Баспана қашанға дейін қазақтың бас қайғысы бола бермек?

Үкіметке талап, инвесторға ынсап, халыққа шыдам берсін

Қарлығаш Зарыққанқызы

19.01.2021, 14:35

1668

      Соңғы 12 жылда елдегі баспана бағасы 600 пайызға қымбаттапты. Бір емес, 10 емес, 600 пайыз (!). Сарапшылар биыл да бұл қымбатшылық елді айналып өтпейтінін алға тартып отыр. Мамандардың пайымынша, пандемия жағдайында елдегі тұрғын үй бағасы 20-30 пайызға дейін қымбаттауы әбден мүмкін. Оған бірінші себеп: әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, елдегі банктер болашақта сыртқы қарыздарынан құтылудың барлық амалдарын қарастыра бастайды. Осы тұста екінші деңгейлі қаржы институттары шығындарын жабу үшін өздерінде кепілде тұрған үйлерді қымбатқа сата бастайды. Бұған қоса, елде тұрғын үй салып, оны сатылымға шығаратын монополистер де құрылыс материалдарын шетелден қымбат бағаға әкелетінін желеу етіп, баспана бағасын қымбаттата береді. Міне, осы іспетті бірнеше себепті алға тартқан мамандар алдағы уақытта елде баспана бағасы арзандай қоймайтынын  айтып отыр.

   

                         Не істеу керек, арзан үй қайда бар?

       Ал енді сонда қарапайым халықты арзан баспанамен қамту жайы басы ашық күйінде қала бере ме? Халық қашанға дейін тапқан-таянғанының 50 пайызын жалдамалы пәтерге төлеп, өлместің күнін кешпек?  Отыз жыл бойы үкімет неге бұқараны арзан баспанамен қамтитын сауатты бағдарламаларды жүзеге асыра алмай-ақ қойды?! Мансабына қайта оралған Мамин үкіметі баспана қазақтың бас қайғысына айналып отырған уайымы екенін жанымен түсіне ала ма?!

        Жалпы, біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарлама легін ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы бізде жетерлік. Бұдан бөлек, баспананы 20 жылға жалға беру, жастарды баспанамен қамту, алғашқы жарнасыз 20-25 жылға жалдамалы пәтер беру тәрізді толып жатқан жаңашылдыққа толы бағдарламалар бізде болды. Бірақ, өкініштісі, «осы бағдарламалардың қызығын халық көрді, ел арзан баспанамен қамтылды» деп, кеуде кере мақтана алмаймыз.

     

                  Пайдасы аз, дабырасы көп бағдарламалар

       Ұлттық экономика министрі болған тұста Ерболат Досаев 2014 жылы Қазақстанда  баспананы алғашқы жарнасыз  жалға беру бастамасын көтерді. Оның сол кездері «2020 жылға дейін жалға берілетін баспанаға барлық қаржы көздерінен, жалпы, 250 миллиард теңге бағытталатын болады. Нәтижесінде елімізде халықтың барлық санатын баспанамен қамту үшін 29 мың пәтер пайдалануға беріледі» дегені әлі есімізде. Осы бастама көтерілген тұста талай адам «20 жылға арзан бағамен тұратын жер тапсақ, артынша өзіміз әрекеттеніп жер алып, баспана тұрғызып, жағдайымызды жасап алар ма едік» деп те үміттенді. Бірақ  бағдарламаның бабы келіспеді ме, әйтеуір, мемлекеттен жалға  арзан пәтер алып, берекесі артқан халықтың қарасы аз болды. Бұдан соң, сол жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынды. Бағдарлама бойынша «29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына екі жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз арендалық баспанаға ие болады» делінді. Бірақ бұл бағдарлама да 2017 жылы түбегейлі тоқтады.  2018 жылы үкімет үкілеген «7-20-25» бағдарламасы да халыққа «өз үйі – өлең төсегін» жайлауға аса бір үлкен мүмкіндік сыйлай алмады. 2019 жылы көпбалалы аналар мен жалғызбасты аналарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Қолданысқа енгізілген бұл бағдарлама «талай ананың көз жасын сүртеді» деп үміттенгенбіз. Бірақ көпбалалы аналарды «бақытқа бөлейді» деген аталмыш бағдарламаға қатысты да аналардың айтар базынасы көбейіп тұр.

     Енді биыл үкімет елдің есін алған пандемия жағдайын, доллардың «долдануын», мұнайдың «мұңын» ескеріп, халықты демеу мақсатында «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасын ұсынып отыр. Бағдарламаға табыс көзі, отбасындағы жан басына шаққанда 96 667 теңгеге тең болатын адамдар қатыса алады.  Осылайша 2020 жылы тұрғын үй нарығына қатысты тағы  бір жаңа бағдарлама қатарға қосылды.    Жалпы, мамандардың пайымынша, бізде баспанаға қатысты идея көп. Бірақ үкімет басында сол идеяны сауатты жүзеге асыра білетін менеджерлер жоқ. Сала мамандары «алдағы уақытта мәселені шешудің  сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елдегі баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін» деп дабылдатып отыр.

   

                     Үкімет инвесторлардан талап ету керек

       Біз қаузап отырған тақырыпқа қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, арзан үй салу үшін алдымен инвесторларға талап қоя білу керек.

     – Егер үкімет халықты арзан баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтса, онда елде мемлекеттік арзан жалдамалы тұрғын үйлердің санаты көбеюі керек. Ортақ айналымдағы тұрғын үйлердің, шамамен алғанда, 40 пайызы халыққа қолжетімді, арзан болуы тиіс. Үкімет инвесторларды арзан үй салуға міндеттеу керек. Ірі инвесторлар қымбат бағалы элиталық үйлерге ғана қаржы құйғысы келеді. Олар мемлекеттік, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуда белсенділік танытпайды. Тіпті осы бағытта жұмыс істейтін банктерге де инвестиция салмайды. Мысалы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2016 жылы сатылымға қойылды. Бірақ сол аралықтан бері банкті сатып алуға жекелеген инвесторлар қызығушылық танытпады. Себебі белгіленген нормаға сәйкес, банкті сатып алғанның өзінде, барлық әлеуметтік талаптар сақталып, тұрғын үйлер халыққа арзан бағамен берілуі тиіс. Сондықтан келешекте осы мәселені шешу мақсатында үкімет арнайы шараларды қарастырғаны жөн. Инвесторларға тиісті талап қоймаса, баспанасыз халықты арзан тұрғын үймен қамтуға мемлекеттің шамасы келмейді, – дейді сарапшы Дәурен Арын.   

 

                     Инвесторлар арзан үй салуға көне ме?

        Негізінде, деректерге жүгінсек, былтыр төтенше жағдай режимінен кейін ірі құрылыс компаниялары бірінен соң бірі жеңілдетілген талаптармен ипотекалық акцияларды іске қоса бастапты. Мысалы, BI Group компаниясы елордада салып жатқан Nova city, Sezim qala тұрғын үй кешендері үшін «Особая ипотека» деп аталатын бағдарлама жариялаған. Алғашқы жарна ретінде Сбербанк арқылы пәтердің толық құнының кемінде 10 пайызын төлейсіз де, қалғанын бір жылдан 15 жылға дейін бөліп бересіз. Пайыздық үстеме 0,1 пайыздан 13,99 пайызға дейінгі аралықта. Бірақ жылдық сыйақысы аз болсын десеңіз, неғұрлым қысқа мерзімге алып, ай сайын көбірек ақша салып отыруға тура келеді. Бұдан бөлек, G-Park компаниясы «G-Park рассрочка» атты жаңа бағдарламаны жария етті. Ол бойынша алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 5-тен 10 пайызға дейінгі құнын беріп, қалғанын 10 жылға дейін ай сайын пайызсыз төлеп құтылуға болады. Яғни 5 пайызын аударсаңыз, пәтерді бес жылға, 6 пайызын салсаңыз, алты  жылға бөліп төлейсіз. Осылай 10 жылға дейін жалғаса береді. Бағдарламаға қатысу үшін табысыңызды, зейнетақы аударымдарын растаудың, кепілдікке алып жатқан пәтеріңізден басқа артық мүлік қоюдың қажеті жоқ. Ал енді бұл не деген батпан құйрық дейсіз ғой?! Сұрастырып білгеніміздей, бұл үйлерде бір шаршы метрдің бағасы – 340 мың теңге. Ал бұған қарапайым адамдардың шамасы мүлде келмейтіні  айтпаса да түсінікті.

      Экономист, тұрғын үй саласы бойынша сарапшы,Қазақстан менеджмент жоспарлау орталығының бас маманы Аида Тілеубекованың айтуынша,инвесторлар, компаниялар адамдарды тарту үшін алдамшы әрекеттерге барып жататыны жасырын емес. Негізінде, олар бастапқыда өздері сатып аларда  тұрғын үйдің шаршы метрін 100-120 теңгеден есептейді. Ал одан кейін оны екі-үш есеге қымбатқа сатады. Зерттегенде бұл баға қарапайым халыққа қолжетімсіз болып шығады. Жалпы, бізде тұрғын үйге қатысты акция ешқашан болып көрген емес, бір-екі бөлмелі үйлердің бағасы тіптен арзандамайды.

    – Сондықтан бұл арада болашақта инвесторларға тыйым болу керек. Белгілі бір мемлекеттік шектеу енгізілгені жөн Мысалы, былтырдан бері Bi Group 0,1 пайызбен үй береміз деді. Бірақ ондай шартпен ипотека бір жылға ғана ұсынылады. 24 млн теңгеге үй алып, 30 пайызын бастапқы жарна ретінде төлесеңіз, қалған 17 млн теңгені 12 айда бөліп төлеуге болады екен, бірақ айына 1,5 млн-нан төлеу керек. Бұл халық үшін қаншалықты қолжетімді баға?! Бұлай елді алдарқатуды доғару керек, – дейді ашынған сарапшы.

    

                   Инвесторларға салықты көтеру қажет

      Сала маманының пайымынша, арзан үй салу бастамасы біздің инвесторлар мен ірі компаниялардың құлағына әзірге жете қоймайды. Сарапшының айтуынша, оларға арзан үй тұрғызғаннан гөрі  16 қабатты үй тұрғызып, оның әр пәтерін 25-30 млн теңгеге  сату әлдеқайда тиімді. Сондықтан ондай инвесторлар арзан пәтерлер тұрғыза қояды дегенге сену қиын. Олар шын мәнінде инвесторлар емес, алыпсатарлар.  Жалпы, қазір тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлық тіптен өршіп кетті. Қалталы азаматтар тұрғын үй салына бастаған кезде оны арзан бағамен қарпып алып қояды да, баспана салынып біткен кезде пәтерлердің бағасын шарықтатып жібереді. Сөйтіп, екі ортада ешқандай тер төкпей-ақ пайдаға белшеден батуда. Міне, осындай алыпсатарларға тыйым салған жөн.  Ол үшін қайтара сатылымға шығарылатын тұрғын үй пәтерлеріне жоғары салық салынуы қажет.

   – Бұл ретте үкімет  осындай «кәсіпкерлерге» «сатып алған пәтеріңді  қайтара сатпайсың, қайыра сатсаң жоғары салық төлейсің» деген қатаң талап қойғаны абзал. Инвесторларға үміт артқаннан гөрі осындай тетіктерді қарастырған жөн деп ойлаймын. Егер тұрғын үй нарығында ынсапсыз инвесторлар азайып, қайтара сатылатын пәтерлердің бағасына реттілік енгізілсе, елде пәтер бағасы біршама арзандап, әлеуметтің арзан баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі көбейер еді, – дейді Аида Тілеубекова.

       

                                     Үкіметке үш ұсыныс       Мамандардың айтуынша, елде қалыптасқан осы бағытпен жүре берсек, алдағы үш жылда Қазақстанда арзан баспана табу тіптен қиындай түседі. Сондықтан келешекте Мамин үкіметінің келесі жайттарға назар аударғаны жөн.

      Біріншіден, доллардың құбылуы салдарынан тұрғын үй нарығы  айтарлықтай зардап шегіп отыр. Тұрғын үй бағасы доллармен есептелетіндіктен, біздегі үй бағасы да қоса қымбаттайды. Бұл тек инвесторларға тиімді.  Сондықтан болашақта баспана бағасын тек теңгемен ғана есептеуді міндеттеу керек.

      Екіншіден,біздің арзан баспана салуды игере алмауымыз еліміздің экономикасына да, әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Арзан баспанасыз тұрғын үй  құрылысы алға баспайды. Ипотека, кредит рәсімдеуге халыққа қойылатын талап күшті.  Үкімет бұл арада инвесторларға  арзан пәтерлер салуға қатаң талап қоя білуі  керек. Ол үшін инвесторлармен арада келісім жүргізіп отыру қажет.

     Үшіншіден, инвесторларға талап қою үкіметтің қолынан келмесе, онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, яғни атауы өзгерген  Отбасы банкіне арзан несие беру үшін  беріп отырған капиталын төрт есеге көбейтуі қажет.  Міне, «халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, үкімет осындай нақты шараларды қарастырғаны абзал» дейді сала мамандары.

Тегтер: баспана мәселе қымбатшылық инвестор жалдамалы пәтер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 04.03.2021, 09:27
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» Үкімет мұны түсіне ме?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 02.03.2021, 09:24
Өзгелер кедей-кепшігіне 2000$ төлесе, қазақтар 24 000 теңгені талғажау етуде
Батыр ЖАСҰЛАН 26.02.2021, 09:11
Кедейміз, өз елімізде өгейміз!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 25.02.2021, 10:10
Доңызға бар субсидия жылқыға неге жоқ?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.02.2021, 09:43
Банкроттар парады, банктердің «ажалы»
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.02.2021, 11:56
Автобан ақылы болмақ

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44