Кәсіпкерлікті дамытуға нық қадам

Қарлығаш САЙЛАУ

17.08.2022, 12:08

585

Кәсіпкерлікті дамыту, бәсекелестік орта қалыптастыру, отандық бизнеске қолдау білдіру экономика талабы. Бүгінде Қазақстан кәсіпкерлікті дамытуға нық қадам жасауға ұмтылып-ақ жатыр. Бұған қатысты мемлекеттік ұлттық жобалар да жүзеге аса бастады.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің бизнесте өсуін жеделдетуге және бизнестің жаңа форматын қалыптастыруға, сондай-ақ бәсекелестікті дамытуға бағытталған. Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 10 міндет,  30 көрсеткіш және 69  іс-шара көзделген. Бұл Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі  8,5 трлн теңгені құрайды. Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру.

Жалпы, бұл жобаға қатысты отандық кәсіпкерлердің үміті басым. Бизнес өкілдерінің айтуынша, жоба аясында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады. Бұл дегеніңіз – отандық бизнестің жаңа тынысын ашуға мүмкіндік бермек. Кәсіпкер Азатхан Жиенбаев бұған қатысты былай дейді:

Ұлттық жобадан хабарым бар. Әсіресе «Бастау Бизнес» аясындағы атқарылып жатқан дүниелерді қолдаймын. «Осы бизнес аясында  жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлер саны екі есеге өседі» делінді. Бұл біз сияқты ауыл кәсіпкерлеріне айрықша қолдау. Мұндай бастама мемлекеттен қолдау күтіп отырған бизнес өкілдеріне таптырмас көмек.

Негізінен, сала мамандарының пайымдауынша, отандық бизнеске үкімет бұған дейін де қолдау көрсетіп келді. Ал ұлттық жобалар аясында демеу беру бұл кәсіп иелеріне серпін беріп, жұмысын алға бастырады. Бұл қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Экономика ғылымының докторы, Мейрам Жұмабекұлының айтуынша, нақ қазіргі уақытта бізге ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, жеңіл өнеркәсіп саласында жүрген кәсіпкерлерге мүмкіндік беру қажет.

— Қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы дағдарысқа байланысты барлық салада қымбатшылық бар. Әсіресе құрылыс саласы қатты қымбатшылыққа ұрынып отыр. Осыған орай, елде тұрғын үйдің бағасы да өсті. Баспана бағасының өсуі халықты қолжетімді баспанамен қамтуға кері әсер етеді. Сондықтан үкіметтің «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы уақтысында жүзеге аса бастады.  Бұл жоба өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Жоба аясында 13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Бұл халықты арзан баспанамен қамтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ осы салада жүрген кәсіп иелеріне де жұмысын жүргізуге ыңғайлы бәсекелестік орта қалыптасады. Өз басым, «2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561  ауылдарды жаңғырту жоспарлануда» деген үкіметтің бастамасын қолдау керек деп есептеймін, деді.

  Ал жеңіл өнеркәсіпті қолдауға қатысты мамандар тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар да баршылық. Мәселен, отандық кәсіп иелері осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, жоба аясында қолдарына қаражат алып, тігін фабрикаларын ашуға, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шағын кластерлер жұмысын бастауға болады. Бұл ретте кәсіпкер Әмина Маратқызы былай дейді:

Мен ұлттық киім тігумен айналысамын. Жақында «Бизнес Бастау» жобасы арқылы оқып, білімімді арттырдым. Өз жобамды ұсынып, мемлекеттен грант ұтып алдым. Қазір шаруамды дөңгелетіп отырмын. Негізінде, тиімді пайдаланған адамға мүмкіндік бар. Мемлекеттің қолдауын сезініп отырмыз. Алдағы уақытта тері-жүн өңдейтін шағын кәсіпорындар да осы жобалар арқылы қаражат алуға болады. Сол кезде жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізатты да өзімізден алатын боламыз. Шикізатты Ресейден, Италиядан тасымай отандық өнім ретінде Қазақстаннан алатын болсақ, онда біздің шығаратын өнімдеріміз де арзан, халыққа қолжетімді болады. Бұл сұранысты арттырып, бизнесіміздің жандануына ықпалын тигізеді.  Егер біздің ауқымымыз кеңейіп, сұранысымыз артса, қосымша жұмысшылар алуымыз керек болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді, деді кәсіпкер.

  Расымен де, бүгінде елімізде шағын және орта бизнес аясында шаруасын дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер легі баршылық. Осыған байланысты жоғарыда аталып отырған ұлттық жоба аясында тұрақты экономикалық өсуді 5 пайызға, халықтың табысын 27 пайызға арттыру да көзделіп отыр.  

Жалпы, тиісті инстанциялардың, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігінің ұлттық жобаларға қатысты болжамы позитивті. Аталмыш министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысын, сондай-ақ Ұлттық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізетін болады. Сала мамандарының да бұл жобаларға деген көзқарасы оң.

  Тақырыпқа тұздық:

       Кәсіптен нәсіп табу экономиканы өрге сүйрейді

Ұлттық жобаларға қатысты «Жас Алаш» газетіне пікір білдірген мамандар кәсіптен нәсіп табу қай кезеңде де экономиканы тек жетілдіретінін алға тартты. Біз ұлттық жобалар жайлы сауалдарымызды «Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Тоғжан Шаяхметоваға қойып көрдік:

Үкімет Ұлттық жобалар легін ұсынып жатыр. Бұл жобалардан халыққа пайда бар ма?

Мұндай жобалар қай кезде де экономиканы өрге сүйрейді. Біз осы уақытқа дейін отандық бизнестің әлеуетін арттыру, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру жайлы айттық, жаздық. Еңбек өнімділігін арттыру үшін, бәсекеге қабілеттілікті нықтау үшін мұндай жобалар қажет. Халыққа пайдалы деп есептеймін. Жобалардың дұрыс атқаруын арнайы бақылап, қадағалап, бөлінген қаражаттардың діттеген жеріне жетуін сауатты ұйымдастырса жобаның болашағы зор.

Жалпы, бұл жобалар аясында ең алдымен мемлекеттік гранттарға кімдер ие болуы керек деп ойлайсыз?

Мысалы, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар; бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан); жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем); жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар үміткер бола алады. Сондай-ақ аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар да үміткер бола алады. Ойлап қарасаңыз, бұл тамаша мүмкіндік. Сондықтан қарапайым халық барынша осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылуы керек.

Жоба аясында шағын несие алуға мүмкіндік барын білеміз. Жалпы осы шағын несие кәсібін жаңа бастағандар үшін қажет пе?

Бизнес үшін бұл да қажет дүние. Бірақ алдымен тегін гранттарды алуға тырысқан абзал. Тіпті болмаса шағын несие, лизинг, субсидия дегендерді де көру қажет. Абзалында, кәсіп игеремін дегенге мемлекеттік қолдауларды пайдаланған дұрыс. Сіз бен біз сөз етіп отырған ұлттық жобалар аясында талай тындырымды істер атқаруға болады. Бұл жобалар үлкен мүмкіндік береді. Соны пайдалану керек.

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 12:06
Михаил Ломтадзе Kazakhstan Growth Forum таңдауы бойынша тағы да үздік CEO атанды
Еркежан АРЫН 23.09.2022, 09:56
Жаңа Қазақстанда қауіпсіз жұмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2022, 08:42
Жемқорларға жем болған Қазақстан
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.09.2022, 08:51
Кедей жаритын, халық дамитын күн туа ма?!
"Жас Алаштың" сараптама орталығы 20.09.2022, 08:37
Қайтқан малда қайыр бар. Jusan банк Ксell акцияларын қайтаруы тиіс
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:22
Астана атауын қайтаруға қанша ақша жұмсалады?

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41