Бюрократиялық, автократиялық шикізат елі

30 жылда жоғалтқан сенімді халыққа қалай қайтарамыз?

Оразәлі СӘБДЕН,академик

14.01.2021, 09:37

3388

Қазақстан халқына, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

 Ашық хат

Мен академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, парламент мәжілісіне төрт рет сайланған депутат, азамат ретінде 74 жасқа қараған шағымда көп ойланып, өтпелі кезеңде ел тағдыры қыл үстінде тұрғанын сезіп, одан қалай шығу жолын көрсету үшін ауыр болса да, осы АШЫҚ ХАТТЫ жазуды жөн көрдім.

                               Біз қайда барамыз?

Әлем күйзелісте, ертең не болары белгісіз. Ақыл айтып, жол көрсетер азаматты, қоғамдық ұйымды көріп тұрған жоқпын. АҚШ-тың өзі анау, Капитолийге басып кіріп жатыр, қырғыздан айырмашылығы неде? Дамыған мемлекеттер, Q7, ЕО, БҰҰ, тағы басқа да әлемдік ұйымдардың өздері дағдарыстан шығатын жол таба алмай, дәрменсіз күй кешуде. Бір коронавирус төрткіл дүниеге үлкен нәубет әкелді, одан бөлек, климаттың жылынуы, аймақтық соғыстар, миграция, су, азық-түлік тапшылығы 1,3 млрд әлем халқын ашаршылыққа душар етуде.

Осындайда еріксіз «Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып бара жатыр?» деген сұрақ туады. Біз есепсіз, жауапсыз көп уақытымызды жіберіп алдық. Мұның сұрауы болар. Енді «есің барда еліңді тап» демекші, бізге өз дара жолымызды табатын уақыт келді. Айналадағы алпауыттарға жұтылып кетуіміз әбден мүмкін, әне, теріскейдегі көршіміз «жер біздікі» деп шығып та жатыр.

Отыз жылдық егемендік тарихымызды еске алсақ, Жоғарғы Кеңестің депутаты, президиум мүшесі ретінде айтсам, алғашқы заңдардың жасалуы, мемлекеттік институттардың құрылуы, өз ақшамыз – теңге шығып, қаржы жүйесі енгізілуі, бірінші рет Ата заңымыз, Тәуелсіздік декларациясы қабылданғанда «ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалды» деп, көзімізден жас шыққан уақыттар да болды. Бір-ақ мысал, алғашқы Конституция жазылғанда  жұмысшы топтың (төрағасы Н.Назарбаев) мүшесі ретінде менің ұсынысым бойынша «Мемлекет білім, ғылым мен мәдениеттің дамуына басымдылықты  қамтамасыз етеді» деп жазылған еді. Бұл баптағы  жазу екінші Конституция қабылданғанда алынып тасталды. Міне, соның салдарынан қазіргі біздің білім, ғылым деңгейі өте нашар. Біз білімсіз қоғамға айналып барамыз, ал ондай қоғамды басқару жеңіл.

                             Жалған ұран жетегінде

Бірақ тәуелсіздік тарихы таза  жазылуы  үшін о бастан жасалуы керек істер халықтың бақуаттылығы мен болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл жалған ұран болып қалды. Екінші Конституция қабылданып, оған көптеген өзгерістер енгізілді, жердің сатылу қаупі төнді, т.б. демократиядан тыс, автократиялық жүйенің принциптері енгізілді.

Отыз жыл бойы біз мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық құрылымын жасап келеміз. Тәуелсіздігімізді әлем қабылдады. Қазір сырттан қарасақ, бәрі дұрыс сияқты – президентіміз бар, үкімет пен парламент, партиялық сайлау жүйесі, т.б. Сол ескі сүрлеумен бұл сайлаудың да қалай өткені көнгіш халыққа белгілі. Алматыда 30-ақ пайыз халық кешегі сайлауға барған. Сонда 70 пайыз халық – қазақтың интеллигенциясы, зиялылары тұратын оңтүстік астана сайлауға наразы деуге бола ма? Бұл көп нәрсені аңғартады, тіпті жүйені өзгерту қажет деген ойға жетелейді.

Шынында, солай ма? Шекарамызды бекіттік, етек-жеңімізді жинап, саяси тәуелсіз ел болдық, бірақ экономикалық тұрғыдан тәуелсіз ел болдық деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, 30 жыл өтсе де, демократиялық емес,  бюрократиялық,  автократиялық шикізат елі болып қалдық. Шикізат елі –  ол әр уақытта қауқарсыз, тәуелді, кезекті әлемдік дағдарыста экономикасы күрт құлайтын ел.

Айта берсек әңгіме көп, қарапайым халыққа керегі сіздің саясатыңыз бен жалпы экономикаңыз емес, қажеттісі – 30 жылдағы әр адамның күнкөрісі, өмір сүру деңгейінің жақсарғаны. Қысқаша айтсам, қазір халқымыздың 1/3 бөлігі кедейшіліктің күнін кешуде, әсіресе ауылда. Бәріміз де ауылдан шықтық, ауылға барсаң жүрегің ауырады, кедейшілік пен бір дәрменсіздік байқалады. Бай мен кедей арасы еселеп өсуде, қазір 30 есе дейді. Заңсыз жекешелендірудің арқасында 1 пайыз байлардың қолында Қазақстанның  90 пайыз меншігі мен байлығы жинақталған. Жалпы, сыртқы қарызымызды қарасақ, 160 млрд долларға жетіпті, бұл жалпы ішкі өнімнің көлемінен асып, өте қауіпті деңгейге жеткен. Себебі мемлекеттің карызы ЖІӨ-нің 60 пайызынан аспаса, ол ел экономикалық тәуелсіз ел деп аталады. Біз әр қазақстандыққа шаққанда 9 мың долларға жуық қарыз екенбіз. Бұл – болашақ ұрпағымыздың алдында кешірілмейтін күнә, өтелмейтін қарыз.

                                  Ақымақты ұры етті...

Экс-президенттің өз аузынан «кез келгеніңді қолыңнан ұстап, заңмен жазалаймын» деген сөздер де шықты. Негізінде, ақылды басшы ешкімді қолынан ұстап жазаламайды, керісінше, адамдардың таланты ашылуы үшін оларға мүмкіндік жасайды. Ал мұндай келеңсіздіктермен, сыбайлас жемқорлықпен күрес қауқарсыз, «иммитация» сияқты халық арасында күлкілі болды. Себебі өздері басқарады, өздері бір партияда, өздері ұрлайды, өздері ұстайды, өздері жазалайды, өздері босатады, т.б. «Патша тағы  ақылдыны ұлы етер, ал ақымақты ұры етер» дейді дана халық. Ең қиыны, елдегі қазіргі жағдай – коронавирустың зардабы, әлемдік кризис, оған қоса, Ресейге салынған санкциялар онсыз да мұнай кризисінен зорға тұрған Қазақстан экономикасын құлдыратуы мүмкін. Соның салдарынан жүйелі дағдарыс орын алуы ғажап емес.

Осындайда қазақтың айтулы азаматтары, көзі ашық, саналы топтары қайда жүр? Жалпы, адамға тән қатаң биліктен қорқу бар. Бірақ қазір адамдарға одан әлдеқайда ауыр күнә бар екенін түсіну қиындау болып тұр. Бұл жерде біз билікте, қызметте жүрген азаматтарды былай жіктеген болар едік. Олардың бір бөлігі автократиялық, диктаторлық жүйеден шыға алмады, бір ағыммен солардың жетегінде кетті, ойынын ойнауда. Ал екінші бөлігі орта қалыпты ұстап, шындық жағында болды, бірақ қолдарынан ештеңе  келмеді, өз күнін көрумен жүр. Ал үшінші – белсенді бөлігі шындықты ашық айтып күресті де, абақтыға түсті. Кейбіреулері демократия үшін сол аяусыз күрестің  құрбаны болып кетті.

Жалпы, шындық үшін бас көтергендердің артында биліктің бақылауы күшті. Оны біз 10 жыл түрмеде отырып шыққан нарық заманының жаңа ойлы қазағы, атом өндірісін әлемдік деңгейге көтерген патриот Мұхтар Жәкішевтің тағдырынан көрдік.

Енді алдағы экономика қалай даму керек деген сұраққа қысқаша жауабым: мен ғалым-экономист ретінде тоқетерін айтсам, алдағы негізгі мақсат– біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып, инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру.

Барлық байлықты жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ, тез алға басамыз. Бұл – жаңа қоғамдық және өндірістікқатынасқа, экономика дамуының жаңа моделіне өту деген сөз. Қазақстан осыған даяр ма?

Тығырықтан шығар жол қайда?

Қазақстанға қазір бұрын-соңды болмаған қиындық туды, өйткені бізге екі мәселені шешу өте маңызды: біріншіден, мемлекет 2021 жылы әлемдік дағдарыстың екінші кезеңімен қалай күреспек? Халыққа ауыртпалық түсірмейтін, дағдарысқа қарсы бағдарламаны жасап, қабылдау қажет. Екіншіден,  көп жылдар бойы қалыптасқан авторитарлық өмір салтынан кейін, мұндай қиын жағдайда қоғамды радикалды демократизациялау бойынша саяси реформалар қабылдау керек.

Мемлекет жүйелі түрде өзгеру үшін тез арада төрт жобаның шешу тетіктерін жасау қажет:

1. Қазақстанда ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап, бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет. Ең маңыздысы, парламенттік басқару жүйесіне өту, жаңа сайлау жүйесін жасау керек.

2. Қоғамның рухани жаңаруы қажет. Heгізгі назар мәдени, тарихи және моральдық-адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұрандатып Абай жылын өткізе салмай, ел болып ұлы Абайдың толық адам ілімін игеру қажет.

3. Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен сүт өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуына байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қамтамасыз ету біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмай, жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз керек. Ауылға асар қажет барлығымыздан.

4. Жаңа индустриялық-инновациялық саясатқа көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасымен қатар, сыни технологиялар жүйесін жасау және енгізу.

Көпғасырлық мәдени және тарихи құндылықтары бар, тауқыметті көп тартқан құрметті халқым!

Құрметті, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев!

Осы ұсыныстарды іске асыру алдағы жеті жылда Қазақстан Республикасының «ХХІ ғасыр өркениет пойызының соңғы вагонына» отырып, озып кеткендерді қуып жетуге мүмкіндік береді. Біз не ғасырлар бойы шикізат елі болып қала береміз, не себепсіз бізді қоршаған монополиялық елдердің иемденуіне тап болуымыз мүмкін. Бізде қазір кеңістік пен уақыт шектеулі. Ақиқат сәті келді.

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Б.ЕРНАЗАР 13:19
Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді
Сайт әкімшілігі 14.04.2021, 12:06
Жанармай бағасы қалыпқа келе ме?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14.04.2021, 09:13
Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды
Еркежан Арын 13.04.2021, 13:57
«Жасыл» экономика өмір сүру сапасын жақсарта ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 13.04.2021, 09:53
Ел алғысын арқалаған азамат
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:19
Үш қалада ауа сапасы нашарлайды

Аңдатпа


  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03