Халық бір жақта, үкімет қай жақта?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

09.07.2021, 08:33

2146

Бүгінде халықаралық ұйымдардың дені кедей елдерді аштықтан құтқаруға шақырып жатыр. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, қазіргі жағдайда кедей мемлекеттерге көмектеспейтін болсақ, онда бүкіл әлемді қақтығыстар, аштық пен жоқшылық күтіп тұр. Бірақ осы арада біздің ғаламдық озық істерден сабақ алғыш, әншейінде халықаралық тәжірибелерге жүгінгіш атқарушы билік мұндай болжамдарға құлақ асуға асықпайды. Қазір Қазақстанда халық өз мәселесімен, билік өз несібесімен екі бөлек жағалауда қалып қойғандай...

   Халықаралық сарапшылардан бөлек, отандық сарапшылардың пайымдауынша, былтыр 1998 жылдан бері алғаш рет ЖІӨ өсудің орнына төмендеді. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2020 жылы  –2,6 пайыз болды.  Қазір коронавирустың салдары мен мұнай бағасының төмендеуі отандық экономикаға қатты салмақ салып  отыр. Тығырықтан шығу үшін біздің мемлекет былтырдан бері Ұлттық қордың 20 пайызына қол салды.  Бұған шетелден алынған қарызды қоссақ, расымен де, алда үлкен ауыртпалық күтіп тұрғанын аңғарамыз.

 Ал енді мұндай тоқырауда экономиканы не құтқарады? Халықты тарықтырмаудың жолы қайсы? Ел неге сонша тарығып кетті? Нақ қазір үкіметтің бас қатырып, күні-түні ойлайтыны осы сауалдарға жауап іздеу болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, көп дүние керісінше болып отыр. Тіпті халықтың жайын ойлауы тиіс депутаттардың кейбіреуі «халық мемлекетке масыл болып алды» деп бір күпінсе, Айдың арғы бетін көргісі келмей, мәселені көлегейлейтін министрлер «бізде барлығы тамаша және жаңаша» деп есеп беруден еш жаңылмайды. Ал шын мәнінде солай ма?Экономист-сарапшы Жанарыс Анарбектің айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында халықты құтқаратын мықты тетік Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 500 теңге емес, 75 мың теңгенің айналасында болуы тиіс.  

   – Былтыр төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға  42 500 теңге төленді. Бұл бір отбасын азық-түлікпен қамтитын сома емес. Сондықтан үкімет алдымен  ең төменгі жалақыны өсіруді ойластыруы керек. Халық қазір өз күнін өзі көріп жанталасуда. Үкіметке деген сенім кетті. Ендігі уақытта билік халықтың алдында ұпай жинағысы келсе, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға қолдау көрсетуі керек. Инфляцияға ұшырап жатқан халықтың қаражатын сақтау мақсатында жалақы, жәрдемақы, зейнетақы кем дегенде 30 пайызға өсім беруі қажет, – дейді сарапшы.

 Айта кету керек, «Жас Алаш» бұл мәселелер төңірегінде бұған дейін де бірнеше мақала жазған-ды. Десек те, керең бе, сараң ба, әйтеуір, атқарушы билік халықты емексіткен күйінде алдап қойып отыра береді.  

    Салыстырар болсақ, әлемді жайлаған пандемияға байланысты өзге елдер қазір халықты тарықтырмаудың бар амалын қарастырып жатыр. Мысалы, Ресейде былтыр төтенше жағдай кезінде үш жасқа дейін әр балаға 5000 рубльден жәрдемақы беріліп отырды.  Бұл – теңгеге шаққанда шамамен 29 мың теңге. Ал 3-тен 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 10 мың рубль (шамамен 57 700 теңге) көлемінде бір реттік төлем тағайындалды. Бұдан соң, Ресей шағын және орта бизнестің несиесін өтеуді жеті айға дейін созды. (Бізде үш айға шегерілген болатын).  Жекелеген адамдардың несиесін өтеуге де жеті айға дейін мұрсат берілді. «Экономикасы дамымай, артта қалды» деп, біз менсінбейтін Қырғызстан үкіметі былтыр індет басталған сәтте коронавирус салдарынан еліндегі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін бірден «Сәтті сәрсенбі» бағытында жұмыс істеуге шақырды. Бішкекте сәрсенбі күндері мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмек жасалады.

      Өзбекстан үкіметінің әбжілдігі жайлы да бүгінде оң пікірлер айтыла бастады. Бұл елдің үкіметі сын сағатта шалт қимылдап, халықты керекті заттармен барынша қамтып, мүмкіндігі шектеулі жандар былтыр наурыздан бастап, маусым-шілде айларына дейін өтемақы алды. Ал бұған қатысты біздің үкіметтің былтыр төтенше жағдай кезінде мүгедектерге тағайындаған қосымша жәрдемақысын (!) айтудың өзі ұят. Қазақстан үкіметі былтыр төтенше жағдайға қатысты бірінші, екінші топтағы мүгедектерге үш айға 5300 теңгеден қосымша жәрдемақы тағайындады. Осыған қарап, «сол үкіметтегі шенеуніктер 5300 теңгеге өздері күндерін көре алар ма еді» деп ашынғанымыз да рас. Оның арасында дәрі-дәрмек таппаған халық өзін-өзі емдеп, турасын айтқанда, өзін-өзі өлімнен арашалап қалды.

Ойлап қарасақ, біздің билік «халықты тарықтырмаудың амалдарын қарастырып жатырмыз» деп, түрлі бастамаларды алға тартудан алдына жан салмайды. Мысалы, былтыр үкіметбасы Мамин мырза «елді азық-түлікпен толық қамту үшін Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабына айналдырамыз» деп «тың» бастама көтерді. Үкімет осы әдіс арқылы экспорт, импорт қатынасын нықтап, елге арзан азық-түлік енгізбекші болған. Бірақ сол кезде-ақ «Азық-түлік хабы: Үкіметтің кезекті әсірелеуі емес пе?!» деп күмәнданғанбыз. Себебі азық-түлікпен өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алмай отырған Қазақстанның әлемдік азық-түлік нүктесіне айналуы ақиқаттан гөрі қиялға жақындау еді. Күмәніміз жыл өтпей-ақ ақиқатқа айналды. Қазір елде азық-түліктің бағасы аспандап, халық азын-аулақ тапқанын-таянғанын тамаққа қалай жеткізерін білмей дал болуда.

   Мамандардың айтуынша, үкімет ел басына түскен қиындықтан әлі сабақ ала алмай отыр. Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:

     – Халықтың басына  күн туған сәтте індетке бөлінген қаражат жемқорлардың құлқынынан өтіп кетті. Шенділер қиындықтан ештеңе үйренбеді. Енді сол жемқорлар, елдегі элиталы бизнес экономика қиналғанда, кірісімен бөлісе ме?! Жоқ, бөліспейді. Олар құлқындарынан өткен қаражатты өзінің несібесі деп ойлайды. Шикізат саласынан түсетін табыс азайды. Жемқорлық азаймады, керісінше, коронавирустың арқасында баз біреулер қалтасын қампайтып алды. Халық ашығып, дәрі таппай, несиеге батып, күнін әрең көріп отыр. Ал атқарушы билік «былтырғы вирустан минусқа кеткенді биыл оң көрсеткішке шығарамыз» деп бос мақтанып жүр. Бізге енді «жаман» немесе «өте жаман» арасында таңдау жасау керек болады, – дейді.

       Сала мамандарының айтуынша, Делиден жеткен үнді штамы биыл да біраз жоспарды бұзады. Үнді штамы ерік бермей жатса, адамдарды тағы оқшаулап, бизнеске шектеу енгізуге тура келеді. Ал мұны арып-ашып отырған халық пен көтерем экономика көтере ме?! Үкімет арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, халықты тығырықтан алып шыға ала ма? Көкейде күмән көп, бірақ біздің үкіметтің көңілі тоқ.

    Қалай десек те, нақ қазір атқарушы билікке бір сәт халықтың сөзіне құлақ асып, шындыққа тура қарап үйрену қажеттігі даусыз. Әйтпесе халық бір жағада, үкімет екінші жағада «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері бұқараның жүйкесін тоздырып, елді шаршатып жібергені хақ.

 

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15