Автобан ақылы болмақ

Шаруалардың ұсынысы ескеріле ме?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

23.02.2021, 11:56

2856

Жол құрылысы дегенде, әдетте көзімізге көп қаржы елестейді. Бүге-шігесіне дейін бөлінсе де, жартылай желінсе де, әйтеуір, жолға бөлінген қаржы толығымен игеріледі. Жолды салғаннан соң, оны күтіп-баптау бар. Оған да аз қаражат кетпейді. Әсіресе Батыс Еуропа–Батыс Қытай халықаралық автобаны сынды ірі жолдарды ұстап тұру үшін тайқазаннан тай суырып берсең де аздық етуі кәміл. Сондықтан бюджеттен қаржы шығындамаудың бір тәсілі – жолды ақылы ету. Дамыған елдерде бұл ертеден келе жатқан тәжірибе.

Жуырда осы автобанға тікелей жауап беретін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облысының бойымен өтетін мына жағы Қызылорда–Шымкент, батысқа қарай Қызылорда–Қарабұтақ жол учаскелеріне ақы алудың ашық жүйесін енгізуге қатысты қоғамдық тыңдау өткізді.

Аталмыш компанияның өкілі Бауыржан Камалитден мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2024 жылдың аяғына қарай елдегі 11 мың шақырым республикалық маңызы бар тас жолдың жартысы ақылы болатынын айтып, оның ішінде Қызылорда облысының жолдары бар екенін жеткізді. Бұл жолдарды ақылы жүйеге енгізу биылдың өзінде бастау алмақ.

Мамандар жергілікті халыққа ақы алудың ашық жүйесін, төлем төлеу тәсілдерін және ақылы жолдардың артықшылықтарын түсіндірді. Атап айтсақ, ол жолдардың өзін-өзі қаржыландыруға өтуі тас жолды сақтауға және жол бойындағы қызметті үздіксіз жақсартуға мүмкіндік береді екен. Бұл  жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етпек.

Жиын барысында тұрғындар сауалына жауап берген Б.Камалитден 2-ші және 3-ші санаттағы жолдарда жеке жеңіл көлік иелері төлемнен босатылғанын жеткізді. Сондай-ақ 1-санаттағы ақылы жолдарға көршілес облыс тұрғындары үшін жеңілдік ретінде «жылдық абонемент» көзделіпті. Сондай-ақ ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жеңілдіктер енгізу туралы мәселе де қаралуда екен. Ал Қызылорда–Шымкент, Қызылорда–Қарабұтақ жолдарында көлік құралы иесінің жеке шотын интернет, төлем жүйелері және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы толтыруды көздейтін «ашық жүйе» енгізілмек.

Осы жерде ескеретін жайт, автобан бойында интернет тартпайтын жерлер барын да қаперге алу керек. Сондай-ақ кейбір азаматтар көлік салығын төлегеніне қарамастан, жол жүру ақысын неге төлеу керегін алға тартты. Спикерлер жылжымалы мүлікке төленетін салықтың барлығы бірден автожолдарға емес, бірінші республикалық бюджетке түсіп, кейін денсаулық, білім беру, әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылым құрылысы секілді мақсаттарға бөлінетінін түсіндірді. Басқа салықтар сияқты көлік салығы да жаңа жолдар салуға және ескі жолдарды жөндеуге бағытталуы мүмкін. Бірақ бұл шығындар жолдардағы смарт-жүйелерді, қауіпсіздік шараларын енгізуді, жол төсемін жедел және тұрақты жөндеу мен тазалауды, жүргізушілер мен жолаушылардың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздемейді. Осы мақсаттар үшін мемлекет күрделі жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақы төлеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Қоғамдық тыңдауға қатысушылар көптеген идеялар мен ұсыныстарын айтты. Оның ішіндегі маңыздысы – арнайы ауылшаруашылық техникасын жол ақысын төлеуден босату. «Бұл аграрлық өнім бағасының өсуіне жол бермейді» деді шаруа қожалық иелері.

Сонымен қатар Қарабұтақ–Қызылорда баламалы тегін жолы көзделмеген. Ақылы жол ІI санатты, екі бағытта да тек бір жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы – 767 шақырым. Бұл елімізде тең-тең жүк таситын фуралардан ең көп ақы алатын, ең қымбат жолға айналмақ. Төлем көлемі жеңіл көліктер үшін – 760–1130, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктері үшін – 3790–17 100, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін 15 200–28 490 теңге аралығында болмақ.

Ал Шымкент–Қызылорда жолына балама ретінде Көксарай–Балтакөл–Бұланбай бауы облыстық маңызы бар автожолы ұсынылды. Ал І б санатты республикалық маңыздағы ақылы жолдың жалпы ұзындығы – 452 шақырым. Онда екі бағытта төрт жолақ бар. Бұл жолда жеңіл көліктерден – 450-680, автобустар мен жеңілдеу жүк көліктерінен – 2250–10 170, 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінен 9040–16 940 теңге төлем төлеу талап етілмек.

Сонымен, ақылы жолдың бұрын айтылмаған егжей-тегжейі белгілі болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi биылғы 30 наурыздан бастап бірден 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын жариялаған. Мұның анық-қанығы енді ғана мәлім болып отыр. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін Қазақстанда 11 мың шақырым жолда бұрынғыдай ақысыз жүруге толық тыйым салынбақ. Ақылы телімдердің бірінші кезеңі наурызда іске қосылады. Одан түскен қаражаттың бір бөлігін ақы жинаушы компания жол жөндеуге, оны ұстап тұруға, төлем жинау жүйесіне қызмет көрсетуге жұмсауы керек. Басқа ақшаның бәрін инвестор МЖӘ төлемі ретінде қалтасына басады. Барлық жол серіктес деп танылған компанияға 20 жылға берілген.

Тегтер: жол жөндеу әкім жергілікті билік бағыт бағдар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 04.03.2021, 09:27
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» Үкімет мұны түсіне ме?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 02.03.2021, 09:24
Өзгелер кедей-кепшігіне 2000$ төлесе, қазақтар 24 000 теңгені талғажау етуде
Батыр ЖАСҰЛАН 26.02.2021, 09:11
Кедейміз, өз елімізде өгейміз!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 25.02.2021, 10:10
Доңызға бар субсидия жылқыға неге жоқ?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.02.2021, 09:43
Банкроттар парады, банктердің «ажалы»
Сайт әкімшілігі 22.02.2021, 10:03
133 мың мигрант елден шығарылды

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44