Ашаршылық апаты анықталды ма?

Сайт Әкімшілігі - 29.05.20201072

     1931-33 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тарихын зерттеушілер еңбектері негізінен оның себептерін, сипатын және демографиялық ауыр салдарларын анықтауға байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Олардың алғашқылары ашаршылықтың негізгі себебіне 1931-32 жылдары құрғақшылық әсерінен, яғни климаттық ахуалға байланысты егіннің шықпай қалуын алғашқы орынға қояды. Келесі топтың зерттеушілерін ашаршылықты кеңестік билік басшылары қасақана, әдейі ұйымдастырды ма деген сауалға жауап іздеушілер құрайды.                     

    Мұндайда қазақстандық шенеуніктер мен оқыған азаматтарымыз қазақ тарихшыларының зерттеулерін менсінбей немесе үздіксіз сынап-мінеп және әдеттегідей шетелдіктердің айтқандарына құранға ұйығандай таңдана табынатынын ескеріп, алғаш осы шетелдіктердің көтеріп отырған мәселелеріне баса назар аударғанды жөн көрдік. Бірақ алдын ала ескертеріміз: шетелдіктер біздің қайғылы тарихымызға жүректері ауырғандықтан немесе біздің осы тарихты шынайы жазып берейін деп назар аударып отырған жоқ. Алда біз есімдерін атайтын бір топ шетелдік зерттеушілер арасында қазақ тілінде жазылған еңбектерге итальяндық Николо Пианчиоло мен америкалық Сара Камеронның ғана, онда да ішінара назар аударулары осының көрінісі. Өз елдерінде зерттелетін  өзекті мәселелер қалмағандықтан, шетелдіктердің ендігі басты мақсаты –  басқа тарихы жазылмаған елдердегі тың тарихи тақырыптарды қозғау арқылы зерттеуді қаржыландыратын қомақты гранттар ұтып алу. Осыны қазақ оқырманы ұмытпауы керек және баяғы ескі психологияны ұстанып, біздің тарихымызды басқалар дұрыстап жазып береді деп, «алақайлап» бөріктерін аспанға атуға асықпағандары жөн.                                 

  Өкінішке қарай, жоғарыда айтқанымыздай,  Қазақстандағы ашаршылық мәселесінде шетелдіктердің өз арасында да ауызбіршілік жоқ. Мысалы, осы мәселеге кеңестік заманда-ақ алғаш барған Роберт Конквест Қазақстандағы ашаршылықтың кеңестік билік қолдан ұйымдастырған әртүрлі саяси және шаруашылықтық науқандардың жүзеге асырылуынан туындағанын және осыған байланысты оның қолдан жасалғанын мойындай отырып, сонымен қатар оны билік әдейі ұйымдастырды деп айтуға болмайтынын да атап көрсетті (Қараңыз: RobertGonquest. The Harvect of Sorrow. London  2002.-412 p.// Айтылған пікір мына еңбектен алынды: 1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты – Правда о голоде 1932-1933 годов/ Под ред. Б.Г.Аягана. Алматы, 2012. 31-б.). Мұнан аңғаратынымыз, осы ашаршылық туралы айтқан кезде «қолдан жасалған» деген сөзбен «әдейі жасалған» деген түсініктің аражігін ажыратып айту керегін және олардың бір мағынаны білдірмейтінін ескергеніміз жөн.

    Әдетте «қолдан жасалған» деп, мұндайда Роберт Конквест дұрыс  көрсеткендей, кеңестік биліктің жоғарыдан ұйымдастырылған  әлеуметтік-саяси реформалары мен шараларын жүзеге асыруды  айтуға болады. Бұлардың жан-жақты ойластырылмай, күштеуге, асыра сілтеуге негізделгендері және біржақты ұстаныммен жергілікті ерекшеліктерді ескермегендері қазір елдің бәріне белгілі. Ал енді «әдейі жасалған» деген сөз – «қасақана» дегеннің баламасы. Осыған байланысты тақырыпты кеңінен зерттеген шетелдік әріптестері Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофт өздерінің ағылшыншадан орыс тіліне аударылған «Годы голода: Сельское хозяйство СССР 1931-1933» деген көлемді еңбектерінде Р.Конквесттің өздеріне жазған хатында айтқан мынадай тұжырымына назар аударады: «Сталин целенаправленно спровоцировал голод 1933 г... Видя надвигающийся голод, он мог предупредить его, но поставил «интересы Советского государства» выше необходимости накормить голодающих – таким образом сознательно содействовал голоду» ( Дэвис Р.,Уиткрофт С. Годы голода: Сельское хозяйство СССР, 1931-1933. – М., 2011.- С. 447.).

   Осы пікірін Р.Конквест өзінің әйгілі еңбегінде нақтылай түсіп, «Кеңестер Одағындағы коммунистік идеология ерлерді, әйелдерді және балаларды өлшеусіз жаппай қыруға негіздеме жасап берді» деп жазған еді (Gonquest R.TҺe Harvest of Sorrow:SovietColltctivization and tһe Terror-Famine. London, 1986. P.196.). Алайда Р.Конквесттің бұл тұжырымын оның жоғарыда аталған әріптестері мақұлдамай, «асығыс жасалған қорытынды» ретінде қабылдады. Біздің ойымызша, Р.Конквесттің айтқандары И.Сталиннің Украинадағы аштыққа байланысты ұстанымдарына негізделген. Онда аштықтың басталғанынан И.Сталин алдын ала хабардар болды. Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофт жоғарыдағы еңбегінде осы пікірді нығайта түсетін мәліметтер келтіріп,  Сталиннің аштық туралы толық хабардар бола тұра, бұл туралы тіптен саяси бюро мүшелерімен болған әңгімелерде де біраз уақыт өте ұстамдылық танытып, оны айтудан қашқақтағанын және «аштық» деген сөзді оның саяси бюро мүшелеріне 1932 жылы 18 маусымда жазған хатында ғана алғаш рет ауызға алғанын, ал Украинада кейбір аудандарда аштық орын алғанын ондағы 1931 жылдың астық жинау науқанының қорытындысын сынға алғанда, яғни әлдеқайда ертерек атап көрсеткенін жазады.                                         

    Ал енді Қазақстан жағдайында ресми орындардың Қазақстандағы алапат аштық туралы мәліметтері (О.Исаевтың, Т.Рысқұловтың хаттары арқылы) И.Сталинге аштық әбден асқынған 1932 жылы ғана белгілі болды. Сондықтан да Коммунистік партияның басшылығы 1932 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылдап, республикаға көмек көрсетудің алғашқы шараларын белгіледі. Осыған жақын пікір айтқан Дана Далримпл мен М.Эллман Қазақстандағы ашаршылық қолдан жасалды деген пікірді қолдай отырып, мұны Сталин бастаған басшылықтың әлеуметтік және саяси, нақтырақ айтқанда ауылдағы халықтың тұрмыс ерекшеліктерін ескерместен, елді индустрияландыруды жеделдете дамыту саясатының тікелей салдары деп көрсетеді.

     Зерттеушілердің тағы бір тобы ашаршылық құрбандарының санын анықтауға талпына отырып, бұл қасіретті кеңестік биліктің жергілікті ұлттарға арнайы ұйымдастырған геноциді деп қарастыруға бола ма деген сауалға жауап іздейді. Осындайда айта кететін бір нәрсе, Кеңестер Одағындағы ашаршылық туралы шетелдіктер арасындағы басты маман, жоғарыда атап өткеніміздей, Р.Конквесттің ашаршылықтың «қолдан ұйымдастырылғанын» мойындай отырып, сонымен қатар оны Кеңестер Одағындағы белгілі бір халықтарды этникалық тұрғыдан жойып жіберуді көздеген геноцидтік саясат деп сипаттаудан бас тартқаны, жалпы, оның өз зерттеулерінде «геноцид» деген атауды ешқашан қолданбағанын атап айтқан жөн.

     Алайда шетелдік Норман Неймарк, Курт Йонассон тәрізді зерттеушілер Қазақстандағы ашаршылықтың геноцидтік сипаты бар екенін атап көрсетеді. Бірақ кейінгі жылдары Қазақстандағы ашаршылық мәселесін белсенді зерттеп жүрген Николо Пианчиоло да, Сара Камерон да оны 1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылданған геноцид туралы қағида ұстанымдарының кейбір ережелеріне сәйкес келмейтіндіктен, геноцид деп сипаттаудан бас тартады. Айта кеткен жөн, бұл авторлар кезінде докторант ретінде Қазақстанға алғаш келгендерінде бізге жолығып, пікірімізді біліп, қандай архивтерде нені қарау керегі жөнінде біздің ақыл-кеңесімізге жүгінген еді.                                        

    Айтылғандарды қысқаша қорытқанда, жалпы, шетелдік зерттеушілердің Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы  ашаршылық туралы зерттеулерінің дерекқорлары жетісе бермейтіндеріне қарамастан, жалпы алғанда, объективтілігін және тарихи шындықты дұрыс бейнелейтінін атап көрсеткен жөн. Әсіресе Р.Конквесттің «сол замандағы эмигранттардың мемуарларын, дипломаттар есептерін және едәуір кейініректегі диссиденттердің жазбаларын пайдалануы кеңестік деревняның айқын көрінісін суреттеді». Алайда шетелдіктердің Қазақстандағы ашаршылықты арнайы қарастырмай, оны бүкіл кеңестік аймақтың және бүкіл елде орын алған сталиндік қуғын-сүргіннің құрамдас бөлігі ретінде зерттеулері және әсіресе шетелдіктердің қазақтың дәстүрлі қоғамын, соның ішінде мал шаруашылығын жақсы білмеулері олардың 1931-33 жылдардағы Қазақстанда орын алған ашаршылықтың басқа кеңестік аймақтарға ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін нақтырақ көрсетулеріне мүмкіндік бермеді. Мысалы,  Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофт өздерінің жоғарыда аталған көлемі 544 бетті қамтитын іргелі зерттеу еңбектерінде Қазақстанның мал шаруашылығында қалыптасқан апатты жағдайға бес-ақ бет, ал Қазақстандағы ашаршылықты көрсетуге екі-ақ бетті арнады. Мұндайда, әрине, мәселенің тиянақты, кең көлемде зерттелуі туралы айту қиын.                                                                                            

   Авторлардың өз зерттеулерінің кейбір бөлімдерінде қазақстандық мәліметтерді басқа кеңестік аймақтармен салыстыра қарағандарына қарамастан, олардың  ашаршылық себептерін анықтауда барлық кеңестік аймақтарға ортақ жалпылама қорытындыны – құрғақшылық кесірінен егіннің шықпай қалуын осы ашаршылықтың басты себебі деп алға шығарып қарастырғанын көреміз. Олар былай деп жазды: «...по нашему мнению, и они, и Конквест недооценивают роль климата и других природных условий в неурожаях 1931 и 1932 гг.и ошибаются, полагая, что урожай 1932 г. был скорее средним, чем плохим. Два урожая друг за другом означали абсолютный дефицит хлеба к весне 1932 г., и в последующие двенадцать месяцев положение усугубилось». Алайда Қазақстан жағдайында,  негізінен, дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар қырылғандықтан, шетелдік ғалымдар айтып отырған климаттық ауыртпалық, яғни егіннің шықпай қалуы Украинадағыдай немесе Еділ бойындағыдай ашаршылықтың негізгі себебі бола алмайды.

    Жалпы, сандаған ғасырлар бойы қазақтар, әсіресе ашаршылық апаты аса ауыр болған Орталық Қазақстан аймағы бидай өнімдерін негізгі тамақ өнімі ретінде пайдалана қойған жоқ. Оның есесіне мал еті қазақтардың негізгі және басты қорегі болды, оны көптеген аймақтар нанға қоспай, таза күйінде тұтынды. Кейбір жылдары климаттық жағдай ауырлап, қардың қалыңдығынан мал өз  аяғымен жайыла алмай, жұттан жаппай қырылғанда да қазақтар бұлайша жаппай ашыққан емес. Сондықтан да ет дайындау және коллективтендіру науқандарында қазақтардан малды жаппай тартып алу 1931-33 жылдарда Қазақстанда орын алған ашаршылықтың басты себебі болып табылады. Мұны біз Стивен Уиткрофт мырзаның өзіне ғылыми конференцияларда бірнеше рет ескерттік.                        

     Айта кеткен жөн, мұны кейінгі жылдары Қазақстан архивінде жүйелі де тиянақты жұмыс жасаған Николо Пианчиоло және Сара Камерон тәрізді зерттеушілер дұрыс түсініп, өздерінің еңбектерінде қазақ тілінде жазылған қазақстандық тарихшылар еңбектерін пайдаланып, объективті қорытындыларға келе бастады. Мұндайда атап көрсетуді қажет ететін бір маңызды мәселе – жоғарыда біз еңбектерін талдаған тарихшылардың бәрі Қазақстан тәуелсіз ел болған соңғы ширек ғасыр бойына мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жарық көрген еңбектердің бірде-бірін өз зерттеулерінде пайдаланған жоқ. Шетелдік зерттеушілердің тіптен орыс тілінде шыққан қазақстандық зерттеушілер еңбектеріне де аз назар аударатынын айтуға тура келеді. Мұны жергілікті тарихшыларды менсінбеу деп қарауға болады.

    Кезінде 1931-33 жылдардағы Қазақстанда орын алған ашаршылық куәгерлерінің естеліктері  жинақ түрінде жарық көрген болатын (Нәубет: публицистикалық ой-толғамдар. Алматы, 1990; Қызылдар қырғыны..-Алматы, 1992.; Зауал: Мақалалар, естеліктер. 1991.; 32-нің зұлматы (профессор Қ.М.Атабаев жетекшілік жасаған тарихи-этнологиялық экспедиция деректері) деректер жинағы. Алматы: Қазақ университеті, 2014 және т.б.). Өкінішке қарай, шетелдіктер қазақ тілін білмейтіндіктен, олардан да мүлде хабарсыз. Мұны біз төменде айтамыз. Шетелдік зерттеушілердің бұл мәселедегі негізгі көзқарастарын мақұлдай отырып, сонымен қатар қазақстандық зерттеушілер арасында да осы мәселеге байланысты әртүрлі көзқарастар орын алып отырғанын айта кеткен жөн. Өзінің зерттеу еңбектерінде 1931-33 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықты демограф ғалым Мақаш Тәтімов қазақ халқына қарсы жасалған геноцид деп сипаттаса, ал Қайдар Алдажұманов және Жұлдызбек Абылғожин тәрізді зерттеушілер оны этноцид деп сипаттайды.        

     Біздің ойымызша, бұл ашаршылықтың әртүрлі шаруашылықтық-әлеуметтік науқандарды ұйымдастыру нәтижесінде кеңестік билік тарапынан қолдан жасалғаны, бірақ оның қазақ халқына қарсы әдейі ұйымдастырылмағаны анық. Бұлай дейтін себебіміз – кеңестік билік осы қасіретке алып келген және 1925 жылдан басталған елді жеделдете индустрияландыру саясатын жүзеге асыру үшін Қазақстанды да елдің басқа өңірлері тәрізді орталықта салынып жатқан өнеркәсіптерге шикізаттық өнімдер дайындау, оларды ауылшаруашылық өнімдерімен, азық-түлікпен қолдау үшін жергілікті жерде кеңестендіру, бай шаруашылықтарын тәркілеу, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарын зорлап отырықшыландыру, бай-кулактарды тап ретінде жою, күшпен ұжымдастыру, ет-астық дайындау тәрізді шараларды жоғарыдан жүзеге асырды.                                                                                       Алайда стратегиялық мақсатты ғана көздеген бұл науқандардың елді жаппай аштан қыруға алып келетінін Мәскеудегі басшылық алдын ала болжай алмады. Сондықтан да жоғарыдан қабылданған «қате саяси шешімдер» ешкім «күтпеген және қаламаған» осындай алапат ашаршылыққа алып келді (Дэвис Р.,Уиткрофт С. Годы голода: Сельское хозяйство СССР, 1931-1933. –М.:Российская политическая энциклопедия, 2011. С. 448.). Яғни ашаршылық қолдан жасалды десек те, оның жоғарыдағы билік тарапынан қазақ халқын этнос ретінде жойып жіберу мақсатымен жасалмағаны,  қасақана ұйымдастырылмағаны анық. Оның үстіне шетелдік авторлар да мойындағандай, «кеңестік ауыл шаруашылығы саясатын» осы жылдары жоғарыдан жүргізген «адамдар онша білімді емес, ауыл шаруашылығы саласындағы танымдары аса шектеулі» жандар еді. Ең бастысы – ол шаруалар елін екпінді индустрияландыру идеясына бағындырды». Сондықтан да Қазақстандағы осы ашаршылық, негізінен алғанда, биліктегілердің қате саясатынан туындады және өзінің салдарлары жағынан қазақ халқының жартысына жуығын жалмаған бұл қасірет геноцидтің қатерлі қорытындысымен бірдей болып шықса да, оған алып келген Сталин бастаған тоталитарлық мемлекеттік жүйенің елде жүзеге асырған жоғарыдағы шаралары қазақ халқын түбегейлі жойып жіберуді мақсат етіп қоймағандықтан, бұл қасіретті геноцид ретінде сипаттау қиын. Осыған байланысты америкалық Сара Камеронның Қазақстандағы ашаршылықтың Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған геноцид туралы ережелерге сәйкес келе қоймайтыны туралы көзқарасы да назар аудартады.                                                       

    Шетелдік тарихшылар әдетте сталинизмнің қазақ көшпелілеріне жасаған қысымын арнайы жүргізілген эксперимент ретінде қарастыруға құмар. Мысалы, неміс тарихшысы Роберт Киндлер «Сталинские кочевники. Власть и голод в Казахстане» атты кітабында былай деп жазады: «Голод был неразрывно связан самым масштабным  общественно-полоитическом экспериментом большивиков в Среднем Азии – переводом казахских кочевников на оседлое положение. До середины 1930-х гг.он представлял собой главную установку советского модернизационного проекта в Казахстане» (Роберт Киндлер: Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане (= История сталинизма), Москва: РОССПЭН 2017.7-б.).

     Әрине, шетелдіктердің қазақ шаруаларын күшпен отырықшыландыруға байланысты жүргізген шараларын арнайы эксперимент ретінде қарауларына келісуге болмайды. Шын мәнінде сталиндік билік бұл мәселеге амалсыздан назар аударды. Кезінде Қазақстан басшылығы шаруаларды отырықшыландырудың аса маңызды екенін Мәскеудегі басшылыққа мәлімдеп, жаппай ұжымдастыруды Қазақстандағы шаруаларды отырықшыландыру негізінде жүргізуді ұсынған болатын. Мұндай жағдайда Мәскеу бұл жұмысты арнайы қаржыландыруы керек еді. Ал Қазақстан Кеңестер Одағында Ойратия, Қалмыкия тәрізді елдердің арасында отырықшыландыруды бірінші рет қолға алуда пионер ел болуы тиіс еді. Алайда Мәскеудегі басшылық қазақстандық басшылардың ұсынысын қабылдамай тастады. Осылайша Қазақстанда отырықшыландыру үдерістері жаппай күшпен ұжымдастырудың негізінде жүргізілді. Ал мұның өзі дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқын тығырыққа тіреп, қиын жағдайға ұшыратты. Осы мәселені шетелдік ғалымдар ескеруі керек.                                     

    Айта кеткен жөн, Бүкілодақтық санақ материалдарын ғана мойындайтын шетелдіктер аштық құрбандарын біржақты демографиялық жолмен ғана есептеп, 1930-33 жылдардағы өлген қазақтар санын әртүрлі деректермен бұрмалай құбылтып көрсетіп отыр. Мысалы, Р.Конквест оларды 1 млн адам көлемінде деп көрсетсе, Р.Дэвис пен С.Уиткрофт қазақтардың 1931-33 жылдардағы құрбандықтарын 1 млн адамнан астам, ал басқа ұлттарды қосқанда, бұл көрсеткіш 1,3-1,5 млн адам шамасында деп ойлайды. Ал қазақстандық тарихшылардың бір тобы (Б.Төлепбаев, В.Осипов) осы аштықта 1,5 млн адам қырылғанын, тарихшыларымыздың және бір тобы (М.Қозыбаев, Ж.Абылғожин, М.Тәтімов) 1 млн 750 мың адамның өлгенін айтады. Бұл деректердің біразы нақты дәлелдері болмаса да, Қазақстан тарихынан іргелі зерттеулерге еніп кетті. Және осылайша ашаршылықтың демографиялық салдарлары туралы қорытындылар көпе-көрінеу бұрмаланды.

Шетелдік ғалымдардың басым көпшілігі тәрізді Роберт Киндлер де 1931-34 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық құрбандарын 1,5 млн адам деп санайды. Бұл қазақтардың 3/1 астамы, республика халқының 4/1 деп, көп зерттеушілер көрсеткен мәліметті Роберт Киндлер де мақұлдайды. Осы айтылғандардың бәрі шын мәніңде шетелдік ғалымдардың зерттеуінде ешқандай да жаңашылдық, тың пікір немесе мәлімет жоқ екенін байқатады.                                                                    

Өкінішке қарай,  бұл мәселені өзіміздің тарихшылар да проблемаға айналдырып жіберді. Қазақстандық тарихшылардың бір тобы (Б.Төлепбаев, В.Осипов) осы аштықта 1,5 млн адам қырылғанын, тарихшыларымыздың және бір тобы (М.Қозыбаев, Ж.Абылғожин, М.Тәтімов) 1 млн 750 мың адамның өлгенін айтады. Бұл деректердің біразы нақты дәлелдері болмаса да, Қазақстан тарихынан жазылған  іргелі зерттеулерге еніп кетті. Және осылайша ашаршылықтың демографиялық салдарлары туралы статистикалық қорытындылар өзіміздің тарапымыздан да көпе-көрінеу бұрмаланып кетті. Бұл жерде қазақстандық әріптестеріміздің, сондай-ақ осы тақырыпқа қалам тартуға құмар кейбір оқығандарымыздың 1992 жылы  22 желтоқсанда жарияланған мемлекеттік комиссияның Қазақстандағы ашаршылық құрбандарын 2 миллион 200 мыңдай адам деп көрсеткен ресми шешімін неліктен көзге ілмейтіндері түсініксіз болып отыр.

 1930-1933  ашаршылық жылдарындағы қазақтардың саны  туралы

 Бұл өзі ашаршылық тарихын зерттеушілер үшін  аса маңызды, тіптен басты мәселе деген болар едік. Осы жылдардағы ауыл халқының, оның ішінде қазақтардың  санын  бұрмалап көрсету  тарихи шындықтан адастыратынын кез келген зерттеуші ұмытпауы тиіс. Қазақ халқының 1930 жылдың басындағы нақты санын білмей, ашаршылықтан қырылғандардың пайыздық үлесін анықтау мүлде мүмкін емес. Бұл мәселеде  мұрағат қойнауларында нақты деректер сақталғанын атап көрсетеміз. Негізінен, бұл Бүкілодақтық санақ  көрсеткіштері. Олар бойынша 1926 жылдың соңында  Кеңестер Одағындағы қазақтың саны 3 млн 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар – 2 млн 862 мың адам, ал  1939 жылдың басындағы санақта 3 млн 842 мың адамды құрады.  Ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер  әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алады.

Алайда  бұл санақтарда қазақтардың саны бұрмаланып көрсетілгені ешкімді ойландыра қоймайды. Мұны дәлелдеу үшін 1897 жылғы  халық санағына жүгінейік: бұл кезде қазақтардың саны 3,5 млн  адамды құрады. Егер 1921-22 жылдардағы ашаршылықта қазақтардың  30 пайызы қырылғанын ескергеннің өзінде де, 1926 жылғы халық санағының қазақтардың санын толық қамтымағанын байқау қиын емес. 1916 жылғы патша өкіметінің есепке алу санағынан қаймыққан қазақтар 1926 жылғы санақтан жасырынып қалуға тырысты.  Зерттеушілер осы мәселені ескере бермейді. Ал 1937 жылғы қаңтардағы  және 1939 жылғы қаңтардағы  санақтардағы қазақтар санын салыстырғанда кейінгі санақ  көрсеткіштерінің қазақтар санын асырып көрсететінін  байқау қиын емес. Өйткені 1937 жылғы санаққа жауапты адамдар (санақ басқармалары басшылары)  түгелдей атылған соң, 1939 жылғы  санақты жүргізушілер  ашаршылық халықты жалмаған аймақтарда адам санын (оның ішінде қазақтардың)  үстемелеп көрсетуге  тырысты. Бұлай болмаған жағдайда соңғы санақты жүргізушілер де  алғашқылардың  қасіретті тағдырын құшатын еді.  Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш Бүкілодақтық санақ мәліметтері 1930-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санын анықтауда негізгі дереккөз бола алмайды. Оларды мұрағат қойнауындағы  әртүрлі мекемелердің  ресми мәліметтерін талдауда қосымша, жалпылама және жанама деректер ретінде ғана пайдалануға болады. Өкінішке қарай,  шетелдіктерді айтпағанда, өзіміздің зерттеушілеріміз де біз атап өткен олқылықтарды ескере бермейді.

    Шындықты  іздестірер болсақ, басты деректер қатарына Халық комиссарлар кеңесі жанындағы отырықшыландыру жөніндегі республикалық комитеттің техникалық кеңесінің ресми мәліметтері басшылыққа алынуы тиіс.  Осы мекеменің 1931 жылғы 14 желтоқсандағы мәжілісінде мемлекеттік жоспарлау мекемесінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екені атап көрсетіледі. Олардың  42 мыңы, яғни 5 пайызы ауқаттылар қожалықтары еді (Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивы. 1179-қ., 6-т., 9-іс, 125-п.)Бұл дегеніңіз – сол жылдары  осы мекемеде  қызмет жасаған М.Г.Сириустың есебі бойынша 4 млн 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы барлық ауыл халқының (басқа ұлттарды қосып есептегенде) саны 5 млн 100 мыңнан асып түсетін (Сириус М.Г. Перспективы развития сельского хозяйства Казахстана. –М.,1926. 7-б.). Бірақ бұл деректердің  де кемшілігі бар: біріншіден, мұнда ашаршылықтың алғашқы жылында қырылған қазақтар есепке кірмей қалған; екіншіден,  мұнда тек көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының саны ғана  есепке алынған. Бұл  дегенмен де сол жылдардағы қазақ  халқының 90 пайызға жуығы болып табылады. Отырықшы қазақтарды есептемегенде, осы жылдары қазақтардың 6 пайызға жуығы  қалаларда тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл жылма-жыл өткізілетін, біршама шынайы  қала халқының санағында көрсетілген.                                                                

Алайда  қазақ халқының  саны 1928 жылғы  ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастағанын ескеруге тура келеді. Бұл мәселеде де бізде нақты дерек бар. 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны 826 мың (яғни 4 млн 836 мың адам)  екенін көреміз. Бұлардың 120 мың қожалығы отырықшы болса, 700 мыңнан астамы  көшпелі және жартылай көшпелі еді. Міне, қасіретті зобалаң қарсаңындағы  қазақтың  саны осындай. 1937 жылдың 14 ақпанында республика санақ басқармасының бастығы (ҚазНарХозУчет) Саматовтың Мәскеудегі бастығы Кравальға және Мирзоянға жолдаған мәліметі бойынша, 1930 жылы 1 маусымда  ауыл халқының саны 5 млн 873 мың адам (оның ішінде  қазақтар 4,5 млн-нан асып түсетін) болатын. Осылайша ресми деректер ашаршылық қарсаңындағы  Қазақстандағы  қазақ және басқа халықтардың ауыл шаруашылығындағы санын анықтауға толық мүмкіндік беретін бұл тарихты жазғанда ескергеніміз жөн. Бұл айтылғандарды дәлелдейтін жанама ресми деректер де баршылық. Олардың ішінде Сталинге  жазылған  «Алтаудың хатындағы» ( Ғ.Исқақов, И.Қаболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, У.Жандосов (Ораз Жандосовтың ағасы) ресми мәліметтер де  бар. Онда авторлар   Қазақстанның ҚазСовНарКом-ының мәліметі бойынша, 800 мың қазақ шаруашылығынан  (4 млн 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылығы (2 млн 25 мың қазақ)  қалғанын  атап көрсетеді.  Мұндай мәліметтерді  мұрағат қорларынан  келтіре беруге болар еді. Алайда осы айтылғандардың өзі шындықты бейнелейді деген ойдамыз.

    Ашаршылықпен қабаттасқан қуғын-сүргін

Ф.Голощекиннің «кіші Қазан» науқандарында, әсіресе  ірі қазақ байларын тәркілеу барысында жаппай саяси қуғын-сүргін орын алды. Архив қойнауларында осы кісілердің  799 жеке ісі сақталған. Бұлар Қазақстанның басқа аймақтарына жер аударылып, 1930 жылдың басында бай-кулактарды тап ретінде жою науқандары басталған кезде өлім жазасына кесілді. 1928 жылғы Сталин өзінің  Сібір сапарында мемлекетке белгіленген бағамен астық тапсырудан бас тартушыларды РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 107-бабы бойынша соттауды ұсынды. Осыған байланысты Қазақстанда 40 мыңдай шаруа қожалығы (шамамен 200 мыңдай адам) сот жазалау органдарының шешімімен жазаланды. Бұл қуғындаудағы тәжірибені ОГПУ органдары кейінгі науқандарда да пайдалана бастады.

 Тек 1929 жылғы 15 желтоқсанға дейін ғана астық дайындау  барысындағы қуғын-сүргінде 30 800 адам сотталды. 1928 жылдың 1 қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот  органдары тарапынан 125 адам ату жазасына бұйырылды. Ал ГПУ органдары осы уақытта 326 адамды  жазалап, олардың 152-сін атып жіберді. 1929-33 жылдар аралығында, яғни бес жылдың ішінде  Қазақстан ОГПУ-ның Үштігі  9805 істі қарап, 22 930 адамға жазалау шараларын қолданды. Олардың ішінде  3386 адам ату жазасына кесілсе, 13 151 адам 10 жылға дейін мерзімге концлагерьлерге жөнелтілді. Бай-кулактарды тап ретінде жою науқанында қуғын-сүргін асқына түсіп,  56 498 адам  жауапқа тартылды. Күштеп ұжымдастыру жылдарындағы  әртүрлі әлеуметтік-саяси науқандар кезінде 165 мың шаруа қуғын-сүргінге ұшырады. 1932 жылы 7 тамызда Мәскеуде жарық көрген социалистік меншікті қорғауға байланысты заңды орындау барысында  тек заң әрекет жасаған алғашқы жылы ғана Қазақстан бойынша 33 345 адам сотталды. 

         Ашаршылық жылдары Қазақстанда  арнайы қоныстанушылар (спецпереселенцы) және ГУЛАГ тұтқындары  ретінде 180 015 адам азап шекті.  1929-31 жылдары Қазақстанды  халық көтерілістері шарпыды. Олардың  15-сі  бұқаралық сипат алып, күшпен басылды. КСРО  Халық комиссарлары кеңесі жанындағы  мемлекеттік біріккен саяси басқарма органдарының өзі ғана 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Жалпы алғанда, бұл көтерілістерге қатысқан 80 мың адамның бәрі дерлік қуғын-сүргінге ұшырады. Созақ, Ырғыз, Сарқан және Өскемен-Зырян көтерілістерінде ғана жазалаушы әскери бөлімдермен қақтығыста мыңнан астам адам өлді. Ашаршылық жылдарындағы құрбандар санын есептегенде, бұлар сол шығынның ішінде кетеді. Осы жылдары Алаш қозғалысының басшыларына және оған қатысушыларға сот процестері болғаны тағы белгілі. Орталық Қазақстандағы  Абыралы-Шыңғыстау көтерілістеріне қатысушылардың кейбірі Алаш қозғалысымен байланысты болғандар ретінде де айыпталды.                  

Мәскеу ашаршылық құрбандары туралы деректерді қалай бұрмалады?

Мәскеудегі мемлекеттік, партиялық органдар күштеп ұжымдастыру салдарынан опат болған қазақстаңдық шаруалар туралы өздерінің ресми деректерінде үндемей кетуге немесе осы демографиялық қырғынды көтеріңкі санмен жауып көрсетуге тырысқандарын Қазақстан халқының алапат ашаршылық жылдарыңдағы жалпы санын көрсететін төмеңдегі салыстырмалы кестеден де байқай аламыз:


Мерзімі

ҚАКСР-індегі халық саны

 

Айырмасы

(мың)

 

ҚаэХШЕБ-ның есебі (мың)

Мемлекеттік жос. ОХШЕБ-ы есебі (мың)

 

1/1-32 ж.

5877,7

6756,7

879,0

1/1-33 ж.

4906,1

6796,1

1890,0

 

-971,6

+960,6

 


Кестеден көрінетіндей, егер Қазақстанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы (ҚазХШЕБ) көрсетілген 12 айдың ішінде республика халқы санының 971,6 мың адамға азайып кеткенін көрсетсе, ал Мәскеудегі мемлекеттік жоспарлаудың орталық халық шаруашылығы есебі басқармасы (ОХШЕБ), керісінше, жантүршігерлік ашаршылықтың барынша кең өрістеген айларында Қазақстан халқының 960,6 мың адамға көбейгенін «есептеп» шығарған.

   Шындықты бұлайша көпе-көрінеу бұрмалаушылыққа, яғни ашаршылықтың демографияпық апатын жасыруға наразы болған Қазақстанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы бастығының орынбасары Н.Мацкевич өзінің БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Л.И.Мирзоянға 1935 жылы 23 қыркүйекте жазған «Қазақ АКСР-іңдегі халықтың жалпы санын есептеулер туралы баяңдау хатында» былай дегені бар: «КСРО мемлекеттік жоспарлауының ОХШЕБ 1930 және 33-жылдары Қазақстан халқының қозғалысында орын алған, осы жылдары халық санының көп төмендеуіне алып келген сізге белгілі процестерді объективті түрде көзге ілмей отыр».

Бұдан көрінетіні – осы жылдардағы ұжымдастыру саясатының жергілікті халық үшін ауыр салдарларын Мәскеудегілердің жасырмақ болған әрекеті. Н.Мацкевич мұны айқын аңғарып және әшкерелеп, өзінің хатында Л.И.Мирзоянға алапат ашаршылықты өз атымен атамай, «белгілі процестер» деп жұмбақтайды. Осы соңғы сипаттама 30-жылдардағы басқа ресми құжаттарда да осылай айтылады.

Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, И.Сталин БК(б)П-ның XVII съезінде атап көрсеткен ел санының 1933 жылдың соңына дейін 168 млн адамға жетуі туралы көрсеткіш 1937 жылға қарай халық саны 180,3 млн адамға жетеді деп болжауға мүмкіңдік берген еді. Бірақ ашаршылық кесірінен бұл болжамның орындалмай қалуы санақшыларды қатты састырды. Болжам жасауда орын алған тағы бір дөрекі қателік – «тұрмыс деңгейі көтерілген сайын (ал 30-жылдары ол шұғыл өсті деп саналды) халықтың саны да автоматты түрде арта түседі деп түсінілді. Социализмнің капитализмнен негізгі артықшылықтарының бірі осыдан көрінуі керек еді. Халық санының автоматты түрде өсетіні туралы жорамал ресми тұжырымдамаға айналды». Сталиншілдер бұл жерде тағы бір басты нәрсені ескермеді: ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ тәрізді көшпелі және жартылай көшпелі халықтың дәстүрлі тіршілігін зорлап өзгерту олардың тұрмысын жақсартпайтынын былай қойғанда, жалпыхалықтық қасіретке, демографиялық апатқа ұрыңдыруы әбден мүмкін еді. Шын мәнінде осылай болды да.

              Адам шығыны қандай?

ХХ ғасырдың ең ауыр қасіреті – 1931-33 жылдары ашаршылықтан адамдардың қырылып қалуы, осы жылдардағы орны толмас демографиялық апат. 1931-33 жылдардағы адам шығынын әңгімелегенде біздің қазақ оқығандары мұндай қалыптасқан ауыр жағдайдың біздің республикамызда ғана орын алмағанын, оның бұрынғы кеңес қоғамы тарихына тән қатерлі құбылыс болып табылатынын естен шығарып алады. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1931-33 жылдардағы аштықтан бұрынғы бүкіл КСРО-ға мүше елдерде қанша адам өлді деген сұраққа шетелдік тарихшылар көзімен қарап, әйгілі зерттеушілердің тек шетелде жарық көрген еңбектерінен бір ғана үзінді берсек, біздің жоғарыдағы пікірімізді оқырман жақсы түсінер деп ойлаймыз.

М.Геллер мен А.Некрич өздерінің «Утопия у власти» атты 1982 жылы шетелде жарық көрген зерттеулерінде жалпы Кеңестер Одағындағы жағдай туралы былай деп жазады: «Он жыл өткен соң, Сталин Черчилльге: «Коллективтендіру жылдарында «кедейлер» «он миллиондаған» «кулактарды» жазалады, оның үстіне аса «үлкен көпшілігінің» көздерін жойды», қалғандарын Сібірге жөнелтті» десе, ал Молотов 1935 жылы «ауқатты және тұрмысты кулактардың» 1928 жылы 5 618 000 шаруа жаны есептелгенін, ал 1 қаңтарда «кулакқа айналдырғаннан кейін 149 мың қалғанын» мәлімдеді. Тағы бір ресми дерек коллективтендіру қарсаңында елде жойылуы тиіс таптың өкілдері 6,8 миллион адам болғанын есептеп көрсетеді. Орыс Александр Орлов тіптен Сталиннің саясатын көтере марапаттайтын кейбір шетелдік журналистердің өздері де Кеңестер еліндегі аштық құрбандары саны 5-7 миллион адамға жетеді деп бағалайтынын хабарлайды. Ал ресми мемлекеттік мекеме – ОГПУ Сталинге берген мәлімдемесінде бұл цифрды 3-3,5 миллион деп атап көрсетеді. Совет демографы Б.Урланис 1932 жылдың соңынан 1933 жылдың соңына дейін халықтың 7,5 миллион адамға қысқарғанын айтады. Мүмкін болған барлық есептеулерді салыстыра келіп, біз жоғарыда атаған шетелдік Роберт Конквест 1929-33 жылдардағы Кеңестер Одағындағы аштық пен аурулар құрбандықтарының 5-6 миллионға жуық адам санын абайлап айтады. Қазіргі жазбаларға Е.Юрьевский деген бүркеме атпен экономикалық шолулар жазған зерттеуші Н.Валентинов «Сталиндік аграрлық реформа» жылдарында туғандар саны азайған елдің халқының революцияға дейінгі кезеңінде қалыпты қозғалысымен салыстырғанда ең кемі 14,8 миллион адамды жоғалтқанын санап шығады. И.Г.Дядькин 1976-78 жж. «өзі басатын баспадан шыққан мақаласында 1929-1936 жж. халықтың кемуін 15,2 миллион адамға бағалады. Ғалымды тұтқындаған өкімет бұл сандардың дәл екенін дәлелдеп берді».

Жоғарыда құлаққағыс қылдық, қазақстандықтар да аштан өлген қазақтардың сандарын әртүрлі айтып жұр. Тіптен Қазақстанды зерттейтін шетелдік тарихшылар да әртүрлі сандарды көрсетеді.

Қазақстанның егіншілік халық комиссариатының (Наркомзем) мәліметтері бойынша 1930-32 жылдары Қазақстандағы ауыл халқының кемуі 1 831 441 адам деп көрсетіледі. Бірақ бұл Қазақстанда әлі де алапат ашаршылық аяқтала қоймаған кезеңдегі, яғни толық емес мәлімет болып табылады. Ашаршылық 1933 жылы да жалғасып, осы бір жылдың ішінде ғана Қазақстандағы ауыл халқының кемуі Қазақстан халық шаруашылығы есебі мекемесінің бастығы  М.Саматов көрсеткен мәлімет бойынша 723,5 мың адамды, ал оның орынбасары Н.Мацкевич көрсеткен алғашқы мәлімет бойынша 1 070 005 адамды құраған. Мұндағы алғашқы көрсеткіш қазақтарға қатысты, ал кейінгі көрсеткіш жалпы ауыл халқын бейнелейді деп алар болсақ, қазақтардың 1930-33 жылдардағы аштан қырылу көрсеткішінің  2 млн 200 мың адамнан асып кететінін тағы да мойындауға мәжбүр боламыз. Егер де архив қойнауындағы «алтаудың» И.Сталинге жазған мәліметтеріне және осы кезеңдегі санақ материалдарына назар аударар болсақ, жоғарыдағы халық кемуінің 2 млн 100 мыңнан астамы тікелей аштық құрбандықтары болып табылатынын аңғара аламыз (Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві. -1179-қ., 6-т., 9-іс, 125-п.).

Кезінде Қазақстан билігі бұл мәселеге саяси бағасын берді. Жоғарыда айтылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төралқасының осы мәселелерді зерттеген комиссиясы өзінің қорытындысында тарихшы демографтардың жүргізген алдын ала талдаулары «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 процентінен айырылғанын» дәлелдегенін атап көрсете отырып, сонымен қатар «қасірет құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық қалып» отырғанын да ескертті. («Егемен Қазақстан», 1992 ж. 22 желтоқсан.).

Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстандағы  ашаршылық тарихы, әсіресе 1930-33 жылдардағы  халық қасіреті әлі де тарихымызда  бұрмаланып келеді.  Осы кезеңдегі Қазақстан тарихын жаңаша жазған кезде  мынадай мәселелерге  назар аудару қажет. Біріншіден, Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандары туралы айтқанда түсінікті себептермен адам санын дәлме-дәл көрсету мүмкін емес. Алайда осы мәселеге байланысты архив қойнауында біршама нақты деректер сақталғандықтан, шындыққа жақын қорытындылар жасай аламыз. Мұндайда, негізінен, ауылды мекендеген қазақтардың аталған жылдары кемуі 3 миллионнан асып кеткенін, алайда оның 1 миллионға жуығы тірі қалған босқындар болып табылатындықтан, аталған ашаршылықта 2 миллионнан астам қазақ қырылды, ал бұл республикадағы қазақ халқының жартысына жуығы деп қорытынды жасауға тиіспіз. Мұндай қорытынды жоғарыда аталған осы мәселеге байланысты  өкімет комиссиясы құрамына енген ғалымдар тұжырымына да сәйкес келеді.

Екіншіден, Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық тақырыбы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуық уақыт болғанына қарамастан, дүниежүзілік тарихнамада әлі де өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Оның басты себебі – шетелдік зерттеушілердің басым көпшілігі ашаршылықтың басты себептерін анықтауда әртүрлі көзқарастарды ұстанып отыр. Мысалы, жоғарыда бірнеше рет аталған Роберт Конквест ашаршылықтың басты себебі ретінде сталиндік қуғын-сүргінді және күштеу реформасын алға тартса, ал басқа зерттеушілер 1931-32 жылдары бүкіл Кеңестер Одағында және Қазақстанда егіннің шықпай қалуын, құрғақшылықты аталған қасіреттің басты себебі ретінде ұсынады. Біз Қазақстан жағдайында егіннің шықпай қалуы негізгі емес, қосымша себеп болды деп ойлаймыз.                          Әрине, Қазақстандағы ашаршылықтың себептері бірнешеу, олар сол тұстағы республика басшысы Голощекиннің 1926-28 жылдардағы «кіші Қазан» реформасынан бастау алады. Осы науқандағы 1928 жылғы ірі қазақ малшыларын  (байларын) тәркілеу ашаршылықтың алғашқы бастау себебі болып табылады. Сонымен бірге көшпелілерді күшпен ұжымдастыру, зорлап отырықшыландыру, ауылшаруашылық өнімдеріне салық салу, астық және ет салығының үздіксіз қолданыста болуы, 1929-31 жылдарда қазақтардың жоғарыда аталған науқандарға қарсы көтерілістерін әскери күшпен қырып-жойып, басып-жаныштау және т.б. қазақтарды жаппай босқыншылыққа ұшыратып, халықтың берекесін қашырып, елде ғаламат ашаршылықтың орын алуына негіз болды. Бұл себептердің арасында әсіресе қазақтардың негізгі шаруашылығын құраған және негізгі тамақтану көзі болып табылатын дәстүрлі мал шаруашылығын күшпен күйрету, жоғарыда аталған ет және астық салығының толастамауы қазақтардың аштан қырылуына алып келді. Қазақтардың 1931-33 жж. аштан қырылуы Қазақстанның өзі ішінде де жоғарғы мемлекеттік деңгейде қорытындыланған жоқ. 1992 жылы 22 желтоқсанда жарық көрген парламенттік комиссиясының осы мәселеге байланысты қорытындыларындағы ұсыныстар шын мәнінде ресми билік тарапынан ескерусіз қалды.

Үшіншіден, бүгінде  қазақ көшпелілерінің аштан қырылуын «геноцид» деп сипаттауға бола ма деген сауалға әлі ресми жауап жоқ. Геноцид туралы айтқанда 1948 жылы БҰҰ бекіткен осы мәселеге байланысты қағида басшылыққа алынады. Алайда бұл беделді халықаралық ұйымның геноцидке байланысты анықтамасында қазақ тәрізді дәстүрлі қоғамда өмір сүрген халықты тоталитарлық биліктің реформалау саясатының қатыгездігі және адамгершілікке жат мәні жаппай қырғынға ұшыратуын қалай сипаттау керек деген мәселеге қатысты тұжырымдар жоқ.  Бұл халықаралық конвенцияда геноцид деген ұғым бір халықты немесе ру мен тайпаны басқалардың оларды жойып жіберу үшін  әдейі қасақана,  қаскүнем шаралар ұйымдастыруын бейнелейді. Ал шын мәнінде халықты жойып жіберуді алдына мақсат етіп қоймаса да, билік жүргізген саясат немесе реформа халықты жаппай қырғынға ұшыратуға алып келсе, яғни  жүргізілген шаралардың нәтижесі геноцидтің қорытындысымен  бірдей болып шықса, оған қандай баға береміз деген сауалға БҰҰ-ның жоғарыдағы анықтамасы нақты жауап беруі тиіс. Сондықтан да бұл халықаралық ұйымның шешімін осы мәселеге байланысты қайта қарап, толықтыру керек шығар.

Осыған байланысты мынадай пікір қайшылығы орын алып отыр: геноцид туралы БҰҰ-ның ұстанымына және шешіміне сәйкес келмейтіндіктен, бұл мәселе туралы нақты пікір айтудан шетел зерттеушілерінің көпшілігі жалтарса, ал қазақстандық мәдениет қайраткерлері бұл қасіретті геноцид ретінде сипаттауды ұсынады. Қазақстандық зерттеушілер қазақ халқының жартысына жуығын қырғынға ұшыратқан бұл ашаршылық науқанының этникалық қылмыс, яғни этноцид екенін айтып жүр. Бірақ архив қойнауында аталған тарихи кезеңде Кеңестер Одағының большевиктер партиясының және үкімет органдарының қазақтарды қырғынға ұшырату туралы арнайы шешімдерінің болмауы жергілікті ғалымдардың өз зерттеулерінде қазіргі геноцид ұғымына және түсінігіне сай сипаттаулар жасауларына кедергі болып отыр. Дегенмен де бұл ашаршылық өзінің салдарлары (себептері тұрғысынан емес) мен қорытындылары жағынан  геноцид деп тұжырымдауға сәйкес келеді, өйткені осы зұлматта республикадағы қазақ халқы жеке ұлт ретінде мүлде жойылып кете жаздады.                      Әрине, мұндайда біз Кеңестер Одағы басшылығының жүргізген шаралары жалғыз қазақ халқына ғана емес, барлық қазақстандық ұлттарға бағытталса да, яғни олардың сипаты интернационалдық бола тұрса да, нақты нәтиженің ұлттық қасіретке алып келгенін ескереміз. Міне, сондықтан да БҰҰ-ның геноцид туралы жоғарыда айтылған  конвенциясы біз айтқан ерекшеліктерді ескере отырып қайта қаралуы, толықтырылуы,  яғни өзгертілуі тиіс деп  ойлаймыз.


Талас ОМАРБЕКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?