Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

20.01.2022, 08:50

6913

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры құрылды. Бұл қордың негізгі міндеті — халыққа көмектесу, елді әлеуметтік тұрғыда қолдау. 

«Бұл қор – халықтың қоры»...

11 қаңтарда Мәжілістің отырысында Президент Тоқаев  аталмыш қор жөнінде:  «Бүгін мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруға тапсырма беремін. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Қордың аясында сирек дерттері бар балаларға көмек көрсетіледі. Себебі, отбасылардың көпшілігі емдеу шығындарын көтере алмайды. Қалаларда, аудандарда, ауыл-кенттерде балаларға арнап, спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға жәрдем көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыдағы сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз», деді. Мемлекет басшысының айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан полицейлердің, әскерилердің отбасыларына да қолдау осы қордан көрсетіледі. Тоқаев бұл Президенттің, үкіметтің немесе әлдебір меморганның қоры емес екенін қадап айтты. Бұл – «барша қазақстандықтардың, халықтың қор болады».

«Байлар жүр жиған малын қорғалатып», ал кедей...

Сөйтіп, қызметіне президент әкімшілігі де, үкімет те араласпайтын,  қоғамдық бақылаумен қамтамасыз етілетін жаңаша қор құрылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның ауқатты тұлғалары, қаржылық, өнеркәсіптік, банктік топтар жапа-тармағай осы қорға миллиардтар аударуда. Бүгінде қоғамдық қорға жеке тұлға ретінде 6 519 қазақстандықтан 10,1 миллион теңге түсті. Ал заңды тұлғалар 12,36 миллиард теңге аударған. Қор басшылығы барлық қаржының ашықтығы мен есебі толығымен беріліп отыратынын қайта-қайта мәлімдеп жатыр. 

Осы арада бізді аталмыш қорға жеке тұлғалардан бөлек, «заңды тұлғалардан кімдер ауқымды қаражат аударды» деген сауал қызықтырды. Сөйтсек, олардың қатары аса көп емес екен. Тіпті, санамалаған сәтте 10 саусағымыз да бүгілмей қалды. Мәселен, қорға бірінші қаражат аударғандардың арасында «KaspiBank» АҚ және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе – 10 миллиард теңге, «Халық» қайырымдылық қоры» ЖҚ – 2 миллиард теңге, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС – 350 миллион теңге аударған. Болғаны осы. Ал сонда қалған бай-манаптар қайда?! Олар неге бұл бастамаға самарқау қарап отыр, әлде қалғандарына «байдың малы ортақ» деген ұғым мүлде жат па? Айналасы бес күннің ішінде қорға 6,5 мың жекелеген тұлға қаражат аударған. Сонда «бұл қорға жекелеген адамдар, қарапайым жұмысшылар неге бір күндік жалақысын аударып жатыр? Керісінше, олардан алым алынбауы жағы неге ойластырылмайды», деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Біздің бұл сауалымызға қатысты экономист-сарапшы Олжас Құдайбергенов қарапайым халық «Қазақстан халқына» қорына ақша аудармай, керісінше, алу керектігін алға тартты.

— «Қорға мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялардың бір күндік жалақысын аударып жатқаны байқалады. Қор бір кездері салықтан жалтарып, ақшасын шетелге шығарып, енді азаматтық санасын көрсетуге дайын тұлғалар үшін құрылған. Демек, қорға бай адамдар мен заңды кірісі бар компаниялар ауқымды қаражат аудара алады. Мүмкін, басқа да табыс көздері табылар. Аз ақша аударғысы келсе, тіпті, қарапайым адамдар да жасай алатыны анық. Бірақ бір күндік жалақы аударуды тоқтату керек», — дейді Олжас Құдайбергенов.

«Халқына пайдасы жоқ, құдай атып»...

Өзге де сала мамандары бұл қор осы уақытқа дейін қоралатып мал жинаған байлардан алым алу үшін жұмыс істеуі керектігін баса айтып отыр. Әлеуметтанушы Серік Еңсебаевтың айтуынша, байлардың ортақ қазынаға беретін пейілі болса, кедейлерге мейірі оянатын шығар. Жасыратыны жоқ, қазір біздің елде жекелеп байып жатқан айтулы бизнесмендерде кедей-кепшікке деген мейірім жоқ. Олар қайырымдылық жасау концепциясын меңгермеген. Тек өздері болып-толса болғаны. Кезінде Абай бабамыз айтқан екен «байлар жүр жиған малын қорғалатып, халқына пайдасы жоқ құдай атып», деп. Біз әлі сол дәуірден шыға алмай отырмыз.

— «Мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктер, депутаттар, министрлер, компания төрағалары, монополистер барлығы халықты қанауға келгенде шебер. Ал енді арнайы қор ашылған кезде триллиондаған қазыналары бар бай-манаптар неге үнсіз? Олар сонша байлықты қайдан алды? Адал тапқан табысымен мол байлыққа жетті ме?! Күмән көп. Қазақтың байлыққа толы жерінің арқасында, көк қағаздарды шытырлатып санап, дәурен кешіп жүргендер ойланып, арнайы қорға қаражат салуы керек. Бір сәт халыққа пайдасын тигізсе», — дейді әлеуметтанушы Серік Еңсебаев.

  

«Кең болсаң, кем болмайсың»

Негізінде,  қайырымдылыққа, арнайы бір қорға қаражат салуға қатысты бизнес әлемінде көптеген қағидалар бар. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Бір қолыңмен берсең, екінші қолыңмен аласың», дегенді бүгінде Еуропа елдеріндегі кәсіпкердер, шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер жадында жақсы меңгерген. Мысалы, Уругвайдың президенті Хосе Мухиканы замандастары әлемнің ең кедей президенті санайды. 85 жастағы Мухика президенттік айлығының барлығын түгелдей дерлік қайырымдылық шараларға аударып отырады. Осындай ісі үшін ол әлемдегі ең кедей әрі қайырымды президент саналмақ. Ол ай сайынғы алатын 12 500 доллардың тек 10 пайызын, яғни 1250 долларын ғана қалтасында қалдырып, қалғанын қайырымдылыққа, мұқтаж жандарға арналған қоғамдық қорларға аударады екен. Сол сияқты ирландиялық Чак Финидің «ақылды қайырымдылығын» да мысал етуге де болады.  81 жасқа келген Чак Фини «The Atlantic Philanthropies» қорының негізін қалаған кәсіпкер. Ол сырт көзге ештеңесі жоқ, бақыр тиынын санаған сараң болып көрінеді. Оның жеке қазынасында 7,5 млрд доллар қаржысы бар.  Ол соның 6 млрд долларын қайырымдылық қорға жұмсаған. Білім мен денсаулық саласына, әлеуметтік пәтерлерді ұстауға салған, әрине, ол марапатқа лайық. Бұған қатыстыСерік Еңсебаев былай дейді:

­- Бізге жабайы кәсіпкерліктен, жабайылап баюдан арылатын кез әлдеқашан жетті. Сондықтан әрі қарай елдегі бай-манаптардың әлеуметке көмек қолын созуын жетілдіреміз десек, халықаралық тәжірибеге сай, заманға лайық бастамаларды қолға алып оларды жетілдіргеніміз жөн. «Қазақстан халқына қоры» осындай тың бастама. «Бұл қор жекелеп баюды ғана көздейтіндерің таным түсінігін өзгертеді»,  деп ойлаймын.

Сөйтіп, қалай десек те қор құрылды. Тың бастама басталды.  Уақыт өте келе, қордың жұмысы да айқындала түсері һақ. Ал мұндайда біздің бай манаптардың таным, түсінігі айқындалар ма екен? Осы уақытқа дейін оқшауланып байып, қаражаттарын оффшор асырып, Форбстің тізіміне еніп,  әлемдегі ең бай адамдардың қатарында жүргендер байлығын «Қазақстан халқына» қия ма? Керісінше, олар «шық бермес Шығайбай» тәрізді барлығын астына басып алып отыра берсе қайтеміз? Әйтеуір, неде болса, «бұл қор жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болады», деген үміттің оты жағылды. Енді сол үміт сөнбесін дейік. 30 жыл бойы Қазақстанның байлығын сіміргендер, енді сол байлығының бір бөлігін халық үшін ортақ қазынаға салар, бәлкім...

Тегтер: лаңкес қауіп қатер терроризм соғыс қантөгіс мемлекет халық әлеумет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 17.05.2022, 05:13
Халықты тонаудың бір әдісі

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56