Ел алғысын арқалаған азамат

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

13.04.2021, 09:53

1059

       Өзінің іскерлігімен  жұртқа  танылып, кәсібін дөңгелете жүріп, қиналғанға  қол  ұшын  беріп,  халықтың  ыстық ілтипатына   бөленген  арда азаматтар еліміздің  әр  өңірінен де  табылады. Солардың  бірі –  Сыр  бойының  тумасы,  белгілі  кәсіпкер  Мұрат  Сәрсенбаев.  «Жас Алаштың» ғасырлық  мерейтойын  Сыр  жерінен  бастаған  біз ел  аралап,  кездесулер  өткізе  жүріп, Мұрат  Сәрсенбаевпен де  таныс-біліс болдық. Мұраттың  азаматқа  тән  жасап жатқан  тірлігін  көрдік.  Сүйсіндік.  Ырза болдық.  Халықтың  кәсіпкерге  деген  жылы  пейілін  байқадық.  Алғысын естідік. «Жұрттың алдына  шығып,  ел  бұйдасын ұстайтын  нағыз  азамат екен»  дестік. Орайы келіп  қалғанда  «Абай Дәулет» шаруа қожалығының  басшысы  Мұрат  Сәрсенбаевпен  әңгіме-сұхбат  жасадық.

— Бүгінде  Сыр бойының  жұрты кеңінен  білетін  белгілі  кәсіпкерсіз. Әрине,  бұл  деңгейге  жету үшінде көп  тер  төгіп, үлкен тірліктер жасағаныңыз  белгілі...

— Мен  он алты  жастан  жұмысқа араластым.  Әрине, бірден ештеңе  бола  қоймайды.  Әу  баста  ұсақ  тірліктен  бастадық.  Өткен ғасырдың 90-жылдарында  жұрт  секілді бір жерден  бір  нәрсе алып,  оны  екінші  жерге  өткіздік.  Айырбастадық.  Інім Марат  екеуміздің  бизнестегі  қадамымыз  осылай  басталды.  Бензин де  саттық, күрішпен де айналыстық.  Алдымен  Шымкент, Тараз шаһарларын  айналшықтадық. Сосын,  күрішімізді  алып, солтүстік  өңірлерге  шыға  бастадық.  Ол жақтан  өзімізге керекті  дүниелерді  бері  тасыдық. Бір сөзбен айтқанда, «мен саған,  сен  маған»  деген  тірлік  болды.

      Әрине, тиыннан теңге  құрау  оңай  болмады.  Ал  теңгені еселеп  өсіру  тіптен  қиын. Бәлкім,  мен  бухгалтерлік  саланы оқып алмағанда,  жақсы  нәтижеге  қол жеткізе  қоюым екіталай еді. Бала кезімнен  есеп-қисапқа  жүйрік болуымның  көмегі  тиді.  Әр  теңгенің  қадірін  білдік және  соны төкпей-шашпай айналдыра  алдық.  Былайша айтқанда, ұсақ  бақалшылықпен,  яғни  алыпсатарлықпен   ұзаққа  бармасымызды  межелеп,  өзіміз  өсіріп,  өндіріп, соны   сатылымға  шығарсақ  деген алға  мақсат  қойдық. Әу дегенде,  қытайдың күріш  өңдейтін шағын құрылымын алдық.  Ісіміз  жүре  бастады.  Артынша күріш  ақтап,  өңдейтін  құрылғыларымыздың  саны  жиырмадан асты.  Кейіннен   қаланың шет жағында  бір  мекеменің қараусыз  қалған жерін  сатып алып, соған  Оңтүстік Кореядан  күріш ақтайтын  үлкен  зауыт  әкеліп  орналастырдық.   Кәрістермен  келіссөз  жүргізіп,  зауытты  ол  жақтан   алып келудің жанында  Марат  жүрді.  Біз  өзгеге емес,  ағайынды екеуміз бір-бірімізге  демеу, сүйеу  болдық.  Жалпы,  бұл зауыт бізге  үлкен  бизнеске  жол  ашты  деуге  болады.

— Ондай  үлкен  зауытты  сатып алуға аз ақша кетпеген  болар?

— 600 мың  евроға  түсті.

— Қаржыны  қайдан алдыңыздар?

— Кредитке  жүгінбедік.  2002 жылға  дейін  бар жинап-тергенімізді  салдық.  Әрине,  жалғыз  күрішке  тіреліп  қалмай,  қосымша  өзге де  салаларды дамыту  үшін азды-көпті несие алған  кезіміз де  болды.  Оның бәрін  кәсіпті   ары  қарай  дөңгелету  үшін   жасадық.   Ал  қазір  етек-жеңімізді  жидық.  Үкіметке  не  болмаса банктерге алақан  жаймайтын  деңгейге  көтерілдік.  Шүкір.  Тәубе  деймін.

— Келе-келе  түйе  ұстап отыр екенсіздер...

— Алғашында   қой да, сиыр да,  жылқы да  болды. Дегенмен ойласа келе, түйеге  тоқтадық. Әзірге  200-дің  үстінде  түйеміз  бар.  Оның  сүтін,  шұбатын   қаладағы  өзіміздің  «Сүт  өнімдері»  деген  дүкенге  өткізіп,   халыққа  арзан  бағаға  сатып  отырмыз. Алдағы уақытта  түйе  санын көбейте  берсек  деген  ойдамыз.   Әрине,  бұдан да  басқа   бизнес  жоспарларымыз  бар.  Бірақ   қазір жариялағым келмей  отыр. Өйткені  бизнес тек  бір-екі  саламен  шектеліп  қалмауы  тиіс. Сыр  өңірінің  халқы  ертеден-ақ  таза  диқаншылықты   дұрыс  жолға  қоя  білген  ғой.  Көзін  тапсаң, талай  өнімді  өсіруге,  небір бау-бақшаны гүлдетуге  болады.  Бәріне  уақыт,  іскерлік пен  біліктілік керек.

— Іскә  сәт!  Дегенмен  сіз  басқарып  отырған кәсіпорынның негізгі шаруасы  күріш егу,  оны  өңдеп  сату  ғой.  Елімізден  тыс  қай  мемлекеттерге экспорттап жатырсыздар?

— Жалпы, жылына  40  мың тоннаға  дейін  күріш  жинап, оны  өз  зауыттарымызда  ақтап,  сатылымға  шығарамыз.  Сыртқа  шығаруға келсек,  күрішті көбіне Тәжікстан мен  Өзбекстанға  өткіземіз.  Сұраныс  көп.  Кейде  жеткізе алмай жататын кездеріміз  болады. Ешбір  қоспасыз  таза  өнім.  Содан  болар,  сұраныс та  жоғары.

— Қырық мың тонна  аз өнім емес.  Соған  сай  жер де  бар  шығар?

-  Біз   «Бесарық» және «Үшінші  интернационал»  деген совхоздармен  келісімшартқа  отырғанбыз. Сол елді мекендерге  қарасты  жерлерге  күріш егеміз. Шамамен  4000  гектардай  болып  қалады. Бір сөзбен айтқанда, осы  совхоздарда  тұратын  қаншама адамды  жұмыспен  қамтамасыз  етіп отырмыз. Қазіргідей  жұмыссыздық  белең алған  заманда мұның өзі ауыл еңбеккерлері  үшін  үлкен  қолдау. Бәрі  осы  күріште  жұмыс істеп,  нәпақаларын  тауып  отыр.  Бір  нәрсе айтайын, күріш  өсіру  оңай  шаруа  емес.  Көзге көрінбейтін  қаншама  қосымша күшті,  қажыр-қайратты  қажет етеді.

— Қазір  тосыннан келген індет етектен алып,  жағаға  жармасып  тұрған кез. Осыған байланысты шағын  және орта  бизнестің  жағдайы  шатқаяқтап тұр.   Әрине, мемлекет  қолдан келгенше  қолдау көрсетіп  жатыр.  Жеңілдетілген  несиелер  беріп  дегендей. Бұл  қиындық  сіздерді де айналып  өтпеген  болар?

— Әрине,  карантин кезінде даяр тұрған  күрішті  сыртқа  шығару,  сату  жағы  қиындады.  Оны  жасырмаймыз.  Дегенмен  «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлер  палатасы   қол  ұшын созды.  Көмек  берді.   Ал  несиеге келсек,  біз  оған  жоламауға тырысамыз. Қолдан келгенше  өзімізде бар қаржыны  айналымға  саламыз.  Несиенің  қиямет-қайымы көп.   Дегенмен  ауыл шаруашылығына  керек  болған  соң,  бағасы қымбат техникаларды  лизингке  аламыз. Онсыз  болмайды.  

— Бір байқағанымыз, халықтың  сізге  деген  ілтипаты  бөлек екен. Әрине, «күлшелі  бала сүйкімді»  деп жатады  ғой. Дегенмен  өзіңіз  күріш  салып  отырған  екі елді мекенге  үлкен қолғабыс жасап, халықтың әл-ауқатын арттырып  қана  қоймай,  сол ауылдарды  абаттандыруға үлкен қаржы  салып жатқан көрінесіз.  Осы  жөнінде  тілге  тиек ете отырсаңыз.

— Науқан кезінде  ғана  көзге  көрініп,   өнімді  жинап  алған соң,  келесі  науқанға  дейін жоғалып кету  менің әдетімде  жоқ.  Ол  жердің  азаматтарын  жұмыспен  қамтып,  тұрмыстарын жақсартып  қана  қоймай,  елді мекендерін де гүлдендіруді,   тазалауды,  жарықтандыруды  да   қолға алып  отырмын.  Көшелер  тап-тұйнақтай  таза  болса, түндерде жарық самаладай  болып жанып  тұрса,   мәдениет  не  болмаса өзге де халыққа  қызмет  көрсететін  мекемелер  сыңғырлап  тұрса,  ол да  адамның көңіл күйіне  жақсы әсер етеді. Сондықтан  өзім күріш  салып  отырған ауылдарды абаттандыруға  қаржыны аямай  салып  отырмын.  Жақында  Байқоңыр  қаласында  қажетсіз болып  қалған  үлкен аттракционды  сатып алып,  жөндеп,  осы  Үшінші интернационал ауылына   әкеліп  құрсақ па  деп  отырмыз.  Жұмыстан  қолы  қалт еткенде адамдар  бала-шағасын ертіп келіп,  сол жерде  демалса  несі жаман?

       Ал  Бесарық елді мекені жөнінде айтсам,  ауыл қаладан 25 шақырым жерде орналасқан әрі жағдайлары жақсы.  Көбіне мал шаруашылығына байланысты жұмыс жасайды. Жылда жемшөбін өзіміз арзан бағада береміз. Сол себепті олардың арасында бір қорада 1000 бас жылқыға дейін ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған жігіттер бар. Қалаға жақын орналасқандықтан,  жұмысшылар да оңай қатынап, нәпақасын тауып жүр. Осы  жерге  күріш егеміз.  Сол  салада  ауылдың  200-ге  тарта адамы  жұмыс істейді. Бұдан  тыс,  кірпіш  зауытын да  іске  қостық.  Құрама  жем  шығаратын цехтарымыз  бар. Трактор,  комбайн айдайтындар  бар. Жалпы,  біраз  адамға  нәпақа  тауып  беріп  отырмыз.

   Үшінші интернационал ауылында  да  жұмыс  бір ізге  қойылған.  Қазірдің  өзінде 270 адам штатта болса, көктемде мерзімдік жұмыстарға байланысты штат саны 300-дің үстінде болады. Оларға уақтылы айлығын береміз. Күзде дәл осылай мерзімдік жұмысқа байланысты студенттер араласып, жұмысшы саны көбейіп отырады.  Ең  бастысы,  ауыл адамдарын  қолдан келгенше жұмыспен  қамтып отырмыз.   Олардың  да  маған  деген жылы  пейілін байқаймын.  Осының  өзі  кейде адамды  марқайтады, қанаттандырады.  Жалпы,  «Абай Дәулет»  кәсіпорнында   700-ге  тарта адам еңбек етеді. Кейде  науқандық  жұмыстар  кезінде  олардың  саны 1000-нан  асып кетеді.

— Бәрекелді!  «Болар  істің  басына,  Жақсы келер  қасына»  деген  осы  болар.  Дегенмен алға қойған  мақсаттарыңыз осымен  шектеліп  қалмайтын  шығар?

— Ой көп,  арман-мақсат  жетерлік. Жаңадан тағы да зауыттар әкелсек  дейміз.  Жұмыс  ауқымын кеңейту керек. Мал  шаруашылығын   дамытсақ  деп жатырмыз.  Ет, сүт өнімдерін  көбірек  өндірсек  деген ойдамыз. Өйткені  сырттан келетін  күмәнді  өнімнен гөрі бәрін  өзіміз  таза күйінде  өндіріп,  халықты сүтпен, етпен,  күрішпен қамтамасыз еткенге  не  жетсін!  Дегенмен,  сөз  арасында айта кетейін, жемшөп  жеткілікті  болғанмен, үлкен тірліктерді  жүзеге асыру  үшін бір нәрсе  қолбайлау  болып келе  жатыр.  Ол – су  тапшылығы.  Су  болмаса,  күріш  егу, өсіру  мүмкін емес. Ол  әмбеге аян. Оның  үстіне күріш дақылын өсіруге көп ақша салынады, егуі, тыңайтқышы бар, егу барысында тікұшақпен себуі бар. Техниканың көбісін сырттан әкелеміз. Ең мықты техника – MacDon  бүкіл егінді жалғыз өзі орып шығады. Бір  өзі  бұрынғы   төрт-бес комбайнның  жұмысын атқарады. Солай  бола  тұрса да,  жұмысшылардың  санын  қысқартып  жатқан  жоқпыз.  Керісінше,  екі  қолға  бір  күрек  дегендей тірлік  жасап,  айлық алып, күндерін көрсін, елдің жағдайы дұрысталсын   деген  ойдамыз. Біздің басты мақсатымыз – осы.

— Әңгіменің  ауанын  сәл  өзгертсек. Отбасыңыз  жөнінде  айта отырсаңыз.

— Бір қыз, бір ұлым бар. Қызым тұрмыста, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.  Күйеубалам қызметте. Бір жиен немерем бар. Ұлым Англияда, Бельгияда білім алып келді. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы университетте экономика факультетінде оқуын жалғастыруда.  Келешекте баламды бірге жұмыс істеуге дайындап жатырмын.

Өзім  жөнінде  бір ауыз  қоссам, негізі, есепші және экономист мамандықтары бойынша жоғары білімім бар. 

— Өмірде көңіл күйіңіз болмаған сәтте неге сүйенесіз?

— Ең бастысы – сабырлыққа сүйену керек.  Өйткені  қазір  баяғыдай  жайма-шуақ, қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  заман емес.  Тіршіліктің қамымен шапқылап жатқан  дәуірде  өмір  сүріп  жатырмыз. Жұмыс барысында әртүрлі  жағдай  болып  жатады. Әртүрлі әңгімелер айтылады.  Бірі  дұрыс,  бірі  бұрыс  дегендей...  Сондайда  ашуды ауыздықтап ұстаған жөн-ау. Құран  Кәрімде: «Алла  сабыр етушілерді  сүйеді»,  «Сабыр еткендерге   жасаған амалдарынан да  жақсы сый беремін», – дейді  емес пе?!  Тіпті қазекемнің  өзі де «Сабыр  түбі – сары алтын»  деп жатады.  Сондықтан  сабырлы  болу, парасатты  болу – менің  ұстанымдарымның   бірі. 

— Толған, болған  кәсіпкерлердің  көбі   бос уақытында  әлемнің керемет ғажайып  жерлерін аралағысы келеді. Тағы  бірі  жүйрік сәйгүліктер ұстаса,  екіншісі қайырымдылықпен айналысып  жатады.  Ал  сіз  қолыңыз бос уақытта немен айналысасыз?

— Өкінішке  қарай,  менде  сол бос уақыт бола  бермейді. Болдым, толдым  деп айту  қиын  шығар.  Ой көп, мақсат, арман да аз емес.  Сол  жолда  әлі  қанша  еңбектену қажет.   Әрине,  қолым қалт еткенде  теледидар  қараймын.  Онда  да тарихи, танымдық   арналарға  көбірек    назар аударамын. Тарихқа  көбірек  қызығатыным  рас.  Алысқа бармай-ақ,  осы  өзім туып-өскен Сыр  өңіріне  үңілейікші. Қаншама ғасырдың  қатпар-қатпар тарихы  көміліп  жатыр.  Сыр  бойында  жүздеген шаһарлар  болған. Естуімше,   әзірге  300-ден астам  тарихи ескерткіштер,  көне  қалалардың  орындары  табылыпты.  Бір  ғана  Шірік-Рабат  мәдениетіне жататын қалашықтар қаншама!

        Жалпы,  Сыр  бойы  мал шаруашылығы мен  егін  шаруашылығына  ең  қолайлы  өлке  болғаны  бағзы  заманнан белгілі.  Бүгінде  біз  сол диқаншылықты жалғастырып  жатырмыз.  Тарих  деген   қызық  дүние  ғой.   Ертеде  бірде  Шаш,  бірде  Гүлзариян,  бірде  Сейхун  деп аталған  Сырдарияның бойынан  қаншама ғұламалар,   абыздар, би-батырлар шықты.   Аты әлемге  мәшһүр   Массагет қолбасшысы  Томиристің өзі де осы   киелі Сыр  бойында   туып-өскен, жасанып келген  жауға  соққы  беріп, бетін  қайтарған. Қаза берсең,  тарих  терең  ғой.   Небір  дүлдүлдер  дүбірлетіп  өткен өлкеде  дүниеге келген  соң, туған жердің  тарихына  қызыға, тамсана  қарайтынымыз  рас.   Сайын далада   көшпелі  күн кешкен,  тұлпар  мініп құйындай  жүйткіген   кешегі  сақ-ғұн,  түркілердің   ұрпағы болған  соң, ат  маған да алыс емес. Ұстадық,  міндік,  қазір  одан да  жүйрік темір тұлпарды да   мініп жүрміз.

        «Сыр елі – жыр  елі»  деп, жақсы  теңеу айтып жатады.  Өйткені Сырдан  шыққан  жырау да, әнші де, күйші де жетерлік.  Біз де  қара жаяу емеспіз. Қара домбыраны  қолға  алып, «әу»  дейтін  шамамыз  бар.  Бірақ  мақсатым  сал-сері  болу  емес, халыққа   пайдам  тиетіндей жұмыспен айналысу  болып тұр.   Ал енді  шетелге  шығу  дегенге келсек, бұйырғанын   көрдік,  көріп те жүрміз,  Алла  нәсіп етсе  көре де  берерміз.  Мен  үшін  ең бастысы – елге  пайдам  тиетін іспен айналысу,  елдің   азаматы  болу.  Қалғаны кейінгі орында.

         Қайырымдылық  жасауға келсек,  бұл  менің  екінші  жұмысым сияқты  болып кеткен. Алдыма күніге  қаншама адам келеді.  Әркімнің  айтары бар, мәселесі  әртүрлі. Бірі өзім емделсем  деп,  бірі   баласын  шетелге емдетуге  апарсам деп,  не  болмаса  басқа да   мәселе  бойынша келеді.  Құдайға  шүкір,  ешкімді  бос  қайтарып көрген жоқпын. Алла тағала«Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер», «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады»демей  ме?! Қолымнан  келгенше  қаржылай  болсын,  заттай  болсын  көмек  беріп жатырмын. Халықтың ықыласына  бөлену ол да  бір  бақыт.

— Сіз  мемлекеттік  деңгейдегі  «Алтын  сапа» сыйлығына,  «Жыл  меценаты»   және  өзге де көптеген марапаттарға   иесіз.  Табысты  кәсіпкерсіз.  Жасап  жатқан   ісіңізге көңіліңіз   толатын  болар?

— Шүкір.  Алайда  мен  үшін  үлкен марапат – халықтың  маған  деген  сенімі,  құрметі,  ілтипаты.  Өйткені  халықтан  үлкен ешкім  жоқ. 

— Әңгімеңізге  көп  рақмет.

                                                  

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 20.07.2021, 09:21
Сұлтанов ет сатады, қазақ сүйек-саяқ мүжиді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.07.2021, 09:20
Үкімет есептен неге жаңылыса береді?!
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.07.2021, 14:44
Тендер төңірегіндегі текетірес

Аңдатпа


  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15
  • «Жас Алаш» Түркістан төрінде
    07.07.2021, 08:59
  • Жайыққа келді «Жас Алаш!»
    28.06.2021, 09:02
  • "Жас Алаштықтар" "Қазақстанның құрметті журналисі" атанды
    24.06.2021, 13:55