Халықты сүлікше сорған шенділер есін қашан жияды?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

30.03.2021, 08:38

2345

     Жуырда еліміздің есеп комитеті президент Тоқаевқа өткен жылғы жүргізген аудиторлық жұмыстарының есебін берді. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, былтыр есеп комитеті 18 аудиторлық және сараптамалық-аналитикалық іс-шара өткізіп, 47 триллион теңгеден астам қаржыға аудит жүргізген. Соның барысында бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны туралы тың деректер анықталып отыр. Бұл ретте Наталья Годунова былай деді: «1,8 триллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлауға және жұмсауға байланысты заңбұзушылықтар 1,5 есе, 81 миллиард теңгеге дейінгі қаржылық заңбұзушылықтар екі  есеге өскен».

                                      Бұл дауасыз дерт пе?

        Сөйтіп, есеп комитетінің бұл жолғы аудиті де  бас шайқатпай қоймады. Осы жолы да бөлінген қаражатты жемірдей жеп, мақсатсыз жұмсағандардың қатары толықты. Естеріңізде болса, биылғы қаңтар айындағы тексеру барысында  есеп комитеті бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде орын алған заңсыздықтарды да әшкерелеген болатын.  Бұл ретте әсіресе «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында заңбұзушылықтар көп болған. Аталмыш бағдарламаға бөлінген 1 трлн теңгенің 96 млрд теңгесі заңсыз, жоспарсыз жұмсалған. Агроөнеркәсіпті дамыту саласында 49 млрд теңге  «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен. «Бизнестің жол картасы» аясында 35 млрд теңгенің қайда кеткені күмән тудырса, жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде 18 млн теңге көлеміндегі заңбұзушылықтарға жол берілген. Қорытындысында 72 факт бойынша іс құқық қорғау органдарына, 339 факт әкімшілік жауапкершілікке тартуға жіберілген еді.

                Жемқорларға келгенде заң неге жұмсақ?

       Ойлап қарасақ, бізде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану жыл сайын орын алатын жайт. Сонда бұл дауасы жоқ дерт пе, бұған қашан тоқтам болады?! Осы орайда, заңгер Әрсен Ибрагимов былай дейді:

   – Заң солқылдақ болғаннан кейін бюджеттің қаражаты мақсатсыз, тиімсіз жұмсалады. Бұл дерттің емі – мықты заң.  Бізде басқаны қойып, мемлекеттің араласуымен құрылған квазимемлекеттік секторлардың өзінде мемлекет қаражатын орынсыз жұмсау фактілері өте көп. Тіпті сол ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды басқаратын топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан, өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады. Осындай әрекеттерге тұсау салатын мықты заң болмай, бұл мәселе шешімін таппайды.

       Маманның айтуынша,  Еуропада мұндай жайттар қызу талқыға түседі. Тіпті батыстан бөлек, көршілес ТМД елдері қазір қиындықтан шығу үшін қанша қаражат керек екенін, қандай сәтті қадамдар елді тығырықтан шығара алатынын, бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактілеріне қатысты қандай заң қажеттігін жіктеп жатқан тұс. Ал бізде заңның әлсіздігі соншалықты –  ұлттық компаниялардағы топ-менеджерлердің бюджет қаражатын  кеміріп, енесін әбден емген қозыдай мықтап тойынып алатын жайттар жиі кездеседі.

                     Топ-менеджерлер тәубеге қашан келеді?

      Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері тіпті СПА мен фитнеске мемлекет қазынасынан миллиондаған қаражат жұмсай бастаған. Мәжілістің жалпы отырысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын талқылау барысында Азат Перуашев араны ашылған, ел қазынасын тонап отырған ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды сынап тастады. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық схемалары үнемі осы квазимемлекеттік сектордан шығады, сыртқы қарыздың көп бөлігі де соларға тиесілі.

    – Ұлттық компаниялардың, олардың «еншілестері» мен «СК-Фармация» немесе министрліктер мен әкімдіктер жанындағы түрлі ЖШС-лар мен РМК-ның бюджеті барынша ашық болуға тиіс. Республикалық және жергілікті бюджеттерге енгізіліп, ал олардың басшылығы қоғам алдында шығындар мен жетістіктер туралы ашық есеп беруі керек. Ұлттық компаниялардың бюджеті ашық болған жағдайда пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығынан көз жұмған адамдардың өліміне бейжай қараған «СК-Фармацияда» ондаған миллион теңге сыйақы төлеу деген дүниелер болмас еді. Немесе тағы бір мысал:  мемлекеттік кәсіпорын салық төлеушілердің ақшасынан өз менеджерлеріне фитнес пен СПА-ға 40 миллион теңге төлейді. Бұл тек жұртқа мәлім фактілер ғана, – дейді Азат Перуашев.

       Ал «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын мәжіліске алып келген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев болса: «Аталмыш заң квазимемлекеттік секторлардың ашықтығын, тиімділігін арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп сендірді. Сөйтіп, аталмыш заңды мәжіліс бірінші оқылымда қабылдап та жіберді. Рас, болашақта бұл заңның тиімділігін уақыт көрсете  жатар.  Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, бюджеттен, Ұлттық қордан экономиканы қолдауға қаражат бөлінеді.  Дегенмен сол қаражатты халықтың көрмей жатқаны тағы ақиқат. Бұған қатысты саясаттанушы Әзімбай Ғали:

     –  Менің ойымша, коррупцияның әр фактісі барынша әшкереленіп отыруы керек. Өкінішке қарай, біз мұндайды әшкерелеуге асықпаймыз. Көп жағдайда жария етілмей, жабылып қалады. Осыдан барып бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау орын алады. Батыс елдерінде мұндай мәселе үлкен талқыға түсіп, халықтың наразылығын тудыратын дүние. Сондықтан болашақта сылбырлықты қойып, бақылауды күшейтіп, заң бұзғандарды ашық жариялап, заң жүзінде жазаға тарту керек. Бюджеттен бөлінген қаражаттың қызығын ел көруі қажет, – дейді.

        Жалпы, экономист-сарапшылардың есебінше, Қазақстан болашақта өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіліп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін бес есеге арттыруы қажет. Бұған қоса, бюджеттен бөлінетін қаражаттың орынды жұмсалуын бақылауды 20 есеге арттыру қажет. Сондай-ақ бюджет қаражатын оңды-солды шашып, араны әбден ашылған шенділер де тезірек ес жинауы тиіс.

Тақырыпқа тұздық

                   «Шетелдің шендісі – «қара жұмысшы»

      Тақырыпқа орай, біз «Жас Алаштың» сауалын экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділдә Баяхметовке қойдық:

   – Жұмаділдә Мырзаханұлы, жуырда мәжіліс «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заңды қабылдады. Заңның мақсаты – ашық есеп беруге үндеу, жалпы, осы сектордағы ашықтықты, жариялылықты талап ету. Қалай ойлайсыз, заң қолданысқа енсе мақсат орындала ма?

    – Заң қабылданса да, оның орындалуы, бақылауы, қадағалауы деген болады. Бізде заңға бағыну, оны орындау жағы кемшін. Мысалы,  ұлттық компаниялардың қарызға батып отырып басшыларына сыйақы жаздыруы, тіпті спорттық жаттығуларына дейін бюджет есебінен төленуі барып тұрған ынсапсыздық. Сол ынсапсыздықты заң тежей алатын болса, осы уақытқа дейін бірнеше заң қабылданды емес пе?! Сондықтан «бұл заң да көптің бірі болып қала ма» деген күдік те жоқ емес. Меніңше, заңнан бөлек, атқарушы билік басындағы шенеуніктерде ар, ынсап, ұят болуы керек-ау.

   – Сіз дамыған елдердің және біздің елдің шенділерін үнемі салыстырып отырасыз. Осы ретте, қандай мысал келтіре аласыз?

  – Дамыған елдердің әкімдері мен шенеуніктерінің   жалақысы мұғалім мен дәрігердің жалақысынан төмен.  Бір мәселе шықса, қала басшысы дереу шешуі тиіс. Олар қымбат жиһаздармен көмкерілген кабинетте емес, үйінде отырып та жұмыс істей береді. Тек байланыста болуы тиіс. Қымбат көлік берілмейді. Бірақ қай жерде мәселе бар болса, сол жерде жүреді.  Өркениетті елдердегі осындай мысалдарды көріп отырып, шетелдің қалай дамып, неге бізден еселеп алға озып кеткенін пайымдай беруге болады.  

  – Демек, шетелдерде әкімдерге, шенеуніктерге  «қара жұмысшы» тәрізді қарайтын болғаны ғой…

   – Нақ солай.  Оларға бақылау өте қатты. Қай жерде мәселе бар – әкімқаралар сол жерден табылып, оны тез арада шешуге міндетті. Мұндайда шікірейіп киініп, қымбат көлікпен жүретін, қомақты жалақы алатын біздің шенділердің қордаланған проблемаларды шешудегі салғырттығы жайлы сөз қозғаудың өзі ұят. Десе де, «үмітсіз – шайтан».  Болашақта біздің топ-менеджерлер, дағдарысты еңсеруі тиіс үкімет мүшелері, жалпы, шенеуніктер ар-ұятын оятып, есін жияды деп үміттенеміз. Олай етпесе халыққа қиын болады.  

Тегтер: бюджет қаражат жемқорлық жымқыру шенеунік министр әкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 20.10.2021, 10:19
Жаңа кен орындары игерілмек
Еңлік АБАҒАН 20.10.2021, 09:12
Ауғанстанға астық беру – пиар
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 19.10.2021, 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 19.10.2021, 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31