Азық-түлік, үй, киім, дәрі қымбат. Оу, Үкімет, елде неге бәрі қымбат?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

23.12.2021, 08:55

3527

         Үкіметтің қымбатшылыққа қарсы ұйымдастырған шаралары еш нәтиже бермеді. Күннен-күнге бәрінің бағасы аспандап, шарықтап барады. Министрлер келер жылы да қымбатшылық болатынын мәлімдеп әлек. Ең қынжыларлығы, алдағы жылы халыққа тіпті ауырып, сырқауға да болмайтын тәрізді. Алдағы жылдан бастап дәрі-дәрмектің бағасы  еркіне жіберілетін болды.  Бірақ қазіргідей вирус өршіп, әлемді әртүрлі штамдар жайлап жатқан тұста біз үкіметке ауырмауға  кепілдік бере алмаймыз ғой. Азық-түлікті  «үкімет қиналмасын» деп бірдеңе ғып үнемдеп, қалт-құлт етіп болсын қаражатымызды жеткізерміз. Басқа қажеттіліктерге қатысты да атқарушы билікке арыз айтпай тұра тұрармыз. Азық-түліктің, киім-кешектің қымбаттығына қазір етіміз үйреніп кетті. Ал дәрі-дәрмек бағасы екі есе қымбаттаса қайтеміз?

         Мұндайда жағдайды дереу бақылауға алып, бағаны ауыздықтауға тиіс үкіметтің дәрменсіздігі іштегі қыжылды қайнатып-ақ тұр. Елде неге бәрі қымбат? Бұған тоқтам бар ма? Осы сауалды үкімет мүшелеріне төтесінен қойып-ақ жүрміз. Бірақ мардымды жауап жоқ. Шенеуніктеріміз «жағдай бақылауда, барлығы реттеледі немесе реттелген» деп есеп беруден жалықпайды.

         Ал шын мәнінде  салыстырар болсақ, былтырдан бері әлемді жайлаған пандемияға байланысты өзге елдер халықты тарықтырмаудың бар амалын қарастырып жатыр. Мысалы, Ресейде былтыр төтенше жағдай кезінде үш жасқа дейінгі әр балаға 5000 рубльден жәрдемақы беріліп отырды. Бұл – теңгеге шаққанда шамамен 29 мың теңге. Ал 3-тен 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 10 мың рубль (шамамен 57 700 теңге) көлемінде бір реттік төлем тағайындалды. Бұдан бөлек, Ресейде дәрі-дәрмек қоры жасақталып, маңызды дәрі-дәрмектерді халыққа тегін жеткізу жағы әлі күнге дейін тәжірибеде бар.

         «Экономикасы артта қалды» деп, біз менсінбейтін Қырғыз үкіметі былтыр індет басталған сәттен бастап еліндегі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін барын салды. Қырғызстанда азық-түлік бағасы бақылауға алынып, дәрі-дәрмектің құнына шектік баға енгізілді. Өзбекстан үкіметінің әбжілдігі жайлы да бүгінде оң пікірлер айтыла бастады. Бұл елдің үкіметі  сын сағатта шалт қимылдап, халықты керекті дәрілік заттармен барынша қамтып, мүмкіндігі шектеулі жандары дәрі-дәрмегіне қосымша өтемақы алды.  

         Ал бұған қатысты Қазақстан үкіметінің істеген әрекетін айтудың өзі ұят. Біздің үкімет 2020 жылы төтенше жағдай кезінде мүгедектерге үш айға 5300 теңгеден, жұмыссыз тарығып қалған халыққа 42 500 теңгеден қосымша жәрдемақы тағайындады. Халықты қажет кезінде дәрі-дәрмекпен қамтуы тиіс СҚ «Фармация» сын сәтте елді сенделтті. Аталмыш компанияның қоймасы қайта-қайта сарқылып, елде дәрінің бағасы шарықтап, халық қарапайым  препараттардың өзін дәріханадан таба алмай, ел кезіп, жан-жақтан дәрі алдыртып, дәруіштің күйін кешіп кетті. Дәрі-дәрмек таппаған ел өзін-өзі емдеп, турасын айтқанда, өз-өзін өлімнен арашалап қалды.

       Дәрі-дәрмектен бөлек, біздің атқарушы билік «халықты тарықтырмаудың амалдарын қарастырып жатырмыз» деп, түрлі бастамаларды алға тартудан алдына жан салмады. Мысалы, былтыр үкіметбасы Асқар Мамин «елді азық-түлікпен толық қамту үшін Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабына айналдырамыз» деп, «тың» бастама көтерді. Үкімет осы әдіс арқылы экспорт, импорт қатынасын нықтап, елге арзан азық-түлік енгізбекші болған. Бірақ сол кезде-ақ «Азық-түлік хабы: Үкіметтің кезекті әсірелеуі емес пе?!» деп күмәнданғанбыз. Себебі азық-түлікпен өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алмай отырған Қазақстанның әлемдік азық-түлік нүктесіне айналуы ақиқаттан гөрі қиялға жақындау еді. Күмәніміз жыл өтпей-ақ ақиқатқа айналды. Қазір елде азық-түліктің бағасы қатты қымбаттап, халық азын-аулақ тапқанын-таянғанын не тамаққа, не дәрі-дәрмекке қалай жеткізерін білмей дал болуда.

          Мамандардың айтуынша, үкімет қиындықтан әлі сабақ ала алмай отыр. Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:

       – Халықтың басына  күн туған сәтте індетке бөлінген қаражат жемқорлардың құлқынынан өтіп кетті. Шенділер қиындықтан ештеңе үйренбеді. Жемқорлық азаймады, керісінше, коронавирустың арқасында баз біреулер қалтасын қампайтып алды. Халық ашығып, дәрі таппай, несиеге батып, күнін әрең көріп отыр. Ал атқарушы билік «былтырғы вирустан минусқа кеткенді биыл оң көрсеткішке шығарамыз» деп бос мақтанып жүр. Бізге енді «жаман» немесе «өте жаман» арасында таңдау жасау керек болады, – дейді.

        Сала мамандарының айтуынша, қазір жұрт үрейленіп отырған омикрон штамы биыл да біраз жоспарды бұзады. Ал мұны арып-ашып отырған халық пен көтерем экономика көтере ме?!

     – Нақ қазір атқарушы билікке бір сәт халықтың сөзіне құлақ асып, шындыққа тура қарап үйрену қажеттігі даусыз. Мысалы, азық-түлік, киім-кешектен бөлек, елде дәрінің бағасы удай қымбат.  Күні кеше ғана елдегі Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы елде кейбір маңызды препараттар нарықтан жоғалып кеткенін мәлім етті. Науқастар өзіне қажетті кейбір дәрілердің дәріханаларда сатылымнан алынып тасталғанына шағымдануда. 2019 жылы президент дәрі-дәрмектің шекті бағасын белгілеуге тапсырма берді. Бірақ осы уақытқа дейін дәрі-дәрмек арзандаған жоқ. Президент тапсырмасы орындалмады. Керісінше, дәрі қымбаттады. 2022 жылы дәрі-дәрмектің бағасы тағы да еркіне жіберілмек. Сонда үкіметтің халықтың жағдайын ұққаны осы ма? – дейді Жұмаділда Баяхметов.

         Расымен де, маман айтып отырғандай,  алдағы жылы үкімет кезең-кезеңімен дәрі-дәрмек бағасын еркіне жіберуді жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде – 2022-23 жылдар аралығында бірден 2551 дәрілік заттың бағасы еркіне жіберіледі. Бұл қарапайым ауруларды емдеуге бағытталған гомеопатиялық дәрі-дәрмектер, диеталық қоспалар, дәрумендер мен дәрі-дәрмектер. Екінші кезеңде – 2023-25 жылдары рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер тізімге ілігеді. Үшінші кезеңде – 2025-26 жылдары мемлекеттік реттеуде қалатындарды қоспағанда, қалған препараттар тегіс «баға шектеуден» құтылады. Бұл ақыр соңында нарықтағы дәрі бағасының күрт қымбаттауына соқтыратыны даусыз.

        Ал Мамин үкіметінің мүшелері келер жылы жағдайды реттей ала ма? Қазір үкімет мүшелері «әлемде баға 40 пайызға дейін өсті, біздің елде   11 пайызға ғана өсті» деген уәж айтады. Ал сарапшылардың пайымдауынша, келер жылы дәрі-дәрмек, азық-түлік, мал азығы, тұрғын үй бағасы, бензин, дизель отыны да қымбаттайды. Бұған қатысты сарапшылар арасында «Барлық салада бағаны көтеру актісі дайындалып жатыр. 2025 жылы ЕАЭО шеңберінде энергия ресурстарының бірыңғай нарығы күтіп тұр. Бізде Ресеймен бірыңғай отын нарығы болады. Қазір Ресейде бензин – 250-270 теңге. Бұл баға бізге біртіндеп келеді» дейтіндер де бар. Бірақ «халықтың жалақысы өседі, тұрмысы жақсарады» дейтіндер некен-саяқ. Сонда елге қайтпек керек? Кімге сенеміз? Бұл арада қанша сынаса да, мінесе де  міз бақпайтын, «суға салса батпайтындай, отқа салса жанбайтындай» кейіпке еніп алған  Мамин   үкіметі бізді қиындықтан алып шыға ала ма, әлде тереңге батыра ма? Қазір көптің көкейіндегі басты сауал – осы.

Тегтер: экономика қаржы қаражат халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Азат ӘЛИХАН 08.08.2022, 11:39
Жасыл экономикада жеткен жетістік көп
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 08:49
Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 08:07
Бюджет секторындағы энергия үнемдеу
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 16:59
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 09:17
Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 14:51
Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлер салықтан босатылады

Аңдатпа


  • Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
    08.08.2022, 08:49
  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47