«Бөсіп жүрген Досаевты жетектеп базарға апару керек»

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

01.02.2022, 16:40

2788

Бүгінде Ұлттық банктің ұстанып отырған саясатына қарсы сын айтушылардың легі өте көп. Елде инфляция күрделі мәселеге айналды. Өткен жылы  Президенттің өзі Ұлттық банкке «бағаны тұрақтандырыңдар, 2022 жылы жылдың басында инфляция деңгейі 4-6 пайыз болуы керек» деп нықтап тапсырма берген болатын. Бірақ қазір 2022 жылдың толық бір айы өтті.  Өкінішке қарай, қымбатшылықтың дес беретін түрі көрінбейді. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев былтыр бұл үдеден шыға алмады. Ал биыл қайтеміз?!

Бұл жылы да қымбатшылық қамытын киіп, елдің еңсесі езіліп, қарапайым халық айлығын шайлығына жеткізе алмай отыра бере ме? Үкіметтің және  Ұлттық банктің қымбатшылыққа қарсы ойластырған жоспарлары орындала ма?

Бұл ретте бас банк не тындырып жатыр? Досаев үкіметке тың ұсыныстармен шыға алды ма? «Жас Алаш» бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрдік...

    Бәріміз білетіндей, өткен аптада Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 10-25 пайыз деңгейіне дейін көтерді. Бұған қатысты бас банк өкілдері: «Инфляцияны төмендету және биылғы жылдың соңына қарай инфляцияның 4-6 пайыз  нысаналы дәлізіне кіру үшін осындай шешімдер қабылданды» деді. Байқағанымыздай, Ұлттық банк инфляция деңгейін 4-6 пайызға түсіруді жылдың басында емес, жылдың аяғына жоспарлап отыр.  Сонда «2022 жылдың басында инфляция төмендесін» деген Президенттің тапсырмасы қайда қалды?!

   Сала мамандарының айтуынша, қазіргі жағдайда инфляцияны төмендету үшін Ұлттық банк ең алдымен ақша басуды, антикризисті бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтата тұруы керек. «Экономикада ақша жоқ немесе ол өте қымбат болған сәтте инфляция да болмайды» деседі мамандар.

Экономист-сарапшы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, қазір біз үшін экономикадағы басы артық ақшадан құтылып, базалық ставканы бірден 12 пайызға көтеру қажет.

– Ұлттық банк күні кеше базалық ставканы 10-25 пайызға тағы көтерді. Негізінде, нақ қазір бізге өндірісті кредиттеуді бәсеңдетіп, жинақтауға көшу керек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4 пайыз болды. Ұлттық банк жағдайды бақылаудан шығарып алды. Ақша массасы көп, бірақ оны ұқсату жоқ. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттар мен отандық өндірісті несиелеу де аса нәтижелі болған жоқ. Себебі, бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Сондықтан нарықтағы ақша массасын азайтып, Ұлттық банк ақша басуды доғару керек. Базалық ставканы бірден 12 пайызға өсірген жөн, – дейді Меруерт Молдабаева.

Қаржыгердің айтуынша, 2020 жылдың қазан айында елдегі ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Ал 2021 жылдың тамыз айында айналымдағы ақша массасы 28 триллион 161 миллиард теңгеге жеткен. Сонда 10 айдың ішінде 4 триллион теңге ақша басып шығарылған. «Мұндай әрекет инфляцияны баяулатпайды керісінше, шарықтатады».

   Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, инфляцияға қатысты Ұлттық банк халыққа шынайы ақпараттарды беруі керек. Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, бұл ретте аталмыш банк шындыққа жанаспайтын ақпараттарды беруге үйір.

 – Қазір халықтың жағдайы өте қиын. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Шындап келгенде тұтыну нарығында  инфляция 8 пайыз емес, 20 пайызға жетті. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қатты қысып барады. Досаев «биылғы жылы инфляцияны 4-6 пайыз қыламыз» дейді. Бұл – құр бос мақтан. Өндіріс дамымаған, инновациясы жоқ, экономикасы 2014 жылдан бері аса өсім бере қоймаған біз үшін бұл – бос мақтан. Сондықтан бөсіп жүрген Досаевты жетектеп базарға апару керек.  Жылы кабинеттен шықпай отырып қабылдаған шешімдер бөлек, ал жағдайдың шынымен қандай екенін көру бір басқа. Ұлттық банк басшысы мен үкімет мүшелері елдің арасына барып, халықтың жағдайын көріп, шешім қабылдап үйренетін кезең әлдеқашан жетті, – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Мамандар айтып отырғандай қазір елде инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы, экономиканың, ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған  шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ  жалпылама есептеулердің нәтижесінде, инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан, бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің  тетігін қалыптастыру керек.

Шындық демекші, мамандар сөз еткендей, бізде  негізінде расымен де  2014 жылдан бастап экономикалық өсу тоқтаған. «Жыл сайын  3-4 пайыз өсім деген іс жүзінде  бір орында айналшықтап мең-зең болып тұрғанымызды байқатады. Бұл – алға жүру емес, тоқырау».  

Қалай десек те, Ұлттық банкке биылғы жылы Президент тапсырмасын орындау үшін инфляцияны 4-6 пайызға түсіру керек. Бірақ елде индустриалды-инновациялық бағдарламалар дамып жатқан жоқ, «Қарапайым заттар экономикасынан» да аса нәтиже шығара алмадық. Отандық өндіріс те қиындыққа шырмалып қалды. Ал мұндайда инфляция қалайша төмендемек?! Әлде тағы сол, бәз баяғыша бөсетіндер бөсіп, есетіндер өтірігін есіп шындықтың беті көлегейленіп, жалған статистикаға малданып отыра береміз бе?! Мұны енді  уақыт таразысына салуға тура келіп тұр. Бәлкім, болашақта біздің атқарушы билік өкілдері мен экономика саласын басқарып отырған топ-менеджерлер ақиқатқа тура қарап үйренер. Қазіргі біз бетке алған «Жаңа Қазақстанның» бағыты да осы емес пе? Әйтеуір неде болса жақсылықтан үміттіміз. Әттеген-айы сол үмітімізді кейде ел сенген уәкілетті органдар аяқ асты етіп, қөңілімізді су сепкендей ететіні тағы бар...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 07:47
Қарашөкеевтің қиялы шаруалардың шамына тиіп жүр
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 14:12
Қазақстандағы ресейлік банктердің шотындағы 9,2 млрд теңге бұғатталды
М.СӘУЛЕБЕК 19.05.2022, 14:34
Жұмыссыздықпен күрестің тиімді тәсілі – шағын кәсіпкерлік
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:56
Сор болған стрестік активтер
М.СӘУЛЕБЕК 18.05.2022, 15:47
Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2022, 06:20
Қалтырауық үкімет

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01