Бір басқармадан 1 миллиардтан астам теңге ұтқан компания кімдікі?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

04.02.2021, 12:28

3096

      Батырлар жырындағы «Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда-ақ мол салды» деп басталатын әйгілі жолдар бүгінде «Қазынаға қол салды, Бір салғанда-ақ мол салды» деп, заманға сай түрленіп айтылып жүргелі қашан. «Ақылды» деп басталатын қосымшалар дайындау арқылы Жамбыл облысының қазынасынан 1 миллиард 365 миллион 653 мың теңге кіріс көрген «Benediximus» атты «ақылды» компания сол жырдағы жолдарды тағы да еріксіз еске түсіріп отыр. 

      «Ақылды» деп отырғанымыз – Жамбыл облысының әкімдігіне қарасты Жамбыл облыстық, қалалық, аудандық білім басқармалары «ақылды балабақша, ақылды мектеп, ақылды колледж», жалпы айтқанда, «ақылды білім беру жүйесін» жасап беру үшін жариялаған тендерлерінің бәрін тек бір ғана – «Benediximus» компаниясы жеңіп алған.

     «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты жастар саясаты мәселелері басқармасы пандемия өршіп тұрған кезде «Smart-volunteer» атты мобильді қосымшаны дайындау үшін 65 миллион теңге төлегенін және аталған қосымшаны бар-жоғы он шақты адам ғана көшіргені жайлы ақпарат «су бетіне» қалқып шықпағанда, бұл «Benediximus» жайлы ешкім ештеңе білмей, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала беруі бек мүмкін еді. Міне, сол ақпараттан соң, мамандар індете зерттеп, «Benediximus» жайында біраз жайтты жайып салды.

      Жамбылдық жастарға осы қосымшаны жасап берген «Benediximus» компаниясы 2018 жылы 19 сәуірде құрылыпты. Ресми иесі – Абзал Әбдішев деген 1992 жылы туған жас жігіт. Компания құрылғалы осынау уақыт ішінде мемлекеттік сатып алулар сайтынан 50 мемлекеттік тапсырыс ұтқан. Оның 48-і Жамбыл облысының әкімдігіне қарасты мекемелердің тендері екен. Ал осы 48-дің 47-сі Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты мекемелер екені көрсетілген.

       Даудың басы болған «Smart-volunteer» жобасына Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығы» КММ тапсырыс беріпті. Жалпы, ақылды қосымшаларды ма, әлде ол қосымшаларды жасайтын ақылды «Benediximus» компаниясын ба, кім білсін, әйтеуір, қатты жақсы көретін мекеме осы – «Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығы» КММ болып тұр. «Benediximus» тек 2020 жылдың өзінде мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы осы орталықтан 660 миллион 580 мың теңге шамасындағы тендерлерді ұтып алған.

      Сонымен қатар 2020 жылдың 20 шілдесі күні тіркелген су жаңа ұйым – Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы да осы «Benediximus» компаниясына 75 миллион теңге беріп, «Smart City: ашық әкімдік» атты ақпараттық жүйе жасатыпты.

      Осылайша ақылды қосымшалар жасауға бөлінген Жамбыл облысының бар қаржысын иеленген бұл «ақылды» компания кімдікі деп жергілікті жұртшылық бас қатыруда. «Ақылды қосымшалар арқылы ақылды жолмен ақша жымқыру», «Кімдікі болса да, билік басындағы бір «ақылдының» компаниясы екені күмән тудырмайды» деп топшылайды ел. Енді оның ақ-қарасын алдағы уақытта тиісті орындар анықтай жатар.

Тегтер: қаржы қаражат тендер заңсыздық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 16:59
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 09:17
Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 14:51
Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлер салықтан босатылады
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.08.2022, 10:40
«Жасыл Қазақстан»: Жел мен күннен қуат алу 5 жылда 10 есеге көбейді
Әділ АҚЫЛБАЙ 03.08.2022, 17:51
Жасыл экономика жаңа дағдыларды талап етеді
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.08.2022, 16:04
Қазақстанның «жасыл» экономикадағы жетістіктері

Аңдатпа


  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47
  • Халықты жоқшылық қысып барады...
    01.08.2022, 13:40