Кедей жаритын, халық дамитын күн туа ма?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

21.09.2022, 08:51

992

Қазір қазақстандықтардың нақты табысы төмендеп барады.  Статистика бюросының келтірген деректері бойынша, жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай кірістер 2022 жылғы тамызда 146 567 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы аймен салыстырғанда 2,7 пайызға төмендеген. Тамыз айында жұмыссыздар саны 451,2 мың адамды құрапты. Сондай-ақ өткен айда азық-түлік тауарлары 20,8 пайызға дейін қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлар 15,5 пайызға шарықтады.

    Осылайша халықтың табысы төмен, тұтынатын азық-түлігі қымбат, жұмыссыздық көрсеткіші де үкіметтегілер айтып жүргендей оң нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Сонда біздің елде кедейдің жаритын, халықтың дамитын сәті бола ма?! Болатын болса, ондай атты күн қашан тумақ?!

 Сарапшылардың пайымдауынша, нақ қазір халықтың табысы өзін-өзі дамытуға мүлдем жетпейді. Мысалы, Алматыда 1,5 млн халық бар делік. Олардың тұтыну шығыны биыл 140 мың 338 теңгені құрады. Анықтағанымыздай,  сол 140 мың теңгенің 100 мың теңгесін үш баласы бар отбасы барынша үнемдеп, тек азық-түлікке ғана жұмсайды. Ал қалған 40 мың теңге сома коммуналдық төлемге, жолақысына кетеді. Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, мұндай қаражат қарапайым халықтың өзін-өзі дамытуға маңайламайды. «Сонда олар ойын-сауық орталықтарына, дамыту, сергіту тәрізді жерлерге бармай ма?! Тапқан табысын үнемдеп, тек ас-ауқатына жеткізетіндердің қатары көбейіп кетті. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық бұқараны жаншып, қыса береді», – дейді сарапшы Т. Шаяхметова.

 Жалпы, қазірде қымбатшылық деңгейі өскенін сарапшылар ғана емес, Ұлттық банк те, ұлттық экономика министрлігі де, тіпті үкімет те растайды. Үкімет қымбатшылықты ырықтауға қарсы әдіс-тәсілдерді қолданып-ақ жатыр. Бірақ ол тәсілдердің нәтижесіз екенін мойындауымыз керек. 

Қаржыгер Жасұлан Мақсұтбековтың байыптауынша, ең бірінші қымбатшылық бізге  импортпен ілесіп келіп отыр. Маманның пайымдауынша, осыны ескеретін болса үкімет алдағы уақытта мына жайттарға назар аударғаны жөн: Біріншіден, инфляцияны нарықтың талабына сай тежей алу үшін алдымен отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге қосымша салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Екінші, жеке тұлғаларға арналған тарифтерден бөлек, кәсіпорындарға тариф бағалары бар. Мұны зерттеу керек. Тариф саясатының артында алпауыт монополистердің тұрғаны да жасырын емес. Алдағы уақытта сол монополистерге бақылауды күшейту қажет. Расымен де қойылатын тариф бағамы отандық кәсіпорындарға қолайлы ма, осы жағын толық біліп барып, бұл арада да жеңілдіктер керек. Үшіншіден, делдалдар мәселесін шешу керек. Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отыр. Делдалдарға бізде бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелеу зауыттан өз бағасына алатындай жағдай жасалынуы керек. Бизнеске  бақылау қойып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет нәрсе. Төртіншіден,  қажет болса, мемлекеттік арзан дүкендер желісі көптеп құрылғаны абзал. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды арзан дүкендер желісімен қамтуды жолға қойсақ жөн болар еді. Арзан әлеуметтік дәріханалар желісін құру жайы да өзекті болып отыр.

Міне, бастапқыда осы мәселелерді шешіп алсақ, одан кейін қалғаны біртіндеп реттелер еді дейді қаржыгер Жасұлан Мақсұтов.

 Жалпы, тақырыпқа орай мамандардың айтуынша, болашақта министрлер үкіметке халыққа пайдасы бар ұсыныстарды көптеп өткізе алуы керек. Әсіресе әлеуметтік саланы дамытуға қатысты ұсыныстардың легі көбірек болғаны жөн. «Осындай үрдіс арқылы еуропа елдері кедейлерді жарытып, халықты дамытып алды» – дейді мамандар.

   Әрине, біз өзімізді еуропамен салыстыра алмаймыз. Бірақ Германия, Голландия елдерінде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар оған дереу жәрдемақы рәсімдейтіні туралы деректер бар.  Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Қазір көптеген елде мұндай жүйе бар. Жапония «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап, жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Оңтүстік Корея еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары бізге сабақ болатын дүниелер. Әттеген-айы біздің әлеуметтік салаға жауапты министрліктер жәрдемақы, зейнетақы төлеміне қатысты  халыққа пайдасы бар халықаралық жаңашылдықтарды үкіметке жиі ұсына бермейді. Ұсынған күннің өзінде біздегі министрліктердің реформаларының арты құмға сіңгендей нәтижесіз болып кететіні жасырын емес. Міне, сондай салғырттықтан біз әлі күнге дейін не жарымай, не дамымай кежегеміз кейін кетіп отыр емес пе?!  Біз  министрлер жайлы  олардың істеген жұмысын ауыз толтырып айта алмаймыз. Керісінше, олар әдемі кеңсесінен шығып, жұмсақ креслосынан көтеріліп, елмен етене араласып барып, сол елге қажетті дүниелерді жүзеге асыруға асықса ғой деп армандаймыз.  Өкініштісі осы...

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 20:13
Елдегі әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы дамыту жұмыстары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 30.09.2022, 08:49
«Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
Еркежан АРЫН 29.09.2022, 20:17
МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелер 1,6 трлн теңгені құрайды
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 20:15
Қазақстандағы гендерлік саясаттың жүзеге асуы
Еркежан АРЫН 29.09.2022, 17:00
Әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалған шығыстар өсті
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 28.09.2022, 14:46
Жаңа Қазақстанның жүрдек пойызына қашан отырамыз?

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37