Мал арзан, ет қымбат. Неге?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

10.08.2021, 02:51

2773

Соңғы жылдары әлемдік нарықта мұнайдың бағасы арзандағанымен, Қазақстанда бензин бағасы түскен жоқ. Сол сияқты құрғақшылық басталғалы базардағы малдың құны айтарлықтай төмендеді. Бірақ ет бағасы арзандаудың орнына, керісінше, қымбаттап жатыр. Біздің экономикамызда көпшілік түсіне бермейтін осындай ерекшеліктер көп.

Алайда ет сататын саудагерлер «бұл жерде түсінбейтін ештеңе жоқ» дейді. Олардың айтуынша, еттің қымбаттығы жемшөптің тапшылығымен байланысты. Биылғы жағдай күрделірек. Мәселе шешілмесе, үкімет пен жергілікті әкімдер тиісті шараларды қолға алмаса, еттің бағасы одан әрі аспандай береді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта оның құны 5 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. 

«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Ұлттық мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың ақпарат құралдарында жарияланған пікіріне қарағанда, «пессимистік сценарий» бойынша жемшөп тапшылығынан Қазақстанда 3 миллион мал шығынға ұшырауы мүмкін. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі мұнымен келіспейді. Министрліктің таратқан мәліметі бойынша, қазіргі уақытта республикада 16,1 миллион тонна мал азығы дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 68 пайызын құрайды. Жағдай үкіметтің тұрақты бақылауында. Сондай-ақ шөп дайындау қарқынын күшейту үшін өңірлерге қосымша 43,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны, шөп шабу үшін табиғи резерваттардан 211 мың гектардан астам жер бөлінді. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы азықпен қамтамасыз етілу жағдайы бақылауда. Осы облыстарда ірі азықты дайындау көлемі орташа республикалық деңгейден жоғары.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында жылдық ірі азық көлемінің 94 пайызы, Түркістан облысында 84 пайызы және Алматы облысында 74 пайызы дайындалды. «Жекелеген сарапшылар болжағандай, азық тапшылығына байланысты 3 миллион малдың өлімі шындыққа сәйкес келмейді және оған ешқандай негіздер жоқ», – делінген министрліктің таратқан мәліметінде. 

Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық аудан, қала әкімдерінің басын қосып, Қазығұрт ауданында көшпелі жиын өткізді. Осы жиында облысқа қажетті жемшөп 100 пайыз дайындалатыны айтылды. Ал бұған шаруалардың, қарапайым тұрғындардың өздері не дейді? Ауылдағы қазіргі ахуал қандай? 

Мал бордақылаумен айналысып жүрген төлебилік шаруа Серік Алпысбаевтың айтуынша, биыл шөптің бағасы былтырғымен салыстырғанда 3-4 есеге қымбат. 

— Таза жоңышқаның бір пресі 1400-1500 теңге көлемінде сатылып жатыр. Қазір кейбір шаруалар жоңышқаның үшінші орымына кірісті.  Осыдан кейін шөптің құны біраз арзандауы мүмкін деген үміт бар. Жем бағасы да қымбаттады. Былтыр тоннасы 70-75 мың теңгеден саудаланған кебек биыл 96 мың теңгеге шықты. Былтыр жемдік бидайдың тоннасы 80-100 мың теңгенің шамасында болса, қазір 130 мың теңгеге жетіп қалды, – дейді шаруа.

Қысқы жемшөбін дайындау үшін тұрғындар қолдағы малдарын сатуға кіріскен (ауылдық жерде төрт түліктен басқа сататын не бар дейсіз?). Осы себепті соңғы айларда базардағы малдың нарқы шамамен 30 пайызға арзандаған. Бірақ арзаншылық тек арық малға қатысты. Күйлі малдың құны қымбат. 

      Ауыл халқы етті негізінен мал бордақылаушылардан алады. Былтыр жылқының еті – 2000, сиыр еті 1800 теңгеден болса, биылғы баға жылқыға –2400, сиырға – 2200 теңге. Соңғы апталарда Шымкенттің базарындағы еттің бағасы да әжептәуір өсті. Мұнда жылқы еті – 2900-3000 теңге, ал қара малдың еті 2400 теңгеден сатылуда.

       Төлеби ауданы таулы өңір. Мұнда қыс ұзақ, қар қалың болады. Мал қорада алты ай тұрады. Шаруалардың айтуынша, биылғы қыста бір сиыр өзінің құнына тең келетін шөпті жеп қоюы мүмкін. Дәл қазір төрт түлік жайылымда жүр. Ал жайылымдағы шөптің шығымы өте нашар. Онсыз да күзге әупірімдеп әзер жеткен мал қыстан қалай шығады? Ал үкімет «бәрі бақылауда» деп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің не тындырғаны осы қыста белгілі болады.

Тегтер: мал шаруашылығы мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39