«Халықты асырай алмайды»

Смайылов үкіметіне сарапшылар ауыр сын айтуда...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

10.06.2022, 08:53

2748

Кешелі бері экономист мамандар елді елең еткізерлік деректер таратты. Сала мамандарының пайымдауынша, бала туу көрсеткіші артқан сайын Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік жағдайларды реттеу де қиындай түспек. Жалпы, елдегі бала тууға қатысты статистикаға жүгінсек, 2020 жылдан бастап, Қазақстанда демографиялық көрсеткіш күрт артқан. 2021 жылы елде 446,5 мың нәресте дүниеге келген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда, 4,6 пайызға артық. 2020 жылы туу көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда, бірден 11 пайызға өскен. Экономистердің айтуынша, 2021 жылы экономика өсімі 4 пайыз, ал бала туу өсімі 4,6 пайыз болған. Егер туу деңгейі экономикалық өсімнен жоғары болса, жан басына шаққандағы ЖІӨ төмендейді. Сонымен қатар, бұл инфрақұрылымды –медициналық мекеме, мектеп, балабақша салуға және жоғары оқу орындарына бөлінетін грантқа жұмсалатын шығынның артуына да әкеліп соғады. Мамандар алға тартып отырғандай, экономика тұрғысынан елде бала көп тууының артықшылығы да, кемшілігі де бар. «Кемшілігі – бюджетке түсетін жүктеменің өсуі, сондай-ақ жастар жұмыссыздығының өсуі, ол қазірдің өзінде Қазақстан үшін үлкен проблема болып отыр. Позитив фактор – экономикалық өсуді қолдау үшін ішкі нарықтың өсуі және жаңа еңбек ресурстарының пайда болуы. Бірақ ол үшін табыс деңгейін теңестіру керек, экономика өсуі және әлеуметтік қолдаудың неғұрлым тиімді жүйесі қажет», – деседі сарапшылар.

Міне, әлеуметтік және экономика саласын зерттеп жүргендердің елде бала туу көрсеткішінің өсуіне қатысты айтар уәжі осы. Тіпті, олардың арасында «нақ қазіргі бағытпен «үкімет халықты асырай алып отыр», деп сенімді түрде айта алмаймыз, болашақта да «асырай алады» деген сенім білдіру қиын», деп алаңдаушылық білдіретіндер бар. Сонымен, біздің үкімет халықты асырай ала ма?! Елдің жағдайы қаншалықты мүшкіл?! Бұл ретте, «Жас Алашқа» пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, «халықтың жағдайы, экономикалық өсімнің артуы» дегенде, біз, ең алдымен, қарапайым халықтың қанша пайызы қара жұмысқа жегіліп, қанша көлемді қаражат табатынына назар аударуымыз керек. Бұған қатысты Ұлттық статистика бюросының таратқан деректеріне жүгінсек, өткен жылы Қазақстанда 1,4 млн-ға жуық адам қара жұмысқа жегіліп, аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істеген. Деректерге сүйенсек, елімізде тау-кен өнеркәсібінің – 85 мың қызметкері аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын – 42 мың адам, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану саласында – 43 мың адам аптасына 40 сағаттан артық еңбектенеді екен. Ұлттық статистика бюросы бұл тізімге басқа да сала қызметкерлерін кіргізіп отыр. Атап айтсақ, көлік, құрылыс және бөлшек саудамен айналысатындардың 20 пайыздан астамы белгіленген нормадан артық жұмысқа жегіледі. Бірақ осынша артық күш жұмсаса да қарапайым халық неге байымайды?! Бұл ретте, сала мамандарының пайымынша, бізде халықтың тұрмыс-тіршілігіне, экономикалық дамуға қатысты реформалар өте көп. Тіпті, елде тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында – Жоғары реформалар кеңесін де құрды. Бірақ сол реформалардың нәтижесі өте аз.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов: – Осы уақытқа дейін де халық талай реформаларды көрді. Сөздің шыны керек, әр министр әр реформаны тықпалайды. Ол бастама ортамызға бейім бе, реформаны игеріп әкетуге әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз келе ме, осы жағына бас қатырып жатқан бірі жоқ. Әріге бармайық, берісі, Мамин үкіметінен басталған реформалар жүзеге асқанда, қазір халық қиналмас еді. Смайыловты әкелді. Қаңтардан бері жаңа үкімет не бітірді?! Бірінен кейін бірі реформаларды ұсына бергеннен халықтың жағдайы жақсарған жоқ. Егер үкімет осы бағытпен отыра берсе, онда халықты асырай алмайды. Біздің жеріміздің ауқымы үлкен. Тек қана жер асты байлығымыздың арқасында, көптеген шетелдік миллиардер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көріп қарның ашады. Үкімет сол байлыққа ие болып, оны неге елдің жағдайын жақсартуға жұмсауға талпынбайды? – дейді.

Маманның айтуынша, бізде, әсіресе, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыста тұратын халықтың тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы құнарлы жерлерде тұратындықтан, олар жерді еміп, егіншілік ісімен айналысып, әйтеуір, жағдайларын дұрыстап алып жатыр. Ал шығыс пен батыстағы елдің күнкөрісіне, мал өсіруіне, өнеркәсіптік дамуына қатысты, тіпті, қала халқы мен дала халқының әлеуметтік теңдігіне қатысты да үкімет әлі сауатты шешім қабылдай қойған жоқ. – Биыл өткен жылмен салыстырғанда бір ғана Алматыда қала халқының өзін-өзі дамыту орталықтарына бару үрдісі 82 пайызға азайыпты. Сонда Алматы халқының 18 пайызы ғана өзін-өзі дамытуды қолға алған. Соңғы үш жылда қала қазақтарының тамақтану үлгісінде де қатты үнемдеу байқалады. Ал ауыл халқы жиған-тергеніне мал азығын, отын-суын сатып алуға тырысып жатыр. Қазір ауылдық жерде жемшөптің бағасы удай. Бұған қыстық отын-суды қосыңыз. Ауылдағы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері тағы белгілі. Жұмыссыздық ауылды жайлап тұр. Осыған қарап Қазақстан халқының күнкөріс қамы үшін жанталаса тіршілік ететінін пайымдай беруге болады. Үкімет мұны неге ескермейді? Сыннан неге қорытынды шығармайды? Халық қашанғы бейнеттеніп өмір сүреді? – дейді Жұмаділда Баяхметов.

Бейнеттену дегеннен шығады, осыған байланысты дамыған, өркениетті елдермен салыстырсақ біздің елде қарапайым халық бір отбасын асырау үшін Еуропа елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды екен. Бірақ ең қызығы, бүгінде әлеуметтік жағдайы жоқ қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жалқаулық болып келді. Баспанасы жоқ отбасын немесе көпбалалы болып, ішер асқа жарымай отырғандарды көрсе де, «асырай алмаса бала туып несі бар, өзі жалқау» деп сөгетіндер де табылды. Базарда арба сүйреген қазақты көрсек, «жалқау ғой, дұрыс жұмыс таппай ма» деп сөгетіндер де бар. Шындығында, қазақ жалқаулығынан кедей болып жүр ме? Ақиқатында Қазақстанның қарапайым халқы мал басын бейнетпен өсіріп, диқаншылықтың мехнатын әлі де тартып, жаз шықса қуаңшылық, көктем шықса су тасқыны мәселесі үнемі алқымнан алып, жанталаса жүріп бейнетінің зейнетін көруге ұмтылған ел емес пе?! Өкінішке қарай, осынша бейнетпен күнелтіп жүрген сол елдің халқы бүгінде бала тууға келгенде ойланатын деңгейге жетті. Қазір бұрынғыдай «әр бала өз несібесімен, бір қозы туса бір түп жусан артық өседі» деген қағидаға сүйенетін халықтың қарасы аз. Себебі бұқара қауымның үкіметке сенімі аз. Қазіргі қоғам «өкімет өлтірмейді» деп арқаны кеңге сала алмайды. Керісінше, бүгінгі үкіметтің ұстанамы «өз күніңді өзің көр, әрекет жаса» дегенге бағыттайды. Әрине, шаруаға ебі бардың өз күнін өзі көріп, әрекетке берекет жасап жатқаны жақсы ғой. Бірақ «халықты асырай алмайды» деп мін тағу үкіметке ауыр сын емес пе?! Мұндай сын да атқарушы билікке бекерден бекер айтылмаса керек. Бұл «ашынғаннан шығады ащы даусым» деген қарашаның мұңы екені даусыз. Болашақта үкімет елдің осы мұңын естіп, халықтың әлеуетін көтеруге қатысты сауатты шешімдер қабылдап жатса қанекей...

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:21
Елімізде орташа айлық жалақы қалай есептеледі?
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:57
Үй сатып алу биыл 35 пайызға төмендеген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:12
Кәсіпкерлер мобильді аударымдардан жаппай бас тартып жатыр
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 11:37
Қазақстан табиғи апаттардан жылына 477 млн доллар шығынға ұшырайды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09.08.2022, 09:18
«Жасыл Қазақстан» – елдің экологиялық мәдениетін көтереді
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 08:57
"Қазақстан экономикасы сыртқы күйзелістерге ұшырып отыр" - Ұлттық банк

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49