Түркістанды туризмнің астанасы ету әзірге – арман ғана
07.03.2023, 12:11
2786
Түркістан әлемдік туризмнің орталығына айналады. Түркістан тарихи туризмнің ордасы атанады. Былтыр мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласын түркітілдес елдердің туристік астанасы ретінде ұсынғаны белгілі. Алайда соңғы уақытта Түркістанның туризміне қатысты әңгімелердің ақиқатынан гөрі алыпқаштысөзкөбірек болып тұр.
Осыған қатысты мәліметтер де ала-құла. Енді армандар мен қиялдарға ерік беретін кез бітті. Түркістанның туризмін дамыту үшін бөлінген жүз миллиардтаған теңгелердің қайтарымын сұрайтын кез келді.
Мәдениет және спорт министрлігінің жуырда таратқан мәліметіне қарағанда жыл басынан бері Қазақстанға 2,5 мыңға жуық – Түркия, 1,4 мыңға жуық – Германия, 1,4 мыңға жуық – АҚШ, 1,2 мыңға жуық –Ұлыбритания азаматы келген. Бұл алыс шетелден ағылған туристер саны. Ал жақын шетелден келгендердің денін ресейліктер, өзбекстандықтар, қырғызстандықтар құрайды. Сонымен бірге биыл Қытайдан, Тәжікстаннан келушілердің саны әжептәуір артқан. Мамандардың айтуынша, пандемиядан кейін туризм бүкіл әлемде зор қарқынмен дамып жатыр.
Елімізде шетелдіктер ең көп қызығатын өңір – Алматы қаласы екен. Биыл Алматыға 40 мыңға жуық турист келген. Одан кейінгі орында Астана – 22 мыңнан астам, Ақтөбе облысы – 4733, Атырау облысы – 4212, Маңғыстау облысы – 3023, Батыс Қазақстан облысы –2778, Павлодар облысы – 2719, Солтүстік Қазақстан облысы – 2651, Шымкент – 2586, Қарағанды облысы – 2573 шетелдікті қабылдаған.
– Туристердің негізгі бөлігі Алматы және Астана қонақ үйлеріне тоқтайды. Ең көп сұранысқа ие үздік ондыққа кірген көрікті мекенде осы екі мегаполистің қонақ үйлері бар. Бұл ретте, жыл басынан бері қонақтарды Қазақстан бойынша 16654 жеке және 6746 заңды тұлға қабылдағанын айту ләзім, – дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде алған, тарихи туризмді дамыту үшін жүз миллиардтаған қаржы жұмсалған Түркістан облысы байқағандарыңыздай тізімде алғашқы ондыққа та іліге алмады. Бір ғана 2021 жылы Түркістанда туристік жобаларды жүзеге асыру үшін 102 миллиард теңге кеткен болатын-ды. Сол жылы Түркістан туристік салаға тартылған инвестициялардың көлемі жағынан республикада бірінші орын алған. Сол жылы киелі қалада ашылған «Керуен сарай» кешеніне инвесторлар 88 миллиард теңге қаржы салды. Шөкеев командасы «Орталық Азиядағы теңдесі жоқ кешенде 4 мың адам (!) жұмыспен қамтылды» деген мәлімет таратқан болатын. Алайда Түркістанға тартылған инвестиция, ертегідегідей керемет кешен туристердің қарқынын көбейте алмаған сияқты. Неге?
Естеріңізде болса, 2021 жылдың соңында Астанада өткен брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев: «қыруар ақша жұмсалып, көптеген жобалар жүзеге асқанына қарамастан, Түркістанға келген туристердің саны неге аз?» деген сауалға кәдімгідей шамданып қалған болатын. Ол Ұлттық статистика бюросының мәліметімен және туристердің санын есептеудегі әдіс-тәсілдерімен келіспейтінін білдірді. Оның үстіне, Шөкеев пандемияның кезінде Өзбекстанның шекарасы жабылып, шетелдік туристердің келуіне кедергілер жасалғанын алға тартқан еді. Одан бергі аралықта карантиндік шектеулер алынды, шекара да ашылды. Алайда Түркістанға келген туристердің саны айтарлықтай көбеймеген. Бұл жүз миллиардтардың желге ұшқанын білдірмей ме?!
Айтпақшы, 2021 жылы Өмірзақ Шөкеев: «биыл Түркістанға келушілердің саны 2 миллионға жетеді» деген екен. Ал былтыр жыл басында үкімет тарапынан Түркістанға келушілер санын 1,3 миллионға жеткізу, ішкі туристердің санын 261 мыңнан, шетелдік туристердің санын 7200-ден асыру міндеті жүктелген. Сонда мұның қайсысы қисынға келеді? Шөкеев «келушілердің саны 2 миллионға жетеді» дейді, ал бір жылдан кейін үкімет келушілердің санын 1,3 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма береді. Ал облыстық туризм басқармасының таратқан мәліметтеріне қарағанда 2022 жылдың 9 айында облысқа келген туристердің саны 196 мың болған.
12 айда облыс үкімет жүктеген міндеттемені қаншалықты орындай алды? Қуантарлықтай ештеңе жоқ сияқты. Былтыр тамызда Шөкеевті алмастырған Дархан Сатыбалды туризм басқармасын мәдениет басқармасына қосып жіберді. Осылайша, туризмнің астанасы болады деген өңірде туризм басқармасы дербестігінен айырылды. Мұның астарында біраз гәптің бары анық.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР