01.10.2020, 03:57
3122
Билік басындағылардың құр жұбатқаны болмаса, теңгенің құлдырауы бұқараға оңай тиіп жатқан жоқ. «Американдық» ақшаның қас-қабағын күзетіп жүрген біздің валюта «көңіл күйін» түзете алмай әлек. Төбесінде тәуелсіздігі жоқ теңге бүгінге дейін 90 есе құнсызданған. Алғашқы айыналымға түскендегі теңгенің долларға қатынасы 4,69-ды құраса, қазіргі доллар бағамы 428 теңгені көрсетеді.
Белгілі экономист Жангелді Шымшықов теңгенің құнсыздануы елдегі долларға деген сұраныстың жоғары болуынан дейді:
– Қытай елін алып қарасақ, оларда доллар сатып алу деген жоқ. Тек ұлттық валютасы юаньмен ғана саудаласады. Ал бізде көбінесе теңгенің құлдырауына долларды сатып алатын адамдардың санының көптігі себеп. Өзіміздің халқымыз теңгеге сенбейді. Теңгемен ақшаны сақтағысы келмейді. Өйткені талай рет ауыздары күйген. Талайдың теңгемен сақтаған қаражаттары құнсызданып кетті. Ұлттық валютамыздың құнсыздануын тоқтатамыз десек, доллар сатып алуды шектеу керек. Егер долларды жаппай сатып алмайтын болса, онда теңгенің құны көтеріледі. Банк «лоббиі» деген бар. Олар қазақ халқының мұқтажын ойлап жатқан жоқ. Бүгін-ертең елден кетуге дайын адамдар. Ал шетелдегі өмір долларға бағынышты. Сондықтан олар елде долларға үлкен сұраныс жасап отыр. Долларға сұраныс ұлғайған сайын теңге құлдырай береді. Бірінші кезекте халыққа теңгемен өмір сүруге болатынын, долларды сатып алудың қажеттілігі жоқ екенін айтып үндеу жасау керек. 2015 жылдан бері Ұлттық банктің жасаған саясаты доллар дәрежесін көтеріп келеді. Мысалы, Григорий Марченконың кезінде депозитті доллармен салғандарға жылына 3 пайыз, ал теңгеге анақұрлым төмен пайда түсетіндей етіп істеді. Оның үстіне теңге девальвацияға ұшырап жатқан кезі еді. Сондықтан қазір теңгемен салынатын депозитке қосылатын пайызды жоғарылату керек.
Бұрындары жинақтарын сақтау үшін девальвация кезінде ғана теңгені доллар мен еуроға ауыстыратын жұрт, бүгінде алдын ала қамданып алатын болды. Себебі, теңгенің күрт құлдырауы көпшілікке тосын жайғдай болып тұрған жоқ.
Осы тұрғыда Жангелді мырза ақша айырбастау пунктеріне қатаң бақылау жасау керектігін айтады:
– Теңгені жай ғана ақша құралы ретінде қарастырмау керек. Ұлттық валютамызды құтқару үшін біз экспортымыздан түсетін қаражатты дұрыс қолдану керекпіз. Және импортты қысқарту керек немесе импортқа көбірек салық салу қажет. Сонымен қатар ақша айырбастау пунктеріне қатаң бақылау жасау керек. Қанша адам доллар сатып алып жатқанын, қанша адам басқа валютаға айырбастау жасап жатқандығын білу керек. Бақылаусыз ақша айырбастау пунктері ертең бізді ұлттық валютамыздан айыруы мүмкін. Бұндай тарихи оқиғалар болған. Мысал ретінде Латын Америкасындағы Перуді алсақ болады. Қалтасы кең біреу келеді де, доллармен кассадағы бүкіл теңгені сатып алуы мүмкін. Осы арқылы теңгені бір жолата құртып жіберуге болады. Сондықтан да бұл жерде қатаң қаржылық саясат жүргізу керек. Тек сол арқылы ғана теңгені қорғап қала аламыз. Әйтпесе, валютамыз құлдырау үстіне құлдырап жатыр. Ал Ұлттық банк бейқам отыр. Сұраныс пен ұсыныс анықтайды деген сияқты, оларды еркіндікке жібердік. Ол көне теория. Қазір міндетті түрде мемлекет араласпай, жағдайды жақсарту мүмкін емес.
Ұлттық валютаның өткені қандай?
Теңгеміз тағдырын бастаған беттен-ақ түсуден көз ашқан емес. 1994 жылдың алғашқы жартыжылдығында долларға қатынасы 10 теңгені, қараша айынан бастап, 50 теңгені шамалаған. 5 жылдан кейін Қазақстан валютасының долларға шаққандағы көрсеткіші 85 теңгеден бір айда 160 теңгеге дейін шарықтады. Ал 2014 жылдың екінші айында доллар бағамы 185 теңгені көрсетсе, бір жыл уақыт ішінде 322 теңгеге көтерілген. 2019 жылдың ақпан айында теңгенің долларға қатынасы 378-ді қанағат тұтқан еді. Алайда биылғы жылдың наурызында доллар 450 теңгеге бір-ақ көтерілді.
Осы ретте экономист Мақпал Мақсұтқызы теңге құнсыздануының бірнеше факторларын атап өтті:
– Валютамыздың құнсыздануына ең алдымен, мұнай бағасының төмендеуі, екіншіден, рубль құнының әлсіреуі әсер етеді. Біздің теңге мен көрші ел валютасының тығыз байланысты екені белгілі ғой. Сонымен қатар елдің сыртқы қарыздарының көптігі де теңгенің құнсыздануына әкеп соғады. Ұлттық валютамыздың құнсыздануының бір көрінісі ретінде – азық-түлік бағасының қымбаттағанын мысалға алсақ болады. Кезінде келісін 1600 теңгеге алатын ет, бүгінде 2500 теңгеге саудаланады.
Шикізатқа тәуелді Қазақстан үшін ұлттық валютаның құлдырауына, бірінші кезекте, мұнай бағасының төмендеуі себеп. Сонымен қатар Ресей рублінің де теңге тағдырына тигізер әсері аз емес.
Бұл туралы Жангелді Шымшықов былай деп пікір білдірді:
– Ресейдің рублі біздің теңгемен салыстырғанда төмен деңгейде. Алайда ондай алып мемлекет валютасының құлдырауы арқылы экономикасын ұтымды көтереді. Ал біз сияқты кішкентай ел ондай саясат жүргізе алмайды. Өйткені біз мүлдем ұлттық валютамызды жойып жіберуіміз мүмкін. Бірінші кезекте доллар бағамы мұнайдың бағасына байланған. Мұнайдың бағасы төмендесе, онда теңге құлдырай береді. Короновирусқа байланысты барлық елде өндіріс қарқыны төмендеді. Экономикалық өршу төмендеген сайын шикізатқа деген сұраныс азаяды. Бізден мұнайды бұрынғыдан аз алады. Ал біз шетелден көп дүниені сатып аламыз. Тіпті тамақтың өзінің 40 пайызын Ресейден алдырамыз. Өзімізде ауыл шаруашылығы бар. Алайда бізде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесі жүзеге аспай отыр. Мысалы, шұжық жасау, етті, көкөністерді консервілеу қолдан келмейді. Бұрын қаншама зауыттар болған. Оның бәрі жекешелендіру кезінде құрдымға кетті. Соны қалпына келтіру керек. Теңгенің мәселесі жалпыэкономикалық дамудың мәселесімен тұстас деп алсақ, алдымен экономиканы көтеру керек. Ал экономиканы көтеру дегеніміз – әртараптандыру. Ал әртараптандыру деген – барлық өндіріс саласын дамыту. Шикізат сатудан бас тартуымыз керек. Себебі, шикізат – болашақ ұрпақтың несібесі. Оның үстіне экологиялық мәселелер мен үлкен апаттар орын алуы мүмкін. Мысалы, мұнай шыққан жердің астында қуыс қалады. Оны сумен толтыру керек. Сондықтан да жер қойнауының қазына байлықтарын алуды шектеу керек. Әйтпесе, біз өзімізге де, болашақ ұрпаққа да ор қазғандай әрекет жасап жатырмыз.
Тәжірибелі экономист Арман Байғанов доллар бағамы жыл соңына дейін 440 теңгеге көтерілетінін айтады:
– Теңгенің құнсыздануына басты фактор рубльдің біздің валютамызға әсері болып тұр. Бүгінде саяси себептерге байланысты Ресей валютасының әлсіреуі байқалуда. Әртүрлі санкциялардың салынуы себеп көрші ел көк қағазы құлдырап жатыр. Сонымен қатар егер короновирустың екінші толқыны басталатын болса, теңге тағы да құлдырайды. Доллар бағасы жыл соңына дейін тағы өседі деп күтілуіде. Себебі, қараша айында АҚШ-та сайлау өтеді. Содан кейін америкалық ақшаның қаншаға келіп тұрақтайтыны белгілі болады.
Сарапшылар пікіріне сүйенсек, жақын арада құлдыраудан құтылып, жыртығымыз жамалмайтын көрінеді. Сондықтан көрші ел экономикасының көлеңкесін барлап жүрген Қазақстанға мұхит асқандардың емес, іргелес елдің валютасына береке берсін деп тілеу керек.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР