Көпбалалы отбасылар лашық үйге лайық па?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

25.06.2021, 09:29

1869

«Мемлекетті жасайтын – халық» десек, онда елдің демографиялық ахуалын сақтап отырған көпбалалы отбасыларға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?  Өкінішке ұрындыратын жайттарға соңғы кезде көп куә болып жүрміз. Осындай опық жегізетін мысал аз емес. Басты проблема баспана жыры болып тұр.  Анығын айтқанда, көпбалалы жанұяларға мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлердің сапасы сын көтермейтін жағдайда. Сонда, Қазақстанның болашағы саналатын саналы ұрпаққа деген көзқарастың сиқы осы ма?  Жақында блогер Жанкелді  Ғапбасов осындай жайтқа куә болған екен. Ол  Ақтоғай ауданының Шашубай кентіндегі көпбалалы отбасылардың жаңа қонысындағы ақауды баяндаған бейнежазбасын әлеуметтік желідегі жазбасына жариялады. Ал біз өз тарапымыздан осы бағытта зерттеу жүргізген едік.

«Үйге кіре сала, кем-кетігін кемірумен келеміз»

Шашубай кентінде тұратын көпбалалы әке мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген үйдің біріне 25 мамырда кірген. Бес  баласы бар, жұбайы үй шаруашылығымен айналысады. Өзі жергілікті шаруа қожалығында жұмысшы. Жаңа қоныс иесі үйдің сапасына көңілі көншімегенімен, барына қанағат  айтып отыр. Баспанадан тарыққан отбасы  он жылдан астам уақыт бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген.

– Меншікті қонысыма кіргеннен бері кем-кетігін қалпына келтірумен айналысып келеміз. Мердігерлер үш бөлменің еденіне жылы төсеніш салып берді. Қалған екі бөлмені өз күшімізбен жөндеп алдық. Пластикалық терезелер  салынған, бірақ шыбын-шіркейден қорғайтын тор орнатылмаған екен. Себебін сұрағанымызда, «сметада қарастырылмаған» деді. Жарайды, оған да көндік. Өз қаражатымызға сатып алып, орналастырдық. Бәрінен бұрын,  пеш жағатын бөлмеге кірген сайын төбесінен күл саулап  төгіледі. Осы келеңсіздік зығырданымызды қайнатып, берекемізді алып тұр. Ал  жылыту маусымы келгенде күніміз не болады деп уайымдаймыз. Оның үстіне үйдің құжаты мен келісімшарты әлі қолымызға тимей қойды.

«Кімдеріңіз болады?..»

– Әлеуметтік үйге  бірінші болып сәуірдің 8-інде  мен орналастым. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Үйдің ақауын көріп,  жергілікті әкімдіктің өкілдеріне кем-кетікті жасап беруге өтініш айттым. Сол сұрауым үшін биліктегілер жан-жақтан тергеуге алып, ақыр аяғы туыстарыма барып, «Сіздердің кімдеріңіз болады?» деп сырттай тергеу жүргізген. Үйдің сапасы төмен. Сау бала туып, есен-сау өскен перзенттерім ауруға шалдығып қалмаса екен деп алаңдаймын. Ұл-қызымды жалғыз жеткізіп келемін.  Қыстың көзі қырауда,  ақ қар, көк мұзда баспанам  қалқан болмаса, қайда тентіреймін? Бір пәлеге шалдықсам бес перзентімді кім асырайды? Бұл үйде әкімдік өкілдері тұрмасы анық. Көгерген жерлерін жөндеп алдым.  Оның үстіне, әлі күнге дейін  үйдің ресми иесі екенімді дәлелдейтін құжат берілмеді. Соған қарамастан, коммуналдық төлемдер келіп жатыр. Шығынын есептесеңіз, қомақты қаржыны құрап тұр. Бір жағынан, баспананың сапасы толғандырса, бір бүйірден жылу мен жарықтың құны қысып тұр, – дейді  көпбалалы жалғызбасты  ана Гүлсара Сұлтанғалиева.

      Биліктегілер «бүй» дейді...

– Былтыр «Көпбалалы отбасыларға  бірінші нарықтан тұрғын үй сатып алу» бағдарламасы аясында  осы санатқа енетін алты отбасыға арнайы қоспәтерлі  үш баспана  сатып алған болатынбыз.  Барлық  пәтерлердің ішінде дәретхана бар, суық су құбыры тартылған. Әр тұрғын үйдің  нарқы 7 млн 400 мың теңгеге бағаланды. Барлық үйлерді заң талабына сай қабылдап алдық. Бүгінде бес үйге иелері кірді. Тек бес балалы Мақпал Тұрмағанбетоваға тиесілі үй ғана  бос тұр.  Ол түрлі себептер айтып, кешеуілдетіп отыр. Оның  үйінде орын алған ақауды жақында  құрылысты жүргізген мердігер өз есебінен жөндеп берді. Біз кәсіпкерге қалған үйдің кемшіліктерін жөндеу  жөнінде қосымша міндеттеме жүктедік. Себебі бұл пәтерлердің кепілдік мерзімі үш жылға дейінгі уақытты құрайды.   Дей тұрғанмен тұрғындар риза. Әрқайсысының үйінде болып, жағдайларын көзбен көріп қайттық, – дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаев.

       Сайып келгенде, биліктегілер осылай деді, халық олай  дейді. Кімдікі дұрыс екені анықтала жатар. Дау тудырған үйлерді салған жергілікті кәсіпкердің өзі не  айтады?  Құрылысқа жауапты мердігер – Қанат Қоңқабаев «Сатып алынған құрылыс жабдықтарының сапасы сондай болса не істеймін? Кешіріңіздер!» – деп келте жауап қайтарып, телефон байланысын үзіп жіберді.

       Мәселенің мәнісін зерделеу мақсатында біз сала мамандарын сөзге тарттық. Облыстық құрылысшылар ассоциациясының директоры Найля Қайырбекова:

      – Ең алдымен тұрғын үй құрылысының сметалық құжатында көрсетілген қаржының көлеміне назар аудару керек. Содан кейін пайдаланылған құрылыс жабдықтарына жұмсалған қаржының құнын есептеуге болады. Бір ескеретін жайт, қазіргі нарықта құрылыс материалдарының бағасы әрқилы екенін естен шығармаған жөн, – дейді.

       Аймақтағы ірі құрылыс компаниясының жетекшісі Төлеген Әшімов: «Бүгінде небары 7 млн 400 мың теңгеге сапалы үй салу мүлдем мүмкін емес қой», – деп қайран қалды.

Кеткен ағаттыққа  төрелік айту біздің құзырымызға кірмейтін міндет. Алайда біздің қоғамда көпбалалы отбасылардың дені сапасы сын көтермейтін лашық үйлерге кіріп, артынша зар еңіреп жататын оқиғалар азаймай тұр. Әттеген-айы,  олардың өкпелері жауырды жаба тоқитын  жауаптыларға өтпей келеді.

Тегтер: көп бала ана мен бала тұрғын үй мәселе шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15