Енді біз ЕАЭО-дан құтылсақ...

Әділ АҚЫЛБАЙ

25.03.2022, 06:00

2802

Әлем мемлекеттерінің билігі қабылдайтын ең маңызды шешімдердің бірі – экспорт-импорт саясаты. Оның үш түрі болады: толық ашығы (БАЭ сықылды арнайы экономикалық аймақ), либералдысы (АҚШ пен ЕО) және жабығы (Үндістан, Жапония, Қытай). Кімнің қандай модельді таңдайтыны елдің экономикасы мен оның мақсаттарына байланысты келеді, – деп жазыпты алматылық экономист Алмас Чукин әлеуметтік желіде.

Мәселен, дейді ол, халқының саны 50 миллион адамнан аспайтын шағын елдер әдетте ашық экспорт-импорт саясатынан көбірек ұтады, ал Қытай сияқты ірі мемлекеттер отандық өндірушілерін қолдау үшін өз нарығын сыртқы елдер үшін жауып қоя алады. Өндіріс көлемі деген маңызды фактор бар. Зауыттың белгілі бір қуаты мен көлемі болмаса, ол өміршең болмайды. Менеджмент, маркетинг, зерттеу, ғимараттар сияқты тұрақты шығындар шығарылатын өнім көлемімен сәйкестендіріледі. Сіздің кафеңізге клиент келмей қойса да сізге аренданы төлеу керек, аспаз бен официанттарға ақша төлеп, жарнаманы жүргізу керек. Кафеге келген алғашқы 500 клиент тек осы тұрақты шығындарды өтейді. Ал мәселен, кафеге келген 1500-ші қонақтан бастап табыс түсе бастайды.

Бас салып жылына 50 мың автокөлік шығаратын зауыт сала салу деген абсурд. Айына мың бас мал қабылдайтын ет комбинатын бірден бастауға болмайды. Сол себепті нарығы кішкентай елдер өндірістің әлемдік тізбегіне біртіндеп қосылып, өз үлесі мен тапсырысын біртіндеп табуы керек. Ол үшін ашық болуы керек, керек жерде иіле білу керек, нарығыңа кіріп-шығуды барынша жеңілдетуің керек. Үндістан ұзақ жылдар бойы автокөлік нарығын жауып келген еді. Ағылшынның 50-ші жылдардағы автокөліктерінің көшірмесін шығарып, әлемге күлкі болды. Сосын бірлескен кәсіпорындар үшін нарығын ашып, енді олар жапон мен кореймен кооперация боп бірлесіп, сапалы көлік шығара бастады. Әне, олар үндінің автоөнеркәсібін қорғаймыз деп, ақыры талай жылға артта қалды.

– Қазақстан өйтіп не ашық, не жабық бола алмайды. Екі шешімнің ортасында ақылды және либералды сауда-саттық саясаты бар. Әлемдік нарықта баға мен сапа жағынан ең үздік дүниелерді сатып алып, оны тиімді пайдалану. Бұл бізге бұдан былай отандық өндірушілер мүлдем қажет емес дегенді білдірмейді. Отандық өндіруші керек, бірақ соның ыңғайы үшін шетелдік бәсекелестерінің біздің нарыққа кіруіне тыйым салудың еш қажеті жоқ. Ең жаманы, Ресеймен кедендік одақ құрылғалы бері біз экономикалық тәуелсіздігімізден біршама айырылдық. Тәуелсіз кедендік саясатымыздан айырылдық. Сосын ДСҰ-ға мүше болып, мойнымызға тағы біраз жаңа міндеттемелер алдық. ЕАЭО дегеннің Ресейге ғана пайдасы тиді. Ол Қазақстанға экспортын арттырды, біз болсақ, жылына 12 миллиард доллардың теріс сальдосына тап болдық. ЕАЭО-ның мүддесі үшін шетелдік тауарларға өте жоғары баж салығы енгізілді. Соның кесірінен бізде мысалы, автокөлік бағасы удай болды. Бұл жағдайда бізге енді әрекет ету керек. Сыртқы саудадағы саясатымыздың Ресейге тәуелділігін доғарып, өз бетімізбен саясат жүргізуге тырысуымыз керек. Біз де Мәскеу мен одақтас бес мемлекеттің мақұлдауын күтіп отырмай-ақ, өзіміз ұлттық деңгейде шешім қабылдап, өз өндірушілерімізге жылдам және тиімді қолдау жасай алар едік, – деп пайымдайды ол.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 11:30
Тоқаев Салық кодексіне өзгеріс енгізетін заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 11:06
20 наурызда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр
Сайт әкімшілігі 17.03.2023, 13:00
Жақын күндері 2,5 млн-нан астам салымшы депозиті бойынша сыйлықақы алады
Сайт әкімшілігі 17.03.2023, 12:34
Ұлттық қор банкомат па?
Сайт әкімшілігі 17.03.2023, 10:20
Қуатты өңірлер жобасының мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдасы бар ма?!
Сайт әкімшілігі 16.03.2023, 15:05
Айбек Барысов: Біздің экономикаға ұлтшылдық жетіспейді

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28