерін зерттеуге байланысты жинақталған тәжірибе нені көрсетті және одан алатын сабақ қандай болмақ?  Біз, тарихшылар, ХVІІІ ғасырдан бергі, әсіресе ХХ ғасырдағы тарихымызды зерттеу және түсіндіру ісінде жалпыимпериялық тарихи-мәдени  контексті, өзара қатынасқа байланыста  ресейлік биліктегі ұстанымды есепке  алуды әдетке айналдырғанбыз. Еліміздегі қоғамдық процестерді басқару мен бағыттаудың тетіктері метропологиялық орталықта болғандықтан, ресейлік контексті есте ұстау, әрине, маңызды. Сонымен бірге мұндай ұстаным ұлт өміріндегі процестерді түсіндіруде империялық көзқарас пен ойлау дәстүрін басшылыққа алуды білдірмесе керек. Қазақ қоғамы – ол ресейлік қоғам емес, ол  тарихи өсу мен өзгеру барысында қалыптасқан өзіне тән ерекшеліктері бар дербес қоғам. Қазақ тарихын тура түсінуге мүмкіндік беретін методология оның осы ерекшеліктерінен, табиғи болмысынан бастау алғанда ғана өз міндетін тура орындай алмақ.

         Осы жағдайдан келесі мәселе туындайды. Кезінде патшалық кезеңдегі ресейлік тарихнама Ресейді қазақ жеріне өркениет әкелуші билік ретінде көрсетті. Бұл тұжырымнан советтік тарихнама да ұзап кете қоймады. Ал шын мәнінде қазақ жерінде, Орта Азияда Ресей бай да терең тарихи тамыры бар мәдениетпен бетпе-бет келген еді. Иә, ол мәдениеттің Ресей мұнда келген сәтте біршама тоқырауға ұшырап, әлсірегенін жоққа шығарудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай барлық өркениет ошақтарында кездеседі.

    Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы осы өңірдегі қарулы қақтығыстар жоғарғы өркениет пен тағылықтық арасындағы қарсыласу емес-тін, тойымсыз отарлаушы мен табиғи мүддесін қорғауға шыққан отарланушы арасындағы қарсыласу болатын. 1929-1931 жж. халық көтерілістері осы қарсыласудың кезекті көрінісі, яғни жалғасы ретінде қарастырылуы негізді болмақ.

         Қорыта айтқанда, 1929-1931 жж. халық көтерілістері туралы советтік тарихнаманың тілімен сөйлейтін уақыт өтті. Бүгінгі таңда бұл тақырыпқа қатысты біздің өз көзқарасымыз, түсінігіміз бар.

                 Көтерілістің ауқымы туралы

 1868 жылы патшалық биліктің түрлі қиянатына Түркістан халқы 1916 жылғы көтеріліспен жауап берді.  Яғни 16-шы жылғы көтерілістер Ресей билігінің ортаазиялық халықтарды басқару тәртібінің, әсіресе жер және салық саясатының терең дағдарысқа келіп тірелгенінің көрінісі болды. Көтеріліс жалпытүркістандық және антиколониалдық сипат алды.

         Дегенмен патшалық билік орындары көтерілістің шығу себебін Ресейдің шетелдік жауларының, анығырақ айтқанда неміс және түрік, тарапынан жүргізілген үгіт жұмысымен байланыстырды. Мұндай шетелдік араласу орын алған күнде ресейлік мемлекеттік органдар немесе зерттеушілер ол фактілерді келтірген болар еді. Ондай фактілер әзірге жоқ.

         Тұрар Рысқұлұлы 16-шы жылғы көтерілістің 10 жылдығына байланысты жариялаған еңбегінде жергілікті халықтардан соғыс қажетіне жұмысшылар алу туралы патша жарлығын көтерілістің шығуына түрткі салған оқиға ретінде қарастырып, ал көтерілістің негізгі себебі  «патшалықтың Түркістанды 50 жыл бойы тоқтаусыз отарлық қанауға алуы болды» деп көрсетті. «Түркістан Ресей үшін берекелі қанау объектіне, өнімдерін өткізетін базарға және арзан шикізат көзіне, сондай-ақ еркін үлестіріп, иемдене беруге болатын мол жер қоры бар өлке еді», – деп жазды.

         Қырғыз елінің көрнекті мемлекет қайраткері Ж.Әбдірахманов (1927-1933 жж. қырғыз үкіметін басқарған – авт.) көтерілістің антиколониалдық сипат алғанына баса көңіл аударып, «Көтерілістің қозғаушы күші тек жергілікті халық болды, өз ретінде ол Түркістандағы орыс шаруаларының ғана емес, тіптен азғана орыс жұмысшыларының да қолдауын ала алған жоқ. Ондай қолдау орыс мұжығының тарапынан болмайтын да еді, өйткені патшалықтың жүргізіп отырған отарлау саясаты жағдайында оның мүддесі жергілікті халықтың мүддесімен мүлдем үйлеспейтін еді», – деп жазды.

         Советтік тарихнама 16-шы жылғы көтерілістің патшалық режимге қарсы бағытталғанын еріксіз мойындай отырып, дегенмен оған басым түрде әлеуметтік-таптық, феодалдық-клерикалдық және антиорыстық сипат беруге ыңғай танытты.

         Советтік тарихнама 1929-1931 жж. көтерілістерге байланысты да осы мазмұндағы тұжырымға жақын ұстаным танытты.

         Әрине, Орта Азия республикалары тарихында орын алған бұл көтерілістердің шығу себептері мен барысында түрлі өзгешеліктердің болуы әбден мүмкін, сонымен бірге олардың өте ұқсас белгілері болғандығы және ортақ мазмұнда жүргені де табиғи нәрсе еді. Өйткені қарсылық актілері әртүрлі өңірде өткенімен, өзара жақын және байланыстағы елдерде жүрген әлеуметтік-саяси және экономикалық процестердің сценарийі метрополиялық орталықта даярланып, барысы да бір орталықтан басқарылғаны мәлім. Тарихи еңбектерде Қазақстанда 1929-1931 жж. советтік билік пен партиялық активке қарсы 460 террорлық акті колхоз бен совхоз мүліктерін өртеу, мал басын улау актілері 127, ал жаппай бас көтерулердің ұзын саны 372 деген мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл сандық фактілердің ОГПУ органдарының көрсетуі бойынша даярланғанын ескерсек, көрсетілген сандық фактілердің дәлдігіне күмәндануға негіз жоқ емес.

 Өйткені бұл мезгілді советтік билікке «төнген» қауіпті асыра, әсерлеп көрсету бұл мекемеге тән мінез болатын. Басқаша айтқанда, әдебиетте кең өріс алған «перегиб» (асыра сілтеу) деген сипаттама алдымен осы мекеменің қызметіне тән көрініс еді.  

Өкіметтің саяси және әлеуметтік-экономикалық шараларына қарсылық көрші ортаазиялық елдерде қандай көрініс тапты, енді соған тоқталайық.

ОГПУ-дың Ташкенттегі өкілі Каруцкий Мәскеудегі басшылары Евдокимов пен Запорожцқа 1930 жылы 30 мамырда өңірдегі жағдайға байланысты мынадай мәлімет береді: «Аса құпия. 24 мамыр, рет саны – 4645, қаңтар-сәуірді қоса алғанда, жаппай бас көтерулердің жалпы саны – 263, оған қатысқандар – 82 582. Кезеңдерге бөлгенде республикалар бойынша: ақпанда – 34 бас көтеру, оған қатысқандар – 13 900,  оның ішінде Өзбекстандағы бас көтерулер – 28, оған қатысқандар – 13 010, Түрікменстанда – 3, оған қатысқандар – 370. Қырғызстанда – 3, оған қатысқандар – 520.

Наурыздағы бас көтерулер – 179, оған қатысқандар – 63 122, олардың ішінде Өзбекстандағы бас көтерулер – 152, оған қатысқандар – 52 352. Түрікменстанда – 8, оған қатысқандар – 2670. Тәжікстанда – 8, оған қатысқандар – 3000.  Қырғызстанда – 10, оған қатысқандар – 5000.

Сәуірдегі бас көтерулер – 50,  оған қатысқандар – 6550, олардың ішінде Өзбекстандағы бас көтерулер – 41, оған қатысқандар – 4200. Түркістанда – 3, оған қатысқандар – 500. Қырғызстанда – 7, оған қатысқандар – 1850. 25 сәуірдегі №3895, 28 сәуірдегі №3976 хабарымызда топ түрінде, жеке жасалған террор туралы айтылды. Бұларға қосымша, топ жасаған террор тек Қырғызстанда орын алды: бес совет қызметкері өлтірілді, екі қызыл әскер жарақат алды, үш ауыл активі соққыға жығылды. Осы есеп беріп отырған мезгілде тоғыз антисоветтік листовкалар алынды. Олардың бесеуі Ташкент қаласынан, біреуі Ашхабадтан, үшеуі Қырғызстандағы Қарақол кантонынан. Листовкалардың мазмұны Совет өкіметі мен Компартияға және жүргізіліп отырған шараларға, әсіресе колхоз құрылысына қарсылықты білдіреді». ОГПУ органдары 1931 жылы Орта Азия бойынша 22 584 адам антисоветтік элемент ретінде жойылғанын, осы жылдың бірінші декадасында ғана 1324 адамның репрессияланғаны туралы мәлімет берген. Ал 1930-1933 жж. Қырғызстанда 17 674 адам репрессияға алынған.

Орта Азия республикаларында осы мезгілде, әсіресе колхоз құрылысына қарсылық ерекше байқалды. Осы ретте, мәселен, БК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының хатшысы Зеленский колхоз құрылысына байланысты мынадай мазмұндағы мәлімет алады: «Бұдан бұрынғы хабарларымда айтылғандай, асыра сілтеушіліктер өз дегенін істеді. Дауыс беру құқынан айырылған (лишенцы) байлар, молдалар, басмашылар, имамдар мен осы қатардағы сволочьтар, міне, төртінші күн аудандағы тобырды өздеріне қаратып алды. Жалал-Абад қаласындағы жағдай өте шиеленісіп тұр. Міне, төртінші күн жоғарыда аталған элементтердің басқаруымен бізге жаулық ұстанымдағы шерулер толастамай, оған бірнеше жүз салт аттылар және 2000-ға жуық әр түкпірден жиналған жаяулар қатынасып, кедей-батырақ белсенділер мен егін себу науқанына байланысты қышлақтарға жіберілген өкілдерді қоса сабап, аудан басшылығына мынадай мазмұндағы талаптар қоюда: ескісі бар, жаңасы бар – барлық колхоздар таратылсын, контракцияға байланысты жасалынған келісімшарттар жойылсын, батырақ-кедей белсенділердің жоғарғы бөлігі көпшіліктің сотына берілсін, түрмеде басмашы және контрреволюционер ретінде отырғандар босатылсын. Жергілікті өкімет абдырап бостық жасауда, соған байланысты шерулер тоқтар емес».

Шеруге шыққандар «Совет билігі жойылсын!»,  «Колхоздар жойылсын!», «Мақта және егін бағдарламасы жойылсын!» сияқты ұрандар көтерген.

                    «Убрать 10, чтобы замолчали 100»


Совет өкіметінің ұжымдастыру, әсіресе салық саясатына қарсы көтерілістер 1929 жылдың қыркүйегінде Тақтакөпір ауданында (Қарақалпақстан) және Бостандық ауданында (Сырдария округі), қарашасында Батпаққара ауданында (Қостанай округі) орын алды. Көтеріліске шыққандар  «Совет өкіметі жойылсын!», «Тапқа бөлушілік тоқталсын!», «Колхоз құрылысына қарсымыз!» сияқты саяси талаптар қойды. Көтерілістер барысында бұрынғы хандық билікті жандандыру, ұлттық әскер құру әрекеті байқалды. Көтерілістер советтік мекемелерді өртеп, партия және совет қызметкерлерін өлтірді. Халық салық төлеуден бас тартты.

Міне, осындай жағдайда Мәскеудегі орталық билік Орта Азия республикаларындағы жергілікті жағдайды  түсіну үшін  партияның орталық комитетінің қызметкері Гричманов басқарған комиссия шығарады. Өңірге 1929 жылдың соңына қарай келген комиссия көтерілістерге байланысты жергілікті жағдаймен танысқан соң, 1930 жылдың 2 қаңтарында Алматыда Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының жабық отырысын өткізіп, отырыста Қазақстан өмірінде орын алған, жоғарыда аталған көтерілістердің себеп-салдары талдауға алынады. Бұл жабық отырыста 1929-1931 жылдары болған көтерілістердің ең алғашқыларына (1929 ж. қыркүйек, қараша айларындағы) биліктегі партияның бағасы берілген. Бюро отырысының стенограммасы сақталған.

         Партияның орталық комитеті (Мәскеу) шығарған осы  комиссиясымен Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшелерінің Тақтакөпір, Бостандық және Батпаққара көтерілістеріне байланысты берген бағасы кейінгі, яғни 1930-31 жылдардағы көтерілістерге байланысты принциптік өзгерістерге ұшыраған жоқ. Сондықтан да осы мәжілісте сөйлеген мәскеулік комиссия мүшелері мен республика басшыларының пікіріне тоқталған жөн.

         Осыдан 90 жыл бұрынғы құжаттық материалдарда айтылған пікірді бүгін ғылыми айналымға тартудың мынадай екі ерекшелігі бар. Бұл құжаттағы фактілік материалдарды айналымға қоса отырып, сол тарихи кезеңдегі контексті жоғалтып алу қаупі бар. Бұл – бір. Екіншіден, «уақыт – сыншы» деген сөз бар. Кез келген тарихи факті уақыт тезінен өтіп барып өзінің шынайы мазмұнына ие болмақ. Мұндай жағдай да бар. Біз баяндауымызда, әрине, тарихи фактілердің осы аталған екі қырын да мүмкін болғанша ескеруге тырысамыз.

         Сонымен, оқиға неден басталды? 1929 жылы 6 қарашада Қарақалпақ облыстық партия комитетінің басшысы П.Варламов Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Ф.Голощекинге Тақтакөпір оқиғасына байланысты есеп береді.

         Көтеріліс шыққан ортаға жақын тұрған облыстық басшылық араға бір ай он күн салып, Тақтакөпірде болған оқиғаға қандай баға берді? П.Варламов қол қойған құжаттан бірден көзге ұратын нәрсе – қоғамды  «біз» және «оларға» бөлген саяси жағдайдың көрінісі. Яғни, біріншіден, құжаттан Совет өкіметінің орнағанына 12-13 жыл уақыт өткеніне қарамастан, саяси билік пен қарапайым халықтың арасында өзара түсіністіктің жоқтығы байқалады. Осы қалыптасқан жағдайға байланысты, екіншіден, жергілікті өкіметтің өзін жау ортасында қоршауда қалғандай сезінетіні еді.

         П.Варламовтың, яғни облыстағы партия ұйымының басшысы қол қойған құжат қарапайым халықпен жұмыс жүргізетін саяси ұйымда даярланған мәлімет емес, ОГПУ-дың, яғни құпия полицейлік мекеменің есебіндей оқылатынын айтқан артық емес. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы есебін мынадай сөйлеммен бастайды: «Пересылаю все наши материалы, связанные с вопросами раскрытия контрреволюционной организации, борьбы с басмачеством и пособничеством. Из них Вы увидите и наши мероприятия, и оценку Такта-Купырских событии, и оценку нашей работы, и положение Каракалпакии».

         Қарақалпақ елін басқарып отырған П.Варламовтың есебіндегі осы бастапқы мәліметтерді Қарақалпақстанның іргесіндегі Ош облысындағы (Қырғызстан) жағдайға байланысты осы елдің үкіметінің төрағасы Ж.Әбдірахмановтың күнделігінде баяндалған мынадай мазмұндағы мәліметпен бір сәтке болса да салыстыра қарайық. Ж.Әбдірахмановтың күнделіктегі жазбалары 1931 жылдың 8 және 13 қаңтар күндеріне тән. Үкімет басшысы Өзген ауданында қалыптасқан жағдайға байланысты: «Өзгеннің басмашылардың жаңа ошағына айналуы әбден мүмкін. Өзгеннің ерекшелігі бізден бұл өңірге үлкен көңіл бөлуді талап етеді. Бұл ауданды шаруашылық және мәдени тұрғыдан, қажет мамандармен қамтамасыз ету тұрғысынан не істелді? Ештеңе де істелген жоқ. Жалаңаяқ оқушылар, қайыршылық жағдайдағы диқандар. Жұмыссыз жүргендер ұлттық азшылықтағылардың шешімін таппаған мәселелері – советтік шаруашылықтық және кооперативтік мекемелерде отырған қатыгез шенеуніктердің жасап отырған қиянаттары. Мақта салығын өтеу үшін сөгілген көрпелер мен жастықтар ж.б.с.с. Міне, осының бәрі советтік билікке қарсы үгітке жем болатын материалдар. Жағдай өте ауыр, ал бірақ осы ауыр жағдайды түсінуге ықылас танытқан жан жоқ. Бүгінгі біздің осы ақымақтығымыз үшін ертең біреулер өз өмірін төлемге салатын болады».

         Ал Ж.Әбдірахманов П.Варламов айтқан басмашылар туралы не дейді: «Күтпеген жерден Жалал-Абадтың базарында, бірнеше шайханаларда болдым. Қарасуда да осыны қайталадым. Шайханада қызыл әскер киімімен отырған халық комиссарлар кеңесінің төрағасы екенін ешкім де сезген жоқ, ашылып әңгіме айтысып отырысты. Мақта туралы, салық жинаушылар, олардың тінту жұмыстары туралы. Наразылық тым үлкен. Олардың әңгімесіне қарап басмашылар қозғалысының қайта жандануы әбден мүмкін екеніне көзіңіз жете түседі. Ал осы басмашылар кімдер? Мен білмеймін. Мүмкін, олар біз құлақтарға және ауқаттыларға жатқызып, қолыңдағы барын тартып алғандар шығар». Ж.Әбдірахманов осы мазмұндағы ойларын партияның рөліне байланысты мынадай тұжырыммен бекітеді: «Өкінішке қарай, біздің уақытымызда партия шешпейді, тек қуаттайды. Оның қызметі әскери жүйеге қойылған. Штаб шешеді, әскер орындайды». Жергілікті әлеуметтік ситуацияны талдау, қоғамдық мәселеге жанашырлықпен қарау осындай болса керек-ті.

         П.Варламов Тақтакөпірдегі көтерілісті өңірдегі тап күресінің ең жоғарғы түрі, көрінісі ретінде қарастырып, оның шығуына түрткі салған «әлі де жойыла қоймаған басмашылар қозғалысы», бұрынғы артықшылықтарынан айырылған бай-ишандардың таптық қарсылығы екенін баяндайды. Өз ретінде Қарақалпақстандағы басмашылардың Ташауыз бен Хорезм округтеріндегі басмашылармен, тіптен шетелдердегі контрреволюциялық күштермен байланыс орнатқанына назар аударады. «Біреулер, – деп көрсетті ол, – Тақтакөпірдегі оқиғаны біздің таптық шараларымызбен, біздің жіберіп алған асыра сілтеулерімізбен байланыстырғылары келеді. Маған және менің серіктеріме мұндай тұжырым қате сияқты көрінеді».

         Басқаша айтқанда, П.Варламов облыстық басшылықтың қызметінде қателік, асыра сілтеушілік жоқ деген ойды айтуға бейім. Тіптен ол жергілікті контрреволюциялық элементтермен күресте жұмсақтық танытып отырғандарына меңзеп, осы ретте Ф.Голощекиннің кезінде, яғни 1928 жылы 12 желтоқсанда Қарақалпақ облыстық партия комитетінің есебіне байланысты «убрать 10, чтобы замолчали 100» деген ұсынысын еске алып, осы жолмен жүрмегеніне өкініш білдіреді, яғни Совет өкіметінің таптық шараларына салық саясатына қарсылық танытып отырған халыққа «олар» жақ бетке байланысты репресссиялық шараларға көшуге шақырады.

         Аудандық, облыстық және республикалық партия комитеттерінің жергілікті халыққа байланысты мұндай ұстанымының астарында не жатты? Осы ретте И.Сталиннің үкімет басшысы В.Молотовқа 1929 жылы 29 тамызда жолдаған хатындағы мынадай пікірге көңіл аударайық: «Астық даярлау жақсы жолда тұр. Сібірге, Қазақстанға, Башқұртстанға байланысты осындай қатал саясат ұстаныңдар. Ауыр міндеттен жалтаруға бейім Эйхе және басқа сол сияқты жолдастарға ешқандай да жеңілдік болмасын. Егер біздің бос сөзге үйір мылжыңдар емес, нағыз большевик екеніміз рас болса, 100 млн пұт таза астық қорын жинауға тиістіміз және оны істей аламыз. Егер осы астық ісінде ұтсақ, онда басқа барлық салада, яғни ішкі және сыртқы саясатта да ұтатын боламыз».

   Бұл ұстаным биліктің барлық буынына және салықтың барлық түріне өтті. Жалпы мемлекет, жеке ауыл өзін жау қоршауында қалғандай күй кешті. Қоғамға бұл көңіл күйін жеткізген Голощекиндер, Варламовтар болды. Орта Азия мен Қазақстан Сталин эмиссарлары орнатқан социалистік эксперимент кеңістігіне айналды.

         Осы арада біз халық көтерілістері жоғарыда аталған үш ауданда неге орын алды деген сауалға тоқталайық. Бұл сауалға жауапты алдымен жергілікті жұртқа тиесілі пікірден іздеген жөн.

         Бұл ретте Ф.Голощекиннің және П.Варламовтың айтуларына көңіл аударсақ, мынаны көреміз. Қарақалпақстандағы, Бостандық және Батпаққара аудандарындағы контрреволюциялық бас көтерулердің Қазақстанның барлық аймақтарындағы құлақтар мен байлардың бас көтерулері сияқты себептері ортақ. Иә, рас, Тақтакөпір мен Бостандық аудандарындағы бас көтерулердің кейбір ерекшеліктері бар, бірақ олар негізгі емес. Сондай-ақ бұл аудандарда басқаларға қарағанда жартылай феодалдық, тіптен феодалдық қатынастардың қалдығы басым. Басқаша айтқанда, большевиктік билік қоғамнан тек таптар мен таптар мүддесін ғана көрді, ал ұлттық ерекшеліктер мен жалпыұлттық мүддеге байланысты олар сырттай болса да, елеусіз бір нәрседей кейіп танытты.

         Қазақ өлкелік партия комитетінің жоғарыда аталған бюро отырысында сөйлеген сөзінде ОГПУ басшысының орынбасары А.Альшанский (Мильштейн А.С.) Қарақалпақстандағы көтеріліске қатынасы бар деген мынадай мазмұндағы құжатты келтіреді:  «Т.Жұнайыд ханның ұлына, Шалтайға, Хакимбекке, Күден балаға, Ахметбекке.

Қарақалпақ автономиялық облысының солтүстік беттегі төрт ауданы тұрғындарының ең беделді өкілдері атынан.

Совет өкіметі бізге шектен тыс салықтар салып, қиянат жасауда. Біздің көрнекті яшуллаларымыз, ишандарымыз қамауда, большевиктердің қыспағында, тіл жетпейтін қанауға ұшыраудамыз. Соған байланысты сіздерден көмек күтеміз және Жұнайыд ханның қол астына өтуді қалаймыз, ескі басқару түрін, шариғат сотын, аталықтар мен яшуллалар билігін қалпына келтіруді міндетімізге аламыз. Сөйтіп, Жұнайыд ханның басшылығымен жұмыс істемек ойдамыз.

Барлық тұрғындардың атынан мынадай беделді кісілер қолдарын қойды» (қолдарын жинау мүмкін болмады).

Міне, осындай көңіл күйдегі халық 1929 жылы 27 қыркүйекте «Алла! Алла!» деген ұранмен 30-ға жуық қарулы көтерілісшілер аудан орталығы Тақтакөпірге кіреді. Бұларға базар алаңындағы 150-ге жуық шаруа қосылып, түрлі берекесіздікке жол береді. Аудандық партия комитеті, атқару комитеті, комсомол комитеті және басқа мекемелер қиратылып, бірнеше адам мерт болады. Көтерілісті басуға жіберілген коммунарлар отряды ешқандай да қарсылық көрсете алмастан қаша жөнеледі, ал оның командирі, аудандық милиция бастығы Дедов өлтіріледі. Оқиғаның ізін ала Тақтакөпірге жеткен шағын әскери бөлімше көтерілісшілердің қарсылығын басып, 44 адамды тұтқынға алады.

Сонымен, ресми орындар тарапынан даярланған құжаттарда көрсетілгендей, советтік биліктің ішкі және сыртқы жаулары тарапынан «ұйымдастырылды» деген көтерілістің ауқымы қарапайым халықтың қаһарына мінген сәттегі алдында тұрған кедергілерді таудан құлаған селдей, жайпап өте шығар дүлей әрекетінен аса қойған жоқ-тын. Ал бірақ бұл әрекеттің астарында советтік билікке деген халықтың  шексіз наразылығы жатқанын жоққа шығару да қисынсыз болар еді.

         1929 жылдың қарашасында болып өткен Батпаққара және Наурзым көтерілісіне байланысты істе ОГПУ-дың шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенконың берген есебі тіркелген. Бұл құжатта Тақтакөпір көтерілісіне байланысты есеп арнасында жазылып, «біз» және «олар» деген ұғым негізге алынған. Автор «байлар белсенділері» деген сөз тіркесін қолданып, бұл әлеуметтік «категорияға» қатысты осы мезгілге дейін жеткілікті дәрежеде репрессиялық шаралардың жүргізілмегеніне назар аударады.

         Қорыта айтқанда, Саенконың тұжырымында Батпаққара және Наурзым аудандарындағы көтерілістің шығуына мынадай себептер негіз болған:

1.       Торғай өңіріндегі бұл аталған аудандар кезінде 1916 жылғы көтерілістің де ошағы болған. Яғни, автордың пікірі бойынша, мұнда биліктің шараларына белсенді түрде қарсылық таныту дәстүрге айналған.

2.       Бұл өңір Алашорда басшылары А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының және М.Есболұлының Отаны. Алаш идеясы мұнда кең және терең тамыр жайған. Көтеріліс қарсаңында, мәселен, Батпаққара ауданында 50 адамның ОГПУ тарапынан тұтқынға алынуы осы жағдайға байланысты жүргізілген.

3.       Батпаққарада мұхтасиб ишан Файзолла Сатыбалдин бастаған діндарлардың қоғамдағы ықпалы зор. Сатыбалдиндер мешітінің аудандағы басқа да мешіттердің өкімет меншігіне алынуы тұрғындар арасында үлкен наразылық тудырған, сондай-ақ діндарлардың советтік шараларға қарсылығын күшейтіп жіберген.

4.       Саенконың пікірінше, Батпаққара және Наурзым көтерілісі, бұл – бір күннің ісі емес, қоғамдағы байлар мен дінбасыларының ұзақ даярлауы арқылы іске асырылған.

Көтеріліс барысында мынадай ұрандар тасталған: Совет өкіметі жойылсын, коммунистер жойылсын, хандық билік жасасын, бай мүлкі деп тәркіленген бұйым иелеріне қайтарылсын, жер аударылғандар еліне қайтарылсын т.б.

Саенконың көрсетуіне қарағанда, көтеріліске шамамен 400-450-дей адам қатынасқан. Осы көрсетуде көтерілісті даярлауға аудандық партия комитетінің хатшысы Нукеев, сондай-ақ өңірдің беделді адамдары Бекжанов, Ғалиев және Исмағұлов деген кісілер атсалысқан. Бұл іске сондай-ақ аудандық атқару комитетінің төрағасы Әжібаевтың да қатысы болған сияқты.

Көтерілісшілер 2 қараша күні ешқандай да қарсылықсыз Батпаққара ауданының орталығын басып алған. Сол күні байлар ретінде қамақта отырғандар босатылған. Ескеретін жағдай – көтерілісшілер тарапынан бірде-бір адам жазаланбаған. Көтерілісшілер Бармақовты хан көтеріп, ал ұлттық сарбаздар қолын басқару ісін Баймұратовқа жүктейді.

Сонымен, Гричманов бастаған мәскеулік комиссияның қатысуымен 1930 жылдың 2 қаңтарында өткізілген Қазақ өлкелік партия комитетінің жабық бюросының стенограммасындағы жоғарыда аталған көтерілістерге байланысты жасалған тұжырымдарға тоқталайық. Бюро отырысында бұл мәселе бойынша негізгі баяндаманы, әрине, мәскеулік комиссияның жетекшісі Гричманов жасады. Ол үшін негізгі мәселе көтерілістерге берілуге тиісті саяси баға еді.

Гричманов сөзіндегі жасалған екі тұжырымды бөліп айтқан жөн. Ол Қарақалпақ облыстық партия комитетінің жергілікті ерекшеліктерді ескере алмағанына, оның басшылыққа алған шешімдерін Рязаньға да, Қазанға да байланысты қолданысқа енгізуге болатынына назар аударды. Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті советтік биліктің жүргізген әлеуметтік-таптық саясаты азшылық байлар мен қанаушылардың мүддесін шектеу емес, түптеп келгенде кедейлер мен орташалардың, яғни мүддесіне соққы болып тиген.

Гричманов қорытынды сөзінде: «Бізге, орталықтан келгендерге, Қазақстан өмірінде орын алған бұл күрделі оқиғалар мен процестерге саяси баға беру оңай емес. Біз сырттан келген жаңа адамдармыз, ал мұндағы жағдайды жергілікті басшылар бізден терең әрі жақсы білуге тиіссіздер», – деген тұжырымын айтты. Өкінішке қарай, Голощекин, Варламов бастаған эмиссарлардың жергілікті халықтың мүддесін аяқасты етіп, қарапайым қорғансыз халықты қолына қару алып, көтеріліске шығуға мәжбүр еткенін айтуды өз жауапкершілігіне алуға батылы жетпеді.

Ф.Голощекин сөзінде көтерілістерде ауыл мен қышлақтағы асыра сілтеу саясатының салдары ретінде қарастыруға қарсылық танытып, көтерілістер  тапаралық күрестің шиеленісе түсуінің нәтижесі ретінде қарастыруға лайық екенін айтты. Оның түсінігінде, тап күресінің шиеленісе түсуіне алып келген жағдай – контрреволюциялық күштердің астық даярлау және басқа өкімет шараларын орындауға қарсылығы. Ол сөзінде, мәселен, астық даярлау науқаны тұсында республикада 30 800 адамның репрессияға алынғанын, олардың 125-і ату жазасына бұйырылғанын, ал жергілікті ГПУ тарапынан 152 адамның атылғаны туралы мәлімет келтірілді. Бұл келтірілген ауыр фактілер ол үшін Қазақстанда өлкелік партия комитеті тарапынан жүргізіліп жатқан қарқынды жұмыстың нақты өлшемі еді.

Ф.Голощекин 1929 жж. көтерілістердің берер сабағына тоқтала келіп, ендігі уақытта Қазақстанда түрлі қажеттілікке байланысты әскер құрамаларын ұстаудың маңызын айтып, Гричмановтан бұл ұсынысты орталыққа жеткізуді өтінеді. Ф.Голощекиннің бұл ұсынысы Ә.Жангелдин тарапынан да қолдау табады. 

М.ҚОЙГЕЛДИЕВ, 

академик

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?