«Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз»

Айжан БҮРКІТБАЕВА

03.11.2020, 04:11

3015

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 8,6 пайызы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Бұл – бай-бағландардың қалтасына қызығатын жарлы-жақыбайлардың саны 2 миллионды өкшелеп тұр деген сөз. Елдегі күнкөріс деңгейінен төмен, яғни 32 668 теңгеден аз табатын 1,7 млн қазақстандық өлместің күнін кешіп отыр. Дүниежүзілік банк көрсеткішіне сәйкес, Қазақстан кедейлік шегін шектей алмай жүрген мемлекеттер қатарынан орын тепкен.

        Осы тұрғыда білікті экономист Мақсат Халық былай деп пікір білдірді:

– Қазіргі таңда ең төменгі кірісі бар азаматтардың саны ұлғайды. Кедейлікке әсер ететін негізгі факторлар ретінде азаматтардың төлем қабілетінің төмендеуі мен теңгенің құнсыздануын алуға болады. Біз өнімді көбіне шетелден аламыз. Мысалы, төтенше жағдайға байланысты білім беру саласының барлығы онлайнға көшті. Сол кезде планшет, ноутбуктарға сұраныс артты. Ал бізге техникалар шетелден келгеннен кейін олардың бағасы аспандаған болатын.  Сол сияқты дәрі-дәрмек те тапшы болды. Олар да шетелден келгендіктен, бағасы үш есеге дейін қымбаттады. Осылардың барлығы қарапайым халықтың төлем қабілеттілік деңгейіне кері әсерін тигізді. Халықтың айлығы шайлығынан артылмайды. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайы нашар деп айтуға толық негіз бар.

Қазақстан – Менделеев кестесінің 99 элементін еншілеп отырған мемлекет. 1990 жылы жер қойнауындағы байлықтың бағасы 10 триллион долларға бағаланған. Алайда жері бай елдің халқы неге байымайды?

         Мақсат Халық кедейлік синдромынан арылу үшін шикізатты өзіміз өндіруіміз керек екенін  айтады:

– Кедейліктен арылу үшін ЖІӨ үлесін көтеруіміз керек. Ал ЖІӨ өсу үшін өзіміз өнім өндіріп, қайта өңдеу саласын дамытуымыз қажет. Бізде шикізат бар. Ал ол шикізатты өңдеу мәселелері жолға қойылмаған. Бізде мал, егін, ауыл шаруашылығы бар. Бірақ солардан шұжық, консерві жасау деген сынды өндіріс жоқ. Біз шикізаттың өзін сатқаннан гөрі өндіріп саудалайтын болсақ, ұтар едік. Сонымен қатар бізде білікті мамандар өте аз. Нарыққа қажетті нақты маман, кадр дайындау мәселе болып тұр, – дейді экономист.

Еліміздегі карантин салдарынан халықтың 45 пайызы табыс көзінен айырылған. Мемлекеттік жәрдемақы да ең төменгі жалақы мөлшерімен берілген болатын. Алайда 42 500 теңге ел азаматтарының жыртығын жамай алмағаны анық. Сондықтан биылғы пандемия кедейліктің керегесін кеңейтіп отыр.

– Елде еңбекке жарамды шамамен 10 млн адам бар. Соның 4,5 миллионы жұмыссыз қалып отыр. Төтенше жағдай тұсында ұлттық экономика министрлігі жұмыссыздық 4,8 пайыздан 5,8 пайызға өсті деп айтты. Яғни 100 адамға өсті деп келтіріп тұр. Экономистер бұл статистиканың дұрыс емес екенін айтты. Жұмыссыздық 4,5 пайыздан 5,8 пайызға түсіп кетуі мүмкін емес. Қазіргі жұмыссыздық көрсеткіші, біздің есебімізде, 20 пайызды көрсетіп тұр, – дейді Мақсат Халық.

Дүниежүзілік банктің есебі бойынша ең төменгі күнкөріс шегі күніне кем дегенде 5,5 доллар болуы керек. Яғни айына 60 мың теңгеден аз жалақы алатындар кедей болып саналады. Ал бізде аз халықтың көбі 32 мыңды місе тұтып, кедейлік кебін киіп отыр. Сонымен қатар әлемдік стандарт бойынша жалпы ішкі өнім 10 мың доллардан кем болса, жұпыны мемлекет ретінде есептеледі. Ал елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6-7 мың долларға табан тіреп тұр. Демек, қойнауы қазынаға толы мемлекет әлі де «алтын сандық үстінде жалаңбұт отыр» деген сөз.

Осы тұста Мақсат Халық біздегі кедейлердің саны статистикадан екі есе көп екенін айтады:

— Дүниежүзілік банк көрсеткішін есептейтін болсақ, ең төменгі күнкөріс шегі шамамен 70 мың теңгенің маңайына барады. Сонда бізде күнкөріс шегі 70 мың теңге болуы керек. Ал ең төменгі жалақы деп көрсетілген 42 500 теңге 70 мыңнан асуы қажет. Біздегі көрсеткіш бойынша ең төменгі күнкөріс 32 мың теңгені көрсетеді. Сонда күніне шамамен 1000 теңгеден ғана бөлініп тұр. Ол 2,5 долларға да жетпейді. Яғни елдегі төменгі күнкөріс екі есе аз болып тұр. Егер де біз бұны әлемдік санаттар бойынша есептейтін болсақ, Қазақстандағы кедейлердің саны екі еселенеді. Бізге ондай есептеу жүйесін енгізбей отыр. Бұл – атқарушы биліктің мойнында тұрған үлкен сын.

Біздің үкімет әлемдік рейтингте төмендеп кетеміз немесе әлемдік қауымдастықтың бізге деген көзқарасы өзгеріп кетеді деген позицияны ұстанатын секілді. Осы тұрғыда сандарды бояп көрсетуі мүмкін. Сондықтан да статистика комитетін ұлттық экономика министрлігі қарамағынан бөлек шығару керек.

 Америкалық жазушы Дарона Аджемоглудың «Неге бір мемлекет бай, бір мемлекет кедей өмір сүреді» деген кітабы бар. Сонда мемлекеттің бай, кедей болуы ел ішіндегі халықтың өмір сүруіне, өркендеуіне жасалған жағдайға байланысты екенін айтады. Біздегі кедейліктің де басты себебі – осы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 14:41
Қазақстан экономиканы сауықтыру үшін 1,5 млрд еуро қарыз алады
Сайт әкімшілігі 14:18
Зейнетақыны пайдалануда 10% салық ұстау жөніндегі заңды Мәжіліс кері қайтарды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 23.11.2020, 15:53
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасы ұшып тұр
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 10:49
Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
Қарлығаш Зарыққанқызы 20.11.2020, 09:33
Мемлекетке масыл болған банктер арқылы ДСҰ талаптарын орындай аламыз ба?!
Сайт әкімшілігі 19.11.2020, 16:09
2021 жылы жұмыссыздық дендесе 42 500 теңге төлене ме?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56