Халықтың ашқұрсақ екенін мойындайтын кезең жетті

Қарлығаш Зарыққанқызы

14.01.2021, 10:43

2002

       2020 жылдың екінші тоқсанындағы деректерге жүгінетін болсақ, елдегі бұқараның кірісі 9,3  пайызға артқан.  2019 жылы бұл көрсеткіш 113,7 мың теңге болса,  2020 жылы 121,7  мың теңгеге өсіпті. Бірақ халықтың осы кірісін ауыздықтауға көнбейтін инфляция жеп қойып отыр.

       Рас, бізде зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, тұрмысы төмен отбасылар алатын жәрдемақыға жыл сайын мемлекет тарапынан қажетті үстемеақы қосылып отырады. Бірақ үстемеақы қосылған сайын, қымбатшылық та халықты қыса түседі. Мысалы, 2017 жылы халықтың кіріс көзі республика халқының әрқайсысына шаққанда 76 575 теңгені құраған. 2018  жылы бұл көрсеткіш 99,3 мың теңгеге өссе,  2019 жылы 113,7 мың теңге болған. Дегенмен жыл сайын кірісі өсіп отырса да, әлеуметтің әлеуеті айтарлықтай жоғары емес.

 

                     Үстемеақымен емексітуді доғару керек

       Сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазіргі қалыптасып отырған экономикалық жағдайда халыққа мардымсыз үстемеақы қосылып отыр. Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының бас сарапшысы Дәурен Арын халықтың ашқұрсақ екенін мойындайтын кезең жеткенін алға тартты.

     – Егер нақты деректерге жүгінсек, қазір республика халқының 60 пайызы ас-ауқаттан үнемдейді. Себебі қымбатшылық қатты иек алып барады. Қазір тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қатары қалың. Мысалы, біздегі орташа жалақы көлемі 150-180 мың теңгенің айналасында.  Ал бір айға, ең аз дегенде, азық-түлік сатып алуға 70-80 мың теңге кетеді. Қала халқының төлейтін коммуналдық қызметақысы бар. Ауыл халқының жемшөбінен бастап, отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың өспейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Біз қазір әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. Үкіметке қарапайым халықтың табысы азық-түлікке ғана жететінін, халықтың ашқұрсақ екенін мойындайтын кез келді. Жыл сайын жалақыға,  зейнетақыға болмашы үстемеақы қосу енді елді құтқармайды, –  деді экономист-сарапшы.

    

            Сауатты шешім қажет екенін неге түсінбейді?

       Дәурен Арынның айтуынша, үкімет келер екі жылда сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кез жетті. Ол үшін, маман айтып отырғандай, халық тұтынатын азық-түлік себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, күнкөріс деңгейі қайта сұрыпталуы қажет.

      – Дамыған елдермен біздегі орташа жалақы мөлшерін салыстырудың өзі ыңғайсыз. Бірақ біз өркениетке ұмтылған ел болғандықтан, олардың жақсы жағын алып қалуға тырысқанымыз жөн. Бірқатар дамыған елдерде орташа жалақы мөлшері 4500 долларды құрайды. Мұндай жалақы алатын болса, халықтың жағдайы сөзсіз түзелер еді. Сондықтан бізге болашақта жұмыспен қамтуда дұрыс бағытты ұстану қажет. Мысалы,  Корея халқы жұмыспен қамту кезінде өндірісті ұжыммен басқару тәсілін жақсы меңгерген. Олар халықтың пікірімен санаса біледі. Көптеген елдер  өздерінің табиғи байлығын адам ресурсын дамыту үшін пайдаланады.  Бірінші кезекте адам капиталын дамытуды қолға алған мемлекеттер қазір ұтылмайды. Сондықтан бізге де осы бағытты ұстану керек, – дейді Дәурен Арын.

  

            Билікке халықтың өзін-өзі дамытпағаны керек пе?

        Жалпы, өткен жылы елдегі қымбатшылық деңгейі өскенін сарапшылар ғана емес, Ұлттық банк те, ұлттық экономика министрлігі де, тіпті үкімет те мойындады. Бұған қатысты  мамандар нақты әдістерді қолға алмасақ, келер жылы да «қымбатшылыққа одан әрі шалдығамыз» дегенді алға тартады. Қаржыгер Жасұлан Игенбердиевтің айтуынша, бір ғана Алматыны мысал етсек, оңтүстік астанада 1,5 млн халық бар. Олардың тұтыну шығыны 2019 жылмен салыстырғанда (7,9 пайыз) 2020  жылдың соңғы алты айында 9,1 пайызға өскен. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың ай сайынғы тұтыну шығыны 123 338 теңгені құрады. Өзіміз анықтағандай, үш баласы бар отбасы осы соманың 90 мың теңгесін тек азық-түлікке ғана жұмсайды екен. Ал қалғаны коммуналдық төлемге, жолақысына кетеді екен.

     – Біздегі қарапайым халықтың тапқан табысы өзін-өзі дамытуға жетпейді. Тек азық-түлік алғандарын місе тұтып отырған халық қаншама?! Сонда билікке керегі осы ма? Тапқан табысын тек ас-ауқатына жеткізетіндердің қатары көбейді. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қысып барады, – дейді сарапшы.         Қаржыгер маманның пайымдауынша, билік алдағы уақытта мына жайттарға назар аударғаны жөн.Біріншіден, инфляцияны нарықтың талабына сай, тежей алу үшін отандық кәсіпкерлерге салынатын қосымша құн салығы қымбат. Міне, осы мәселені шешіп алу керек. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Екіншіден, жеке тұлғаларға арналған тарифтерден бөлек, кәсіпорындарға тариф бағалары бар. Мұны зерттеу керек. Расымен де, қойылатын тариф бағамы отандық кәсіпорындарға қолайлы ма, осы жағын толық біліп алып барып, бұл арада да жеңілдіктер қарастырған жөн. Үшіншіден, делдалдар мәселесін шешу керек. Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отырған делдалдарға бізде бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелей зауыттан өз бағасына жеткізілетіндей жағдай жасалынуы керек. Бұл арада «бизнесті бастадың ба, әрі қарай мемлекеттің көмегінсіз өзің дамытып ал» деген болмайды. Олай етсек, жабайы кәсіпкерлік дамып кетеді. Сондықтан бизнеске бақылау орнатып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет нәрсе.

         Экономист-мамандардың пайымдауынша, 2021 жылы да қымбатшылық қоюлана түседі. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жайттың өзі осыны аңғартып отыр. Сондықтан біздің атқарушы органдарға болашақта өздері жасап алған жалған статистиканың жетегінен шығып, қиындықтан құтқаратын қажетті шешімдер қабылдау керек болады.

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 19.01.2021, 14:35
Баспана қашанға дейін қазақтың бас қайғысы бола бермек?
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 12:06
Қазақстанда баспана 15 пайызға қымбаттайды деп болжанды
Шыңғыс АТАЙ 15.01.2021, 09:32
Бізден бәсекелестіктің иісі де шықпайды
Оразәлі СӘБДЕН,академик 14.01.2021, 09:37
Бюрократиялық, автократиялық шикізат елі
Қарлығаш Зарыққанқызы 07.01.2021, 09:53
Үкімет қазақтың күнкөрісін неге 42 500 теңгеге байлап отыр?
Еркежан АРЫН 06.01.2021, 15:09
Бүйірі ортайған бюджет: Үкімет қолда бар қаражатты ұқсата ала ма?

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01