Банкроттар парады, банктердің «ажалы»

Тәуелсіздіктің жемісі ме,  дағдарыстың жеңісі ме?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

25.02.2021, 09:43

1331

Осыдан 15-20 жыл бұрын «Қазақстанда бірқатар банктер банкрот болады» деген ақпарат тараса, бұқара қауым әжептәуір шошынып, бұған үрке қарайтын еді.  Қазір банк пен банкрот ұғымы құлағымызға сіңісті болып қалғаны сонша – селт етпейтін болдық. Осы уақытқа дейін Қазақстанда банктердің біразы лицензиясынан айырылып, құрдымға кетті. Қаржы институттарының «ажалына» сеп болған банкроттар парады әлі де жалғасын табуда. Бұған дейін банкроттар шеруін Алянс банк, Delta Bank, Tengri bank, Қазинвестбанк, Казкомерцбанк,  Эксимбанк құраған еді. Биыл ақпан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі AsiaCredit Bankтің лицензиясын алды. Қазір біздің қаржы жүйеміз тәуекелдері ең жоғары 9 қызыл баллды иеленіп отыр. Бұл жақсы жаңалық емес. Бірнеше қаржылық ұйымның құлдырауы елдегі қаржы секторын құлазытатыны айтпаса да түсінікті.  

               Банктер өзі қазған орына өзі түсті ме?

       Банк жүйесін зерттеуші сарапшылардың пайымдауынша, биыл қазақстандық банктерге оңай тимейін деп тұр. Бұған себеп – елдегі банктердің бірқатарында жағымсыз несие портфелі артқан. Елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 6,1 млн-ға жуығының мойнында несие бар. Қазақстандықтардың несие бойынша банктер алдындағы қарызы 6 трлн теңгеге жеткен. Несие алушылардың 2 млн-нан астамы алған қарыздарын қайтара алмай, банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеден асып  кеткен. Кезінде банк секторын сауатты жүйелей алмауымыздың зардабын біз енді осылайша тарта бастамақпыз. Бұл ретте«Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан ШАЯХМЕТОВА былай дейді:

     – Тәуелсіздік алған жылдары банк секторын сауатты қалыптастыруға  аса мән бермедік. Несиеге 24-28 пайыз үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу Қазақстанда ғана бар үрдіс. 2000-05 жылдары қазақстандық банктер шетелден 2 пайызбен несие алып келіп, оны қарапайым халыққа 28 пайызбен  бере бастады. Естеріңізде болса, 2005 жылдары тіпті банктердің филиалдары ірі қалаларда кез келген аялдамалардың қасынан ашыла бастады. Олардың жұмысы тек қана халыққа несие тарату еді. Осы тұста үкімет сауатты жүйені қолға алып, бұған тоқтам салу керек еді.  Өндірісті, мемлекеттік жобаларды, бизнесті қаржыландыру дегенді түсінбестен, білместен, қарапайым халықты банктерге қарызға белшеден батырдық. Енді, міне, соның жемісі, банкроттар шеруі жылда жалғасып отыр. Мұның соңы экономикалық соққыға алып келеді. 

         Маманның пайымынша, сол кезде ашкөзденіп, халыққа барынша несие таратуды ғана көздеген банктер бүгінде өздері қазған орына өздері түсіп жатыр. Себебі қазір халықта қарызды қайтаратын әлеует жоқтың қасы. Былтырғы пандемиядан кейін бірқатар бизнес тұралап,  Дүниежүзілік банктің өзі «биыл елдегі кедей-кепшіктердің қатарына 800 мың адам қосылады» деп отыр. «Мұндай жағдайда халықтың несиені өтеу қабілеті төмендейді. Сондықтан банкроттар шеруі әлі де жалғасады», – дейді Тоғжан Шаяхметова.

                      Банктерді еркіне жібермеу керек еді

        Сала мамандарының пайымынша, біз осы уақытқа дейін үкіметтен қолдау қаржы бөліп, банктерді демеп келдік. Мысалы, осыдан 12 жыл бұрынғы дағдарыс кімнің де болса есінде шығар. 2009 жылғы қаржылық дағдарыс Қазақстанның біраз банкін тұралатып кетті. Сол жылы Альянс банк, БТА банк тәрізді қаржы институттары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан демеу қаржы алып, үкімет елдегі бірқатар банктерді қанатының астына алған болатын. Сол кездегі демеу қаржы сомасы 476 млрд теңгені құрады. Артынша бұл банктер қаржы нарығында өздерін «банкрот» деп жариялады. Содан бері қандай да бір қиындық туындаса, үкімет банктерді демеуді назардан тыс қалдырған емес. Зейнетақы қорынан банктерге қаржы бөлу, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, «Самұрық-Қазынадан» банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан банк жүйесі жөнге келіп, халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Жетпек түгіл, маңайламады да.

      – Жалпы, экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін жобаларды қаржыландырады деген желеумен банктерге береді екенбіз. Ал банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қаққаннан басқа ештеңе жасап отырған жоқ. Мұны дереу доғару керек, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

         Шетелдік инвесторлар біздің банктерге қызыға ма?

      Бұдан бөлек, биыл Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша біз шетел банктері үшін есігімізді айқара ашуға тиіспіз. Демек, олар біздің елде еншілес банк құрмай-ақ, филиалдарын аша беруге рұқсат алады. Бірақ, сарапшылардың ойынша, біздің нақ қазіргідей банк жүйесімен ДСҰ талаптарын орындауымыз екіталай. Бұл ретте сала мамандары «Біздің елдегі банктердің ұстанып отырған бағыты  шетелдіктерді қызықтырмайды. Шетелдік банктер үшін шикізат өндіретін, оны үлкен көлемде сыртқа экспорттайтын клиенттер қызық. Оларға ірі жобаларды қаржыландыратын инвесторлармен жұмыс істеу тиімді. Сондықтан шетел банктеріне біздің нарық тар болады» дейді.

                Заң солқылдақ па, үкімет талап қоя алмай ма?

       Сондай-ақ мамандар «Банктер  және банк қызметі туралы» заңның да солқылдақ тұстары көп екенін алға тартты. Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов «өлсең несиеңді балаң төлейді» дейтін банктерге тыйым болуы керек екенін айтады.

        – Банктер несие аларда тұтынушыға сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып ұсынады. Ол үшін төлем алады. Ал жазатайым жағдай болса, сақтандыру қызметінің несиені толық өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «баласы 18-ге толғанда төлейді» деп, кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді. Отыз жыл бойы осы заңның солқылдақ тұстарын жөндей алмауымыз да елдігімізге сын, – дейді Жұмаділда Баяхметов.

       Қалай десек те, біздегі банктердің жұмысынан халықаралық талапқа сай болудың сұлбасы да көрінбейді. Дамыған елдерде банктерге өз ісін өзі алға сүйреп, халыққа тиімді жұмыс істеу қажеттігі талап етіледі. Ал бізде тығырыққа тірелсе, қолдау қаржы сұрауға бейіл, мемлекетке масыл банктер легі жетерлік.  Сонда 30 жыл бойғы егемендігіміздің жемісі неге бұлай болуы керек? Біз әу баста неден қателестік? Әрбір дағдарыс келген сайын банктер экономиканы қолдап, сеп болудың орнына неге  батпақтап отыр?  Ендігі кезекте үкіметтің бас қатырып ойланар мәселесі осы болуы тиіс.

Тақырыпқа тұздық

                          «Жекеменшікке бермеу керек еді»

      Осы мәселеге орай, бізэкономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябекұлын әңгімеге тарттық.

­­    – Қазір қайсыбір банктердің «қайраңда қалған қайықтай» күй кешіп отырғаны жасырын емес. Сіз кезінде банк секторын басқарған маман, экономист-ғалым ретінде елдегі банк жүйесін қожыратып алғанымызды мойындайсыз ба?     – Рас, елдегі банк саласына қатысты сын айтушылар да, жанашыр пейілмен ақыл-кеңес берушілер де жетіп-артылады. Өз басым «банк жүйесі дұрыс бағытты бетке алмаса, тоқырауға ұшырайды» дегенді кезінде жазғам. Осы мәселеге байланысты өзіндік ұсыныстарымды өткізе алмай, дал болғандардың бірі мен едім. Банк саласына қатысты мамандар тарапынан айтылған сол ескертпелер мен ұсыныстар ескерілгенде, банк жүйесі нақ қазіргідей қожырауға түспейтін еді. Өкінішке қарай, ол кездері сөзіміз тыңдалмады. Енді келіп амалсыз банк секторында орын алып отырған олқылықтардың бар екенін мойындамасқа лаж жоқ.     – Мысалы, тиісті тарапқа бағытталған қандай ұсыныс-ескертпелеріңіз ескерусіз қалды?    – Кезінде біз  «елдегі банк саласы экономикамызды дамыту мақсатында жұмыс істеп жатқан жоқ» дегенді ашық айттық. Елдегі банк жүйесі әу бастан бәсекеге қабілетті болуды білмеді. Банктер үкіметтен демеу қаржы алып, оны халыққа қымбат несиеге беріп, таратып  қана отыр. Мұндай үрдістің даму мен өркендеуге жетелемейтіні сол кездің өзінде белгілі еді. Мұны біз алдын ала болжап, бажайладық. Өз басым сол кездің өзінде аймақтық банктер құру қажеттігін жетесіне жеткізе дәлелдедім. Мәселен, бүгінде республика халқының 43 пайызы ауылдық жерлерді мекен етеді. Бірақ  осы уақытқа дейін сол ауыл-аймақтағы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында бірде-бір банк құрылды ма? Жоқ, құрылған жоқ. Бұл мәселе сол кездері ескерілуі керек еді. Алайда бұл ұсыныстарға ешкім құлақ аспады.

    – Өзіңіз білесіз, үкімет әр уақытта банктерді қолдап отырады. Дағдарыс кезінде бірқатар  банктерді өзінің қолтығының астына алды. Қалай ойлайсыз, қысылтаяңда банктерді мемлекет қамқорлығына алу оларға дем бере ме?     – Негізінде, банк саласы экономиканың күретамыры іспетті нәрсе. Ал біз осы күретамырды мемлекет енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан кезде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі қателіктің бірі осы болды. Есіңізде болсын, енді-енді тәуелсіздік алған тұстары  банк жүйесін жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойлану керек еді. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы қаржылық құралды тым еркінсітіп жібердік. Мемлекеттік бақылауды азайтып алдық.

     – Қазір өзіңіз сияқты экономист мамандар  «елдегі өнеркәсіпті дамытпайынша, банк жүйесін дамыту мүмкін емес» деген пікірлерді жиі айтады. Сіз мұнымен келісесіз бе?     – Әлбетте, келісемін. Егер банк жүйесінде нақты экономиканы білетін, алдын ала экономикалық болжам жасай алатын азаматтар отырса, бұл мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді. Байыптап қарасақ, 2007 жылдан бері елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге ұлғайған. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма? Өндірістің ауқымы қаншалықты кеңейді, өсті? Міне, біз кезінде осы жағын тереңдеп зерттеуіміз керек еді. Сол кездерде халыққа оңды-солды есепсіз беріліп жатқан несиеге бақылау қойылып, оның орынды-орынсыз жұмсалып жатқаны қатаң қадағаланғанда нақ қазір сіз бен біз өнеркәсіптік қарқынымыздың әлсіздігі жайында әңгіме қозғамайтын едік. Ол кездері банктер өндіріспен етене жақын араласуды мүлде ойламады. Біле білгенге өндіріс пен банк тығыз байланыста болғанда пайда көзі, негізінен, банкке түсетін еді. Өнеркәсіпті, отандық бизнесті банктер арзан несиемен қамтығанда экономика да қарқын алатын еді. Ал банктер жыл сайын үкіметтен қолдау қаржы сұрамайтын еді.

Тегтер: банк банк секторы экономика нарық қаржы қаражат банкрот

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 12:42
Теңге бағамын ұстау Ұлттық банкке қымбатқа түсіп тұр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:02
Триллиондарды жұтқан министрлік тұралап тұр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 30.11.2021, 09:10
Қой көрмеген қуалап өлтіреді
Сайт әкімшілігі 29.11.2021, 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 29.11.2021, 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 29.11.2021, 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00