Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы

Оразәлі СӘБДЕН

29.11.2021, 08:15

1134

Инновация дегеніміз – бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялық жаңалықтарды өндіріске, жалпы, іске асыру. Ал әлеуметтік инновация  қоғамдық қатынастардан шығады. Ол білім арқылы адамның рухани мүмкіндіктерін қанағат еткеннен пайда болады.

       Әлеуметтік инновация өткен ғасырда ғылыми айналымға еніп, әсіресе дамыған елдерде үрдіс ала бастады. Мысалы, әлеуметтік инновация Скандинавия мемлекеттерінде қатты дами бастады. Себебі оларда жаңа білім мен кәсіпкерліктің іске асуы тез жүруде, ал оларға мыңдаған қоғамдық ұйымдар серпіліс беруде. Жаңа өркениет рухани дамуға негізделген: іргелі ғылымға, жаңа білімге, мәдениетке, қоғамның тұрақтылығына, мораль, тәрбие, жанұяға т.б. Осы салаларда инновациялық жаңалықтар көп болу үшін әр мемлекет инвестиция салуды, инновациялық жобаларды жасап, іске асыру қажет.

         Қазақстанға келсек, әлеуметтік инновация саласы дамымаған, енді ғана қолға алына бастады. Оған түбегейлі әсер ететін салалар жаңа білім, ғылым, жергілікті өзін-өзі басқару, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар салаларының деңгейі төмен деп айтуға болады. Болған күнде де, билікке бір жай есеп беру үшін формалды түрде жүргізуде, сананы ашпайды. Ал бұған пайдаланатын жаңа технологиялар жеткіліксіз. Себебі білім мен ғылым нашар дамыған. Әлеуметтік инновация даму үшін біз бұл салаға жүйелі түрде мән беріп, әртүрлі жобалар жасап, инвестиция салып, нәтиже шығаруымыз қажет.

        Халық талантты, әр саладан жаңалықтарды шығаратын тетіктерді жасау керек, мүмкіндіктерді ашу қажет. Кейінгі кезде бір өнер саласынан-ақ Димаш, Данэлия, Максим т.б. таланттар шығуда. Ал басқа салалар қайда, қашан «ноу-хауларды» көреміз деген сұрақтар туады. Мен ғалым ретінде Қазақстан көп ұзамай өркениет елдерін қуып жету үшін үдемелі даму керек деген ойдамын. Ол үшін «Қазақстанның жеті басымдық инновациялық идеясын» ұсынар едім.

          Бірінші, білімді қоғам. Тек білімді қоғам кез келген қиындықты жеңеді. Қазір елімізде білім деңгейі құлдырап кетті, әсіресе жоғары білім сын көтермейді. 80-90 пайыз ақылы оқуда. Біз білімді тауарға айналдырып жібердік. Білімнің мақсаты – сапалы біліммен қатар, рухани адам тәрбиелеу. Бұл межеге жете алмай келеміз, білімді барлық деңгейде тегін оқыту керек. Ең маңыздысы – уақтысында шетел насихатшыларына еліктеп кіргізген, еш пайдасы жоқ, руханияттан алыс, абстракты білімнің Болон жүйесінен кетіп, үздіксіз білім берудің фундаменталдығын, гуманитарлығын, қазіргі заманға сай креативтілігін тез саралап, бұрынғы әлем мойындаған Кеңестер Одағының білім жүйесінен керегін алып, қазақстандық білім берудің өзіндік ұлттық үлгісіне көшуіміз керек.

        Екінші, халықты мүмкіндігінше жұмыспен қамтамасыз ету. Оның түп-тамыры кіші кәсіпті шетелдегідей 70-80 пайызға жеткізу. Қазір бізде кіші кәсіптің үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 20 пайыздан енді астық. «Жұмыссыздық бізде 5 пайыз» дейді билік, ал негізінде 20 пайыздан кем емес. Бұл жерде алысқа бармай-ақ, намыстанбай-ақ, өзбек ағайындардан да үлгі алсақ болғаны. Абайды оқыңыз.

        Үшінші, денсаулық. Қазір пандемияға байланысты денсаулық әлемде бірінші орынға шықты. Біз 19-ақ миллион халықпыз, сондықтан тек сапамен ғана мақсатқа жетеміз. Халықтың денсаулығы жағынан біз артта қалудамыз, кеше коронавирус келгенде де көрдік. Бұл салаға түбегейлі өзгерістер керек. Бөлінетін қаржыны кем дегенде екі есеге көбейтіп, халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұратынын ескеріп, денсаулықты жақсартуды ауылдан, бұқаралық спорттан бастау керек.

         Төртінші, азаматтық қоғам құру. Қазақстанда қоғамдық ұйымдар аз, ал оның өзі тиімді жұмыс істемейді, үкіметтен қолдау нашар, болған күнде де, биліктің сойылын соғу үшін қызмет еттіруге арналған. Бір-ақ мысал, Финляндияда бар болғаны 5 млн халыққа 120 мыңнан аса мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар бар, ал бізде 10-20 есе аз. Жалпы, Қазақстанның даму келешегі негізінде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды жаңғыртудағы белсенді жұмыстарына байланысты болмақ.

        Бесінші, рухани жаңғыру. Мәдени-рухани жаңғыруды тек кейінгі кезде қолға ала бастадық, оның өзі кейде бір партияның жалауына айналуда. Қазір шындық дамыған мемлекеттердің өздері тек баюды ойлап, ал рухани құндылықтар артта қалған уақыт. Әлемдік кризистің өзі рухани азғындықтан туындап отыр. Алдағы уақыттарда әлемдік үрдіс осы кемшіліктерді жою үшін мәнді әлеуметтік инновацияға беру керек болып тұр. Елді алға жетелейтін әлеуметтік сала, мысалы мәдениет, білім, ғылым, спорт, денсаулық, туризм. Зиялылар да, таланттылар да осылардан шығады. Қазақстанның келешегін болжап беретін, даму жобаларын жасайтындар да осылар болғандықтан, біз Советтер Одағынан әлі күнге дейін «остаточная сфера» деп атайтын жолдан кетіп, бұл салаларды дамытуға басымдық беруіміз қажет. Осындай қиын кезеңде, мүмкін, «мәдени ренессанс» жасау елдің дамуына бір серпіліс берер.

         Алтыншы, өзін-өзі басқару жүйесі. Отыз жыл бойы аңсап келе жатқан бір проблема – біз әлі күнге дейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жасамадық, мүмкін, әдейі, білімсіз халықты басқару жеңіл болды. Егер мемлекетті бір адам билеп-төстесе, жергілікті жерлерде де сол принцип сақталады. Оның аты «әкім айтты – болды», заңды. Депутатты да халық емес, әкім сайлайды, шенеунікті де әкім қояды, кредитті де кім-кімге беру әкім арқылы, не керек, сол ауданға барлық кірісті де, шығысты да әкім реттейді. Сөздің қысқасы, әкімсіз шыбын ұшпайды. Қазір пара алмаған, пара бермеген адам қалмай бара жатыр. «Мешкей деген жақсы ат емес». Бұл сұмдықты тоқтатпаса, басына балта шаппаса, аяғы үлкен апатқа алып келеді. Не сұмдық, талай айтсақ та, осы күнге дейін жергілікті өзін-өзі басқару заңы парламентте қабылданбаған. Бұл деген сөз – жергілікті халықты қорлау, ешкімге ештеңе керек емес. Осылай басқара берсе болды. Бір-екі адам құқықтарын қорғап бас көтерсе, оларға кредит беруден бастап, барлық есік жабылады. Тоқетері – реформаны жергілікті жерден бастау керек, тиісті заңдарды қабылдап, жұмыспен қамтамасыз ету т.б. барлық жағдайды әр ауыл тұрғыны үшін жасау қажет. Ауыл көтерілмей, ел, мемлекет көтерілмейді, дамымайды.

         Жетінші, мемлекетті жаңаша басқару парадигмасы. Жаңа басқару жүйесін жасау қажет. Жоғарыда айтылған алты проблемадан кейін Қазақстан жағдайының мүшкіл екенін көруге болады. «Балық басынан шіриді» демекші, әңгіме билікте болып тұр. Елімізде жоғарыдан төменге дейін билік былығып біткен. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші, ақшасыз, парасыз ештеңе шешілмейді, мәселе тек оның көлемінде жоғары жақта үлкен, облыста орташа, ауданда аздау пара беріп, шеше бер мәселеңді. Ұлы Абай айтпақшы, «Қорқытпай, параламай, ақылмен, не жерлеп, не сырлап айтқанмен, қазақты еш нәрсеге көндіру мүмкін еместің» кері келіп тұр. Әттең, қазір бізге ХХІ ғасырдың Абайы ауадай қажет болып тұр. Қазір кейбір  дамыған мемлекеттердің де үлкен қиындықпен күрескенін, революциялық өзгерістерге барғанын, кейін тарих толқыны арқылы жарыққа шыққанын ұмытпайық. Жай ғана ештеңе болмайды, үлкен серпіліс, терең қиындықпен күрескеннен шығады. ХХІ ғасырда осылардың бәрімен күресіп, алып шығатын қару, алып күш – ол адамның әлемдік танымы, оның жоғары технология заманында сезімталдығы, адамгершілігі. Бұл заманда азғантай берілген уақытты жіберіп алмай, дер кезінде адами қасиетпен сол адамзаттың өзі үшін пайдаланып қалу.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
"Қазақстан халқына" қорына ең ірі сома түсті
Оразәлі СӘБДЕН 20.01.2022, 17:41
Өзгеретін кез келді
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 20.01.2022, 14:13
Сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Жалған статистика ауылдағы нақты жағдайды көрсетпей отыр»
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 20.01.2022, 08:50
Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
Сайт әкімшілігі 18.01.2022, 11:40
Жаңа министр Қазақстан экономикасын қалай қуаттандыратынын айтты
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.01.2022, 08:38
Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48