Ашкөздердің ұяты қашан оянады?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

23.11.2022, 07:16

570

Біздің елдегі құрылыс компаниялары шаршы метрді 146 мың теңгеге салып, кем дегенде, 590 мың теңгеге сатады. Есептесек, баспана нарығындағы монополистердің пайдаға шаш-етектен кенелетінін аңғарамыз. Биылғы жылдың 10 айында Қазақстанда 11,5 млн шаршы метр үй пайдалануға берілген. Елдегі баспана бағасы да рекордтық көрсеткішке дейін қымбаттады. Соңғы бір жылда еліміздегі пәтер бағасы қайталама нарықта – 25,9 пайыз, бастапқы нарықта 17,7 пайызға өсті.  Мамандар «бұл – соңғы сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткіш», деп дабыл қағып отыр.

Деректерге сүйенсек, жаңадан салынып жатқан құрылыстарда да өсім бар. Ал енді нақ осы қымбатшылыққа қатысты сала мамандарының болжамынша,  үкімет болашақта баспана құрылысы нарығынан ынсапсыз инвесторларды қуа алмаса, онда қарапайым халыққа үй алу – қол жетпес арман күйінде қала бермек.

   

Үкіметтің ықпалы қайда?!

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, енді баспана бағасын арзандатуға үкіметтің ықпал ете алуы екіталай.

      – Баспананың бір шаршы метрі 590 мың теңге болуы ақылға қонымсыз дүние. Нақ қазіргі жағдаймен салыстырғанда, азық-түлік қымбаттап, теңге құлдырап, халықтың басым бөлігі айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған тұста баспанаға деген сұраныс төмендеуі керек еді. Қазір ипотекалық сұраныс та аз. Сұраныс төмендегеннен кейін баспананың да бағасы арзандауы тиіс. Бірақ біздегі баспана нарығында өзінің қамын ғана күйттейтін ірі инвесторлар халыққа арзан үй сатқысы келмейді, дейді.

 Расымен, маман айтса айтқандай, біздегі тұрғын үй құрылысы нарығында жүрген  BI Group, «Базис» және өзге ірі компанияларды қарапайым халықтың жағдайы толғандырмайды. Оларды өздерінің қалталары ғана қызықтыратыны даусыз. Бұған қатысты мамандар «үкімет болашақта баспана құрылысы нарығына жаңа инвесторлар тартуы керек. Сондай-ақ халықты қолжетімді баспанамен қамтитын бағдарламалар легін қайта ойластыруы қажет» дегелі де біраз болған.

      Қайдасың, қайда бағдарламалар?!..

   Бағдарлама демекші, негізінде, біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарламалар легін ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламалар. Бірақатары әлі де бар. Бірақ  мұндай реформалардың қызығын халық толыққанды  көре қойған жоқ. Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин былай дейді:

  – Бізде құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салық төлеуге берілетін жеңілдікті пайдаланады. Ендеше, инвесторлар салған үйлерінің бағасын неге арзандатпайды? Үй бағасы елде өте қымбат. Сондықтан үкімет баспана бағасын арзандатуға бел шешіп кіріскісі келсе, ең алдымен, мемлекеттік жеңілдік берілген инвесторларға нақты талап қойылуы қажет, талапты орындамайды екен. Онда олардың нарықтан кеткендері жөн.

30 жылда 30 шаршы метр арман болды…

Жалпы, сала мамандары «сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін», – деп те дабыл қағып отыр. Бірақ мемлекеттен жеңілдік алып, тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған ірі компаниялар мұндай алаңдаушылыққа пысқырмайтын  да сияқты. Мысалы, өткенде бәсекелестікті қорғау агенттігі 25-тен астам ірі құрылыс компанияларына баспана бағасын түсіруге қатысты ескерту хатын жіберген-ді. Алайда бас пайдасын көздеген инвесторлар ескерту хатты да, басқа шараларды да ескеріп отырған жоқ. Осы орайда, атап айтарлығы, инвесторлар мен компанияларға бұған дейін де үкіметтің тоқпағы да өтпеген-ді. Айдың күннің аманында бағаны аспандатып отыратын құрылыс компаниялары қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте елдің жағдайын ойлай қояр ма екен?! Доллардың қымбаттағанын, құрылыс заттары бағасының аспандағанын желеу етіп, баспананы одан әрі қол жетпес қиялға айналдырары даусыз. Ендеше, Смайылов үкіметінің ең бір шешуі тиіс өзекті мәселесінің бірі – баспана бағасын арзандату болу керек.

Деректерге жүгінсек, Қазақстанда 2,5 млн адам, яғни халықтың 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Бұл – ресми дерек. Ал бейресми дерек бойынша елде баспанаға қолы жетпей жүрген бұқараның саны 5 миллионнан асып жығылады. Негізінде, халықты баспанамен қамтуға қатысты БҰҰ-ның арнайы белгілеген стандарты бар. Оған сәйкес, елдің әрбір тұрғынына 30 шаршы метр тиесілі болу керек. Алайда біз тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, сол стандартты әлі бағындыра алмай келеміз. Алматыдағы «Жетім бұрыш» атанып кеткен жердегі тіршілік те сонау кеңес заманынан бері әлі сол қалпынша қайнап жатыр. Халық әлі итшілеп ипотека төлеп, жалдамалы пәтерді жағалап, тапқан табысын несиеге жұмсап, өлместің күйін кешіп жүр. «Өз үйім өлең төсегім» деп көсіліп жататындай жағдайға ел әлі жеткен жоқ. Ашкөз монополистердің бұған қылы да қисаймайды. Олар күннен-күнге баспана бағасын қымбаттатып жырғап жүр. Ал қарапайым қарашаның тынышын  төленбеген ипотекасы мен өтелмеген несиесі ұрлап жүр. Өкініштісі осы...

Тегтер: баспана мәселе халық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 14:12
Зейнетақы жинағын алу: 2023 жылға арналған жеткілікті шек жарияланды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 09:21
2023 жылы инфляция баяулай ма?!
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 13:59
Тауық етін тұтыну да арман болып жүрмесін...
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 09:25
Ресей мұнайының бағасы барреліне 52 долларға дейін төмендеді
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 08:52
Дәурен Сапарәліұлы: Дивиденд кепілді төлем емес екенін ескерген жөн
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.11.2022, 08:46
«Халықты байытамыз» десек, шенеуніктер тойынған жоқ...

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43