Кедейміз, өз елімізде өгейміз!

Батыр ЖАСҰЛАН

26.02.2021, 09:11

4406

      «Қазақстанда кедей тұратындар бар ма, олар кімдер?» деген сауалға кез келген үкімет деңгейіндегі министрлер ашық жауап бере алуы тиіс. Сондай-ақ биліктегілер біздің елімізде кедейліктің бар екенін жария түрде мойындауы қажет.

      Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер Қазақстанда кедейліктің бар екенін жасырады. Анығы, ауылдық жерде тұратын халықтың басым көпшілігі кедей. Өйткені жұмыс жоқ. Бес-алты баласы бар отбасында бір немесе екі-ақ адам жұмыс істейді. Соның салдарынан жағдайдың төмендеп жатқан жайы бар. Жалпы, біздің билік кедей деген сөзді қолдануды жақтыра бермейді. Оның орнына «күнкөріс деңгейі төмен немесе әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ» деген терминді қолданысқа енгізген. Таразылап қарасақ, кедей мен екеуі де бір ұғым.

       Сонымен, Қазақстанда қанша кедей бар? Кейінгі деректе Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 млн 65 мың адам шамасында деген мәлімет келтіріледі. Өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейі 21 пайызға артқан. Бірақ бұл ресми дерек көзі ғана. Қорасында бір-екі тауығы мен жалғыз сиыры бар отбасын атқарушы билік кедей деп есептемейді. Шын мәнінде тұрмысы төмен отбасылар, кедейлер елде  өте көп. Ал кедейлікті болдырмаудың жолы қандай? Біздің биліктегілер «халыққа шағын несиелер беру арқылы олардың жағдайын жақсарту керек» деп есептейді. Ал мақұл, халық ол несиені алды делік. Алайда күнін көре алмай отырған адамдар оны қалай қайтарады? Микрокредит беру арқылы күнкөріс деңгейі төмен халықты байытам деу ақылға сыймайды және қисынға да келмейді. Үкімет бар проблеманы бәрін билеуші «Nur Otan» партиясы арқылы шешкісі келеді. Жақында «Nur Otan» партиясының мәжілістегі депутаты Ерлан Саиров үкімет басшысы Асқар Маминге еліміздегі кедейлікті жоюға қатысты бірқатар батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, жұртшылықтың назарын аударды.

       – «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңге сомасында 11 294-ке жуық несие берілді.  Осы бағдарлама аясындағы биылғы бюджет 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни биыл шағын несие алушылардың саны 5200-ге азаяды. Ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің пандемия кезіндегі кері позициясы бізге түсініксіз. Сондай-ақ басты проблема – кепілзат мәселесі. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті. Банктер мен микрокредит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы, – деп мәлімдеме жасады.

       Билеуші партия өкілінің өзі «күн көре алмай отырған халыққа несие беру керек» дегенді айтады. Бұл да дұрыс шығар, кедей халықтың жағдайын жақсарту жолындағы қадамның бірі болар. Алайда, біздің ойымызша, халыққа ең алдымен тұрақты жұмыс керек. Сонда ғана кедейдің күні жақсарады. Несие беріп, жұмысы тағы өнбей, алған несиесі құрдымға кетсе, қайтпек керек?! Қазақстан тарихында мұндай жағдай да орын алған. 2000 жылдары ауылдағы халықтың жағдайын жақсарту үшін әр отбасыға 400 доллардан несие берілген. Оған біреулер қой алды, ешкі алды, бірақ байыған ешкім жоқ. Өкіметтің берген несиесі де қайтарылмай қалды.

       Ерлан Саиров үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында кедей халықтың тұрмысын жақсарту бағытында мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы барын да айтқан. Бірақ ол қалай орындалып жатыр? Мәселе сонда.

  • Президент Тоқаев «бірнеше аймақта «егістіктен – сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде өкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 миллион ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде бұл тапсырма формалды орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бастама бойынша қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді деген есеп бергені абзал. Бізге әрбір адамның тағдыры қымбат, – деп, мәселенің күрделі екенін тәптіштеп айтқан. Бірақ билік болған жағдайдың ашығын айтып, депутатқа есеп бере қояр ма екен?

     Алайда біздің жүйеде кереғарлықтар көп. «Nur Otan» партиясының бір қалаулысы халыққа несие беріп, кедейлікті жою керек десе, екіншісінің ойы мүлде басқа. Билеуші партияның атынан Алматы қалалық мәслихатына депутат болып сайланған олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов халықтың өзін кінәлайды.

     – 42 500 теңгеге ешкімнің күні қарап тұрған жоқ. «Егер мен жұмыс істеймін,  алға ұмтыламын» деген адамға әрқашан да жол ашық. Қазір барлық жағдай жасалған. Менің ойымша, халықтың кедей болуына олардың жалқаулығы, еріншектігі кінәлі, – дейді. «Нұротандық» қос депутаттың қайсысы дұрыс айтады? Ақиқаты, кедейлікті ешкім таңдап алмайды.  Әртүрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Кедей тұрмысы, күнкөріс деңгейі төмен адамды кінәлаудың өзі орынсыз.

        Мысалы, 2020 жылдың қыркүйегіндегі дерекке сенсек, кедейлік деңгейінің ең жоғары шегі Түркістан (12,8  пайыз), Солтүстік Қазақстан (7,4 пайыз), Жамбыл (6,9 пайыз), Қызылорда (6,9 пайыз) және Ақмола (6,7 пайыз) облыстарында екен. Демек, бұл аймақтардағы халықтың басым бөлігінің тұрақты жұмысы жоқ. Содан тұрмысы төмендейді, кедейліктің қамытын киеді.

        Тағы бір мәліметке  жүгінейік, елімізде пандемия басталған сәтте көп адам жұмыссыз қалды. Біржолғы төлем алуға 4 миллионнан аса адам өтініш берді. Бірақ төлемді 2 млн 353,8 мың қазақстандық алды. Міне, халықтың бүгінгі тұрмысының көрінісі. Негізі, қандай да бір дағдарыс орын ала қалса, қоғамдағы жағдайдың қаншалықты төмен екенін осы деректердің өзі-ақ айқындап тұрғандай.

       Халық пен байлардың арасы алшақ. Өйткені елдің бүкіл байлығы ат төбеліндей байшыкештің қолында кетті. Сондықтан үкімет алдымен халыққа жағдай жасауы керек. Онан кейінгі қадам – халықтың өзінде. Өкініштісі, әлі кедейміз, өз елімізде өгейміз.

Тегтер: кеделік шегі әлеумет нарық халық экономика саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Б.ЕРНАЗАР 15.04.2021, 13:19
Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді
Сайт әкімшілігі 14.04.2021, 12:06
Жанармай бағасы қалыпқа келе ме?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14.04.2021, 09:13
Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды
Еркежан Арын 13.04.2021, 13:57
«Жасыл» экономика өмір сүру сапасын жақсарта ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 13.04.2021, 09:53
Ел алғысын арқалаған азамат

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24