Кәсіпкерлікті арттыру «донор» өңірлер санын арттырады

М.СӘУЛЕБЕК

18.05.2022, 15:47

2662

 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, өз алдына дербес өңір атанды. Халқының саны миллионнан асқан шаһарды мегаполис атандырудағы мақсат    дамудың жаңа тынысын ашу, мүмкіндігін кеңейту ғана емес, қаланы мәдениет пен экономиканың, өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің ірі орталығына айналдыру, сол арқылы өзіндің кірісті көбейтіп, елорда, Алматы сияқты өз қажеттілігін өзі өтей алатын донорлық өңірге айналдыру болды. Төрт жылға жуық уақыт ішінде Шымкент осы мақсат-мұратқа қаншалықты қол жеткізе алды?

   Өткен аптада үкімет отырысында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, мегаполисте 2025 жылға дейін құны 527 миллиард теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба жүзеге асады. Соның нәтижесінде 7 мың жұмыс орны құрылады. Осы жобалар арқылы шығарылатын тауарлардың барлығы да қалаға сырттан келетін импортты алмастырады. Яғни шетелден келетін тауарлардың орнын отандық өнім басады деген сөз.

Нақтырақ айтқанда, аталған жобалар іске асырылған жағдайда 493 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 319 миллиард теңгенің импортын алмастыратын болады. Бұдан бөлек экспортқа 153,2 миллиард теңгенің өнім шығарылады.  

Жүзеге асырылатын жобалардың қатарында – алюминий банкілерін, санфаянс және ірі габаритті және шағын габаритті керамикалық плиталарды шығару, шыны, ұнтақ полипропилен өндірісі  және базалық майларды өндіру бар.

 Шымкентте  кәсіпкерлік, өнеркәсіптік жобалар арнайы индустриялық аймақтарда жүзеге асып жатыр. Соңғы оншақты жылдың көлемінде қолға алынған жүйе жақсы жемісін беріп келеді. Алдағы жылдары шаһарда 438 гектар аумақты құрайтын 2 индустриялық аймақты іске қосу жоспарланған. Олар: ірі өнеркәсіп ошақтары орналасатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдейтін кәсіпорындарға арналған «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. 

Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, жалпы алаңы 306 гектар аумақты құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясында жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар орналасады. Аймақта 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Осында 200 миллиард теңгеден асатын 50-ден аса ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдейтін «Бозарық» агро-индустриялық аймағы 132 гектарды құрайды. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіру зауытын және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Соңғы жылдары Шымкентте арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы өз кәсібін ашып жатқан азаматтардың саны көбейген. Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, былтыр 700-ден астам шымкенттік 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Ал биыл осы шараға 6 лек бойынша барлығы 1150 адамды қамту жоспарланып отыр.

Биыл 1-14 сәуір аралығында өткен бірінші лек бойынша «Бизнес бастау» жобасымен оқудан өтіп, сертификат алған азаматтардан 400-ден астам онлайн өтінім қабылданған. Оның 336-сы комиссияға ұсынылған. Нәтижесінде 226 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, оларға тиісті грант қаржысы тағайындалып жатыр. Олардың арасында 29 жасқа дейінгі жастардың саны көп. Солардың бірі – Айдын Ниязбаева. Ол өткен жылы қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, дәлірегі 584 мың теңгені құрайтын мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім берген. Комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындаған. Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде жас кәсіпкер инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығарумен айналысуда. Жалпы алғанда, Шымкент қазір республикада шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған өңірлердің қатарында аталып отыр.

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 24.06.2022, 15:08
Арылу амалы: Үкімет артық рубльді шетел асырмақ
Сайт әкімшілігі 21.06.2022, 12:34
Еуроодақ санкцияларының қазақстандық компанияларға әсерін болдырмау жолдары талқыланды
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 15:30
Өңірлерге бөлінген қаражаттың 59 млрд теңгесі игерілмеген
Сайт әкімшілігі 20.06.2022, 11:06
Қарағандыда тағы бір қаржы пирамидасының жолы кесілді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 17.06.2022, 08:20
Үкіметтің ісі неге өнбейді?!
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 16.06.2022, 11:20
Монополист тұтынушыларға 2,3 млрд теңге қарыз

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33