«Бизнес бастау» бизнеске бастай ма?

Қағазда тастай, өмірде басқа...

Айнұр ӘЛИ

17.08.2022, 10:00

1168

Масылдықты мойнымызға мінгізгелі қашан. Алақан жаймас қазіргі заманда қайыр тілеу біреуге опа болсын ба? «Жұмыс жоқ», «Үй жоқ», «Күй жоқ», «Тауып берсін!» деген қаптап жатқан міндеттілік. Ал мемлекет қолдау бергенде тиімді пайдалана алмайтындар жетіп жатыр. Жетісіп жатқан жоба да аз. Болса, қолдау таппай, «қамқорлықтан» қағылып жүр.

Тиісті орыннан несие ал да, кәсібіңді аш дейміз ғой. «Жұрт істегенді сіз істей алмайсыз ба?» деп әлгіні жігерлендіреміз кеп. Ешкім «шамаң жетпегенге ұмтылма» демейді. Бірақ «шама-шарқы» жеңілге құмартқандар көбейгені рас. Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң, қаптаған жарнамадан көз сүрінеді. Онда «Бизнес Бастаудан» сүрінбей өту үшін жәрдем береді-мыс. Мәселен, грант жеңімпазы болу үшін бизнес жоспар даярлау қажет. Ал әлгілер планын құрып, модульден өтіп, тестін тапсырып, сертификатын алып береді. Тегін дүние жоқ. Әрқайсынан ақша алып, бизнеске бастайтын жаңа бизнес пайда болған. Ал оған кезекке тұрып, жұмысын істетіп алатындар аз емес. «Грант ұтсам, қызметіңе төлеймін» деген уәделер де бар екен. Қош. Біреуге ақысын беріп жоспар жасаттық делік. Қолда сертификат бар. Құжаттар дайын, ұпайы түгел. Оны комиссия алдында қорғау керек. Сондай мезеттерде «жылқыдан шұбат шығарамын», «1 тауығым күніне 4-5 жұмыртқа туады» деп көсілгендер де болған. Сонымен өтіп, грант ұтты дейікші. Қаражатын алды. Керегін қамдағанын комиссия тексерді, суретке түсірді. Кәсібінің лентасы қиылып, мәз болды талайы. Арада бірнеше уақыт өтсінші. Бір жылға жетпей әлгі кәсіптің желкесі қиылады. Неге?

Бұрыннан жауыр болған сол бір кәсіп. Жылқы бордақылау, Назарбаевтың екі сиыры, салон, наубайхана, ешкі, қой, тағысын тағы. Грантты көздегеннің көбі кәсіпке ниетті деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені үйінде малы бола тұра, санын кем айтып, алған грант қаржысына үйіндегі есептелмеген малын сатып алған ұқсатып, тиісті ақшаны қалтаға басатындар бар. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеймей тұрғаны да сол. Өндіріс жоқ, өнім жоқ, жаңа жоба, жаңашыл идея жоқ. Қайталанатын бір сарын. Әлгіндегі бизнес жоспарын сатып алып, онлайн сабағына да қатыспай, алғаш кәсіп бастаған адамнан не қайыр? Ниетті жан барлығын шапқылап жүріп өзі-ақ алып шығады емес пе? Масылдықтың дендегені сонша, саусақ қимылдатуға ерінеміз. «Орныма жобамды қорғап бер» деп айтатындар да асып-жығылады. Осындайда үкімет қаржы бөлген соң тексермей ма деген сұрақтың туатыны заңдылық.

Елдегі жұмыссыздар туралы статистикаға сүйенсек, 2021 жылы 700 мыңның үстінде азамат жұмыспен қамтылған. Алайда белгілі бір уақыттан кейін жұмыс тапты деген азаматтар қайтадан жұмыссыздардың қатарына қосылыпты. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарасақ, 2021 жылдың үшінші тоқсаны бойынша, елде жұмыспен қамтылғандар 8 млн 813 мың адам болса, бұл 2020 жылмен салыстырғанда небәрі 81 адамға өскен. Сондай-ақ NEED жастар санатындағылар туралы да айта кету керек. Жеке тұлғалар мемлекеттік базасында еліміз бойынша 2,2 млн адамның статусы анықталмаған. Ал «Еңбек», «Бизнес бастау», «Жас маман», «Дипломмен ауылға» деген бағдарламалардың цифрлары көп, көз сүрінеді. Бірақ нәтиже, тиімділік жағына келгенде олқылық басым. Бір ғана  «Еңбек» бағдарламасына соңғы бес жылда 695 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтиже, сұрау қайда?

Иә, көпке топырақ шашпаймыз. Талапты жандар жетерлік. Ниеттеніп, кәсібін дөңгелетемін дегендер қазір жұмысын ширатып отыр. Кейде қапа болатын дүние де жоқ емес. Елге керек тың жобалар гранттан қағылып, қолдау таппай жатады. Жалпақ жұрттың базынасы да сол, «нағыз кәсіп ашатын адамға бұйырмады». Есесіне, жылдағы бір сарынмен келе жатырмыз. Арамызда талай адам шырылдап, талай адамның үміті үзілгенін көзбен де көрдік. Әлемжеліде «Таныстары тойдырып қойған соң бізді қайтсін» деп ашынғандар да жетерлік. Жасырып керегі не, сан мыңдаған цифрларды түгендегенше, өрісімізді кеңейтуге жұмыс жасаған абзалырақ. Сонда экономикаға үлес қосылса, жұмыссыздар да жұмыспен қамтылады.

Бірер күннен кейін тақырыбымызға арқау болған бағдарламаның қызметі қайнайды. Жобасын қорғап талай жан бәсекеге түседі. Шын ниеттіге грант бұйырсын деген тілек бізде де бар. Ал масылдықтан арылып, «кәсіп ашам» деп, жұрттан жоба сұраған кей адамға жалқаулықты жең дер едік. Жата бергенге, ешкім бата бермес. Өмірге келдің бе, тырмыс. Жанталас деген жаһандану дәуірінде жалқаулықты желкеңе мінгізгенің жарамас. Бірер күн шаршарсың, бірақ өзіңе жұмыс істегеннен шаршағанға не жетсін?

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 12:06
Михаил Ломтадзе Kazakhstan Growth Forum таңдауы бойынша тағы да үздік CEO атанды
Еркежан АРЫН 23.09.2022, 09:56
Жаңа Қазақстанда қауіпсіз жұмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2022, 08:42
Жемқорларға жем болған Қазақстан
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.09.2022, 08:51
Кедей жаритын, халық дамитын күн туа ма?!
"Жас Алаштың" сараптама орталығы 20.09.2022, 08:37
Қайтқан малда қайыр бар. Jusan банк Ксell акцияларын қайтаруы тиіс
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:22
Астана атауын қайтаруға қанша ақша жұмсалады?

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41