Аналардың зейнетке шығу жасын қайта қарау керек

Бифат ЕЛТАЕВА

13.10.2020, 11:25

4224

      Елімізде Қазақстан Республикасының зейнет­ақымен қамсыз­дандыру туралы 2013 жылғы 14 маусымдағы заңына сәйкес, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан 2027 жылға дейінгі кезеңде әйелдердің зейнет­керлік жасын кезең кезеңімен ұлғайтатын заң күшіне енгізілді. Яғни, осы заңға сәйкес, нақтырақ айтсақ, жарты жыл сайын зейнетке шығу жасы ұлғайып отырады. Бұл заңның күшіне енуі біраз адамды уайымдатып тастағаны анық. Себебі, қазақтың «ана жер» дегені «әудем жер» дегеніндей, кешегі тоқырау жылдарынан бері әрең дегенде жұмыс тауып, нәпақасын асырап жүрген жасы егделенген аналар үшін әр жарты жыл арасында ары қарай секіріп отыратын алты айыңыз алты айшылық жол секілді жеткізе қоймай, жылдан жылға қиындық тудырары түсінікті.  Ауыр жұмыс істейтін аналар қатары да аз емес, мәселен, теміржол бойында, кен қазу жұмыстарындағы, жүргізуші болып жұмыс атқаратын нәзік жандылардың орнына  әркім өзін қойып көрсе, қандай қиындық күтіп тұрғанын шамалай алады.  

   Статистикаға қарасақ, елімізде қарттар саны да аз емес, мұның үкіметке қаржылық салмағы да бар екендігі түсінікті, алайда жұмыс істеп тыртаңдап жүрген әйелдердің де көбінің денсаулығы мәз еместігі бесенеден белгілі. Әсіресе, қара жұмыс істеп жүрген әйелдерге ауыр тиерін тағы да қайталап еске салғым келеді. Қай тарапқа салсаңыз да ең құнды нәрсе – Адам! Оның денсаулығы! Қартайған шағында жылы үйде немерелерін бағып отырамыз деген аналар арманын жоғарғыдағы тәртіп көсеуімен алыстай түсері анық. Бірі салқын жерде еден жуып, хлор иіскеп жүрсе, бірі белі қайысқанша аула сыпырып ауыр жұмыс жасап, не болмаса, жасы келген егде жанның компьютердің алдында сығырайып, көзі талып отырғаны – үлкен кісілерге өте ауыр. Ал керісінше, бұл заңды құптайтындар да баршылық. Олар кім десеңіз, лауазымды қызметте жүрген әйелдер. Олардың құптайтын да жөні бар. Неге десеңіз, жылы, жайлы креслода отырып, жұмыс істеп, жыл сайын курорт аралап, денсаулығын күтіп жүргендер зейнет жасына жеткенімен жылы орнын қия қоймайды. Ал ауыр жұмыс істейтіндердің қатары әлгі мәреге жеткенше сирей түсуде?! Бұл мәселенің бір жағы болса, оның үстіне, қазір елімізде қолдарында дипломы бар, жоғары білімді жұмыссыз жастар өріп жүр. Демек, зейнет жасы қысқартылса, жастарға да орын табылар еді.

  Бұл жөнінде әлеуметтанушылар мынадай пікірлерімен бөлісті.

Гүлмира Сұлтанбаева, Саясаттану ғылымының докторы, профессор:

— Ер азаматтарға қарағанда отбасы жағдайында әйел адамдардың үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында. Сол себепті, әйелдердің зейнет жасының ұзарғанын қаламаймын. Оның үстіне, бала босанған соң, әйелдерде қартаю процесі де тез жүреді. Негізінен, 58 жаста, әрі кетсе 60 жаста шыққандары дұрыс деп ойлаймын. Осыған байланысты заң күшіне енбес бұрын, БҰҰ әйелдерге қатысты ұйымы болсын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрліктерінің қатысуымен әйелдерден сауалнама алынып, бұл мәселе кеңінен қарастырылуы тиіс еді. Қазір көп реформаларға өзгерістер енгізіліп жатқандықтан,  әйелдер мәселесін де қайта көтерген дұрыс.

 Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

— Қазақстанда зейнетке шығу жасын, соның ішінде әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең кезеңімен ұлғайту – халықтың өмір сүру жасының ұлғаюымен байланысты деп ойлаймын. Мысалы, 2005 жылдары әйелдердің өмір сүруінің ұзақтығы 70-71 жас болатын болса, қазірде ол 77 жасқа көтерілген. Яғни, бізде өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Соған байланысты бізде 2027 жылы зейнетке 63 жаста  шығу көзделген. Бұндай тәжірибе әлемнің Еуропа, АҚШ, Жапония сияқты дамыған мемлекеттерінде де бар, яғни әйелдер 60 жастан асқанда, тіпті 65-67 жастарында зейнетке шығады. Алайда ол мемлекеттер мен біздің мемлекеттерді салыстыруға келмейді деп ойлаймын. Яғни, олардың экономикалық дамуы, денсаулық жағдайы, әсіресе, әйелдердің денінің саулығы бізге қарғанда әлдеқайда жоғары. Бірақ бір жағынан, кезең кезеңімен зейнет жасын ұлғайтқан дұрыс деп санаймын. Дегенмен, әйелдердің денсаулығына жете көңіл бөлініп, барынша назарда болғаны дұрыс. Сонымен қатар елімізде әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі – өте жоғары және жұмыс жасағанымен де ерлерге қарағанда жалақысы екі-үш есеге аз. Бұл да әйелдердің лайықты зейнетақымен қамтылуына, лайықты зейнетақымен шығуына едәуір зиянын тигізеді. Сондықтан да зейнетке шығу жасын әлеуметтік саясаттан бөліп қарастыруға болмайды. Сол үшін әйелдердің денсаулығы, жұмыспен қамтылуы, лайықты жалақы төленуі деген сияқты мәселелер көтерілуі тиіс деп ойлаймын, – дейді.

      Шынында да, елімізде ер адамдарға қарағанда қанша дегенменде әйел адамдардың қырық жаны бар десек те, денсаулықтары нашар. Себебі, орта жасқа келгенде экологиялық жағдайға байланысты денсаулықтың сыр бере бастайтыны анық. Сонымен бірге, әлеуметтік жағдайға да байланысты көбінде несие бар болғандықтан, «қалай төлеймін?» деген ойдан жүйкелері де тоза бастағаны анық.

Осы мәселеге байланысты қарапайым қызметкерлердің де пікірлерін тыңдап көрдік.

Зәуре Нұртазаева, мейірбике:

— Әйелдердің зейнетке шығу жасын кем дегенде 55 жасқа қысқартқанда, жастарға орын беріп, үйде немерелерімізді қарар едік. Келіндеріміз болса,  үйде баланы тастап шығатын жер жоқ. Оның үстіне, балабақшалар да карантинге байланысты жабық. Немеренің иісін иіскеп, қарап отыратын шақта әжелері, біз жүрміз қашан зейнетке шығады екенбіз деп. Бұл – барлық аналардың жанайқайы деп білемін. Өтініш, зейнет жасын қайта қарап, өзгерту еңгізгендеріңізді қалаймыз,– десе.

Оразкүл Төлтайқызы:

— Жасым 55-те. Мен ауруханада санитар тазалықшы болып жұмыс жасаймын. Жанымда мен сияқты 55 жастан асқандар көп. Қайтеді, зейнетке шығу жасын 63 жасқа ұзартқан соң, қол-аяғымыз сырқырап, қисалаңдап зейнетақы керек деп, амал жоқ жүрміз, – дейді.

  Иә, осындай пікірлерді естіп, халықтың зейнет жасына көңілдері толмайтынын байқаймыз. Қартайғанда бейнетінің зейнетін көрер шағында жұмыс істеп жүргендері көпшілігіне ауыр тиері айдан анық. Ендеше, бұл әлеуметтік мәселеге бір жақты қарамай, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін жағдай жасау керек болар деп ойымды ортаға тастай отырып, суда жүзген сүңгуір су қадірін білсе игі деймін. Яғни, аналардың зейнетке шығу жасын қайта қарау керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.10.2020, 11:57
"Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасына өзгерістер енгізілді
Амангелді СЕЙІТХАН 22.10.2020, 11:14
Қашаған Каспийдің қасіреті ме?
Еркежан АРЫН 22.10.2020, 11:10
Ғарыш саласы қазынаға пайда әкеле алды ма?
Қарлығаш Зарыққанқызы 22.10.2020, 09:27
Қолжаулық болған зейнетақы қоры қарттығымызды қамсыздандыра ала ма?
Сайт әкімшілігі 21.10.2020, 12:46
Келер жылы жалпы ішкі өнім өсе ме, министрліктің болжамы қандай?
Қарлығаш Зарыққанқызы 19.10.2020, 13:35
Теңгеге валюта алыпсатарлары қашанғы қысым көрсетеді?

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16