Коронавирустан құтылармыз, қоқыстан қашан арыламыз?

Сайт әкімшілігі

20.08.2020, 18:46

40

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің назарына!   

       

     Жан сарайыңды ашатын Сарыарқаның самал желі саф ауамен қатар ескенде  көкірегімізді  кере тыныстаушы едік. Қазіргі Қарағанды қоқыстан көз ашпай тұр. Кеншілер шаһарының қайсыбір  көшесіне қадам бассаңыз, қобыраған қоқыстар аяққа оралып, жел тұрса бетіңе жабысады.

    – Менің үйім қоқыс контейнерінен 15 қадам ғана алшақ орналасқан. Қолқаны қабатын жағымсыз иісі  бізді жаңа ауруға душар етуде. Қашан көрсеңіз, аузы-мұрнынан шығып лық толып тұрады. Осы арадағы  тоғызқабатты  төрт  үйдің тұрғындарына  небары бір контейнер қойылған. Біздің  меншігіміздегі  осы қоқыс жәшігіне  маңайдағы   мейманханалар мен азық-түлік дүкені де  күнделікті қалдықтарын әкеліп тастайды. Өзіңіз көріп тұрғандай, қоқыс  тастайтын орын балалар алаңынан 10 қадам ғана алыс  тұр, – дейді  «Степной» шағынауданындағы №1 үйдің тұрғыны Мәриям  Тұрсынова.

     Оқта-текте әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, қоқыстың уақытында шығарылмайтынын айтып, мұң-зарын жеткізіп жатқан елдің жазбасы толастар емес. «Қарағандыда әкім бар ма? Болса, көшелерді күл-қоқыстан арылтуды неге бақылауға алмайды?  Қаланың қақ орталығындағы «Айман» дүкенінің алдындағы қоқыс контейнерге  жанай құлаған сынған ағаштың  бұтақтары әлі  алынбай жатыр. Бұл бір ай бұрынғы дауылдың  салдарынан  пайда болған қалдықтың жұрнағы», – деп жазған Ерубаев көшесін мекен етушілердің бірі.

      Шалғайдағы Октябрь ауданының  тұрпаты да осындай. Майқұдықтың 14-ықшамауданы  23-үйдің  байырғы тұрғыны Бану Жұмәділова  бізді аулаларындағы  қоқыс төгетін орынға апарды. Бейне бір қоқыс полигонына келгендей әсерге бөлендік. Бұл арада үйден шыққан қалдықтар төмпешік үйіндіге айналған. Жел көтерген қағаздар  көз алдымызда әудем жерге ұшып жатты.

   – Қоқысты жинайтын жауапты компаниялар жұмыс істей ме? Неге мұндай күйге ұшыратады? Қызметтің осы түріне айына  шытырлатып ақшамызды төлеп  отырмыз. Қарыз болған күніміз  жоқ. Алайда нәтижесі мынау. Қоқыс алаңымыз қаңғыған ит пен жүгірген тышқанның ойранына айналды. Жұлым-жұлымы шығып, қаңқасы қалған  контейнердің  түрі мынау. Аулаға әкімдік өкілдері бас сұқпайды. Келсе, осынау  күйімізді көрер еді, – деген зейнеткер әжейдің күйінішін естіп, біздің  көңіл күйіміз бұзылды.

                                             Жауапкер жақ не дейді?

     Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз өкілдеріне үш күн қоңырау шалып,  мардымды жауап ала алмадық. Төртінші күні  төтесінен қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке шықтық. Обалы нешік, қаланың бірінші басшысы ұялы байланыс телефонын бірден көтерді. Оған: «Көшедегі қоқыстан қашан арыламыз?» – деп төтесінен сауал тастадық. Біздің  қарапайым сұрағымызға  өз қазақшасы жарамайтынын  сезіп, телефон  тұтқасын жанында отырған  жауапты маман Сандуғаш Асылбековаға ұсына қойды. Қарағанды қаласы әкімдігінің  аппарат жетекшісі Сандуғаш Асылбекованың мәлімдеуінше, қазіргі шақта облыс орталығындағы Қазыбек би ауданы бойынша  650 контейнерлік аула алаңы бар екен.

      «Аталған аудандағы кейбір үйлердің жанына  қазан айына дейін 1000  контейнер орнатылады.  Октябрь ауданындағы 350 алаңға дәл осындай судай жаңа  қоқыс жәшігі қойылады, яғни бұрынғылардың жанына қосымша тағы  екеуі пайда болады деген сөз. Бұл шаруа «Менің аулам» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.  Сіз атаған ықшамаудандағы аулалар күзде  көптен күткен олжаға кенеледі. Халықтың тұрмыс қалдықтары уақытымен шықпайды деген шағымына айтар жауап бар. Бүгінде Қарағанды  қаласы бойынша қоқыс шығарумен  небары үш компания айналысады. Негізгі жүктемені «Гор Ком Транс» ЖШС атқарып отыр. Нақты айтқанда, қызметтің осы түрінің 70 пайызын өз мойнына алған. Тендерлік бәсекеге түскен  «Екі әлем-Қазақстан» және «Расайклининг» ЖШС қалған   20 пайыздық міндетті атқаруда. Қызмет етуші серіктестер  тұрғын үй ауласындағы қоқысты күнбе-күн  жинап әкетеді. Бұл орайда, барлық гәп – қоқыстың  анағұрлым  артуында», – деді  аппарат жетекшісі.

      Қарағандыдағы Қазыбек би, Октябрь аудандары, Оңтүстік-Шығыс, Михайловка, сондай-ақ  Федоровка елді мекендерінің ауласындағы қоқыстарын алатын «Гор Ком Транс»  жекеменшік мекемесі  аталған өңірлердің әкімдіктерімен 2017 жылы «тазалық шарасын атқару жөнінде» 10  жылға келісімшартқа отырған. Алайда міндеттерінде мін көп. Оған жоғарыда елдің айтқан шағымы дәлел. Біз  серіктестік директоры Виктор  Ивановтың жеке телефонына қоңырау шалдық, бірақ көтермеді, хабарлама жібердік, ол жауап бермеді. Қала  басшыларымен қатар, Қазыбек би және Октябрь аудандарының жауапты мамандарын  араағайынға қосып, байланысқа шығуын өтіндік. Бірақ жерді жалпағынан басып жүрген Виктор Николаевич  ешкімге тіл қатпады. Алдыңғы жылы қалалық мәслихат депутаттары сын тізіне алған тап осы Виктор Иванов  еш айып арқаламастан қисыннан жол тауып сытылып кетті. Сонда елдің зарын кім елейді?  Бұл жерде бір мәселенің шеті қылтияды. Тиісті әкімдіктер  халықтың пікірін сараптап, қызметіне салғырт қарайтын серіктестікпен жасалған келісімді неге  желеу етеді?  Не себепті бас тартпайды? Бұлдыр болжау бар, нақты жауап жоқ.

   Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

                Қарағанды қаласы

   

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43