Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

10.06.2021, 08:40

735

Жыл басында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің «Жергілікті өзін-өзі басқарудың ұзақ мерзімді жаңа тұжырымдамасын» ұсынғаны есте. Жас реформатордың тың бағдарламасы ауыл өміріне қандай өзгеріс әкелмек? Ерғалиевтің жоспарына үңілсек, ауылдық округтерде жаңа өкілетті орган пайда болады. Бұл алқалы орган «ауылдық кеңес» деп аталмақ. Кеңес Одағының шекпенінен шыққандардың бірден іші сезген болар, бұл бұрынғы «сельсовет» дәуреніне оралу. Жас министрдің пайымдауынша, округтік кеңес мәслихат құзыретін атқаратын жаңа өкілетті орган ауылдық әкімдердің сайлауын өткізіп, жергілікті тұрғындардың күрмеуі қиын мәселелерін халықпен тоқайласып отырып шешеді. Кеңес мүшелерін жұрт жалпыхалықтық жиналыста ашық дауыс беру жолымен үш жылға сайлайды. Кеңестің қызметі жергілікті әкімшіліктің бюджеті арқылы қаржыланады.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің авторлық бастамасы қарағандылықтардың назарын аударып отыр. Министрдің тырнақалды қадамына қатысты кезінде Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарын ұзақ жыл басқарған Ниқанбай Омарханов базынасын айтты. Оның пайымдауынша, ауыл өмірінен беймәлім министрдің айтқаны келсе, онсыз да қалт-құлт етіп тұрған ауыл құрдымға кетіп тынады.

– Жас шенеунік құрылымдық жүйені өзгертіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзетіп, жергілікті биліктің дербестігін нығайтқысы келсе, алыстан орағытып, ойқастап тұспалдамай, қазіргі ауылдық округ (ауыл) әкімі институтын жойып, орнына бұрынғыдай ауылсоветтің төрағасы мен депутаттарын сайлап, барлық құрылымдық міндеттері мен құқықтарын қайтарып, ауылдық кеңесті атқарушы-өкілетті орган жасау керек деп төтесінен айтпай ма?

Олай бола қалған жағдайда әр ауылдан халқының санына байланысты аудандық мәслихат депутаттары сайлануы керек және олардың саны үш адамнан аспауы тиіс. Осылайша бір оқпен үш қоянды атып алуға болады. Мұның тағы бір төте жолы – осы күні биліктің басы қатып жатқан «Ауыл әкімдерін сайлау туралы» заңы да, шығыны да керек емес. Тіпті қайтадан ЖӨБӘ мен ауылдық кеңес құрып, текетірес қос билікке жол берілмейді. Сөйтіп, ауылдық кеңес жоғары билікке бағынушылық тәуелділіктен құтылады, жоғарыдан төмен биліктің үйлесімді жүйесі қалыптасады (облыс әкімі-мәслихат, аудан әкімі-мәслихат, ауылдық кеңес-мәслихат). Бұл – билікті орталықсыздандырудың төте жолы деген сөз», – деді ел ағасы.

Өмір бойы ауыл шаруашылығының қазанында қайнаған Ниқанбай Омархановтың айтары аз емес. Бірақ түбі сүбелі саланы дамытуға бағыттайтын қандай да бір бетбұрыс қажет-ақ. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Саят Оспанов: «Қырдағы қос биліктік жүйе жүйелі жұмыс істесе, ауылдағы қарашаға қайырлы», – дейді.

– Кез келген реформа жүйелі ұйымдастырылса, халықтың мүддесі оң шешімін табады. Ауылдық жерлерде округтік кеңестер құрылғаны жөн.

Бірақ атқарушы орган жергілікті ауылдық әкімдіктің құзыретіне бағынатынын естен шығармаған жөн. Ол үшін оны заң жүзінде бекемдеу керек. Әкімдік пен кеңес арасында ат пен арба секілді ымырашылық болмаса, екі жақтың да шаруасы шатқаяқтап, берекесі кетеді. Айналып келгенде, оның зардабын халық тартады, – дейді халық қалаулысы.

Бұған ауыл ақсақалдары не дейді? Қарқаралы ауданының тұрғыны, кезінде ауылда жауапты қызметте болған, қазір өлкедегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ақан Жақсылықов «үй ішінен үй тігудің» тетігін тоқтатуға шақырды.

– Келмеске кеткен ауылдық кеңесті көксеудің қажеті не? Жасыратыны жоқ, осы күні ауыл әкімдері аудан әкімдерінің мәлімет берушісіне айналды. Жоғарыдағыларға жоқты бардай, барды дардай етіп дерек теріп, аудан мен ауыл арасында шапқылаудан басқа тындырып жатқан тірліктері жоқ. Бүгінде жергілікті атқамінерлердің халыққа сүйкімі кетті. Бәрі де өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жекеге жалынышты. Ең аяғы, елді мекендегі қарды шығару үшін жекеменшіктің мүлкіне жалынады. Сондықтан әкімдердің құзыретін өсіріп, халықтың алдында абыройын көтеру үшін бұрынғы ауылдық кеңестің құзыретін ауыл әкімдеріне беру керек. Осы жолды ұстансақ, талай мәселе оңалатыны шүбәсіз, – дейді қарт қайраткер.

Экономистердің болжауынша, ауылдық кеңесті құру, біріншіден, онсыз да қазынасы кеміп жатқан бюджетке салмақ түсіреді. Екіншіден, ауылдық жерлерде ақысыз, ерікті түрде әрекет етіп жатқан қоғамдастықтардың жұмысын қайталауы бек мүмкін. «2018 жылдан бастап еліміздегі барлық ауылдық жерлерде 4-деңгейлі өзін-өзі басқару бюджеті қалыптасты. Қаржылық құжаттың шығын баптарына үңілсек, халықтың қажетін ашатын әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына басым көңіл бөлінген. Мұнда жергілікті кеңесті қаржымен қамтамасыз ету қарастырылмаған. Ескерерлігі, ауылдық кеңесті құру жөнінде түпкілікті ереже әлі жарияланған жоқ. Әйткенмен оның орнына бүгінде қоғамдық бастамашылық топтың жиналыс пен жиын тәсілі әрекет етуде», – дейді Қарағанды экономикалық университетінің Экономикалық теория және мемлекеттік жергілікті басқару кафедрасының меңгерушісі, доцент Әсемгүл Мұсатаева.

Сағы сынған саланы кезекті сынға салсақ, ауылдың іргесі біржолата сөгілмей ме? Әлде кеңес құрып, жұмыссыздықтан жүйкесі жұқарып, еңсесі езілген елді машақаттан арылту оңтайлы ма? Қырдағы ағайынның бар арманы – туған топырағында қағанағы қарық, сағанағы сарық, арқа сүйер билігі болса, зор байлық – сол.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?
Еркежан АРЫН 02.06.2021, 09:06
Аймақтық құқықтық актілерді шығаруды жетілдіру мәселелері

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02