Мен – орыспын, АЭС-ке қарсымын!

Әділ АҚЫЛБАЙ

28.09.2021, 09:02

3616

       Қазақстанның еңбек сіңірген экологі, кезінде қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құқық және халықаралық ынтымақтастық департаментінде директор болған экология жөніндегі маман Александр Брагин солай деді. Оның пікірінше, Ресейдің Қазақстан жерінде АЭС салу жөніндегі жобасында ешқандай энергетикалық мақсат жоқ.

     – Мен шынымен де солай ойлаймын. АЭС салудың түпкі мақсаты біреу-ақ: ол – Қазақстанды Ресейге қосу. Әрине, ол Ресейдің мақсаты. Мен, мысалы, өзім орыс болсам да, Қазақстанның барлық стратегиялық қателіктері дәл осы Ресеймен байланысты деп есептеймін. Мен АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсымын. Жалпы, бізге, Қазақстанға, Ресейге жалтақтай бергенді қою керек. Ресейдің ізімен жүріп, солардың қателіктерін біз де қайталап келеміз. Кеңес Одағы кезінде қалай жүріп-тұрып келдік, қазір де тура сондаймыз. Соның кесірінен Қазақстан ешқандай да нарықтық экономика құра алмады. Жалпы, Ресейдің соңынан еруге болмайды, Қазақстанға Ресейден басқа, дамыған мемлекеттерге қарап бой түзеу керек, – дейді ол.

      Брагин бұл пікірін Қазақстанның ардагер журналисі Вадим Борейконың YouTube-тегі «Гиперборей» деген каналында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында айтты. Борейко да ұлты бөлек болғанымен, АЭС құрылысының қаупі, «Сбербанкті» кіргізу арқылы Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігі айырылуы сияқты тақырыптарды жиі қозғап, «бұл сенімсіз билік ертең Қазақстанды Ресейге сатып кетпесін» деп шырылдап жүрген сирек журналистердің бірі. Ол 1959 жылы Калининградта туған. МГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, 1980 жылы жолдамамен Қазақ ССР-інің Алматы қаласына жіберілген. Журналистикадағы еңбек жолын Алматыда бастап, содан бері Қазақстанның адамына айналды. Одақ ыдыраған 1991 жылы саналы түрде Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. Бүгінде АЭС тақырыбына қатысты түрлі мамандардың пікірлерін еш бүкпесіз елге таратып, былайша айтқанда, Қазақстанның Ресейге жем болып, ертең тәуелсіздігінен айырылып қалмауы үшін күресіп жүрген азамат.

       Дөңгелек үстелде кезінде Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты даму жөніндегі ұлттық үйлестірушісі болған, Еуропаның экологиялық саясат жөніндегі комитеті бюросында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеген Болат Есекин де сөз алып, «Ресейдің Қазақстанға салып бермек АЭС-інде ешқандай экономика жоқ» деді.

     – Бізге «үкімет» және «мемлекет» деген сөздердің бұрынғы мағынасын ұмыту керек. Бүгінде шын мәнінде ешқандай үкімет те, мемлекет те жоқ. Оның орнында қазір олигархиялық бизнес-құрылымдар отыр, олар өз мүдделеріне қол жеткізу үшін ештеңеден тайынбайды. Біз енді өзіміздің мұң-шағымдарымызды айтып президентке хат жазсақ, ол біздің үнімізді естіп, АЭС құрылысын тоқтатады деген бос үміт. Ондай нәрсе болмайды. Өйткені бүгінгі шешімдер бизнестің мүддесі үшін ғана қабылданады, керек десеңіз, үкіметтің өзі бизнестің бақылауында. АЭС бойынша ешқандай референдум болмайды. АЭС деген қазір біреулерге аса қажетті өте ірі бизнес-жоба болып отыр. Бизнес болғанда да, бұл жемқорлықтан тұратын бизнес. Ол Қазақстанның коммерциялық, энергетикалық, экологиялық мүдделерін мүлдем көздемейді. Бұл анық, – дейді Б.Есекин.

Тегтер: АЭС электр станция мәселе түйін

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 12.10.2021, 09:12
Ау, үкімет! Енді нан таппай қалмаймыз ба?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.10.2021, 17:08
Қарағандыдағы квазимемлекеттік сектор сыбайлас жемқорлықты алдын алуға кірісті

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29