80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

22.07.2021, 08:57

5618

Таяуда президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңес 10 негізгі ұлттық жобаны айқындады. Сөйтіп, «2025 жылға дейін еліміздің дамуына үлес қосып, өркендеу жолымызды күрт өзгертеді» деген ұлттық жобалардың тізімі бекітілді.  Естеріңізде болса, осы ұлттық жобаларды қадағалап, бақылап, жүзеге асыру мақсатында былтыр елде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі де құрылған болатын. Агенттіктің  төрағасы лауазымына Қайрат Келімбетов тағайындалды. Міне, сол төрағаның айтуынша, ұлттық жобалар тізіміне сапалы білім беру, денсаулық сақтау, экономикалық өсім, құқықтық мәселелер енген.

«Цифрландыру және үкіметтің кешіктірілген статистикасына емес, деректер негізіндегі бағдарламаларға сәйкес, технологиялық серпіліске баса мән беріледі. Бұл жобаға – ғылымды коммерцияландыру, инновацияларды дамыту, инфрақұрылымды, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қолдау бойынша жаңа технологияларды пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту салалары қоса енді», – дейді Қайрат Келімбетов.

 Тамаша, дамыған өте жақсы ғой. Бірақ біз осы Келімбетов айтып отырған жайттарды «келістіреміз» деп келе жатқанымызға 30 жыл болды емес пе?! Тәуелсіздік алғалы бері медицинамызды, ғылымымызды, білімізді дамытамыз деп сонша ышқынсақ та, бұл салалардың ыңыранып, өрге бір баспай қойғаны тағы ақиқат. Енді осы 30 жыл кең көсіліп, шарықтай алмаған  салаларды «Ұлттық жобалар аясында дамытамыз» деу қаншалықты қисынды?!

Бұдан бөлек, Келімбетовтің айтуынша, жоба аясында гуманитарлық бағдарламаларға, оның ішінде креативті индустрияларды дамыту, болашақта мәдени әлеуетті қоғам құру тұрғысынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына да мән берілмек. Сондай-ақ агенттік төрағасы агроөнеркәсіп кешені Қазақстанның маңызды драйвері екенін де қоса айтуды ұмытпады. «Бұл салаға үкімет ерекше көңіл бөліп отыр. Аталмыш секторға ауқымды ресурстар тартылып жатыр. Мәселені талқылау барысында мемлекеттік органдар мемлекеттегі екі есе артық ресурс көлемін бөлуді ұсынды. Пікірталас барысында бюджет мүмкіндігінің бары айтылды. Алайда оның мүмкіндігі алдағы бес жылмен шектелген», – деді Қайрат Келімбетов.

Келімбетов бұл мәселеде мемлекет қаржысымен шектеліп қалмай, жеке қаражат тарту керегін де жеткізді. «Басымдықты бюджетке емес, көбінесе инвестиция тартуға, кредиттің қолжетімділігі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы ойлануға, яғни бюджет шығыны есебінен емес, экономикалық өсім мүмкіндіктерін барынша, қарастыруға  міндет қойылды. Оны президент үкіметке жүктеді. Ол бойынша үкімет жұмыс істейді», – деді агенттік төрағасы. 

Ал енді есептеп көрсек, бұл ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 80 трлн теңге қаражат керек екен. Бұл – әр жылға шаққанда шамамен 15 триллион теңге. Негізінде,  бұл қаражат бюджеттің барлық шығынынан көп. Мұндай қаржы тіпті таршылықта  үкімет қайта-қайта қол салып, кепіл қаражат алатын Ұлттық қорда да жоқ. Сонда бұл жобаларды жүзеге асыру үшін Келімбетов үкіметке қаражатты қайдан ал деп отыр? Әлде тағы да қиялға беріліп, «дамып жатырмыз» деген аңыздың айналасынан шыға алмай, тағы 30 жыл жүрмекпіз бе?!

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, ұлттық жобалар алдағы тамыз айында жүзеге аса бастауы тиіс. «Бірақ жобалардың бірден қуат алып кетуіне толыққанды дайынбыз» деп айту қиын.

– Негізінде, ұлттық жобалар үш талапқа сай келуі керек. Біріншіден, тұтас елге оң өзгеріс әкелуі тиіс. Екіншіден, оны орындауда жобалық әдіс пайдаланылуы керек, яғни жоба дайындалған кезде нақты және ақырғы циклі көрініп, қанша қаражат жұмсалатыны, қанша пайда беретіні анық болуы шарт. Үшіншіден, жобалар әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартып, мәселелерін шешіп, әл-ауқатын көтеруі қажет. Өз басым қазіргідей экономикалық әлеуетпен  бұл жобалардың бірден моторлы қайықтай дүрілдеп кетеріне сенбеймін. Осы жолы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «реформалар кеңесі қиялилардың клубына айналмауы керегін» айтты. Мен, керісінше, «бұл арада қиялилар отыр ма» деп күмәнданамын. Себебі – 80 трлн теңге. Жыл сайын 15 трлн теңгені тек ұлттық жобаларды орындау үшін жұмсасақ, басқа жобаларды қайтеміз? Халықтың әлеуметтік төлемақысы, жәрдемақы, зейнетақыны не істейміз? Әлде тағы мемлекеттік қарызды көбейтіп, қарыз сұраймыз ба? Сондықтан бұл дұрыстап ойланатын жайт, –дейді қаржыгер.

 Мамандардың пайымынша, қазір бізде мұндай жобаларды орындайтын күш-қуат аз. «Келімбетов осыны қиялына сыйдыру керек те, үкіметке мәселені ашып айту керек» деседі сарапшылар.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, тап қазір біз үшін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік орната қоятын да әлеует төмен. Себебі былтырдан бері кәсіпкерлердің күйісі кетіп, бизнес те тоқырауды қатты сезіне бастады.

– Үкімет көбіне «пайдалы қазбалардан,  металл өндірісі мен оны өңдеудің өсуінен экономика дамып келеді» деп есептейді. Бірақ бұл салада жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 500 мыңнан аспайды. Ал пандемия салдарынан құлдыраған сауда мен транспорт, көлік байланысы салаларында 5 миллионнан астам ел азаматтарының қызмет ететінін ескерсек, шын мәнінде экономикалық белсенді халықтың жартысы табысын жоғалтқанын аңғаруға болады. Мұндайда «ұлттық жобаларды жүзеге асырамыз, оларға бюджеттен қаражат шығармай, жекелеген инвестор тартамыз, жекеменшік-мемлекеттік серкітестікті арттырамыз» деу қисынға келмейді. Сондықтан, расымен де, бізге иллюзиядан шығу керек, – дейді профессор Жұмаділда Баяхметов.

Негізінде, ойлап қарасақ, бізде қиялы жүйрік шенеуніктер жетерлік. Мысалы, қайбір жылы осы Қайрат Келімбетов  ағылшындық Bloomberg басылымына сұхбат беріп, қызды-қыздымен Қазақстанды Орталық Азияның Сингапурына да теңеп жіберген. Содан бері Сингапурға айналған Қазақстанды көрмедік. Тек сол сұхбаттан кейін ағылшындар бізге біраз уақыт күліп жүргенін білеміз. Ақиқатын айту керек, қазір елдің тұрмысы жүдеп, қымбатшылық қос өкпеден қысып, тапқаны мен баққаны тоқырауға ұшырап, халық қатты дағдарып отыр. Ал өз әлемінде, Сингапурдегідей, Қазақстанда өмір сүретін біздің шенділер халықтың бұл тұрмысын елеп-ескерер емес. Ендігі біздің қауіп – аталмыш ұлттық жобаларды жүзеге асырамыз деп жүріп, халықты тіптен кедейлендіріп алмасақ болды. Әйтеуір, бұл бастама да қаржыны желге шашудың  жаңа үрдісі болмаса екен деп тілейміз.

Тегтер: ұлттық жоба экономика инновация әлеумет білім ғылым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен
Нұрай РАХЫМ 17.11.2021, 08:59
Ресей Қазақстанның уран кеніштеріне көз тігіп отыр ма?

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30