«Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды»

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

14.09.2021, 07:47

1438

Келер жылдан бастап еліміздегі  ең төменгі жалақы 60 000 теңгені құрайтын болады. Бұған дейін 42 500 теңге болған бұл жалақыға 2022 жылы 17 500 теңге қосылмақ. Ал бұдан не өзгереді? Бұл шынымен кедей-кепшікті жарылқайтын қаражат па?!

         Үкіметтің есебінше, бізде бір айлық азық-түлікке бір адамға 18 000 теңгедей кетеді екен. Демек, үкімет мүшелері «60 000 теңге бір үйлі отбасын асырауға жеткілікті» деп санайды. Ал сала мамандарының есебінше, бұл халықты кезекті алдарқатудың  бір түрі. Дерекке жүгінсек, елдегі күнкөріс  себетіне 43 түрлі тауардың тізімі кіреді. Үкімет бөлетін сол 60 000 теңгені  43 түрлі тауарға бөлсек, аталмыш қаражаттың халықты аса жарылқай қоймайтынын түсінуге болады.

      Осы тұста бізді Италия үкіметінің  2022 жылдан бастап тұрмысы төмен отбасыларға 880 евро деңгейінде жәрдемақы төлейтіні туралы ақпарат елең еткізбей қоймады. Әлемдік экономикада қалыптасқан жағдайға байланысты Оңтүстік Италиядағы жұмыс табудың қиындығы, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы елдегі кедей тұрғындарға үлкен салмақ салуда. Осыған орай, Италия үкіметі тұрмысы төмен халқына жәрдемақыны үстемелеп  төлеуді жөн көріпті. Әрине, Қазақстанға Италиядай болу қайда?! Бірақ қазір іргеміздегі Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан үкіметтері де жағдайы төмен жамағатына барынша қолдау көрсетуге тырысып бағуда екен.

       «Барометр» маркетингтік талдау орталығының  сарапшысы Дәурен Арынның айтуынша, былтырдан бері дамыған және дамушы елдерде ең төменгі жалақы мен әлеуметтік төлемдер бірнеше есеге өскен.

   – Италиядан бөлек, қазір әлем бойынша экономикалық жағдайы тұрақсыз деп саналатын Грекия мен Ирландияны мысал етсек, олар тұрмысы өте төмен адамдарға 1500-2000 доллар көлемінде қаржы төлейді. Тұс-тұстан санкцияға ілініп, халықаралық агенттіктердің өзі «экономикасы қоқысқа әбден малтықты» деп бағалаған Ресей де  кедей-кепшіктеріне 150 доллар көлемінде жәрдемақы ұсынып отыр. Италия 880 евро төлесе, Испания, Беларусь елдерінің де оларға төлейтін жәрдемақысы осы шамалас, – дейді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

        Маман алға тартып отырғандай,  қазіргідей қымбатшылық қысып тұрған заманда ең төменгі жалақыны 60 000 теңгеге дейін өсіру халықты қиындықтан құтқармайды.

    – Ең төменгі жалақыны осыдан екі жыл бұрын 60 000 теңгеге өсіру керек еді. Ал қазір кеш қалдық. Келер жылы өсіргенмен, оны инфляция жеп қояды, – дейді Дәурен Арын.  

       Сала мамандары болашақта жағдайы төмен отбасылардың 66 пайызы ауыл тұрғындары екені ескерілуі қажеттігін айтып отыр. Ауылдық жерде жұмыссыздықтың өршіп тұрғанын алға тартқан мамандар «үкімет ауыл тұрғындарының қиыншылықтарын ескере отырып, оларға бөлек жәрдемақы, жалақы базасын қалыптастыру керек» дейді.

         Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин:

     – Ауылдық жерде жұмыс істейін десе, жұмыс жоқ. Ауылдың өндірістік қабілеті дамымағандықтан, халық жәрдемақыға телміріп, ең төменгі жалақыға болсын жұмыс істеуге мәжбүр. «2022 жылы инфляция көлемі 9 пайызды құрайды» деген болжам бар. Бұл дегеніңіз – болашақта қымбатшылықтың өрши түсетінін көрсетеді.  Қалалық жерге қарағанда ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі төмен. Отын-суы, жемшөбі бар. Көмірдің бағасы да аспандап тұр. Осының барлығы ескеріліп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек түрін бөлек жасау керек, – дейді.

       Мамандардың пайымдауынша, болашақта әлемдік экономикада қалыптасып отырған тенденциялар бізге әсер етпей қоймайды. Қазірдің өзінде доллар+теңге қарым-қатынасында валюта бағамына қатысты тұрақсыздық орын алып отыр. Теңгенің әлсіреуінен халықтың жинақтаған қаржысы құнсызданып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Қымбатшылық қысып жатқанмен, жалақының өскені шамалы. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленді. Ал үкімет мұны мойындағысы келмейді.  

       Мамандардың айтуынша,  үкіметке   жәрдемақыны, ең төменгі жалақыны мардымсыз әрі жетпейтіндей болар-болмас етіп өсіргеннен гөрі «Жұмыспен қамту» бағдарламасы, «Өңірлік даму» бағдарламаларының жұмысын жанданданыру керек еді. Әттеген-айы, әу баста «қазаққа бақ болып бітеді» деген бұл бағдарламалардың қызығын халық көре қойған жоқ. Керісінше, аталмыш мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қайсыбір министрлер есептен жаңылып, оған бөлінген қаражаттың қайда кеткенін нақты біле алмай қалғанымыз да рас.Бұдан бөлек, мамандар«Халық мемлекеттік қолдауды нақты сезінуі үшін адамдардың шағын және орта кәсіппен айналысуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл да болса халықтың өз жағдайын өзі жасауына мүмкіндік беретін жоба» деседі.Бірақ қанша жыл өтсе де, біз халықтың бизнеспен айналысуына қолайлы орта жасай алмай-ақ қойдық.  Біздің үкіметке  қарапайым халықтың бизнесін жандандырудан гөрі элиталы, қалталы инвесторды қолдап, тендерді тамыр-танысына беріп, соның бизнесін жандандырған өте тиімді. Сондай-ақ мамандар халықтың жағдайын көтеру үшінауылға тартылатын инвестиция көлемі артуы керектігін нықтайды.  «Ауылға жекелеген инвесторлар инвестиция салып, жұмыс орындарын ашуға күш салса, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де жеңілдеп, олардың отбасына табыс көзі кірер еді де, «екі қолға бір күрек ұстаған шаруа» мемлекетке масыл болмас еді» деседі мамандар. Бұл арада тағы сол агросектордың шала-жансар күй кешіп отырғаны еріксіз еске түсіп, өзіміз жыларман күй кешіп кетеміз.

         Негізінен,  мұндай ұсыныстар «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандар тарапынан бұған дейін де бірнеше мәрте айтылған болатын. Бірақ Мамин үкіметінің құлағына айқайлап, сыбырлап айтсақ та, сынап айтсақ та  мамандар тарапынан айтылған кеңестің көк тиындық құны болмай тұр.  Әзірге өз жағдайының қандай екені бұқараның өзіне ғана мәлім. Бюджеттен түрлі салаларды, қилы жобаларды дамытуға қыруар қаражат бөлініп жатыр. Бірақ оның жемісін қарапайым халық жеп жатқан жоқ. Жоғарыдағылар жейтінін жеп, алатынын алып, өздері қызыққа батуда. Ал халықты қолдау үшін бөлінетін әлеуметтік төлемдер мен ең төменгі жалақы деңгейіне өте мардымсыз қаражат беріліп келеді. «Аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деген осы да. Сонда халыққа қайтпек керек? Мұнымен ел еңсесін қалай тіктейді, қалай өсеміз, қайтіп дамимыз?!

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39