Дефолт! Үкіметтегі үрей

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

11.08.2021, 09:00

3076

      Отандық сарапшылардың дені бүгінде экономикалық ахуалдың мәз еместігін ашық айтуда. Былтырдан бергі пандемияның кесірі, мұнай нарығындағы құбылмалы көңіл күй, валюта нарығындағы тұрақсыздық, елді жайлаған қуаңшылық, қымбатшылық, мемлекеттік қарыздың артуы экономика саласын зерттеп жүрген мамандардың көңіл күйін түсіруде. «Ендігі үмітіміз күзде» деседі сала мамандары. Ал біз күзден не үміт күтуіміз керек?

       Әдетте күз айында жеміс-жидек пісіп, қамба толғаннан бөлек, саяси алаңда да қызықты жаңалықтар болып жатады. Мәжіліс депутаттары еңбек демалысынан шығып,  үкімет жұмысына да «жан» біте бастайды. Күзді біз осы үшін де асыға күтеміз.

       Сарапшылардың пайымынша, биылғы күз айрықша жаңалықтарымен есте қалмақ. Әсіресе валюта нарығында селт еткізер өзгерістер болуы мүмкін. Тіпті бұған қатысты «доллар қымбаттап, теңге тағы бір теперіш көреді, ал мұны экономика көтере ала ма» дейтін мамандар да бар.

        Болжам бойынша бүгінде мұнай нарығы айрықша қысымда қалып отыр. Әлемдік нарықтағы Brent маркалы мұнай  2,8 пайызға арзандап, өнім бағасы  70 долларға дейін төмендеді. Аталмыш нарықтағы трейдерлер қазірде Қытайдағы карантиндік шаралардың күшеюінен қорқып отыр. Қытайдың Ухан қаласында бүгінде коронавирусқа жаппай тестілеу қайта басталды, нәтижесінде бірқатар індеттер байқалды. Осыған байланысты Қытай билігі вирустың таралуын бәсеңдету үшін Ухан мен Пекин қалалары арасындағы көлік байланысын шектеді. Алдағы уақытта сарапшылар Қытайдың ірі-ірі мұнай компанияларының жұмысына шектеу қоюы мүмкін екенін болжап отыр. Мұның соңы мұнай және мұнай өнімдерінің тапшылығын тудырып, артынша Қытай экономикасының демігуіне апарып соқтырмақ.

        Қытай түшкірсе, бүкіл әлем экономикасына суық тиетінін біз бұған дейін де жаздық. Қазақстан Қытаймен арадағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға бейіл бірден-бір ел екенін ескерсек, бұл жағдайдың бізге де әсер етпей қоймасы анық. Бұдан бөлек, көрші Ресей экономикасы да демігіп тұр. Ресейдің экономист-сарапшылары біраздан бері «Ресей экономикасы бес жылсыз есін жинай алмайды. Қазіргі ахуал соны айқындап тұр. Ресейге тұс-тұстан салынған санкциялар, пандемия салдары, елді жайлаған қымбатшылық, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі осыған апарып тұр. Сондықтан алдағы бес жыл Ресей үшін қиындыққа толы болады» деген болжам айтып жүр. Міне, осы болжамдарға сүйенсек, отандық сарапшылар күзден бастап біздің де қинала бастайтынымызды алға тартып отыр.

      – Біз осы уақытқа дейін индустриализация, инновация деген өтірікке малдандық. Үкіметтің жалған есебіне сендік. Кезінде индустриалды-инновациялық бағдарламалар аясында ашылған зауыттар мен фабрикалар ашылған күннен бір ай өтпей жатып жабылып қалған фактілерін кездестіріп жүрміз. Негізінде, біз экономикамызға инвесторды Қытайдан көбірек тартамыз. Білесіздер, Қытай инвесторларының араласуымен елде 55 зауыт салынуы керек болатын. Қытай инвесторлары біздің елдің тау-кен, мұнай-газ, металлургия саласына инвестиция салғыш. Бірақ қазіргі қалыптасып отырған пандемиялық көңіл күймен Қытай өз инвестициясын шектесе, бұл салалардан да мемлекетке түсетін кіріс азая түспек. Ал мұның артында құлдыраудың шеті шығып тұр, – дейді экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева.

       Мамандар 2019 жылы тағайындалған Мамин үкіметі өзінің бейқамдығын доғаруы керек дейді. Үкіметтің «үндемес» ойнауы енді бізге көмектеспейді. Жағдайды үйлестіре алмаған үкімет өзінің әрекеті үшін жауап беруі тиіс.

     – Үкіметтің жауы жалған статистика болып отыр. Осы уақытқа дейін үкімет «барлық салада дамып келе жатырмыз» деді. Шынтуайтында, бір саланың өрге басқанын көрмедік. Ауыл шаруашылығы саласының бетпердесін биылғы қуаңшылық сыпырып берді. Медицина саласы марғау қалыптан шыға алмай отыр. Цифрландыру, инновация, индустрия, инфрақұрылым, өнеркәсіп болсын – барлық салада мін өте көп. Үкіметтің бар-жоғы белгісіз. Үндемес ойнайды.  Ұлттық қордың қаражаты 60 пайызға азайды. Алтын-валюта қоры кеміді. Егер күзде саяси өзгерістер болмаса дефолтты күтеміз, – дейді экономист ғалым Жұмаділда Баяхметов.

        Біздің үкіметке нақ қазір бейқамдық пен немқұрайдылықтан арылып, ширау керек болып тұр. Өйткені халық құрғақ уәде мен сылдыр сөзден жалықты.  Үкіметтің сылбыр қадамы сын тезіне жиі ұшырап жатыр. Десе де, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, кедейшілік шегі өсіп, экономика батпақтап жатқанын үкімет мойындауға асығар емес. Ал мұның арты не болмақ? Болашақта үкімет амалын түзете ме, қадамын ширата ма? Бәлкім, сарапшылар болжап жүргендей, күзде жаңа үкімет келер. Олардан не үміт, не қайыр күтеміз?..

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Азат ӘЛИХАН 08.08.2022, 11:39
Жасыл экономикада жеткен жетістік көп
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 08:49
Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 08:07
Бюджет секторындағы энергия үнемдеу
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 16:59
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 09:17
Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 14:51
Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлер салықтан босатылады

Аңдатпа


  • Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
    08.08.2022, 08:49
  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47