Досың бұзақы болса...

Еуразиялық одақтан шыға аламыз ба?

Шыңғыс АТАЙ

29.12.2020, 09:53

3036

170 миллион адам. Бұл – Еуразиялық одақтың ережесі бойынша қалыптастыруы тиіс ортақ нарық сыйымдылығы. Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіптің экспорттық салаларының өсуіне серпін болады деген еуразиялық интеграцияның бүгінгі ахуалы қандай? Қазақстанмен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения сынды мемлекеттердің басын қосқан одақ ауыз толтырып айтарлықтай қандай іс тындырып жатыр? Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не берді?

ЕАЭО бәсекелестікті арттыру, тауарлар мен қызметтер сапасын өркендету мақсатында 2014 жылы құрылған болатын. Одақ мүшелері Еуразия құрлығының – 14, бүкіл жер халқының 2,4 пайызын алып жатыр. Олар әлемді мұнайдың – 14,5, газдың – 20,2, тыңайтқыштардың 26,3 пайызымен қамтамасыз етеді. Алайда шикізатқа мәрттік танытқанымен, жаһандық жалпы ішкі өнімнің 3,2 пайызын ғана құрап, әлемдік экспорттың 2,2 пайыздық көрсеткішін қанағат тұтып отыр. Ішкі тауарларды сыртқа тасымалдау үшін қабырғасы қаланған экономикалық одақтың көрсеткіші осындай. Бұл «төрт еркіндік» қағидатына сүйенген мегажобаның импортқа илігіп, экспортқа келгенде, есе жіберіп отырғанын көрсетеді.

«Еуразиялық экономикалық одақ Ресей мүддесіне жұмыс істейді»

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан бүгінге дейін одақ игілігіне 14 млрд теңге жұмсаған. Алайда экспортымыздың көрсеткіші көңіл көншітпейді. 2019 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан Еуроодақ елдерінен 10,4 млрд доллардың өнімін сатып алып, 4,4 млрд долларға ғана экспорт жасаған. Яғни елде шығыс кірістен 2,2 есе артық болып отыр. Биылғы дерек Еуроодақтағы Қазақстанның импорты экспорттан төрт есе жоғары болғанын көрсетеді. Осыдан-ақ ЕАЭО-да Қазақстан сатып алушы елдің рөлін атқаратынын аңғаруға болады. Ал Ресейдің экспорты 28 млрд долларды құраса, импортқа 14,9 млрд доллар ғана жұмсалған. Яғни солтүстіктегі көршіміздің кірісі екі есе көп деген сөз. Сонда ЕАЭО  Ресейдің ғана жыртығын жамауға арналған жоба ма?

Осы тұрғыда экономист Жангелді Шымшықов экономикалық одақтың пайдасы тым төмен дейді. Айтуынша, аталмыш жоба экономикалық өсім бермейтін көрінеді.

«Қай уақытта экономика өсім береді? Екі жақ бір-бірін толықтыратын болса ғана! Олар мұнай өндірсе, біз мұнайды өңдесек немесе олар бидай өсірсе, біз оны ұнға айналдырсақ ғана интеграция болады. Сол арқылы технологиялық бөлшектер мен экономикалық салаларымыз бір-бірін толықтыруы қажет. Мысалы, бізге Жапониямен келісімдер жасаған тиімді. Оларда технология, бізде шикізат бар. Бұл екі жаққа да ұтымды болмақ. Бізге, тіпті, Беларусь елімен интеграция жасап, ауылшаруашылық өнімдеріне керек ауыр машиналарды тартқан дұрыс. Ал Ресей мен біздің елде бір-бірін қайталайтын бәсекелес экономика ғана. Екі елде де бидай, ет, мұнай, көмір өндіреді. Ал бірдей экономика болғанда, әркім өз көрпесін өзіне қарай қымтайтыны сөзсіз. Бір ғана мысал, біздің бәсекеге қабілетті, шетелде сұранысы бар тауарлар арақ-шараптар, яғни ішімдіктерді Ресей өзіне қабылдамайды, ал біздің дүкендерде солардың арақтары толып тұр. Шындықтың шеті енді шығып жатыр. Құлақ асатын ешкім жоқ», – дейді Жангелді Шымшықов.  

Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтындағы статистикадан сыр тартсақ, одақтағы ең жоғары жалақы да Ресей мен Беларусь еліне тиесілі екен. Сондай-ақ соңғы уақытта елімізде ішімдік өндірісінің экспортталуы 17 пайызға азайған. Есесіне Қазақстан алкоголь өнімдерін сатып алуды екі есеге арттырыпты. Осы тұста Еуразиялық одақ бізге не беріп жатыр деген сұрақ туады. Одақты құрудағы шынайы мақсат қандай?

Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали ЕАЭО-ға Ресейден сескеніп кіргенімізді айтады.

«Қазіргі жағдайларға қарасақ, бұл Ресейдің айдауына жүретін, мүддесіне құралған одақ сияқты. ҰҚШҰ да осы форматта құрылған. Бірі экономиканы, бірі әскери саланы тікелей Ресей бақылауында ұстауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, Қытайдан қорыққаннан Ресеймен одақ құрдық. Алайда бұл ел өзімен бауырлас Украинаға соққы жасағаннан соң, одан кепілдік күту де керек емес секілді.

Одақтың келбеті Ресей болғандықтан, батыстың алдында біздің келбетіміз, имиджіміз жақсы емес. Өйткені «Досың бұзақы болса, абырой саған жоламайды» деген сөз бар. Ресей ешқандай көршісінің осы одақтан шықса да, шықпаса да, қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Себебі Ресей президентінің ойында не бар екенін ешкім білмейді», – дейді саясаттанушы.

Сонымен, сарапшылардың пікірінше, «Ресейдің жыртығын жамауға арналған жоба» Қазақстанға пайдасын тигізіп жатқан жоқ көрінеді. Ресейдің империализм саясатын қолдануына қайта жол ашатын бұл түбір басқа елдердің мүддесіне пысқырмайтын сыңайлы. Солтүстіктегі алпауыттың батыстағы саяси қақтығыс үшін ойлап тапқан әдісі ме дерсің бір қарағанда...

Мәскеудің саясатымен санасуға әкелетін одақ Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізуді де бастап кеткен. Оған дәлел – 2020  жылы 1 қаңтарда Ресей өз аумағы арқылы Қазақстаннан Беларусьқа мұнай өткізбейтінін мәлімдеді. Бұл мемлекеттер арасындағы келісімдердің тең дәрежеде жүзеге аспайтынының көрінісі болып отыр.

                       ЕАЭО-дан шығуға не кедергі?

Еуразиялық одақ шартында көрсетілгендей, мүше елдер қалаған уақытында одақтастықтан бас тарта алады. Хабар берілген күннен бір жыл уақыт ішінде процесс тәмамдалуы тиіс. Алайда аталмыш шарттың 118-бабына сәйкес, шығуға өтініш білдірген ел одақ аясында өзінің қатысуымен туындаған қаржылық міндеттемелерді реттеуі керек екен. Яғни шығудың өзі шығын деген сөз. Дегенмен одақтан бас тартудың қаржыдан бөлек, кертартпалығы да бар.

Бұл туралы Жангелді Шымшықов ЕАЭО-дан шығу Қазақстанға оңайға соқпайтынын айтады. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы да жырға айналғанын алға тартып, үстемдік жасап үйреніп қалған Ресейдің бізге Қырым жоспарын қолдана салуы қиын емес дейді.

«Бізге ықпал ету, қысым жасау мақсатында Ресей қазір жер мәселесін көтеріп отыр. Бұлар Украина, Қырым жоспарымен бізді қорқытпақшы. Олар оны жасай алатыны белгілі. Біз қазіргі кезде не үшін халықаралық және дүниежүзілік актілерге қол қойып, түрлі келісімшарттар жасап жатырмыз?! Егер де елге қауіп төнсе Қытай да, Америка да бізді қолдауы тиіс. Ол былай тұрғанда, Ресейдегі түркілер де жер мәселесі қозғалған уақыттан-ақ «Қазақстанға тиіспеңдер» деп ұрандады емес пе? Яғни бұл мүлдем қорғансыз ел емес екенімізді көрсетеді. Алайда Ресей Қырым сценарийін қолданса, біз оған қарсы тұруымыз екіталай. Себебі Қазақстанда Ресейдің қару-жарақ базасы жетерлік. Оның үстіне қит етсе Ресейді жақтап кететін орыс диаспорасының да көлемі үлкен. Сондықтан интеграциядан бас тарту мүмкін болмай тұр. Бұл басымызға кезіндегі Абылай ханның күйін салып отыр. Парасатты көсем де кезінде жан-жақпен тығыз байланыста болуға мәжбүр болды. Қазір де сол. Көпвекторлы саясатпен ғана еліміздің ертеңіне жол ашатын сияқтымыз», – дейді экономист.

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15