Байларға салық па, «кәмпеске» ме?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

08.02.2022, 08:48

2251

Елімізде байлыққа салық салу мәселесінің көтеріліп жүргеніне біраз уақыт  болды. Соңғы үш жылдың көлемінде жиі-жиі қозғалып келген бұл мәселенің нақты түйіні қашан қойылары әлі белгісіз. Бірақ биылғы жылы сең қозғалатын сыңайлы. Себебі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бай-манаптардың халыққа пайдасы тиюі керектігін нықтап айта бастады. Еліміздің қаржы министрлігі де жуырда «Байлық салығын енгізу жоспары» жүзеге асатынын мәлімдеді.  

   Аталмыш ведомстваның дерегінше, болашақта байлықсалығын салу мәселесі ұлттық экономика министрлігі тарапынан да пысықталатын болады.  Негізінен, Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati сияқты құны жоғары люкс модельді автокөлік құралдарына, оның құнына және шығарылған жылына қарай, жоғары салық салу мәселесін қарау ұсынылады.

«Бұл ретте мұндай автокөліктер бойынша барлық жеңілдік алынып тасталуы тиіс», – дейді министрлік өкілдері.

 Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында және курорттық аймақтарда орналасқан қымбат жылжымайтын мүліктері барларға, жекелеген ұшақтар мен яхталарды иемденгендерге де салық салу жоспарда бар. Министрліктің мәліметінше, аумағы 300 шаршы метрден асатын пәтерлер мен тұрғын үйлерге және 400 шаршы метрден асатын саяжайларға байланысты мүлік салығын арттыру коэффициенттері де енгізілмек.

   Осылайша, елдегі бай-манаптардың сәні мен салтанатына тұсау салынатын сәт жақындай түскендей. Егер уәкілетті органдар бұл бастамасын жүзеге асыра алатын болса, біз сияқты қарапайым халыққа «байлар да жылайдының» қилы-қилы хикаяларын көретін күн алыс емес...

   Жалпы, байларға салық салу дамыған елдерде кең қолданысқа енген. Еуропа мен Америкада табысы төмен отбасылар мен шағын және орта бизнесі барларға салық салынбайды. Бұл елдердегі салық жүйесі прогрессивті деп аталады да, олар байлар мен байшікештердің табысынан бюджет қоржынын толықтыруды мақсат етеді. Мысалы, Франциядағы байлар жылжымайтын мүлікке, қымбат автокөліктерге, банкідегі есеп-шоттарына, өзге қымбат бұйымдарына салық төлесе, Испанияда мүлкінің құны – 700 мың еуроға жеткен байлар 0,2-2,5 пайыз салық төлейді. Дамушы елдер қатарынан Үндістан – 3 миллион үнді рупийінен асқан мүлікке (60 мың АҚШ $) 1 пайыз салық салады.  Кезіндеатақты француз актеры Жерар Депардьенің өз еліндегі салықтан қашып, Ресей азаматтығын алуы біраз әңгіменің өзегіне айналғаны бәрімізге белгілі. Бұл ретте, Депардьені «сараң», «патриот емес» деп айыптағандар болды.  Міне, бірқатар дамыған және дамушы елдердегі салық саясатының қатаңдығы соншалық, тіпті еліндегі байшікештері салықтан қашып, елдерінен безіп кеткен жәйттар да кездесті. Ал бізде қалай?

   Шетелдерде салық тек ірі табысы бар байларға, миллиардерлерге салынып, олардың көпшілігі заңға бағынып, салық төлесе, бізде керісінше, бай-манаптар салық төлемеуі үшін барлығын жасап бағады. Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

­– Елде салық төлеуге келгенде, екі түрлі есеп-қисап ұсынатындар көп. Сондықтан, алдымен елдегі жасырын салық көздерін әшкерелеп алу керек. Елімізде жұмыс берушілер мен жұмысшы арасындағы өзара келісім бар. Жұмыс берушілердің өз қарамағындағы қызметкерлерді кемітіп көрсетуі жиі орын алады. Осының салдарынан, заң бойынша табыс салығы да, әлеуметтік салық та төленбейді. Мұнымен қоса, біздегі бай-манаптардың иелігіндегі   кәсіпорындар нөлдік көрсеткішпен есеп береді. Табысын жасырады. Кірісін азайтып көрсетеді. Байлығын жасырған осындай байшікештерге, тіпті заңды бұзғаны үшін салықтан бұрын, «кәмпескелеу» жүргізсе де болады. Заңды қатайтып қолындағы байлығын тәркілесе, олар мүмкін, аяқ тартып, заңға бағынатын шығар, – дейді.

   Сала мамандарының айтуынша, біз осы уақытқа дейін елдегі бай-манаптарға бүкіл жағдайды жасап келдік. «Инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз» деген ұстанымымыздың өзі талай байшікешті байыған үстіне байытып, ақыр соңында, олар кірісін жасырып, тапқанын елден ала қашқан жағдайлар да көптеп кездеседі. Бұған қатысты еліміздің кірістер комитетінің есебінше, былтырғы жылы біздің бай-манаптардың өз қаражаттарын Сингапурда, Ресейде, Лихтенштейн князьдігінде, АҚШ-та және Германияда ұстайтыны белгілі болған. Аталмыш құзырлы органның дерегінше, шенеуніктер Қазақстаннан тыс, шетелде – 2 млрд 697,6 млн теңгедей қаражатты банктерде сақтап отыр екен. Қазақстандық байлар мен шенеуніктер Мәскеуден бизнес нысандарды, кеңселер мен дүкендерді сатып алса, Алания, Анталия, Бодрумнан жылжымайтын мүліктер сатып алып қойған. Бұған қоса, дүние-мүлкін жария еткен 465 мың шенеуніктің 333-інің шетелде 392 көлігі бар көрінеді. Бұл есеп-қисаптарға қарап-ақ, біздегі бай-манаптардың жағдайы өте жайлы екенін аңғаруға болады.

Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, бізде құзырлы органдар байдың малын емес, кедейдің тауығын санамалауға қатты құштар. Сондықтан осы байларға салық салу мәселесі тезірек шешіліп, жүзеге асқаны жөн.

   – Елімізде кедей-кепшікке берілетін атаулы әлеуметтік көмек деген бар. Осы жәрдемақыны алып отырған отбасыларды тиісті органдар қатты тексереді. Әрбір кірісін есептейді. Ол кірістің ішінде – қанша сиыры, қанша тауығы бар соның барлығын есепке алады. Кірісі асып кететін болса, ол төлем төленбейді. Бұл өзі аса қомақты сома емес. Берілетіні – 24 мың теңге. Осы төлемді мемлекеттен алу үшін азаматтарға қаншама құжат жинау керек. Арнайы комиссияның тексеруінен өтуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмекті алатын кезде кедейдің тауығы да табыс деп есептеледі. Ал шылқып байып, мемлекеттің ақшасын оңды-солды шашып, халықты қанап байып алғандардың табысы көзге көрінбейді. Бұл – масқара ғой, – дейді сарапшы.

    Біз бұл арада тағы сол шетелдік тәжірибені мысал етсек,  2013 жылдан бері  Франция, Нидерландия, АҚШ конституциялық соты байлардың жылдық табысының 70 пайызына салық салуды жүзеге асыра бастаған. Ал Ресей мен Қазақстан және өзге де посткеңестік мемлекеттерде, әзірге байлардың мүлкі мен тапқан табысына арнайы салынатын салық жоқ. Ресей айлық табысы төменгі есептік көрсеткіштен асып кеткен әрбір азаматына – 13 пайыз табыс салығын салса, Қазақстанда – 10 пайыз, Өзбекстанда – 8 пайыз, Украинада – 15 пайыз.

Нақ осы табыс салығына қатысты деректерге жүгінсек, тағы сол бірқатар дамыған елдерде ең төменгі жалақы алатындардан бөлек, орташа жалақы алатындарға да табыс салығы мүлдем салынбайды. Бізде керісінше, елде табыс салығына прогрессивті шкала енгізу жайы әлі де өзекті болып отыр.  Тұрмысы төмен, жалақысы аз адамдарға табыс салығын салмау жайы біраз жыл болды қозғалып келе жатқанымен, бұл мәселе де әлі шешімін табар емес. 

Жалпы, «Жас Алаш» көтерген тақырыпқа орай, отандық сарапшылардың айтуынша, нақ қазір алаңдауға тиіс мәселелердің бірі – байлардың жиып-тергенін, тыққанын, елден алып қашқанын мемлекеттік бюджетке қайтару болуы тиіс. Бұған қатысты арнайы заң шығарып, салық салып, қажет болса, мүліктерін тәркілеп, қатаң шара қолданғанымыз жөн. Себебі, қазір халық қатты қиналып отыр. Елдің тұрмысы мен тапқан табысының арасы мүлдем қабыспайды. «Біреулер кедейленіп нанға ақша таппай жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп байып жатыр. Бай мен кедейдің арасы алшақтап кетті. Сондықтан дереу арада әлеуметтік теңдік жүйесін реттеу қажет», дейді мамандар.

P.S. Расымен де айтса айтқандай, осы уақытқа дейін қазақ елінің байлығын арқасында, шытырлатып көк қағаздарды санап, салтанатты үйлерде тұрып, түскі асты – АҚШ-тан, кешкі асты келесі бір елден ішіп, жеке ұшағымен анда бір, мында бір ұшып-қонып жүргендер тойымсыз байыды. Ендеше, неге біз оларға қатысты заңды қатайтып, салық салуды кейінге шегере береміз? Салық бола ма, «кәмпеске бола ма», әйтеуір, бай-манаптарға әр нәрсенің барын ұғынатын кезең әлдеқашан жетті емес пе? Абзалында, қалай байыса, енді қайтарымын жасап, халыққа пайдасын тигізулері тиіс. Мұндайда «әр тапқан табысымда елдің де үлесі бар» дейтін, табысының үштен бірін халықпен бөлісетін бұрынғының бай-шонжарларының адамшылығы да еріксіз ойға оралады. Әттеген-айы сол, біздің бай-манаптарға халыққа бергеннен гөрі,  байлығын өз құлқынына жұта беру ұнап жүр. Олар бүгінде «тойсаң, тоба қыл» дегенді елең де қылмайды. Ендеше, мұны бай-манаптарға нақты заң жүзінде ұқтыруға күш салуы керек-ау осы. Қажет болса, тәркілейік, болмаса салық салайық, әйтеуір, олар да байлығын астына баса бермей, елмен бөлісуді үйренсін...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 05:13
Халықты тонаудың бір әдісі
Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 12:35
Бүгіннен бастап елімізде жеңілдетілген автонесие беріледі
Сайт әкімшілігі 11.05.2022, 16:47
Доллар бағамы өсті
Сайт әкімшілігі 11.05.2022, 11:15
Қазақстанның Кеден одағынан шығу туралы бастама көтергені рас па
Сайт әкімшілігі 05.05.2022, 13:26
Сенат Қазақстан бюджетіне түзетулерді қабылдады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 04.05.2022, 05:00
«Кедейді байытамыз» бағдарламасы...

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27