Доңызға бар субсидия жылқыға неге жоқ?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

25.02.2021, 10:10

4008

Жаңаарқа ауданы жылқы өнімін ұқсатып отырған облыстағы ордалы мекен. «Жаңаарқаның қымызы» десе, қарағандылықтардың көбі әлі күнге  елең ете қалады. Түгін тартсаң майы шығатын киелі өлкенің кең-жазира даласына сән беретін Қамбар ата тұқымы түгесілген емес, керісінше, одан түсетін  табыс көзі көбеймей тұр. Бұл маңдағы ортаңқолды шаруалар төрт түліктің пайдасынан гөрі шығыны бастан асатынын айтады. «Малдың еті мен сүтінен түсетін пайда несиені жабуға жетпейді» деп наразы.

Сәкен ауылындағы «Байтоқ» шаруа қожалығының иесі Нұртас Әлмағанбетовтің иелігінде 100-ге жуық жылқы, 90 сиыр, осыншама қой бар. 2014 жылы бұл төлдерді үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиемен алған. Уақыт өте келе, қолдағы  түлікті күтіп-баптау мен  мал азығын дайындауда қиындыққа тап болған. Мұндай тосқауылға  ауылдағы шағын қожалықтар да килігеді. Ақыры төрт шаруашылық бірігіп, пұшпақтан аман  шығып келеді.

– Шаруалардың «жоқтау жыры» мал жайылымының тапшылығынан басталады. Ауылдағы  шүйгінді жерлер жекенің меншігінде. Несібесін қысы-жазы  түзден іздейтін жылқыға мекен жеткіліксіз. Бізге жер алу мехнат. Сондықтан жылқыны да өзге малдармен бірге қолда ұстауға тура келеді. Оған жемшөп қоры молынан қажет. Оның сыртында, сиыр мен қойдың азығы бар. Шаруашылықты жалғыз техникамен банкротқа отырғызасың. Осындай қажеттіліктен төрт шаруашылық бірігіп, бір-біріміздің  кем-кетігімізді ымыраласып шешудеміз. Әлбетте, әркім өз ісін дөңгелеткенге не жетсін?! Бізде ірі шаруашылықтар ғана  майлы сүйектің жілігін ұстап отыр, кішігірім шаруалар шөміштен қағылып, қалт-құлт етіп күндерін әрең көруде, – дейді  уайым шеккен қожалық басшысы.

      

«Ет пен сүттің құны бейнетті ақтамайды, қаржы қолға тимейді»

Жаңаарқалық «Байтоқ» шағын шаруа қожалығының иесі осылай деп, зар илеп  отыр. Бұлай күйінуінің себебін Нұртас Әлмағанбетов былай түсіндірді:

– Былтыр қыркүйек айында жедел бордақылау кешеніне 100 бас ірі қара апарып өткіздік. Сиырдың әр келісіне 200 теңге үстемеақы төленетін болды. Содан бері жарты жыл уақыт өтсе де, қаржымыз әлі қолға тимей отыр. Облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары әне-міне деп, қара термен тапқан қаражатымызды төлеудің мерзімін  шегіншектетіп  келеді. Өткен жылы 12 бас асылтұқымды бұқа алғанда, дәл осы тақылеттес жағдайға тап болдық. Онда арада бір жыл өткенде барып ақшамыз қолға тиді. Айта кеткен жөн, төлем мәселесінде бізге қарағанда ірі шаруа қожалықтары жылдам қол жеткізеді. Мәселе мұнымен шектелсе жақсы. Елімізде мал өнімінің бағасы өте төмен, төккен терді ақтамайды. Мәселен, 2018 жылы  облыс орталығындағы  ауылшаруашылық тауарларын өткізу бекетіне  қымыз апарып саттық. Әр литрін 60 теңгеден  қабылдады. Ақыры бұл істен қайыр болмаған соң доғардық. Себебі құнды сусынды дайындау әдісі мен  қалаға жеткізу құны  қып-қызыл шығынға батырды.

                     Шошқа субсидиясы жылқыдан неге қымбат?

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жылқы малы Жаңаарқада жақсы жерсінеді. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы құрметіне орай, осы өңірдің халқы бір күнде 10 мың тонна қымыз пісіп, рекордтар кітабына енген-ді. Бұл шынымен ерен құбылыс болды.  Қамбар ата тұқымының бірегей мекеніндегі ер-азаматтар мың-мыңдап жылқы айдауға құлшынып отыр. Әттең, жомарттың қолын жоқтық байлап отыр. Бар гәп субсидияға келіп тіреліп тұр. Анығын айтқанда, жылқының сүтін, яғни қымыз өндіруге берілетін субсидияның жолы жабылып тұр. Сонда тұсау салып отырған кім? Жылқышылардың айтуынша, бұл іске  облыстан  қаржы бөлінбеген. Төл өнімнің төресін төрге оздырмай отырған  сала басшылары.

– Әлеуметке мәлім,  министрлік бір бас доңыз өсіруге 140 мың теңге субсидия тағайындап отыр. Талпақ танауға қарағанда жылқы субсидиясы 40 мың теңгеге арзан. Демек, доңыз асырағанның қалтасы қампаяды. Қазір елде жылқының құны 700 мың теңгеге бағалануда. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігі  жылқының субсидиясын  бүгінгідей 100 мың емес, 200-250 мың теңге етіп тағайындаса, біз секілді  несиеге мұқтаж шаруаларға үлкен көмек болары кәдік. Атакәсіптен  нәпақасын айырып отырған қожалықтарға  бие сүтіне субсидия беріледі деген хабарды естігенде көңілімізге қуаныш ұялаған еді. Бұл іс Қостанай, Алматы облыстарында ілгері басуда. Алайда біздегі ауыл шаруашылығы басқармасындағылар өтінішімізді қабылдамай отыр. Министрліктегілер мәселе жергілікті жерден шешілуі тиіс деген уәж айтады, – деп қынжылды  «Байтоқ»  шаруа қожалығының жетекшісі Нұртас Әлмағанбетов.

Қожалық иесінің өтініміне орай, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарынанжөн сұрадық. Сырым   Бошпанов мырзадан төмендегідей жауап алдық: «Біз өндірістік аймақпыз. Сондықтан бюджет қаржысы алдымен экспортқа тауар шығаратын өнеркәсіптердің сұранысына бөлінеді. Биыл ауыл шаруашылығы саласының қажетіне бағытталатын  қаражаттың ішінде бие сүтін, яғни қымыз өндіруге субсидия беру қарастырылмады».

Шендінің жауабына қарағанда, жылқыдан  табыс табуды көксеген  ағайынның  арманы жақын арада  орындалмайтын секілді. Бізде бітпейтін кедергіге шырмалудың шегі бар ма екен?

Тегтер: субсидия шаруашылық экономика жемшөп жылқы шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен
Нұрай РАХЫМ 17.11.2021, 08:59
Ресей Қазақстанның уран кеніштеріне көз тігіп отыр ма?

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30