Аспаннан төгілген аждаhаға қашан тоқтау болады?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.04.2021, 09:17

1516

Қазақстанның қай аймағында болсын  экологиялық індеттер өршіп тұр. Қоршаған ортаға  қаскөйлік пиғылмен  төндірген қауіптің зардабын қалың қараша тартуда. Соңғы он жылда қазақ жерінде үш мәрте ғарыш кемесінің апаты орын алды. Оның сорақысы сол – протон отынының кепілдік қоры саналатын  гептил  төгілген маңға түгелдей жайылады. Сала мамандарының мәлімдеуінше, гептилдің 1 микрограмы 1 литр суға араласқанда, оны тұтынған адам  жантәсілім болады.

        «Қауіпті аумақ мәртебесі неге берілмейді?»

«Байқоңыр» ғарыш айлағына іргелес жатқан Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын экологиялық дағдарыс аумағына енгізу керек. Бұл бастаманы  өңірден сайланған  парламент мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов көтеріп, жақында үкімет басшысына үндеу жариялағанын жеткізді.

– 1959 жылы  Байқоңырдан ғарыш кемелері ұшырылғаннан бастап Қазақстан аумағына, Ресейдің Алтай Республикасы мен Алтай өлкесіне 600-ден аса зымыран құлаған. Ондағы жоғары уытты «қоқыстың» жалпы салмағы 3000 тоннадан асады. Гептил мен одан ыдыраған бөлшектер су мен топыраққа терең еніп, жерасты суларына жетеді. Улы қалдықтарды су құбырларынан өзек жалғап отырған жергілікті тұрғындар тұтынуда. Жануарлар мен өсімдіктер әлеміне де кесірі көп. Бұл маңдағы өсімдіктер бойынан  улы заттарды бөледі, – дейді депутат.

Осы мәселені  көптен зерттеп жүрген қарағандылық экобелсенді Дмитрий Калмыков депутаттың «Зымыран құлаған  аумақтың нақты ошағы мен  қаупі туралы» үкіметке жолдаған талабы орынды екенін алға тартты.  

– Жеті құлыптың арғы жағында жатқан құпия ашылғанда ғана нақты қадамдар жасауға болады. Себебі әлі күнге дейін ақпарат ашық болмағандықтан, ел арасында үрей басым. Егер ол жер  адам денсаулығына зиян болса, онда сол өңірде тұратын халықты  қауіпсіз жерге көшіру керек. Бірақ біз алдымен қауіптілік деңгейін білгеніміз абзал. Алайда ондай ақпаратты ешқайдан таппайсыз. Жергілікті әкімдіктерде «қауіпті аймақ» деген карта жоқ. Тиісті ақпараттың болмауы салдарынан  өзекті тақырып сөзбұйдадан аспай келеді. Бұдан он жыл бұрын мәжілісте осы мәселе көтерілген еді. Алайда шыққан нәтиже қайсы? – дейді ашынған  Калмыков.

Гептил отының  ұшқынына ұрынған  Жезқазған және Ұлытау  өңірінде тұратын қандастардың арасында дімкәс жандардың қатары жыл сайын қаулап келеді. Өлкедегілер жазылмас дертке шалдыққандардың өсуі  гептилдің кесірінен екенін айтады. Себепсіз салдар жоқ. Бұл өңірдегі кен қорын «асап қалуға асыққан» «Қазақмыс» атты алпауыт тұрғанын да ескерген жөн.  Жезқазған аймағынан  облыстық мәслихатқа сайланған депутат Бекзат Алтынбеков ғарыш кемелері келтірген апаттың алапатын айтып,  бірнеше жылдан бері байбалам салып келеді.

– «Байқоңыр» ғарыш айлағына жақын жерде орын тепкен Жезқазған қаласындағылардың жағдайы жан ауыртады. Былтыр өз маңымдағы бес-алты ағайыным  қатерлі ісік кеселіне шалдықты. Көп ұзамай төртеуін қара жердің қойнына бердік. Осы қалада тұратын келіндерім мен қарындастарым былтыр сүт безінің қатерлі ісігі ауруына ұшырады. Жан түршіктіретіні – мұнда бала өлімінің көрсеткіші кемімей тұр. Бүгінде жерлестерімнің көпшілігінің басында осындай қасірет бар. Мұндағы халықтың көптен көксегені жекешелендіру тұсында жабылып қалған онкологиялық аурухананы қайта оралту еді. Биыл облыстан қаражат бөлініп, денсаулық мекемесі қайта ашылатын болды, – дейді халық қалаулысы.

Химик-ғалымдар гептилден тарайтын химиялық улы заттардың токсиндік, мутагендік және ісік ауруын шақыратын зияны барын дәлелдеген. Аспаннан жауған апаттан арылатын күн әлі алыс  секілді. ҚарМУ-дың биология кафедрасының аға оқытушысы Ернар Кейкиннің уәжіне құлақ ассақ,  батыс елдері  қазіргі кезде экологияға кірбің келтірмейтін,  адамға қаупі жоқ зымыран отынын пайдаланып жатыр. Соған қарағанда Байқоңырдың байырғы әдетінен арылмай отыруының  астарында қандай саясат барын кім білген?  Ұлт ұясы – Ұлытаудың тұрғыны, танымал қаламгер Ахат Құрмансейіт: «Бала кезімізде ауылдастарым зымыранның құлаған қалдықтарынан ауласына темір шарбақ тұрғызушы еді. Енді одан зоры – көзге көрінбейтін гептилдің кесірін тартуда», – деп күйінеді.

Түптеп келгенде түбі терең түйткілдің астарын ұққанымызбен, ақиқатын айтуға келгенде заңдық құқымыз шектеулі.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Б.ЕРНАЗАР 15.04.2021, 13:19
Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді
Сайт әкімшілігі 14.04.2021, 12:06
Жанармай бағасы қалыпқа келе ме?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14.04.2021, 09:13
Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды
Еркежан Арын 13.04.2021, 13:57
«Жасыл» экономика өмір сүру сапасын жақсарта ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 13.04.2021, 09:53
Ел алғысын арқалаған азамат

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24