Ауылың қайда барады?

Еңлік АРЫҚБАЙ

23.06.2021, 13:56

3063

Ауыл десе, елең етпейтін жан кемде-кем шығар. Жасы болсын, егде тартқан қариясы болсын ауылды сағынышпен еске алады. Себебі ауыл – қазақы тәрбиенің қайнар көзі, дәстүр мен ділдің алтын ордасы емес пе?! Ал бүгінгі ауылдың кейпі қандай? Қарасаң, көңілің құлазитындай. Сондай ауылдың бірі – Қаратал ауданына қарасты Жылыбұлақ ауылы. Қазақтың иісі шығатын мекен аудан орталығы Үштөбеге тиіп-ақ тұр. Арасы небәрі 16 шақырым. Десек те, даму жағынан прогреске емес, регреске ұшырағандай...

Бейімбет Майлин«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп жайдан-жай айтты дейсіз бе? Мақал-мәтелге айналып кеткен бұл жолдардың астарында терең шындық жатқандай. Өйткені ауыл деген – қазақ. «Ауылдың жағдайы жақсы болса, қазақтың да төрт құбыласы тең» дегенге саяды ғой. Ал Жылыбұлақтың жағдайы қандай? Кеңінен тоқталсақ.

Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселенің бірі – жол. Ойдым-ойдым, шұқыр жолдан шаршаған халық «Қашан жаңа жол салынады?» деп реніш білдіруде. Себебі «Жол жаман болса, атаң сүрінеді, атан да сүрінеді» деген дана халқымыздың тәмсілін ауыл тұрғындары жақсы түсінеді. Мұны біз де ауылға барған сайын көріп, налып қайтамыз. Жолы да толықтай жөнделмей, құр жамалып келеді.

Десек те, жолдан бұрын, жұртшылық әуелі Үштөбемен екі ортадағы көпір жөнделсе екен дейді. Әсіресе жыланның ізіне ұқсайтын халық аузындағы «шайтан көпір» көпке қорқыныш ұялатады. Көлік жиі аударыла бергендіктен, ауыл тұрғындары тозығы жеткен көпірді «шайтан көпір» деп атап кеткен екен. Жыл сайын ирелеңдеген қисық көпірден қаншама көлік ұшып, қаншама адам ауыр жарақат алған. Әсіресе қыс мезгілінде қираған көпірден өту халық үшін қиынның қиыны. Білетіндер ептеп өтер. Бірақ қыстың көктайғақ кезінде ауылға жол білмейтін біреу сапар шексе ше? Ойлаудың өзі қорқынышты.  

Ауылдың сорына айналған мәселенің бірі қашан шешілмек? Адам тағдырына осылай қарасақ не болғанымыз? Бүтін ауылдың сорына айналып отырған түйткілді мәселеге аудан әкімі бастаған сала басшылары бір жауабын береді деп ойлаймыз.

Шешілмеген мәселесі жетіп-артылатын ауылдың тағы бір жыры – ұялы байланыстың жоқтығы. Өзіңіз ойлап қараңызшы, интернетсіз ауыл. «Каникулы off-line» киносындағыдай балаларды жазғы демалысқа жіберетін лагерь де емес. Үш жүз түтіні бар бүтіндей елді мекен. Қаншама адам интернет тұрмақ, байланыссыз күн кешуде. Барлығы онлайн форматқа көшкен қазіргі уақытта ауыл-қалаларда сапалы интернет болуы маңызды емес пе? Жасыратыны жоқ, қашықтан оқыту басталғалы «интернет жоқ, сабақ оқи алмай отырмыз» деген оқушылар мен ата-аналардың арыз-шағымын жиі естідік.

Осы олқылықты жою үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қол жеткізуді және барлық азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс екенін айтып, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізілетінін жеткізді. Ал Жылыбұлақ ауылының тұрғындары интернет тұрмақ, байланыс жөнді ұстамайтынына ренжулі.

Бұл мәселе бойынша мамандар: «Жылыбұлақ ауылында EVDO (512 кбит/с дейін) технологиясымен қосылған интернет және Beeline мобильді операторы ұсынған 3G/4G FWA технологиясы бойынша мобильді интернет орнатылған. Ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес, халқының саны 10 мың тұрғыннан кем елді мекендерді 3G стандартындағы ұялы байланыспен қамтамасыз ету көзделмеген. Өйткені шағын елді мекендерді 3G/4G желісімен қамтамасыз ету елеулі шығын. Ал жоғары сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуді антенна-діңгек құрылымдары және радиомосттар орнату арқылы шешуге болады. Қазіргі уақытта антенна-діңгек құрылыстарын орнату бойынша жұмыс механизмі зерттелуде, инвесторлар мен қаржыландырудың балама көздерін іздеу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда», – дейді.

Тұрғындар қашанға дейін тау-тасты аралап, телефонмен сөйлесу үшін белгілі бір нүктені іздеп жүрмек?!

Р.S. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны іздеп, ата салтты ұлықтаған, дін мен дәстүрді ұмытпаған ата-әжелеріміздің әңгімесін естіп бір мезгіл демалғымыз келсе, бірінші кезекте ауыл ойға оралатыны жасырын емес. Осы орайда, неге жұмыс, білім, тұрақ іздеп ауылға бармайды? Неге осы мәселеге келгенде барлығы қалаға қашуға дайын тұрады? Өйткені кейбір ауылда тұрмыс жағдайы жасалмаған. Ал ауылдың тіршілігі қайнаса, мемлекеттің де, ұлттың да қазынасы молаяры ақиқат.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 12.10.2021, 09:12
Ау, үкімет! Енді нан таппай қалмаймыз ба?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.10.2021, 17:08
Қарағандыдағы квазимемлекеттік сектор сыбайлас жемқорлықты алдын алуға кірісті
Сайт әкімшілігі 08.10.2021, 15:05
Рейтингі төмен мәслихат депутаттарын ротация күтіп тұр - Байбек Шымкентте

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29