Бұл жолғы қымбатшылық алдыңғыларынан өзгерек

Қамал СӘТТІЛІК

30.04.2021, 08:56

2867

Қазір пандемия бір жағынан, қымбатшылық екінші жағынан қысып әкетіп барады қарапайым халықты. «Жас Алаш» газеті ел ортасына шығып, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған жандардың бір парасының пікірін жинап, оқырмандар назарына ұсынады.

       Бұл жолғы қымбатшылық алдыңғыларынан өзгерек. Себебі бағасын үкімет өзі шегелеп, бір орнынан қозғауға болмайтын әлеуметтік тауарлардың өзі қатты қымбаттап жатқан жайы бар. Әлеуметтік тауарларға нан, жұмыртқа, май секілді 19 өнім түрі кіреді. Міне, соның сегізі осы көктемде 30 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, жұмыртқа – 44,5, өсімдік және мал майы – 37,3, қант – 23,1, картоп – 22,9, ұн өнімдері 15,8 пайызға қымбаттаған. Онда да бұл үкіметтің ресми ұсынған статистикасы. Ал нақтысында, баға өсімі бұдан да жоғары екені анық. Мысалы, жұмыртқа бағасы екі есеге, яғни 100 пайыз өскенін күнде дүкенге барып жүрген қауым айтпай-ақ біледі.

        Тамақтың қымбаттағаны аздай, коммуналдық қызметтің де бағасы шарықтап жатыр. Сәуірде Қазақстанда электр энергиясы 15 пайызға қымбаттады. Ал 2016 жылдан бері сығымдалған газға белгіленетін шекті бағаны үкімет 1 наурызда алып тастады. Содан кейін өңірлерде газ тапшылығы белең алды. Себебі, әрине,  басынан тізгін алынған соң, бағаның  желкілдеп жоғарылауы заңды ғой. Мысалы, өңірлерді алсақ, кеше ғана Петропавлда 75 теңге деп тұрған  газдың 1 текше метрін 83 теңгеге сатып жатыр. Ал сарапшылар болжамы көңіл көншітпейді. Керісінше, олар жылдың соңына дейін бұл баға 100 теңгеге барады дегенді айтады.

       Бәрінен қиыны – егістік кезеңі басталғанда бензиннің қымбаттауы. Мысалы, 2021 жыл басталғалы Алматыда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі  152 теңгеден бастап, қымбаттай-қымбаттай бүгіндері 170 теңгеге бір-ақ жетті.  Ал ауыл-аймақта бензин тіпті тапшы – 200 теңгеге оны әрең табасыз.

      Міне, мұның барлығы ел үшін ең қиын пандемия кезінде  орын алған жайттар. Қиын дейтін себебіміз – елімізде екінші жылға созылып бара жатқан шектеу шаралары көпті жұмысынан айырған жайы бар. Екі локдауннан кейін Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі соңғы 20 жыл ішіндегі көрсеткіштен бірнеше есе асып түскен. Өткен жылдың тамыз айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы уақыт аралығында жұмыссыздық сегіз есе өскенін, яғни шамамен 3,5 млн адам жұмыссыз қалғанын мәлімдеді. Мысалы, карантиннің бірінші кезеңінде 42 500 теңге әлеуметтік төлемге 4,5 млн адам сұрау салған. Қазан айының басында шамамен 1 млн адам қолы бос деп көрсетілді, онда да оның 454 мыңы таза жұмыссыздар, ал 526 адам ісі бар, бірақ шектеулерге байланысты ары қарай үйде отыруын жалғастыра берушілер. Министрліктің болжамынша, егер тағы бір қатаң карантин жариялауға тура келсе, онда тағы 162 мың адам жұмыссыз қалып, 2,2 млн адамға жұмыс іздеу қажет болады.

       Соңғы жаңа мәліметке сүйенсек, жаңадан құрылған агенттік (стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі) жанындағы статистика жөніндегі ұлттық бюро 2021 жылғы наурыз айының соңында Қазақстанда 198 мың жұмыссыз тіркелгенін көрсетіп отыр. Ал статистика комитетінің мәліметтеріне сенсек, жұмыссыздық былтырғы жылмен салыстырғанда мүлдем өспеген, сол қалыпта деп соғады. Өтірік, әрине. Осы жағынан алғанда, әлбетте, жаңа агенттік ведомствосы келтірген цифр шындыққа әлдеқайда жақын. Әрине, қазір қоғамда наразы адамдардың қатары көп. Қымбатшылық оны одан сайын ушықтырып тұр. Біз сауалнамаға тартқандардың көбісі «үкімет, ең алдымен, осы баға мәселесіне назар аударса» деген тілекте.

      Не жұмыссыздардың, не жұмыс істейтіндердің қатарында жоқ мен секілділер көп

Жанар, карантиннің аяқталғанын күтіп жүрген алматылық:

— Карантин басталғанда тауарымызды арзанға, көтерме саудамен сатып жібердік. Сөйтіп, нан тауып отырған істен айырылдық. Ал жаңасын ашайын десең, мына карантин адым аштырмай тұрған жайы бар. Не жұмыссыздың, не жұмыс істейтіндердің қатарында жоқ мен секілділердің қарасы көп. «Жұмыс тауып бер» немесе «ашпыз» деп, үкіметке өкпе-шағымымызды айтып жатқан жоқпыз. Тек мына сындарлы сәт бастан өтсе, өзіміз де бірдемеге ілігерміз дейміз, іштей тынып. Бірақ «жығылғанға жұдырық» демекші, онсыз да сансырап қалған осындай жағдайда баға шарықтап кетіп барады. Коммуналдық қызметтер тағы бар. Бәрінен тамақтың қымбаттауы жанға қатты батып тұр. Осындайда, әрине, күйінесің. Үкімет білмейді емес, біледі ел азаматтарының жағдайын. Жалақыны өсіре алмайтындарын да жақсы біледі. Ендеше неге жарықты, газды, бензинді қымбаттатады, осыны түсінбеймін. Онсыз да карантин кезінде ажырасқандар көп. Бұл қысастық емей, немене?

                              Қазір таксовать ету де тиімсіз

       Қазбек, жұмыссыз:

    – Пандемия кезінде жұмыссыз қалдым. Одан кейін жұмыс жоқ. Тек астымдағы көлігімнің құтқарып тұрғаны болмаса. Онда да қазір таксовать ету тиімсіз болып кетті. Өйткені «Индрайвер» салымын көбейтіп жіберді, 12 пайыз ұстайды. Мысалы, 500 теңгеге кісі алсаң, 200 теңгесін «Индрайвер» автоматты түрде ұстап қалады. Оның үстіне бензин қымбаттады. Бірақ такси қызметінің құны көтерілген жоқ. Себебі, біріншіден, қазір жол жағалап, клиент іздеп жүрген мен секілді жұмыссыз көп. Арзан берсе де, адам таси береді. Екіншіден, дүние қымбаттағанмен, ешкімнің жалақысы өскен жоқ. Бәрі титықтаған, тырбаңдаған адамдар. Ал осылай жырымдап әкелген ақшада құн болса, кәні.  Өткенде газ таусылып қалып, бекетке бардым. Қымбаттап кетіпті.  Үйге алдырсаң, үстіне 500 теңге қосылады ғой, соны да үнемдейсің. Өзің барып құйдыртасың. Үлкен газ баллонды толтыру 3000 теңге болатын,  сәуір айынан бастап 3200 теңге болып кетіпті. Қант, май, шайдың да бағасы шарықтап тұр.

      Кредитім бар, жұмысты шыдап істеп жүрмін

    Еркін, жанармай құю бекетінің жұмысшысы:

— Біз бекетте үш жұмысшы істейтінбіз. Яғни бензин құюда (пистолетчик). Пандемия басталғанда мен жалғыз қалдым, екеуін қысқартып жіберді. Қатаң карантин аяқталған соң, көліктер легі көбейді, тура баяғыдай. Бірақ қасыма жұмысшы алмады. Сонда үш жұмысшы атқаратын жұмыс көлемін істеп жатырмын, бірақ бір жұмысшының айлығын береді. Қатты шаршаймын. «Жұмысшы алыңдар» десем, «ұнамаса шығып кет» дейді. Ал қазір жұмыс іздеп жүрген жігіт көп. Содан осы жұмысымнан айырылып қалмайын деп, шыдап істеп жүрмін. Өйткені кредит, бала-шаға бар дегендей...

        Жемқорлардың көзі жойылмай, қарапайым халыққа күн жоқ

Самал, саудагер:

     – Отандық өнім деген құрыды-ау, осы. Өйткені коммуналдық қызметтердің өсімі тауардың өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Ал қымбатты кім алады, қытай мен қырғыздың арзан тауары тұрғанда. Жалпы, баға өсіміне біздегі жемқорлықтың тікелей қатысы бар. Өткенде «Қазақстанда пандемия кезінде жемқорлық қылмысы көбейген» деп статистика беріп жатқан. Міне, осының бәрі соның салдары. Жемқорлар жырып алған ақшаны осылай қымбатшылық арқылы өндіріп алғысы келеді. Менің түсінігімде, жемқорлардың көзі жойылмай, қарапайым халыққа күн жоқ. Бәрі қымбаттағанның үстіне қымбаттай береді.

       Қазақстанның тең жарты халқы перрондағы қауым секілді...

Күміс, құрылысшы:

     – Тапқан ақшада береке болмай кетті. «Баға, әне, шарықтады, міне, шарықтады» деп, ішекті тартқаннан да тыныс тарылды. Түңіліп кететін кезің де болады. Тоқаев билікке келгелі адамдарда бір үміт пайда болғандай еді. Арасына мына пандемия кірігіп кетті. «Үмітсіз – шайтан» деген. Өркениетті елдер құсап біздің де адам болатын күніміз болатын шығар деп армандайсың. Жемқорсыз жүйеде, тұрақты бағамен, лайықты жалақымен өмір сүрсек дейді халық баяғы. Соның бірде-бірі жоқ бізде. Ал ондай елдің азаматы бақытты деп қалай айтасың? Қазір маған Қазақстанның тең жарты халқы жолға телміріп, вокзалда көп күтіп тұрып қалған қауым секілді көрінеді. «Өзгеріс» деген пойызды күтіп, әрине...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:34
Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!
Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58