Мемлекетке масыл болған банктер арқылы ДСҰ талаптарын орындай аламыз ба?!

Қарлығаш Зарыққанқызы

20.11.2020, 09:33

865

        Еліміздегі банк жүйесін зерттеуші сарапшылардың пайымдауынша, келер жылы қазақстандық банктерге оңай тимейін деп тұр. Бұған себеп – елдегі банктердің бірқатарында жағымсыз несие портфелі артқан. Мысалы, елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 6,1 млн-ға жуығының мойнында несие бар. Қазақстандықтардың несие бойынша банктер алдындағы қарызы 6 трлн теңгеге жеткен. Ал несие алушылардың 2 млн-нан астамы алған қарыздарын қайтара алмай, банктердегі проблемалық несие  қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеге жетіп отыр.

        Бұдан бөлек, биыл белгілі болғандай, алдағы желтоқсан айынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша біз шетел банктері үшін есігімізді айқара ашуға тиіспіз. Демек, олар біздің елде еншілес банк құрмай-ақ, филиалдарын аша беруге рұқсат алады. Бірақ, сарапшылардың ойынша, біздің нақ қазіргідей банк жүйесімен ДСҰ талаптарын орындауымыз екіталай.

Біздің нарыққа шетелдік банк қызыға ма?

       Алдымен нарыққа шетелдік банктерді тарту турасында мамандармен пікірлесіп көрдік. Бұл ретте «Жас Алашқа» пікір білдірген  «Аналитик» талдау-сараптау орталығының қаржыгері Наталия Сеткинаның айтуынша, қанша жерден қол бұлғап шақырсақ та, шетелдік банктер біздің нарыққа қызықпайды. Сондықтан бізге «ДСҰ талаптарын орындаймыз» деп кеуде кере тыныстауға ерте.

       – Біздің елдегі банктердің ұстанып отырған бағыты  шетелдіктерді қызықтырмайды. Себебі банктеріміз тек қана халыққа несие берумен айналысып отыр. Шетелдік банктер үшін шикізат өндіретін, оны үлкен көлемде сыртқа экспорттайтын клиенттер қызық. Ірі жобаларды қаржыландыратын инвесторлармен жұмыс істеу олар үшін тиімді. Сондықтан шетел банктеріне біздің нарық тар болады, – дейді Наталия Сеткина.

       Қаржыгердің пайымдауынша, қазіргі уақытта елдегі жұмыс істеп тұрған банктердің өзінің басына қара бұлт үйіріліп тұр. Оған себеп – пандемия жағдайында бірқатар жеке тұлғалар төлем қабілетінен айырылып қалды. Ал жекелеген адамдардың несиесін төлей алмауы банктердің кредиттік табысын ортайтатындықтан, келер жылы бірқатар банктер жағымсыз рейтингіге ие болмақ.

     – Жылдың бірінші тоқсанында-ақ банктер мемлекеттен демеу қаржы сұрай бастайды.  Бұдан соң  шығындарды азайту үшін банктердің саны қысқарып, филиалдар жабыла бастайды. Мұндай жағдайда бізге шетелдік банктер келіп, жұмысын істейді деп айту қиын, – дейді қаржыгер Наталия Сеткина.

              Банктерді еркелеттік, енді талап ету керек

      Жалпы, біздегі банк жүйесіне қатысты экономика ғылымының докторы Мергенбай Ақниязов несиеге 24-28 пайыз үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу Қазақстанда ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Экономист-ғалымның айтуынша, біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған.

       Сала мамандарының пайымынша, біз осы уақытқа дейін үкіметтен қолдау қаржы бөліп, банктерді демеп келдік. Мысалы, осыдан 11 жыл бұрынғы дағдарыс кімнің де болса есінде шығар. 2009 жылғы қаржылық дағдарыс Қазақстанның біраз банкін тұралатып кетті. Сол жылы Альянс банк, БТА банк тәрізді қаржы институттары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан демеу қаржы алып, үкімет елдегі бірқатар банктердің қанатының астына алған болатын. Ондағы демеу қаржы сомасы 476 млрд теңгені құрады. Артынша бұл банктер қаржы нарығында өздерін «банкрот» деп жариялады. Содан бері қандай да бір қиындық туса үкімет банктерді демеуді назардан тыс қалдырған емес. Зейнетақы қорынан банктерге қаржы бөлу, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, «Самұрық-Қазынадан» банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан банк жүйесі халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Жетпек түгіл, маңайламады да, тіпті өткен жылдың аяғында Халықаралық валюта қорының мамандары Қазақстандағы банк жүйесін қатты сынады.  Енді сала мамандары «үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап етуі керек» деп отыр.

     – Жалпы, экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін жобаларды қаржыландырады деген желеумен банктерге береді екенбіз. Ал банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағып отыр. Мұны дереу доғарту керек. Үкімет дер кезінде оларға қолдау көрсетті. Енді халықтың жайын ойлап, пайыздық үстемені төмендету туралы талап қою керек, – дейді Мергенбай Ақниязов.

                              Өлсең қарызыңды балаң төлейді

       Сондай-ақ мамандар «Банктер  және банк қызметі туралы» заңының да солқылдақ тұстары көп екенін алға тартты. Мысалы, Қазақстанда банктер қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына қалдырып, заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Бұл ретте экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов «өлсең несиеңді балаң төлейді» дейтін банктерге тыйым болуы керек екенін айтады.

     – Дамыған және дамушы елдердің біразында несие тұтынушыға 2-3-4 пайызбен беріледі. Сондай-ақ  несие алушыға жазатайым жағдай болғанда сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Бізде банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Ал жазатайым жағдай болса, сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп, кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді, – деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

               Талап мықты болса, тұтынушы тоналмас еді

     Бұдан бөлек, қаржыгер мамандар банктер ұсынатын сақтандыру қызметі  де халықаралық талапқа сай емесін қоса айтты. Расымен де, қазір елдегі банктер кез келген тұтынушыны «тонап алып» қоя береді. Несие аламын десе, несиесінен комиссиялық төлемді бір ұстайды, сақтандыру компаниясының қызметін бір ұстайды. Сосын тұтынушы қолына діттеген сомасын ала алмай, дал болып қайтады.  

     – Біздегі банктердің бір білетіні – халықты сору. Бұл арада халықаралық талаптың сұлбасы да көрінбейді. Егер үкімет халықты ойласа заңға өзгертулер енгізіп, оларға талап қою керек. Банктер алақан жайса, үкімет қаржы беріп қолдайды. Ал дамыған елдерде банктерге өз ісін өзі алға сүйреп, халыққа тиімді жұмыс істеу керектігі талап етіледі. Өкінішке қарай, бізде барлығы керісінше болып отыр. Сондықтан мемлекетке масыл мұндай банктермен біз ДСҰ талаптарын орындай алмаймыз. Біз үшін әлі де сауатты банк жүйесін құру басы ашық күйінде қалып отыр, – дейді экономист-ғалым Мергенбай Ақниязов.  

Тегтер: банк нарық экономика аударым төлем мүмкіндік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 14:41
Қазақстан экономиканы сауықтыру үшін 1,5 млрд еуро қарыз алады
Сайт әкімшілігі 14:18
Зейнетақыны пайдалануда 10% салық ұстау жөніндегі заңды Мәжіліс кері қайтарды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 23.11.2020, 15:53
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасы ұшып тұр
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 10:49
Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
Сайт әкімшілігі 19.11.2020, 16:09
2021 жылы жұмыссыздық дендесе 42 500 теңге төлене ме?
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 11:24
5 теңге – 1 долларға тең болған кез. Теңге қалай құнсызданды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56