Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?

Еңлік АБАҒАН

16.09.2021, 12:30

1457

      Талғар ауданына қарасты Кіші Байсерке ауылының тұрғындары көгілдір отынға қосылып, оның рахатын көреміз деп ойлаған еді. Алайда байсеркеліктердің бұл қуанышы су сепкендей басылды. Оған жекеменшік компаниялардың жекелеген үйлерге газ кіргізудегі бағасының аспандай түсуі себеп.

       Бағаның удай қымбат болуына қарамастан, қалтасындағы қаржысын қағып, қайткен күнде де көгілдір отынды қосып алуға тырысқан Кіші Байсерке ауылының тұрғындары бұл мәселеде қақ жарылуда. Бірі инвестордың бағасымен келіспей, газдың мемлекеттік бағдарламамен келуін талап етсе, енді бірі үш жылдан бері мердігер компаниямен келісімшарт жасасып, ақшасын төлеп қойғандарын айтып зар илеуде.

     – Бізге жеке компанияның қосқан газы атымен керегі жоқ. Көшеге тартылған құбырларын алып тастаймыз. Бағасы удай қымбат. Оған екінің бірінің шамасы келмейді. Ауылдық жерге газ мемлекеттік бағдарламамен келсін, – дегенді кесіп айтты ауыл тұрғыны Әбіләшім Көншібаев.

       Жоғарыда жазғанымыздай, кішібайсеркеліктердің ашуын туғызған да осы – көпшіліктің  қалтасы көтермейтін қаржы мәселесі. Себебі көгілдір газға қосу үшін мердігер «CONSTRUCTION COMPANI» ЖШС инвесторы Кіші Байсерке кентішілік газ тарту желілерінің  құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастап кеткен. Айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 60-бабының 1-тармағын бұза отырып, инвестор құрылысқа жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеместен, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асырған. Сонымен қатар инвестор құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтамай және нысанды пайдалануға берместен газға қосылуға келісімшарт жасап, халықтан ақша жинауға кіріскен. Әр абоненттің газға қосылу құнын 370 мың теңгеге бағалаған.

       Өз кезегінде ауыл ішіне жалпы ұзындығы сегіз шақырымдық газ құбырын тартқан компанияның бұл бағасы ауыл тұрғындарының ашу-ызасын тудыруда. Бұған қоса, «ҚазТрансГаз Аймақтың» ғана рұқсаты бар. Ал жобалық-сметалық құжаты толық болмай шыққан, тіпті мемлекеттік сараптамадан да өтпеген. Осындай шикіліктеріне қарамастан, тұрғындардан қаржы жинай бастаған аталмыш компанияның жүрдім-бардым ісіне тұрғындар түбегейлі қарсылық білдіруде.

    – Біз аталған компаниямен 2018 жылдан бастап шарт жасадық. Содан бері күтіп келеміз. Енді осылардан газ алғымыз келеді. Егер олар қуылса, біздің қаржымыз желге ұшпай ма? – деп алаңдайды ауыл тұрғыны Айнұр Еркебаева.

       Бұл жалғыз Айнұр Еркебаеваның ғана емес, келісім жасап, қаржысын құйып қойған 60-тан аса тұрғынның ортақ уайымы. Кішібайсеркеліктердің тағатын тауысқан көгілдір отынның кешеуілдеуіне мердігер компания мен жергілікті әкімдіктің де өзара дау-дамайлары кері әсерін тигізіп отырғандай. Әкімдіктегілер құжаттарының шикілігін алға тартса, CONSTRUCTION COMPANI компаниясының өкілі Асқар Әуелбаев «әдейі кедергі келтіруде» деген пікірін жасырмады.

       Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбары Барлық Төреханов:

    – Газ тартуға келген компанияның құжаттары толық болмағандықтан, кері қайтарылған. Бірақ біз тиісті құжаттарды түгендеп, өткізуін сұрағанбыз. Әлі өткізбей келеді. Бәрін түгендеп әкелсе, әрине, шешіп береміз, – дейді.

     Негізінен, Кіші Байсерке ауылының үш көшеден өзгесіне газ тартылмаған. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов:

    – Заңның 73-бабының 7-тармағында «Объектіні пайдалануға қабылдаудың  бекітілген актісі болмаса, салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді» делінген. Алайда бүгінгі таңда келісімшарттарға сәйкес, газға қосылу жүзеге асырылған жоқ.  Ағымдағы жылы Гүлдала ауылдық округі әкімдігі ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кеңес өткізді, онда тұрғындар газға қосылу бағасының жоғары болуына байланысты 370 мың теңге  мөлшерінде газдандыру бойынша инвестор қызметінен бас тартқан болатын. Осыған байланысты былтырғы 12 желтоқсанда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ауыл тұрғындарымен кезекті жиын өткізіп, нәтижесінде инвесторға газ қосу жұмысын тоқтату және ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, техникалық құжаттаманы тиісті тәртіпке келтіру (ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат алу) ұсынылды. 2020 жылдың 25 желтоқсанында Талғар ауданы әкімдігінен ауыл тұрғындары инвестор қызметінен бас тартқандықтан, Кіші Байсерке ауылын газбен жабдықтау ЖСҚ-ны бюджет есебінен әзірлеу қажеттігі туралы хат келіп түсті. 2021 жылғы жергілікті бюджетті нақтылау кезінде «Алматы облысы Талғар ауданы Кіші Байсерке ауылындағы газ тарту желілері мен жеткізуші газ құбырының құрылысына» ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды, жобалаушы ұйым «Улмад» ЖШС-мен келісімшарт жасалды, – деп жауап берді.

      Бағлан Сағындықұлының айтуынша, аталған ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары алты ай ішінде аяқталады. Алдағы жылы тиісті қаржы қарастырылса, кішібайсеркеліктердің арзан бағада газға қосылуы мүмкін болады.

      Ал ақшасын өткізген үш көше тұрғындары үшін бұрынғы инвесторға үш күндік соңғы мүмкіндік берілмек. Осылайша кішібайсеркеліктердің талап-тілектерінің орындалуы алдағы күннің еншісіне қалды.

Тегтер: көгілдір отын нарық баға қымбатшылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:40
Жаңа министр Қазақстан экономикасын қалай қуаттандыратынын айтты
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:38
Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 09:49
Тимур Құлыбаев "Атамекен" ҰКП төрағасы қызметінен кетті
Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 09:12
"Қазақстан халқына қоры" халықты жарылқай ма?!
Сайт әкімшілігі 13.01.2022, 09:08
Бүліктен бизнеске келген залал 100 миллиард теңгеден асты
Сайт әкімшілігі 12.01.2022, 11:01
Сұлтанов азық-түлік бағасын реттей ала ма?

Аңдатпа


  • "Қазақстан халқына қоры" халықты жарылқай ма?!
    17.01.2022, 09:12
  • Жағдай күрделі. Соңғы тәулікте 11,5 мың адамнан коронавирус анықталды
    17.01.2022, 09:03
  • "Қазақстан халқына" қорына білім беру ұйымдары ақша аударуға міндеті емес
    17.01.2022, 14:00
  • Алматы трагедиясы: Бас прокуратура қылмысты толық аша ала ма?!
    14.01.2022, 08:54
  • Сағынтаев Алматыдағы бүлік кезінде қайда болды? (видео)
    13.01.2022, 09:30