«Барлығы майдан үшін»: Қазақтардың тылдағы еңбегі соғыстағы ерліктен кем болған жоқ

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

08.05.2021, 09:27

2105

      Соғыстың алғашқы айларынан бастап Қазақстан экономикасын соғыс мүддесіне бейімдеу басталғаны көпшілікке аян. Бұл тұрғыда материалдық және адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Қазақстанға бірнеше кәсіпорын, зауыт, фабрикалар көшіп келе бастады.

      Мәселен, өнеркәсіптерді Қазақстанға көшіру жұмыстары бір емес, екі мәрте жүргізілді. Оның біріншісі 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы болса, екінші көшіру жұмыстары 1942 жылдың күзінде жалғасын тапты. Елімізге көшірілген кәсіпорындар Москва, Ленинград облыстарынан, Украина, Беларусь елдерінен әкелінді. Мамандар, негізінен, 1941 жылдың екінші жартысында республикаға барлығы 142 кәсіпорын көшіріп әкелінгенін, тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цех жабдықтары орналастырылғанын сөз етеді. Олардың ішінде Луганск паравоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқалар бар. Сондай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келген. Бұған қоса, Украинадан әкелінген үш фабрика негізінде Семей аяқкиім фабрикасы құрылған. Көптеген кәсіпорын қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіптер құрылыстарын салып аяқтады.

                         ІРІ ҚҰРЫЛЫСТАР ЕКІ ЕСЕЛЕНДІ

       Басымдық беріп айтар тұсы – соғыс қорғаныс саласының негізін нығайтуға сеп болды. 1941 жылы елдегі осы салаға қатысты құрылыс орындарын екі еселеуге тура келеді. Осы мақсатта Балқаш пен Жезқазған қалаларына үлкен міндет артылып, мыс қорының ауқымдылығына қарап, осы екі қалада мыс қорыту зауыттары ашылды. Балқаш мыс қорыту зауыты салынып, бұл нысан әскери маңызы бар өнеркәсіп орны саналды. Бұдан соң, Текелідегі қорғасын-мыс комбинатының бірінші кезегі жұмысын бастап, Өскемен мыс зауыты іске қосылды.

     Бұған қатысты тарих ғылымының докторы Ербол Манапов: 

     – Ол жылдары республикада қара металлургия, мұнай өңдеу өнеркәсібі қалыптасты. Жезқазғанда қағаз өнеркәсібі дамыды. Сондай-ақ Жезқазған қаласы жарылғыш заттар, сұйық шыны, карбид өндірісін, күрделі қосалқы бөлшектер мен жабдық шығаруды игерді, руда шығару үш есе өсті. 1944 жылы Теміртауда (ол кездері Самарқан аталатын) Қазақ металлургия зауыты іске қосылып, Қазақстанда тұңғыш болат балқытылды. Өскеменде қорғасын зауыттары, машина жасау кәсіпорындары іске қосылды. Семейде тоқыма өндірісі серпін алып, осы елде аяқкиім шығару өнеркәсібі өркендеді. Көшіріп әкелінген 54 зауыт пен фабрика тамақ өнеркәсібі халық комиссариатының қарамағында болды. Ал бұлардың басым бөлігі соғыстан кейін де өз ісін ары қарай жалғастырып, Кеңес Одағына өзіндік табыс түсірді, – дейді.

       Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158 мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы 255 мың жұмысшыға дейін жеткен. 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорын іске қосылды, бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттыр ды. Жалпы, соғыс кезінде ірі құрылысты екі еселеуге тура келді. Бұл соғыс өнеркәсіптік базамызды қалыптастыра алды.

            ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІНЕ САЛМАҚ ТҮСТІ

       Сондай-ақ соғыс кезіндегі өзіндік салмағы басым салалардың бірі дәрі-дәрмек өндірісі болды. Ғалымдар бұл салаға ол жылдары айрықша салмақ түскенін, дәрі-дәрмек тапшылығы орын алып, медбикелерді арнайы даярлықтан өткізу істері тереңдегенін алға тартуда. Деректерге жүгінсек, ол жылдары жалпы бөлшек сауда жүйесінде дәрі-дәрмектер 7-15 есеге азая түсті, ал нарықтағы баға 10-15 есеге көтерілді.

     Бұл ретте химия ғылымының докторы Қорлан ӘПСАЛЫҚОВА:

   – Соғыс кезеңінде фармацевтика өнеркәсібіне енген жаңалықтың бірі – Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Бұл, бір жағынан, дәрі-дәрмектің тапшылығынан туындаған жайт болса, екінші бір тиімді тұсы – сол шөптен жасалған дәрі-дәрмектер майданда да, тылда да халыққа оң әсерін берді. Майдангерлерді дәрі-дәрмекпен қамтудағы қазақстандық тараптан қосылған үлестің, расымен де, өзіндік орны болды. Сол кездердің өзінде біздің еліміз майдан даласына дәрі-дәрмек жеткізуде үздік ондықтан көрінді. Мұның өзі сондай қиын-қыстау кезеңде өзіндік базамыз болғанының айқын дәлелі, – деді.

                      КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІ ҚҰЛАШ ЖАЙДЫ

      Бұл жылдары аса маңызды өнеркәсіптік база болған Қарағанды облысына үлкен маңыз берілді. Кеніштердегі жұмыс қолының жетіспегеніне қарамастан, ондағы еңбек қайнап жатты. Бұл ретте мамандар: «Соғысқа аттанған кеншілердің лавадағы орнын әкелері, ұлдары мен қыздары басты. Зейнеткерлер забойға қайтып оралды, шахтада жұмыс істеуді жастар мен әйелдер жедел үйрене бастады», – дейді.

      Жалпы, ол жылдары шахталар құрылысын тездету кен шығарудың шапшаңдатылған әдістері есебінен жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде соғыстың алғашқы бір жарым жылында 12 жаңа шахта іске қосылыпты. Міне, осыдан соң 1942 жылы майданға Қарағанды көмірін тиеу туралы шешім қабылданып, көмір тасу үшін Орал мен Сібір жолдарында қосымша 200 айналма бағыт ашылып, Томск, Омбы, Қарағанды, Оңтүстік Орал, Пермь, Орынбор, Пенза, Оңтүстік-Шығыс, Рязань-Орал, Қазан–Түркістан–Сібір жолдары басқармаларында көмір мен кокс тиелген пойыздарды бақылап отыратын арнайы диспетчерлік топ құру міндеттелген. Әскери шаруашылық жоспарға сәйкес, Еділ бойы, Батыс Сібір, Қазақстан мен Орта Азия аудандарында қара және түсті металлургияны, отын-энергетикалық өнеркәсіпті, теміржол көлігін жедел дамыту қолға алынды. Сөйтіп, осындай жолмен Қазақстанның көмірі майдан даласына жол тарта бастады. «Қазақстан көмір өндіруде 1940 жылға қарағанда 1942 жылы 68 пайызға асып түсті», – деседі мамандар.

     МҰНАЙ ӨНЕРКӘСІБІНЕ МАҢЫЗ БЕРІЛДІ

      Ол жылдары Ембіде мұнай көздерін барлап, өндіру цехының құрылыстарын салу белгіленді. Атырау мұнайын өндіру сол кезде-ақ құрылған Жайық – Ембі ауданының мұнай кәсіпшілік басқармасына табыс етілді. Тек Ұлы Отан соғысы жылдарында 15 жаңа кеніш ашылып, Мақат–Комсомол–Қошқар–Сағыз мұнай құбыры төселіпті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде талай-талай рекорд жасалып, небір озық технологиялар енгізіле бастады.

Соғыс жылдары мұнай өнеркәсібінде сұйықтықты жеделдетіп сору, қосымша арттыру арқылы мұнай көзін алу, аз өнім беретін қабатты атқылау, бірнеше мұнай қабатынан бір ұңғымамен өнім алу, пайдалануға қалған ұңғымалардан мұнайды қауғалап алу әрекеттері қолданылады. Осындай ішкі мүмкіншіліктерді пайдалану арқылы соғыс жылдарында 200 мың тонна қосымша мұнай алынды. Соғыс ауыртпалығын бұрғышылар осылай жеңе білді.  

          Түйін

       Жалпы, соғыс жылдары саланың қай-қайсысында болсын жасөспірімдер мен әйелдердің жұмыс қолы пайдаланылды. Бір басымдық берер тұсы: халық ашқұрсақ жүріп те майданға қызмет етті. Азық-түліктің қаттығынан халықты нан және басқа аса маңызды азық-түлікпен жабдықтауға карточка жүйесі енгізілді. Десе де, Қазақстан сол бір қиын-қыстау жылдары өзіндік өнеркәсіптік базасы қалыптасқан тегеурінді елдердің сапынан табыла білді. Бір сөзбен айтқанда, қанды соғыс жылдарында қазақтың өнеркәсібі бәсекеге бәс тіге алып, майдан даласына өз қажетінше көмек қолын соза алды. Бұл ретте мамандарымыз «еңбек күші мен ұйымдастыру ісінің біртұтастығы халқымызды отансүйгіштікке, жеңісті күндерге жетеледі» дейді.

Тегтер: соғыс тарих тағылым. естелік ерлік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2021, 09:04
Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2021, 08:22
«Уәдеге тойып біттік»
Айнұр ӘЛИ 21.09.2021, 14:50
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39