Мигрантқа жайлы мемлекет атану жақсы атақ па?!

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

24.05.2021, 09:01

2918

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Қазақстанда қазірде сырттан келетін мигранттарды тіркеп, арнайы құжаттайтын тиісті органдардың жетіспеушілігі анық сезілуде. Аталмыш ұйымның 2019-2020 жылғы санағы бойынша Қазақстанда жарты миллионнан астам мигрант жан бағып жүр. Олардың үштен екісі Өзбекстаннан; 25 пайызы Қырғызстаннан; ал қалған мигранттар Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келген.

Сөйтіп, былайынша айтсақ, біз мигрант атаулыға жұмыс беруде алдыңғы орында тұрған елміз. Тіптен ТМД елдерінен келетін мигрант атаулы өздері үшін Ресейден гөрі Қазақстанның жайлы екенін, олар үшін мәдениеті мен діні ұқсас Қазақ елінің аумағында жұмыс істеу өте қауіпсіз екенін де ашып айтуда. Дегенмен мұндайда мигранттардың көп жағдайда Қазақстан заңына мойынұсына бермейтінін, тапқан еңбекақылары үшін ел қазынасына салық төлемейтінін, жазғұтырым келген олардың, күз қайта қомақты қаржыны қалтаға басып, өз еліне қайтатынын біз неліктен ескермеуіміз керек?!

Бұл ретте экономист-сарапшы Дәурен Арын:

–  Қайсыбір сарапшыларымыз алдағы жылдары мигранттар саны 1 миллионға дейін жететінін де растайды. Бүгінде елімізге енетін мигранттардың 300 мыңдайы ғана заңды түрде тіркеліп жұмыс істейді. Сонда мигранттардың тең жартысынан астамы тіркелмей табыс табады. Олардың табысы да анағұрлым төмен емес. Арасында қомақты қаржыны қалтасына басатындар да бар. Ал солар үкіметке не салық төлемейді, не еліміздің заңдарын толыққанды сақтай бермейді. Ендеше, неге біз мұндай міндеттемелерді жүктеуге кіріспейміз? Солардың бірі ретінде біз мигранттарға кепілдік депозит ашуды міндеттесек, депозит ашылған жағдайда еліміздегі еңбек мигранттары заң бұзып, оларды елден аластату қажет болғанда осы кепілдік депозиттегі салымы ел бюджетіне аударылып, елден шығарып жіберуге кететін шығын орнына құйылар еді. Осылайша өз ақшасын өзіне жұмсар едік. Егер олар өз тапқандарын еліміздің банктеріне салып отыратын болса артынша сол қаржысын ала-алмай қалудан сақтанып заңға банынар еді. Сондықтан Ресей тәрізді мұндай шараларды нықтау орынды деп ойлаймын,-дейді.  

Осылайша мамандар «мигранттарды жағдайы жоқ, күнін көре алмай жүрген қауым деп мүсіркеудің қажеті жоқ.  Олардың елімізге еніп, тауып жатқан табысының кем дегенде 40 пайызы елімізде қалуы тиіс. Сондықтан депозиттер ашып, оларға қомақты салық төлетіп, бұл мәселені реттеуді қолға алғанымыз жөн»,-деп отыр. 

 Сондай-ақ «мигранттарды жалға алып, оларға жұмыс беретін сол жекелеген азаматтардың мемлекетке арнайы салық төлеп отыруын қатаң жолға қою» қажет дейді мамандар.

 Тақырыпқа орай бізге пікір білдірген экономист-сарапшы, Тоғжан Шаяхметова,

— Егер жұмыс беруші мигранттың жауапкершілігін толық өз мойнына алса, еңбек мигранттарының қолымен жасалатын қылмыс та, заңсыздық та азаяр еді. Сондықтан бұл жерде жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырған жөн. Мысалы, елімізге бір ғана Тәжікстаннан енетін жұмыс күшінің саны 2019 жылы 100 мыңнан асып жығылыпты. Қазақстан тарапы екі жылдан бері сол тәжіктердің қарасын азайтамыз, тәжік мигранттарына шектеу қоямыз деп барынша тырысып-ақ жүр. Олардың қарасы азайған болып көрінгенімен, сол тәжіктер сауда базарларында әлі де сол баяғысынша тауарын сатып, пайдасына батып жүр. Ал бұл жерде Алматыдағы базар әкімшілігі қайда қарап отыр? Сол мигранттардың мемлекетімізге төлер салығы, тигізер пайдасы бар ма, жоқ. Сөйте тұра олар не өздеріне қатысты ережеге бағынбай, не заңға мойынсұнбай келеді. Сондықтан бұл жерде осы саланы екшелеп жіктеп, бақылап отыруға тиісті органдардың жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, «жылына осынша мигрантты ғана қабылдай аламыз» деп арнайы қаулы-шешім шығарсақ, сырттан елге заңсыз бір адам келе алмайды. Осы жүйені жөнге келтіріп алғанымыз жөн. Бастысы санға шектеу қойып алсақ, әрі қарай заңды қатайтып, оларға отандық жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырған абзал,-дейді.

Қалай десек те, мигранттар мәселесіне бейтарап қарай алмасымыз анық. Болашақта елімізде кәсіпорындар мен өндіріс орындарының саны артатынын ескерсек, біз сырттан келетін жұмыс күшіне әлі де тәуелді бола түсеміз. Сондықтан елімізге енетін мигранттардың тым еркінсіп кетпеуі үшін оларға арнайы міндеттемелер жүктеудің артықтығы жоғы даусыз.

Тегтер: мигрант көші-қон миграция мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.06.2021, 10:38
Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02