Алмасбек САДЫРБАЕВ: Қырғыздан сүт, Белорустан ет тасып әлекпіз

Жарас КЕМЕЛЖАН

11.11.2021, 12:00

2206

Өткен аптада Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Екібастұзға іссапармен барып қайтты. Президент бұл жолғы сапарында бұдан былай ауылшаруашылық саласын субсидиялауға бөлінген қаржының қадағаланатынын атап өтті. Ақша жүрген жерде: пара беру, пара алу деген сияқты «бармақ басты, көз қысты» жымысқы әрекеттер бірге жүреді. Бұл – біздің елде қалыптасқан жағдай. Жемқорлықтың кесірінен шығар, соңғы 5 жылда Қазақстанның агросаласын қаржыландыруға қазынадан 2 трлн теңге бөлінгенімен, қаржының көп бөлігі қажетті жеріне жетпеген. Мемлекет бөлген ақша жергілікті атқамінерлер мен әкім-қаралардың қалтасына түсетіні, қарапайым шаруаға жетпейтіні бұрыннан айтылып жүр. «Шопан ата» қой шаруашылығы қауымдастығының басшысы Алмасбек Садырбаев президент тапсырмасының облыс-аймақтарда қалай атқарылып жатқанын көзбен көру үшін еліміздің барлық аймақтарын аралап, шаруалармен кездесіп, фермерлердің талабын әкімдерге айтып, үлкен жұмыс жасап жүр. Біз Алмасбекті Атырауға барған сапарынан кейін жолықтырдық.

 

– Алмасбек мырза, соңғы кездері облыс-аймақтарды аралап, мал баққан жұрттың мұң-мұқтажын көтеріп, шаруалардың шаруасына белсене кірісіп жүрсіз. Күні кеше Атырауға барып қайтыпсыз. Ол жақта шаруалардың қандай мәселесін шешіп келдіңіз?

– Әр аймақтың өзіне тән ерекшелігі бар. Бір өңір жаратылысынан қуаңшылыққа бейім болса, тағы бір аймақ жауын-шашынды келеді. Қазақ жерінің оңтүстігі мен батысы шөл, шөлейт болса, солтүстік пен шығыс аймақтарымыз жауынды, қоңыр-салқын. Дегенмен, жалпы Қазақстан фермерлеріне ортақ, қордаланған күрделі мәселелер бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ол – су мен субсидия мәселесі. Сонымен бірге жергілікті әкімшілік қызметкерлерінің шаруалармен кездесуі, ортақ мәмілеге келуі мүлде сирек. Олардың шаруалармен, халықпен кездесуі – қалыпқа түсіп қалған көзбояушылық қана. Яғни кез келген облыста ірі шаруа қожалықтары болады, қожайындары депутат немесе шенеуніктер. Жергілікті әкімдер солармен ғана кездеседі. Ал былайғы қарапайым ұсақ шаруа қожалықтарына ешкім қарамайды. Олардың малы аштан қырылып жатса да, шөлден қаталап өлсе де, жергілікті атқамінерлер былқ етпейді.

Атырауға барғандағы негізгі мақсатым – шаруалардың мәселесін көзбен көру, жергілікті билікпен бірге сол түйінді шешу болатын. Атырауда су мәселесі өте өзекті екен. Яғни Жайықтың суы бұрынғыдан бірнеше есе азайған. Содан кейін каналдардың жағдайы – кезек күттірмейтін мәселе. Оны «Қазсушар» шеше ме, әлде «Атырау облысы Су Арнасы» жауапты ма? Ол жағын зерделеу қажет. Одан кейін жем-шөп субсидиясы мәселесіне келгенде, Атырау әкімдігі шаруаларға талапты өте жоғары қойыпты. Нақтырақ айтсақ, ірі қара, жылқы, түйеге 50 бастан артық болғанда ғана субсидия береміз деген. Біз соны Атырау әкімімен келісіп, ортақ мәмілеге келгендей болдық. Құдай қаласа, бұдан былай 50 емес, 25 басқа субсидия төленетін болады. Тағы бір сүйінші сұрайтын хабарымыз бар. Атырау әкімімен келісімге келдік. Әкімдіктің жанынан ауыл шаруашылығын дамыту бойынша кеңес пе, құрылтай ма құрылатын болды. Онда ұсақ шаруашылықтардың мәселесі шешіледі. Сонымен бірге шаруа қожалықтарының жерінен электр бағаналары, су жүйелері, газ құбырлары өтуі керек. Ол да әкімдікке тіреліп тұрған шаруа екен. Осы сапарда оның да түйінін тарқатып қайттық.

Осыдан жарты ай бұрын ғана Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бәстесіп қалыпсыз. Білдей бір облыстың әкімін бәске шақырған қандай әңгіме еді? Бәстен кім жеңді?

– Бердібек Сапарбаев бізбен кездескенде әңгіменің беташарын дұрыс бастамады. Біз ол кісіден: «Бәлкім, сіз шаруалардың мәселесін толық білмейтін шығарсыз?» – деп сұрадық. Әкім: «Бәрін жақсы білемін» – деп бізді сөйлетпеді. Сосын сол жерде мен: «Онда сіз бәрін білетін болсаңыз, бұрын өзіңіз басқарған Ақтөбе облысында шаруаларға көптеген жеңілдік жасалып жатыр. Облыс әкімі екі жылдан бері жем-шөп субсидиясын төлеп отыр. Ірі қараға – 30, жылқыға – 20, қойға 5 мың теңгеден беруде. Шаруаны ойлаған әкім осындай болу керек», – дедім. Сонда Бердібек көкеміз: «Оның бәрі өтірік. Ондай жеңілдік жоқ. Мүмкін емес», – деп бетбақтырмады.

Мен бұл мәселені өте жақсы білетін адаммын ғой. «Сондай жеңілдік жасалып жатыр», – дедім екінші қайтара. Бекең қоймады. «Бәстесейік» деп өзі ұрынды. «Мейлі, бәстесейік. Егер сіз жеңілсеңіз, Жамбыл облысындағы шаруалардың 50 пайызына Ақтөбеде беріліп жатқан субсидияны бересіз», –  дедім. Әкім өз сөзінен өзі тайып кетті. «Бәстеспеймін!» деп өзінен-өзі бұрқылдасын. Негізі бәстен мен жеңіп тұрған едім.

– Ауыл-аймақты аралап жүрсіз. Биылғы қуаңшылық қай аймақтарға қатты тиіп жатыр? Жазда жұтаған мал қыстан қалай шығады? Өңір-аймақтағы жағдайды, малдың күй-жайын жеке-жеке атап айтып берсеңіз.

– Қуаңшылықтан қысылған аймақтардың ішінде жағдайы ең ауыры – Маңғыстау облысы. Одан кейін Атырау мен Батыс Қазақстан, сосын Қызылорда облысы. Түркістан мен Жамбыл облысы да бар. Тіпті бір шеті Алматы облысымен шектесіп жатыр. Бірақ барлық өңірде апатты жергілікті әкім-қаралар мойындап жатқан жоқ. Шаруалардың жанына бататыны сол. Ал әкімдері қуаңшылықты мойындаған өңірлердің өзінде дұрыс жағдай жасалып жатқан жоқ. Алажаздай ашығып, қоң жинамаған малдың алты ай қыстан қалай аман шығатынын білмеймін. Маңғыстауда жуырда ғана екі-үш күн қар жауып, қара суық ұрып еді, арық мал үрпиді де қалды. Алда қақаған қыс, ішектей созылған көктем бар. Мал-жанның қыстан қалай шығатынын бір Алла білсін.

Қазір аймақтарда жем-шөптің дайындығы нашар. Баға аспандап тұр. Шабындықтың жағдайы жазда дұрыс болған жоқ. Тіпті күздің басында ғана мақтанған БҚО мен ШҚО-ның шаруалары зар илеп отыр. Әкімдер үкіметке өтірік есеп беріп, шөп мол, жем жеткілікті деген еді. Өтіріктері өрге беспады. Әкімдер мен министрлердің қағаз жүзіндегі есептеріне сенсеңіз, шаруалар қысқа 100 пайыз дайын. Ал шындығында олай емес. Елді аралап жүрген соң білемін. Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы жағдайдың қиын екенін халық жақсы түсінеді. Жазда жұтаған малдың кемінде 30 пайызы қыстан шыға алмайтыны анық әңгіме. Тіпті апатты аймақтар: Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының кейбір өңірлерінде шаруалар қойды күйекке түсірмейміз деп отыр. Онысы түсінікті. Арық мал төлдемек түгілі, қыстан қара басын аман алып шықса, сол – олжа.

– Маңғыстау мен Аралға жұрт болып жұмылып, жинаған шөп шаруаларға толық жетті ме? Әлеуметтік желіде шөптің әділетсіз бөлінгені, тіпті саудаға түсіп, таныс-тамырға тартып кеткені айтылып еді. Сол қаншалықты рас әңгіме? Сосын, осы апатты аймақтардағы мал жемінің дәл қазіргі уақыттағы бағасы қалай болып жатыр?

– Бүкіл Қазақстан болып жинаған шөп қуаңшылықтан жұтаған жұрттың бәріне толық жеткен жоқ. Оны анық айта аламын. Жалпы, шөпке шын мұқтаж болып отырған халықтың 1 пайызына жетсе, соның өзі – үлкен еңбек. Асарды бастаған: Құрмет бауырымыз, Ақтөбедегі Балнұр қарындасымыз, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы мен Жаркенттің жігіттері жинаған бірнеше он мың тонна жем-шөп шаруаларға қажетті қордың 1 пайызына жетсе, соның өзі үлкен олжа болып отыр. Қалған 99 пайыз шаруа әлі қысылып, қымтырылуда. Үкімет бөлген 9,5 млрд теңге жететін жеріне дұрыс жетпеуде. Президентке рақмет, пәрмен берді! Бірақ төмендегілердің тапсырманы орындауында шикілік басым. Жергілікті әкім-қара мен атқамінерлер бөлінген ақшаның қажетті жеріне жетуіне жауапгершілік танытпауда...

Жемнің дәл қазіргі уақыттағы бағасы аспандап тұр. Кебектің өзі 100 теңгеден асып кеткен. Бидай 140 теңгеден сатылуда. Арпа-бидайдың мол қорын Өзбекстан сатып алды. Бидай өзімізде өңделмеген соң кебектің қымбат болатыны заңдылық.

– Қазір дамыған елдерде табиғи өнімге сұраныс қайта артуда. Химиялық талшықтан гөрі қой жүні мен қой терісінен тоқылған, тігілген киім «модада». Бізде жүн мен тері кәдеге жарап жатыр ма? Мысалы, арқар меринос қойының жүні Қазақстан нарығында сұранысы бар ма? Ал Еділбай тұқымды қазақы қойдың жүні мен терісі ше?

– Экологиялық таза өнімді қазір әлемде қолы жеткендер ғана тұтынады. Өйткені ондай өнімдердің өндірісі де, тұтынушысы да бөлек. Ал біздің елде қойдың жүні, терісі, тіпті бас-сирағы, ішек-қарны кәдеге жарамай қалғалы қашан? Бұл – отыз жылдан бергі тенденция. Ал өзіңіз айтып отырған арқар меринос қойы Кеңес үкіметі кезінде барлық қой шаруашылығының 70 пайызын ұстайтын. Қазір сол атақты тұқым жалпы қой санының 15 пайызына әрең жетеді. Тіпті жылдан жылға азайып барады. Бұл біздегі ғана жағдай емес. Әлемдегі басқа елдерде де солай. Өйткені жеңіл өнеркәсіп қатты дамып кетті. Жүнге деген сұраныс азайды. Жүннің қызметін қолдан жасалған химиялық талшық, басқа да маталар алмастыруда. Арқар меринос қойы ғана емес, Еділбай тұқымының да жүні сұраныста жоқ. Себебі: таза Еділбай тұқымды қой бұрынғыдан аз. Оған гиссар тұқымды қой араласып, Еділбай қойының жүнін бүлдірді. Еділбай қойының жүні мамық, жұмсақ келеді. Ал гиссар қойының жүні қылшықты, қатты. Ондай жүнді киімге пайдалану қиын. Гиссар мен Еділбай тұқымының буданы мал ретінде сұранысқа ие болғанымен, жүні нашар.

– Ауылда сүт арзан. Тіпті үлкен қалалардан алыс аудан, ауылдарда сүт ит басына іркіт болып төгіліп жатады. Бірақ біздің үкімет ұялмай-қызармай Қырғызстан мен Белоруссиядан сүт және сүт өнімдерін тасып әлек. Аграрлы елміз, бірақ етті Еуропадан әкелеміз… Осы парадоксті түсіндіріп бере аласыз ба?

– Бұл парадокстің түсінбейтін еш қиындығы жоқ. Бұл – агросаясат. Егер үкіметтің агросаясаты елдің қамын ойлайтын болса, азық-түлік бағасының қымбаттамауын көздесе, өз өндірісін қолдаса, агросаясат бай-бағланның ғана емес, қарапайым халықтың тұрмысын ойласа, өзіміздің фермерлердің өндірісін дамытқысы келсе, онда біз Еуропадан ет тасып, Қырғызстанның сүтін тұтынбас едік. Мен кеше ғана Бероруссиядан келген агро өнімдердің көрмесіне барып қайттым. Ішім удай ашыды. Біріншіден, ол –  Қазақстан мен Белоруссия бірігіп өткізген көрме. Екі елдің үлесі елуде елу болу керек еді. Бірақ көрмедегі өнімнің 90 пайызы – Белоруссия мен Ресей өнімдері. Бізден «Бижан» компаниясының өнімдері ғана тұр.

Қысқасы, Қазақстанның агросаясаты Ресей мен Белоруссияның саудасын ғана жүргізіп, соларға нарықты беріп отырмыз. Ал өзіміздің өнім өндірушілерді тұншықтырып жатыр. Бұл парадокстің мәні Қазақстанда сауатсыз агросаясаттың салтанат құрып тұрғанын көрсетеді. Өйткені Қазақстан ауылшаруашылық саласын кәсіби мамандар басқармайды. Бізде қашан ауылшаруашылық саласын кәсіби адамдар басқарып еді? Ешқашан.

– Жемқорлықпен атымыз озып тұрған елміз. Ауыл шаруашылығы саласына да бұл індеттің аяғы жетті ме? Жеткен болса, өзіңіз естіген, көзіңізбен көрген, саланың жұмысын ақсатқан бір-екі мысал атап айтып берсеңіз. Мәселен, субсидия мәселесінде әкімдік жағалаған пысықтар тышқақ лағы жоқ болса да, субсидия алады дегенді естіп едік…

– Менің көргенім мен естігендерім – шаруалардың жанайқайы. Түркістан облысына Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің заңы жүрмейді. Тіпті Қазақстан үкіметінің де заңы жүрмейді. Ол жақта – басқа заң, басқа әлем. Бүкіл Қазақстан резервте тұрған субсидияларын төлеп жатыр. Тек Түркістан облысы ғана тырс етпей отыр. Себебі: жергілікті әкімдіктің ауылшаруашылық басқармасындағылар келген шаруалардан пара сұрайды екен. Яғни шаруа өзіне тиесілі субсидияның 10 пайызын берсе, келген шаруасы шешіледі. Бермесе, бір тиын да ала алмайды.

Қысқасы, аталған өңірде қаншама шаруаны зар илетіп, жылатып, қан-қақсатып, осындай арам тірлік жасалып жатыр. Мұны шешу – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің ғана қолында. Маған Түркістан облысының 500-ге жуық шаруалары хабарласып, осы мәселені шешудің жолын сұрап: «Әкімге кіреміз, қордаланып қалған мәселелерді әкімге айтамыз», – деп ашынып отыр. Фермерлердің шаруасын шатқаяқтатып отырған өңірлердің арасында, шынымен де, Түркістан облысы көш бастап тұр.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктерді, заңсыздықтарды айтып, оны әлеуметтік желіде жариялап, үнемі шаруалардың мұң-зарын көтеріп, жоғын жоқтап жүресіз. Жоғарғы жақтағы дөкейлерден немесе облыс, аудан көлеміндегі әкім-қара, үлкен-кіші шенеуніктерден қысым көрген кезіңіз болған жоқ па?

– Менің жасап жатқаным – қазақтың мал баққан шаруасының қамы. Фермерлердің басын біріктіру, мемлекеттің агросаясатын түсіндіру, шаруалар өздерінің құқықтарын білсе деген ой ғана менікі. Бұл – менің азаматтық жауапгершілігім. Мені ауыл, аудан, облыстардағы әкім-қаралардың көбі жақсы көрмейді. Көрген жерде жыландай жиырыла қалады. Өйткені мен өзіме жүктелген жауапгершілікті атқару жолында ешкімнің қызметіне, мансабына, байлығына, атақ-даңқына қарамаймын. Менің жалғыз мақсатым – мал баққан шаруаның құқығын қорғау, шаруасын қолдау.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30