Ауғанстанға астық беру – пиар

Еңлік АБАҒАН

20.10.2021, 09:12

3750

Жыл сайын мемлекетіміз экспортқа 7-8 млн тонна астық пен ұн жібереді. Бұл ретте Ауғанстан қазақстандық бидай мен ұнды өткізудің басты және дәстүрлі нарықтарының бірі саналады-мыс. Ендігі кезекте Ауғанстанның қамбасындағы астық азайып, осы ай соңында мүлдем таусылатын көрінеді. Соған байланысты Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна бидай ұнын жеткізуге ниетті. Өз мемлекетіміз қуаңшылықтан қиындық көріп жатқанда мұнысы қай сасқаны? Тәліптер елімізді басып алмай ма деген үрей тағы бар. Осы мәселеге қатысты санамыздағы сауалдарды саясаттанушы Әзімбай Ғалиға қойдық.

– Нақты қандай мақсатты көздеп, осындай іс-әрекетке барғанын білмедім. Бірақ мұның барлығы пиар деп ойлаймын. Оның үстіне санкция да біздің елге келіп жетті. Соның астарында: «Біз экстремистермен күресіп жатырмыз. Бізге тиіспеңдер. Санкция салмаңдар. Біздің жағдайды түсініңдер», – деген де ой жатқан сияқты. Жаңа президент өзінің іскерлігін, дипломатиялық әдіс-тәсілдерін көрсетіп, мемлекетті жаңа қырынан көрсетпек ниетте де болар. Жалпы азық-түлік таратқан ел дәулетті мемлекет қатарынан саналады. Біздің мемлекет те сондай елдер қатарынан көрінгісі келген шығар, – деген Әзімбай Бейсетбайұлы президенттің Ауғанстанның жағдайын пайдаланып халықаралық имидж жасағысы келетінін жеткізді.

Оның айтуынша, біреулер технология тарата алады, енді біреулер астық тарата алады. Мысалы АҚШ, Жапония секілді мемлекеттер технология таратушылар қатарынан саналады. Ал дәл қазіргі жағдайда Ауғанстанға технология емес, астық керек. Өйткені ол мемлекет – кедей елдер қатарынан. Сондай-ақ азық-түлігі де таусылуға жақын.

Жалпы тәліптермен достық қарым-қатынасты нығайтамыз деп онсыз да әлсіз тұсымыз – терроризмді одан сайын ушықтырып алмаймыз ба деген қорқыныш та басым. Елді алаңдататын да осы екені белгілі. Бұл тұрғысынан саясаттанушы:  «Ауғанстанда тәліптер орнықты. Тәліптердің барлығы бірдей емес қой. Олардың ішінде өзбектер де көп. Ресейде жұмыс істеп жүргендері де бар. Қазақстанда да өзбектер баршылық. Халық ілесіп кете ме деп қорқады. Азаматтық соғыс қандай жағдай болмасын қауіпті емес пе? «Аш бәледен – қаш бала» деген. Тәжікстанның жағдайы Өзбекстаннан да нашар. Ауғанстанда тәжіктер көп. Жалпы өзбек, тәжік, ауған тағдырлары ұқсас: кедей, ашынған халық. Қазақ дәл қазір экстремистік жолдан сақ болғысы келеді. Сондықтан, менің ойымша, қазақтың ол жолға кетуі екіталай. Өйткені бізде ашыну жоқ. Ал экстремизге кету үшін ашыну болу керек. Бізде белгілі бір бөлікте наразылық болуы мүмкін. Наразылықтың ең биік стадиясы саналатын ашыну жоқ сияқты», – дейді.

Саясаттанушы Ауғанстан мемлекеті мұсылман саналғанымен, қазаққа еш жақындығы жоғын айтты. Тәліптерге рухани тұрғыдағы жақындықтан да ада екенбіз. Мысалы екі мемлекеттің кедейлік туралы өлшемін де салыстыруға да келмейді. Өйткені Қазақстанда кедейлікті: қалаға келгенде және маусымдық қиындықтар деп қарастыруға болады екен. Одан бөлек әлеуметтік дағдарыстың күйі де соншалықты нашар емес.

«Тәліптер келген күннің өзінде оларды қазақтың қолдауы екіталай. Менің ойымша, бұл жерде әскери акциялар да болуы мүмкін. Шекарадан өтіп кеткен жағдайдағы белгілі бір примитивтік әскери акциялар. Яғни соғыс ашпаса да, ары қарай кіргізбеу. Соған байланысты шаралар қолға алынып жатқан сияқты. Талибанизмнің лидерлері: «Тәжіктер, өзбектер бізді қолдап кетеді», – деген оймен бас салуы мүмкін. Оларда да тәжік бар, өзбек бар дегендей. Халқының тұрмыс жағдайы төмендеу дедім ғой. Белгілі дәрежеде халықтың: «Осылардыкі дұрыс», – деп бүйрегі бұруы мүмкін. Бір жағынан этникалық, тектік, туысқандық, тағдырлық, тарихи байланыстары бар. Қазақпен салыстырғанда глобальды айырмашылық жоқ. Қазақ сарттарды, Орта Азиялық қала тұрғындарын бұрыннан жақтырмаған. Сондықтан қазақ оларды кембағал көруі мүмкін. Олар сарт, олардан неше түрлі бәле шығады деп өзін бөлектейді», – дей келе, терроризм мәселесі одан сайын ушығып кетеді деген ойдың негізсіз екендігін айтады.

Ойын: «Қазақта әлеуметтік, ұлттық сақтандыру инстинкті бар. Қазір сауатсыз қазақ жоқ қой. Сондықтан қазақ жастары талибанизмге үрке қарайды. Олардың ойында радикалды экстремизм болса, біздің жастың ойында – ойын-күлкі. Менің ойымша, қазақтың қарудан басқа беретіні – азық-түлік. Азық-түлікті шынына келсе, сыйдыра алмай жатыр. Былтырдан  қалғанын қайда жіберерін білмей жатыр. Одан қалса: көрініп қалу, имидждік абырой жинау. Біздің басшылар, әсіресе президент Қ.Тоқаев: «Біз оларға қаншама астық үйіп-төктік», – дегенді айтқанды жақсы көреді. Біздің негативті имиджіміз де бар ғой. Соны гуманитарлық көмек арқылы жуып-шайғысы келетін сыңайлы. Жағдайды түсінеді, бөтеншілігі жоқ деген сияқты», – деп жалғастырып, жоғарыда айтылған санкция мәселесіне тоқталды.

Санкция бойынша елдегі оппозиялық ұйымдар тізімді өткізіп қойғандығын жеткізді. Санкцияның жаман тұсы – есімдері белгілі, сондықтан тізімде барлар қорқады. Осы орайда бізді тізімнен сызып тастаса, тым болмаса уақытын ұзартса екен деген ойды көздейді. Қазақтың дәулетін көрсетсең, жұмсарады деген ұғымды ұстанып, «осы жолы кешіріммен қарайық, уақытын соза тұрайық» деген шешімге келер деп үміттенеді.

Айта кетерлігі, Ауғанстандағы саяси ахуалдың өзгеруі барлық әріптес елдермен, оның ішінде Қазақстанмен сауда операцияларының тоқтауына әкелді. Соған қарамастан қыркүйек пен қазан айының басында аталған елге 60,2 мың тонна ұн мен 15,6 мың тонна астық жөнелтті.

Тегтер: астық экспорт ұн агросаясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30