Көрші елдің көші неге алда?

Шыңғыс АТАЙ

09.03.2021, 13:42

1405

3 млн жұп аяқкиім. Бұл – Өзбекстанның Әндіжан қаласында филиалын орналастырмақ SinoInternational кәсіпорнының біржылдық жоспары. Бұл ғана емес, жаһандық танымал Nike, ADIDAS, Apple, Netflix компаниялары да көз қырын Өзбекстанға салған. Әйгілі сауда маркаларының Қазақстанды таңдамауына не себеп?

Өткен жылы бірқатар әлемдік компаниялар таңдауы өнім өндіру үшін көрші елге түскен еді. Ал биыл Өзбекстан астанасында Apple кеңсесі ашылатын болды. Ресми дерек бойынша, соңғы бір жарым жыл ішінде бірнеше ірі корпорациялар Өзбекстанда салық төлеушілер ретінде ресми түрде тіркелген. Олардың қатарында Netflix, Google Commerce, Google Ireland, Google Voice, Samsung Electronics, Sleverbridge, Xsolla, Activision Blizzard International компанияларына да бар. Өткен жылдың сәуір айында бұл тізімге Primknul Apple Distribution International-да енген-ді. Танымал брендтердің Орталық Азиядағы филиалын ашуға Қазақстанды аттап өтіп, Өзбекстанды таңдауы талайды таңғалдырды. Неліктен көрші елдің көші бізден алда тұр?

Бұл туралы экономист Бауыржан Искаков әлемге әйгілі компаниялардың көрші елді таңдауының нақты себептерін атап өтті:

— Қазақстанды емес, Өзбекстанды таңдау себебі – Өзбекстанның мемлекеттік экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асыруында. Adidas, Nike сынды брендтердің осы елге келуі елде мақтаның жақсы өндірілуі мен жұмыс күшінің арзандығына байланысты. Инвесторлар сонымен қатар менталитетке, өзбек халқының еңбексүйгіштігі мен тәртіпке бағынуына қарап, басқа мемлекеттерден гөрі ұтымды нысан көрген.

Бізде шикізаттық қамтамасыз ету бағыты болғандықтан, осы салалармен әлемге таныламыз. Өзбекстан технологиялық: авто және жеңіл өнеркәсіптің дамуымен белгілі. Сонымен қатар мемлекеттің шикізатты  таза өнімге айналдыруы да даму жолы болып отыр. Әлемдік брендтердің осы елді таңдауына тағы бір себеп – инвесторлар құқығының жақсы қорғалуы, коррупциямен күрестің нәтижесінің жоғары болуы. Оның үстіне жұмысшы күші қалыптасқан, адами фактор тиімділігі тағы бар, – дейді экономист.

               Қазақстан инвестиция тартуға икемсіз бе?

Әлемдегі ең ірі спорттық киім өндіруші – америкалық Nike world Headquarters трансұлттық компаниясының  2020 жылғы кіріс көлемі пандемиялық жағдайға қарамастан, рекордтық деңгейге жеткен. Мысалы, компания мәліметтеріне сүйенсек, тамыз-қараша айларындағы нақты сату 8,9 пайызға өсіп, 11,2 млрд долларды құраған. Осындай көрсеткішті иемденіп отырған компания Өзбекстандағы Әндіжан қаласын таңдап отыр.

Nike-тен кейінгі әлемдегі екінші ірі спорттық – ADIDAS компанияcының көзі де көрші елге түскен.  Өзбекстанда ADIDAS брендтік аяқкиімін шығару туралы келіссөздер екі жыл бойы жүргізілген. Ал өткен жылдың күзінде «Узчармсаноат» былғары және аң терісінен аяқкиім өндіретін кәсіпорындарының қауымдастығы немістің спорт алыбымен келісім жасайтынын жариялады. Өндіріс SinoInternational кәсіпорнының базасында жоспарланып отыр.

Қаңтар айының басында ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрлігінің баспасөз қызметі жариялағандай,  APPLE STORE-дің Орталық Азиядағы бірінші кеңсесі Ташкентте ашылмақ. Бұл компанияның да өткен жылғы рекордтық көрсеткіші 64,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Неліктен инвесторлар көрші елді көксеп отыр?

Бауыржан Искаковтың айтуынша, Қазақстанда инвестиция тарту бойынша жоспарланған реформалардың нәтижесі өте төмен.

— Apple компаниясы Орталық Азияда, Ташкентте ашылуы – сол елдің инвестиция тарту көрсеткіші деп айтуға толықтай негіз бар. Бұрындары көрші мемлекетте инвестиция тартуды тежейтін түрлі мәселелер болған. Қазіргі уақытта ол олқылықтар біршама реттелген. Инвесторлар бірінші елдегі реформаларға қарайтыны сөзсіз. Біздің елде де экономиканы модернизациялау бағдарламалары жүзеге асып жатыр. Бірақ нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Үлкен көлемде қаржы бөлініп, зауыттар ашылса да, нәтижесі төмен. Ал Өзбекстан мұндай мүмкіндіктерді жоғары деңгейде пайдаланады.

Бұл тұста біздің осал тұстарымыз өте көп. Мысалы, нақты инвестиция жобаларына жауап беретін министрліктердің қайта құрылып жаңа ұйым бола беретіні, салықтық кодекстің көп өзгеріске ұшырауы инвесторлардың бізге құлшыныспен келмеуіне әкеп соғады. Көршілес елдердің күшейіп жатқаны бізге сабақ болуы тиіс. Мұнай бағамына қарап отыра бермей, басқа да отандық кәсіпорындардың дамуына күш салуымыз керек. Отандық өнімдерді шығарып, оларға субцидиялар бөлу қажет, – дейді экономист.

Тегтер: экономика инвестиция қаражат қаржы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Б.ЕРНАЗАР 15.04.2021, 13:19
Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді
Сайт әкімшілігі 14.04.2021, 12:06
Жанармай бағасы қалыпқа келе ме?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14.04.2021, 09:13
Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды
Еркежан Арын 13.04.2021, 13:57
«Жасыл» экономика өмір сүру сапасын жақсарта ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 13.04.2021, 09:53
Ел алғысын арқалаған азамат

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24