Банк пен халық арасы: елді қарыз қамыты қысып барады

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

12.07.2021, 08:03

1626

          Қазір елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 миллион адам болса, олардың 6,1 миллионға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл елдегі әр үшінші адамның банк алдында қарызы барын көрсетеді. Ел тұрғындарының несие бойынша банктер алдындағы қарызы 7 триллион теңгеден асты. Ал несие алушылардың 2 миллионнан астамы алған қарызын қайтара алмай, банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр.

Несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов несиеге 24-28 пайыз үстеме, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу біздің елде ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Маманның айтуынша, біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

Жұмаділда Баяхметовтің пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін үкіметтен қолдау қаржы бөліп, банктерді демеп келдік. Енді үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа, бірінші кезекте банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап етуі керек. Тіршілігін несиеге байлап өзіне қажеттінің барлығын несиеге алып үйренген халыққа үкімет осылай көмектесу керек.

Жалпы, Қазақстанда экономикаға бөлінетін қаржы  20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін мемлекеттік жобаларды, шағын бағдарламаарды қолдасын деп банктерге береді екенбіз. Ал банктер керісінше бірінші кезекте қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағудан танбайды. Бұған қатысты мамандар біздегі «Банктер және банк қызметі туралы» заңының да солқылдақ тұстары көп екенін алға тартты. Мысалы, елімізде банктен қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына қалдырып, заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин «өлсең несиеңді балаң төлейді» дейтін банктерге тыйым болуы керек екенін айтады.

— Дамыған және дамушы елдерде несие алушы жазатайым жағдай болғанда сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Ал бізде банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Жазатайым жағдай болса,  сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп, кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді, – деді қаржыгер.

Бұдан бөлек, қазір елдегі банктерде кез келген тұтынушыны «тонап алып», қоя беретін тағы бір тәсіл бар. Мәселен, тұтынушы несие аламын десе, несиесінен комиссиялық төлемді бір, сақтандыру компаниясы арқылы бір ұстайды. Сосын тұтынушы қолына діттеген сомасын ала алмай дал болып қайтады. «Сақтандыру қызметі қымбат, мен басқаша сақтандырамын» десе, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ.

— Әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы саланы алдық та, жеке адамдардың қолына бердік. Ол жекешеленген банктер, әлбетте, халықтың мүддесін көздеген жоқ. Олар жекелеп баюды, ондағы басшылар өз қазыналарын қомақты етуді ғана ойлады. Осыдан барып халық пен банк арасындағы байланыс алшақтады. Оның нәтижесін бүгін өзіміз де көріп отырмыз. Рас, үкімет проблемалы, капиталы аз бар банктерді азайтуды жоспарлап отыр. Бұл да болса қысылтаяңнан жол тауып шығудың бір түрі. Өз басым бұл ретте елдегі банктердің деніне мемлекеттік бақылауды, заңды орындауға талапты күшейту қажет дер едім. Сонда тұтынушы тоналмас еді, – дейді Арман Мусин.

Мамандардың айтуынша, проблемалық несие кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек. Бұл тұрғыда сала мамандары: «Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2 пайыздан аспаса, онда қауіп жоқ дер едік. Бізде бұл көрсеткіш 8 (!) пайыздан асып тұр. Негізі, Ұлттық банктен қаржыны алғанда екінші деңгейлі банктер 9 пайызбен алады. Ал өздері халыққа 20-22-28 пайызбен несие береді. Оның артында несиені қайтара алмай халық шырылдайды да, жағымсыз несие қоржыны көбейе береді. Сондықтан бұл арада халықтың жайына да қарау керек. Заңға өзгертулер енгізіп, қажетті талап қою керек. Үкімет осыны шешу қажет»,-деп отыр.

 Жалпы, несиеге қатысты өзге елдердің тәжірибесін сөз етсек, Түркия, Венгрия, Мажарстан, Әзірбайжан елдерінде несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалса, мойнындағы несиесінің 40 пайызын жұмыс беруші өтейді, 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді. Сол тәрізді несие алған адам бақилық болса, оның қарызы толық кешіріледі. Жұмысынан айырылса, әлеуметтік сақтандыру қоры көмекке келеді.  Өкінішке қарай, біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз. Халық расымен де банктерге тоналып жатыр. Банктер қысылтаяң кезде үкіметтен көмек сұрайды. Оларды демеу үшін үкімет талай мәрте қолдау қаржы бөлді. Бірақ олар халыққа тиімді жұмыс жасап отырған жоқ. Сондықтан  банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты талапты төтесінен қоятын кезең әлдеқашан жетті. Ал бірақ үкімет оларға мұндай талап қоя ала ма, жоқ па ол жағы тағы белгісіз...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31