Бізден бәсекелестіктің иісі де шықпайды

Шыңғыс АТАЙ

15.01.2021, 09:32

3818

505 млн АҚШ доллары. Бұл – Қазақстанның алты тауар бойынша импортқа тәуелділігінің құны. Атап айтқанда, құс еті – 49, шұжық өнімдері – 39, сүт, сүзбе мен ірімшік – 46,5, алма ­­–  31,5, қант – 57,3, балық 72 пайыз көлемінде импорт үлесін иеленеді. 2014 жылы ауыл шаруашылығы экс-министрі Асылжан Мамытбеков 2020 жылға қарай, азық-түлік импорты үлесінің азаятынын мәлім еткен-ді. Ал премьер-министр Асқар Мамин 2021-23 жылдар аралығында азық-түлік бойынша импортқа тәуелділікті толығымен жоятынын айтты. Алайда 2021 жылға қадам бассақ та, импорттың әзірге иілер түрі жоқ.

        Экспорттан именіп, импортқа иленіп отырмыз

Өткен жылы қазан айында экспорттың бағасы 3,3 пайызға арзандап, ал импорт 0,9 пайызға өскен. Сонда біздің ел өнімін арзан бағада саудалап, қымбат тауарды сатып алып отыр деген сөз. Оның ішінде, өсімдік майының үлесі – 9,6, темекі – 6,9, қант – 3,1, кофе, шай өнімдері – 0,5, құс еті 4,1 пайызға қымбаттаған. Ал экспорттық бағалар, керісінше, мұнай бойынша – 5,9, ферроқорытпалар – 1, көмір – 0,7, бидай, күріш – 0,3, ұнның бағасы 2,2 пайызға арзандап кеткен. Ал экспорттың өзі пандемия тұсында 32 пайызға кеміген. Мысалы, экспорт бойынша түскен қаржы 2019 жылды 58 065,6 млн доллармен түйіндесе, бұл көрсеткіш 2020 жылы 18 846,5 млн долларға кеміген. Ал импортқа шекарадағы шектеулер кедергі болмаса керек. Себебі 2019 жылы жұмсалған қаражат  көлемі 39 709,3 млн долларды көрсетсе, 2020 жылы 8 452 млн долларға ғана қысқарған.

Бұл туралы экономист Бауыржан Искаков экспортқа арзан бағамен шығатын өнімді сырттан қымбат бағада сатып алатынымыз өкінішті дейді. Айтуынша, Қазақстан жартылай дайын өнім шығаратындықтан, экономикалық тұрғыда ұтылып жатқан көрінеді.

«Отандық өніммен өзімізді қамтамасыз ету дәрежесі де өте төмен. Мұнай мен металлургияға көңіл жақсы бөлінгенімен, елде жеңіл өнеркәсіп ақсап тұр. Бұл біздің ішкі сұранысымызды сырт мемлекеттердің қамтамасыз етуіне әкеліп отыр. Яғни Ресей, Қытай, Қырғызстан т.б. мемлекеттерден дайын өнімдерді сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Дайын өнім әсте қымбат болатыны сөзсіз. Мысалы, біз шикізатты 20 теңгеден өткізсек, олар бізге сол шикізаттан шығатын  дайын өнімді 50 теңгеге береді. Бұған бізде дайын өнім өндіретін зауыт-фабриканың жоқтығы да себеп. Бізде сыртқы бәсекелестікке төтеп беретін тауарлар жоқ. Қазақстанның өз ішіндегі логистикалық жүйе жақсы дамымаған. Тіпті қалаларда өнім бағалары әртүрлі. Делдалдық мәселелер де дұрыс қаралмаған. Шымкенттен солтүстікке жол тартатын жеміс-жидек бағасының 50-60 пайызға өсіп кетуі де осыдан. Бұл бізді арзан, тікелей Өзбекстаннан, Белоруссиядан өнім алуға мәжбүрлейді», – дейді экономист.

Былтыр елімізде құс пен мал етінің импортына тәуелділік едәуір артқан. Мысалы, 2019 жылмен салыстырғанда мал мен құстың барлық түрлерінің еті 590 мың тоннаға артық импортталған. Сондай-ақ сиыр сүті импорты да 3,6 млн тоннаға  көбейген. Ал Қазақстанда құс еті 24 құс фабрикасында өндіріледі.   Күн сайын олар 800 тоннадан астам өнім шығарып, жыл соңында 300 мың тоннаға жуық ет береді екен. Сөйте тұра, құс еті импорты тәуелділігінен арыла алмай келеміз. Сонда отандық өнімдер сырттан келетін тауарлардың орнын баса алмай ма? Не өзімізге, не өзгеге бұйырмаған отандық өнімдер кімнің жыртығын жамап жатыр?

Экономист Арман Байғанин отандық өнімдерге қолдау көрсетілмейтінін айтады. Өзімізде өндірілетін тауарлардың халықты қамтамасыз ететіндей қауқары жоқ екен.

«Бізде барлық өнімдер өндіріле тұра, Ресейден сол өнімдерді сатып алатынымыз таңғалдырады. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, механизмдер өте жоғары деңгейде жұмыс істейді. Бізде экспенсивті әдіс қолданылады. Бұл – тауарды көп өндіргенмен, сатылымға шығаруда қиындықтарға тап болу деген сөз. Ал Ресейде мықты компаниялар көп, бізде кішігірімдері ғана. Оларда баға арзан әрі жұмыс күшіне жоғары төленеді. Яғни бізден бәсекелестіктің иісі де шықпайтыны анық. Елдегі компаниялар сыртқа экспорт жасамақ тұрмақ, тіпті, ішкі өнімді қамтуға шамасы келмей жатыр», – дейді экономист.

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2021, 09:04
Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2021, 08:22
«Уәдеге тойып біттік»
Айнұр ӘЛИ 21.09.2021, 14:50
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39